Фолкнерден Пасқа дейін…

6 Шілде 2017

Марио Уаргас ЛьосаМарио Уаргас Льоса  — өткен ғасырдың 60-жылдарында әлем әдебиетін дүр сілкінткен Латын Америкасы «әдебиет қопарылысы» дәуірінің белді өкілі, Перу-Испан жазушысы. 1995 жылы М.Сервантес атындағы және де Еуропа мен Латын Америкасының басқа да беделді әдеби сыйлықтарына  лайық деп танылған талантты қаламгер. 2010 жылы әлемнің ең мәртебелі марапаты Нобель сыйлығының иегері атанады. Проза, поэзия, пьеса, сын-зерттеу еңбектен тұратын отызға тарта кітаптың авторы, әлем әдебиетінің көрнекті өкілі  Марио Уаргас Льоса жайлы танымдық топтаманы әдебиет сыншысы, аудармашы Ардақ Нұрғазыұлының тәржімалауында назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1986 жылы мамыр айын­да бразилиялық тілші Д.Сади Перу жазушысы М.Льосамен әдебиет, өнер, тарих, саясат және т.б. тақырыптарда үш күнге созылған ұзақ-сонар сұхбат өткізген еді. Әсерлі әңгіменің әдебиетке қатысты бөлігі төмендегіше өрбиді.

– Сіз жұртқа белгілі жазушысыз. Оқырман шығармашылығыңыз жайлы: қазір не жазып жатқаныңызды және нені жазғыңыз келетінін білгісі келеді. Десек те, сөзді басқадан бастағым келіп отыр. Қандай кітаптарды сүйіп оқисыз?
– Соңғы жылдарда мен көп өзгердім. Байқаймын, көзі тірі қаламгерден гөрі, о дүниелік авторлардың шығармашылығына жиі үңілемін.  XX ғасырдың авторына қарағанда XIX ғасырдың жазушылары көбірек қызықтырып жүр. Саясат пен тарихқа қатысты кітаптарға да ықыласым айрықша. Неге бұлай болғанын білмеймін. Мүмкін қолға алған жұмыстарым себеп болған шығар. Албырт шағымда, нақтырақ айтсам, 15-18 жастағы кезімде, дүниеде кітап біткеннің бәрін оқып тауысатындай сезінетінмін, ал қазір оған уақытымның жоқ екенін аңғарамын. Содан да таңдап, талдап оқуға көшкен сияқтымын. Өз тұстастарымның кітаптарына көп уақыт бөле алмай жүрмін.
– Тірісі болсын, өлісі болсын, модернист жазушылардың ішінде кімнің есімін ерекше атар едіңіз?
– Жас кезімде, жүйелі зерттеген және өзіме үлгі тұтқан жазушым Жан Поль Сартр еді. Тіпті бір кездері мен Сартрдың өлермен оқырманы болатынмын. АҚШ қаламгерлерінен «Мәңгірген бір ұрпақты» жаныма жақын санадым — Фолкнер, Хемингуэй… Аталғандардың ішінде, әсіресе, У.Фолкнерге деген «махаббатым» ерекше. Фолкнер жас кезімде де, қазір де сүйіп оқитын, жалықпаған бірден-бір жазушым. Айталық, Э.Хемингуэйді, Ж.Сартрды қайталап оқыған кезіңде, ондай сезімге кенеле бермейсің. Сартрдың толық жинағын қайталап оқыдым, қазір оқымаймын, себебі оның прозасы ескірді, ал зерттеу еңбектері мен мақалаларының біразында парасат-пайым бар. Көбісі өзіне-өзі қайшы келетін, түсініксіз, бүгінгі уақыт талабынан шыға бермейтін дүниелер деп ойлаймын. Ал Фолкнер ешқашан ескірмеген, ескірмейді де.
– Сіз бір сөзіңізде «Фолкнердің шығармасын қолыма қалам алып отырып оқимын» депсіз. Бұл нені білдіреді?
– У.Фолкнер – кітабын оқығанда алдыма қағаз бен қарындаш қойып оқитын бірінші авторым. Себебі оның шығармасы жақсы прозаға тән шеберлікке тұнып тұр. Мен әу баста прозаға келіп, үйренсем деп құныға оқығанда, бұл туындылардан шығармадағы уақыт пен кеңістіктің орнын, олардың өзара қатынасын, қалай қиысатынын, оқиғаны құраудың сан түрлі соқпағын, сол барыста нелерді көрнектілендіріп, нелерді қалдыруды, оқырманды жетектеудің жолдарын, қайшылықты шиеленістіріп таратудың шеберлігін кездестірдім. Бұл жағынан Фолкнердің алдына түсетін осы ғасырда да, өткен ғасырда да екінші бір жазушы жоқ десем, артық айтқандық емес. Меніңше, біздің толқынды, жалпы  Латын Америкасының «жаңа прозасын»  Фолкнерсіз көзге елестету мүмкін емес нәрсе. Әдебиет майданына алғаш қадам басқан біздер Фолк­нерден көп нәрсе үйрендік. Бір жағынан, оның шығармаларына арқау болған АҚШ-тың оңтүстігіндегі өмірдің біздің тіршілік ортамызбен ұқсас жақтары өте көп.  Кейін мен оқитын кітаптардың тізіміне Г.Флобер, О.Бальзак, Ф.Достоевский,  Л.Толстой, Ф.Стендаль бастаған XIX ғасырдың жазушылары қосылды.
– Ал Латын Америкасының жазушылары туралы не айтасыз?
– Латын Америкасы жазушыларының шығармасын 1958 жылы Испанияда жүрген  кезімнен оқи бастадым. Кейін оқытушылық жұмысыма байланысты бұрынғыдан да жүйелі оқуыма тура келді. Әдебиетке мен басқа мамандықтан келген адаммын, содан да болар кітапты құмарта, көп оқитынмын.Соның ішінде бас алмай оқыған авторларымның бірі — Хорхе Луис Борхес. А.Карпентьер, Х.Кортасар сынды  қаламгерлердің де кітаптарымен бұрын таныс емес едім.  Олармен Испанияда жүріп таныстым. Үлкен  жазушылардың шығармаларын қалдырмай оқуға тырыстым. Г.Маркестің атын сол уақытқа дейін, тіпті естімеппін, бірақ кейін құныға оқыдым, тіпті ол туралы «Г.Маркес: Исаға қастандық жасаушының қылмысты тарихы» деген монография да жаздым (1971ж.). Университетте сабақ берген шағымда XIX ғасырдың жазушыларын жүйелі оқуыма тура келді. Дәл сол кезде мен біздің Латын Америкасында көзге түспей келе жатқан талантты жазушылардың көп екенін, Самита сияқты өте талантты қаламгерлер жаңа ұрпақ жазушылардың биік деңгейге көтерілуіне үлкен ықпал еткенін аңғардым.
– Сіз Хорхе Луис Борхесті ұнатып оқисыз, солай ма?
– Иә. Егер бір жазушы таңдауға тиіс болсам, мен сөзсіз тек Борхесті таңдар едім.
– Неге?
– Себебі Борхестің жазғандары – оған дейін ешкім ашпаған тың дүние. Жаңалығын былай қойғанда, ондағы шексіз қиял мен шалқар білім – тек Борхеске ғана тән даралық. Әсіресе, мәдениет туралы ойлары, оны жеткізу жолдары өзгеше. Борхестің тілі Латын Америкасы әдебиетінің соған дейінгі сөз алысын өзгертті немесе жаңартты десем, асыра сілтеп, асылық айтқаным емес.  Испан тілі — табиғатпен етене байланысқан, сөздік қоры мол, сөйлемдері көл-көсір, лексикаға барынша мән беретін тіл. Біздің прозаиктер қашанда көп жазған. Сонау Сервантестен бастап қазірге дейін солай. Алайда Борхес керісінше: шағын, ықшам, дәлдікке жүгінген стильдің иесі. Оның шығармалары қашанда парасат-пайымымен бөлекшеленіп, оқырманына шабыт сыйлап тұрады. Меніңше, Борхес испан тілінде ғана емес, күллі әлем әдебиетінде аз ұшырайтын ұлы қаламгер.
Борхестен өзге сондай-ақ мексикалық ақын В.Пастың шығармашылық шеберлігін де жоғары бағалаймын. Ол тек мен бас иіп, құрмет көрсететін дарынды ақын ғана емес, ұлы прозаик, сыншы, теңдессіз суреткер. Пастың жазбаған тақырыбы жоқ деп кесіп айта аламын, ол өнер туралы да, саясат туралы да өндіріп жазған қарымды қаламгер, үлкен ойшыл адам. Сол себепті оның шығармаларын өзіме жақын ұстаймын.

Рецензия

(М.У.Льосаның 2002 жылы жарық көрген «Жұмақ көшенің арғы мүйісінде» романы туралы жазылған төмендегі мақала алғаш рет АҚШ-та шығатын «Americas» журналының 2004 жылғы №4  санында жарық көрген)

ЖҰМАҚТЫ ІЗДЕУШІНІҢ КҮНДЕЛІГІ

Барбара МУЖИСА (АҚШ)

Көз жанары әлсіреп, асқынған мерез дертінен өмірмен қоштасар сәт таяған шағында Поль Гоген Макс аралындағы бір мектептің қасынан өтіп бара жатып, балалардың «Ұжмақты іздеу» ойынын көріп, өзінің әлдеқашан ұмыт болған Перу мен Францияда өткен балалық шағын есіне түсіреді. Ойында балалар бірі-бірінің қасына барып «Жұмақ қайда?» деп сұрайды, сонда екіншісі оған «Жұмақ мұнда емес, басқа жақта» деп жауап береді. М.Льосаның жаңа кітабына, міне, осы жолдар арқау болған. Роман Поль Гоген мен оның белгілі қоғам қайраткері нағашы әжесі Фиело Трестеннің өмірбаяны түрінде жазылған. Бұл екі тұлғаның бойындағы ортақтық – екеуі де утопиялық қиялға бай адамдар болған.
Фиело француз әйелі мен перулік еркектен туған (бұл екі адамның некесін қиған діндар әсілінде діннен аластатылған поп еді, сондықтан бұл неке кейін жарамсыз деп саналған), ондай бір асып тұрған таланты жоқ адам еді. Тым жас тұрмысқа шыққан ол уақыт өте келе күйеуінен жәбір-жапа тарта бастайды. Содан үш баласын ертіп үйін тастап, Перуге жол тартады. Ондағы ойы – әкесінен қалған мұраға ие болу еді. Перуде оны әкесі бір, шешесі басқа ағасы қарсы алады, бірақ мұрадан заңды үлесін беруден бас тартады. Әйел қорғаушы жалдап, заң арқылы өз үлесін алуды ойлағанымен, кеңес сұраған заңгерлердің бәрі дерлік «бұл елде байларды заң мен әділдікке шақыра алмайсың» деген ой айтады.
Осыдан Фиело Трестеннің өз отбасы мен қоғамдық әділетсіздікке қарсы күресі нендей бір мұратшылдықтан емес, жеке басының өкпе-назынан бастау алғанын байқау қиын емес. Жоғарыдағы жағдай оның бойындағы жалпы Перу қоғамын жайлаған әділетсіздікке қарсы  күресу сезімін оятқан сияқты. Сауаты шамалы, жазуы ойқы-шойқы болғанымен, олар оның «Қайыршының естелігі» сынды еңбек жазуына кедергі болмаған. Қоғам қайраткері ретінде ол Перу әйелдерінің құқығы мәселесіне ерекше назар аударып, әйел затын еркінен тыс жұмысқа жегу мәселесін бастан-ақыр назарында ұстайды. Фиелоның түсінігінде, Перу әйелдері өзінің тағдыры мен өміріне өзі өкілдік ете алмайтын, қорлық көріп жатқан қоғамдық үлкен топ, олар – қүң, еркектердің біреуге сыйлай салатын заты, бала табатын машинасы.
Францияға оралған соң, Фиело қоғамды реформалаушы қайраткерге айналады, қарапайым еңбекшілер мен әйелдердің құқықтық санасын көтеруге атсалысады. Ауыл-аймақтарды аралап, кездесулер өткізіп, қоғамдық күш қалыптастыруға тырысады. Ол француз әйелдерінің жағдайы Перу әйелдерінен асып тұрған жоқ, діндарлар мен ақсүйектер тобы одақтасып, әйелдерді қанаудың жүйелі механизмін жасап шыққан деп қарады. Англияға сапарлап барған шағында ол өмір тепершілігімен жезөкшелікке салынған әйелдердің аянышты тағдырын көріп түңіледі. Олардың бәрі өте жас, онымен қоймай, түрлі себептерден ұзақ өмір сүре алмайтын еді. Бұл жағдай оны қатты қамықтырады.
…Романда жазушы Поль Гоген мен оның мінезі шайпау нағашы әжесінің қасиеттерін шабыстыра жазған. Нағашы әжесі сияқты Гоген де буынсыз жерге пышақ ұратын адам. Қиялилығы және бар. Жас суретші даниялық орта буржуазиядан шыққан бойжеткенмен бас құрайды, жарна базарындағы бір мезгілдік алыпсатарлықтан байып шығады да, достарымен болған бір кездесуде өз бойындағы суретшіге тән талантты байқайды. Бұл оның өнер жолын таңдауына түрткі болады.  Сонымен әйелін, бес баласын тастап, суреттің соңынан кетеді, қабакханалар мен долыханаларды аралап, арақ пен жезөкшелерге әуейі болып, өмірдің сұрғылт сағымын қуып жүре береді. Романның бұл тұсында XIX ғасырдағы француз өнер адамдарының өмір сүру дағдысы кеңінен көрсетіледі. Поль Гоген мен Ван Гок, т.б. қым-қуыт қарым-қатынасы бүгінгі көзқараспен айшықты суреттелген.
Гогеннің түсінігінде батыс өнері өмірді тұтас күйінде білу жағында ағаттықтарға жолыққандықтан, сол батпақтан шыға алмай, біртіндеп дағдаруға қарай бет алған. Гоген және ол жасаған дәуірдегі адамдар Еуропада өмір бұрынғы сырлы келбетінен айырылып, оның орнына мағынасыз дүрмек басымдық алып кетті деген түсінікпен өмір сүрді. Осыдан барып басқалар сияқты Гогенде де өткен күннен «жұмақты» аңсау сезімі пайда болған. Англияда тұрған шағында оның бойындағы бұл түйсік қарқын алды. Сол тұста суретшімен көрші тұрған адамдардың бәрі діни қағидаларды бұлжытпай ұстайтын, байырғы сенім-наныммен өмір сүретін адамдар болған. Кейін Францияның оңтүстігінде Ван Гогпен бірге өмір сүрген шағында өнердің өзіне тән коммунасын құру жоспарында болды. Бірақ Еуропада атқарылған жоғарыдағыдай жоспардың дені сәтсіз болып шықты да, суретші ақырында Макс аралдарына кетіп, үмітке толы арманына сол жақта қол жеткізуге бекінді.
Аралда суретші жергілікті әйелмен бірге тұрған. Ол арал халқының жабайлылыққа жақын тұрмысын, қарапайым түсінікке құрылған өмірін, ер-әйел деп бөліп-жармайтын (ерлер әйелше киініп, әйел болып жүре беретін) әдет-ғұрпын қуана қабыл алады. Алайда көп ұзамай суретшінің араққа мейлінше құнығып, жергілікті әйелдермен бетімен кетуі француздың аралды басқаратын жергілікті атқамінерлері мен дін өкілдерінің шамына тие бастаған. Суретші бұл кезеңде өзін толық мәндегі аралдық санай бастаған еді. Ол тіпті есімін де жергілікті тұрғындардікі сияқты өзгертеді. Өмір сонымен тұрмайды, уақыт өте келе суретші арал тұрғындарының еуропалықтарша өмір сүруге бейімделіп бара жатқанын аңғарады да, содан өз ортасынан тағы жеріп, өзге аралға қоныс аударады…
Шығармада Гоген де нағашы әжесі сияқты екіұшты мазасыз тіршілік кешеді. Өмір бойы жақын адамдарына мейір бағыштауды білмей өтеді. Суретші жас кезінде мерез дертін жұқтырғанын жақсы біле тұра, аралда әйел алып, ұрпақ сүйеді. Олардың келешек өмірінің қандай боларына мүлде бас қатырып жатпайды. Ақша үшін француздың ең бір кертартпа басылымдарының бірімен келісім-шартқа отырып, солардың сойылын соғады, бұл суретші өмірінің біз білмейтін қараңғы жағы.
Осылайша, М.Льоса жаңа романы арқылы бізді Гогеннің аласапыранға толы өмірі мен өзгеше болмысына жетелеп апарып отыр. Шығармада өмірде жолы болмаған, өзін азғындыққа өзі итерген жұмбақ жанның бұған дейін бізге таныс емес нәзік келбеті бар. Романның Гогенді жазған тараулары көркемдік жақтан өте сәтті шыққан. Бұнымен салыстырғанда Фиелоны жазған тұсы үстірттеу сезіледі. Ондағы саяси ұрандар мен әйелдер құқығына байланысты айтыс-тартыстарды берген тұсы көркем туындыдан гөрі, саяси баяндамаға ұқсап кеткен. Меніңше, жаңа роман М.Льосаның ең таңдаулы шығармасының санатына қосыла қоймайды. Онда «Хулиа, нағашы әпке және жазушыдағыдай» баяндау шеберлігі де, «Ретумар және Алып тауындағыдай» саяси көрегендік те, «Махаббат күнделіктеріндегідей» ағынан жарылу да, «Қала және иттегідей» буырқанған шабыт та кездеспейді. Алайда роман қызыға оқуға тұрады. Себебі, бұл еңбек те М.Льосаның заманымыздың ең таңдаулы жазушысы екенін тағы бір қырынан дәлелдейді.

Тәржімалаған  Ардақ  НҰРҒАЗЫҰЛЫ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика