ФЕЙСБУКТЕГІ ДОСЫМНАН: «МАЛШАШПАҚТЫҢ ОТБАСЫҒА КЕСЕЛІ ТУРАЛЫ»

25 Қараша 2017

Айдос САРЫМСоңғы жылдары мынадай дүниені байқап жүрмін: әке-шешесі соңғысын сатып, кредит алып, туған-тумасынан жылу жинап, бірнеше жүздеп қонақ шақырып, дүркіретіп той өткізіп жатады. Шетелден «жұлдыздарды» алдырып, Мәскеуден тамада шықыртып, құдаларын чартермен алдырған, ондаған лимузинмен жүріп, аспанға милллиондап от шашқан «ғасыр тойларын» көріп жатырмыз. Кейбіріне қатысып та жүрміз.
Арада бірер жылдан кейін жастар бір-бірін қарғап-сілеп, кеше ғана мыңжылдық боламыз деп құйрық-бауыр жескен құдаларды жау қылып ажырасып жатады.
Бұның экономикалық, әлеуметтік себептері де бар екен.
АҚШ-тағы Эмори университетінің экономист-ғалымдары Эндрю Фрэнсис пен Хьюго Мейлон 3000 мыңнан астам отбасының арасында арнайы зерттеу жүргізіпті. Зерттеу нәтижесінде мынадай қорытынды жасапты: тойдың өткізілуіне, қалыңдықтың бриллиант сақинасын сатып алуға ер жігіт пен оның туыстары тым көп ақша жұмсаған сайын, олардың некесі ұзаққа бармайды екен.
Мысалы, қалыңдығына 2000-4000 долларлық сақина сатып алған жұптар, 500-2000 доллар сақина сатып әперген жұптарға қарағанда 1,3 есе көбірек ажырасады екен.
Немесе, тойын өткізуге 20000 доллардан астам қаражат жұмсап шашылған жұптар, тойын 5000-10000 доллар көлемінде өткізген жұптарға қарағанда 3,5 есе көбірек ажырасып тынады екен.
Тым «жмот» болуға да болмайды, әрине. Қалыңдығына 500 доллардан төмен бағаға сақина сатып алғандардың арасында да ажырасу көп екен. Онысы түсінікті.
Осындай зерттеуді оқып отырып, біздің қазақ арасындағы малшашпақ тойлар еске түседі ғой. Қуанышынан – қияметі басым тойлар. Менің ойымша, кредит алып, 10-20 жылдық қарызға бататын тойларды өткізу «дәстүрін» азайту қажет. Әркім шама-шарқына, шаңырағына қарап, көпшігіне қарай көсілгені абзал. Бастысы бір-бірін шын сүйген, отбасын құрамыз деген жастардың бақыты емес пе? Жұртпен жарысамыз, кем болмаймыз деп болмай жатып «стресс», ұрыс-керіс болып жатса қайдағы «мерейлі отбасы»?
Тойды өткізу керек. Міндетті атқару керек. Бірақ…
Ата-ананың ақшасы артылып жатса одан да жастарды шетелге жіберсін, депозитке салсын, ипотеканың алғашқы пайыздарын төлесін демекпін. Абай атамыз сынаған «мақтаншақ, малшашпақты» азайтатын кез келді емес пе? Қазақи, діни дәстүрдегі «ысырап-сауап» категорияларын да ұмытпайық. Бар екен деп шашылып жатуымыз «әлеуметтік теңсіздікті» де қоздырып жатыр. «Дәстүр», «дағды» деудің қажеті шамалы. Дәстүрді де, дағдыны да тірі адамдар, ұрпақтар қалыптастырады. Дұрыс дәстүр қалыптастырайық, ағайын!

Айдос САРЫМ,

саясаттанушы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика