Естен кетпес ерекше сәттер

7 августа 2018

20151127-03-01Баспасөзде жүрген қырық жылға жуық уақыт ішінде талай жақсылармен де, жайсаңдармен де жүздестім. Елге танымал тұлғалардан сұхбат алып, сындарлы әңгімелерін тыңдадым. Солардың ішінде Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бес мәрте кездесіп, оның өшпес бейнесін фотоға түсіру құрметіне ие болған кездерімді өзімнің бақытты күндеріме балаймын. Тұңғыш Президент күні қарсаңында сол естен кетпес ерекше сәттерімді тағы бір мәрте саралап өткенді жөн көріп отырмын.
Мен Елбасын ең алғаш 1993 жылы, Президентіміз тұңғыш рет Ұлытауға келгенде көрген едім. Ол кезде Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде қызмет ететінмін. Ұлытаудың жұрты тайлы-тұяғы қалмастан қазіргі Ұлт бірлігі мен тұтастығына арналған монумент қойылған төбеге жиналды. Осы жерде Елбасы елмен жүздесіп, ақжарма тілегін арнаған еді.
…Сол жолы ұлытаулықтар қасиетті жерге келген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты хан ретінде құшақ жая қарсы алды. Қаншама ғасырлардан бері ата-бабаларымызға арман болған азаттыққа қол жеткізген, Тәуелсіз мемелекеттің көшін кемел келешекке бастаған Тұңғыш Президентін елі осылай ерекше қарсы алуы заңды да еді. Егемен елді қашаннан хандары басқарған. Соған ырымдаған Ұлытаудың халқы «Хан ордасы» деп аталатын дала төсіне зәу­лім Хан ордасы тігіліп, Нұрсұлтан Әбіш­­­ұлының иығына оқалы шапан жабылып, асатаяғымен кәдімгідей тақта отырады. Бұл тек Ұлытау ғана жасай алатын, Ұлытау ғана орындайтын ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі салт болатын.
Мемлекет басшысының алғашқы сапары болғандықтан ба, Хан ордасына өтуіміз қиынға соқты. Ол жерге тек тізімге кірген санаулы топ қана баратын болды. Солардың қатарында бүгінде Жезқазған қаласында тұратын Сейітжан Өмірбаев ағамыз болды. Кейін ол сол сәттерді былайша әңгімелеп еді.
– Хан ордасындағы дайындығымыз­ды Президенттің көмекшісі Иманғали Тасмағамбетов бақылады. Аудан әкімі Серік Тілеубайұлы қайдан алғаны бел­гі­сіз: «Он екі рудан он екі кісі ақ киіз­ді кө­те­руі керек» деп тақ үстіне төсел­ген үл­кен киізді он екі жағынан ұстатты бізге.
Ең қызығы Президент далаға шыққанда болды. Қазір қызық қой, ал, ол кезде бізді естен тандыра жаздады. Біреу ерттелген көк атты жетектеп әкелмесі бар ма. Президент атқа мінбекші болды. Сол жақ үзеңгіге аяғын сала бергені сол-ақ еді, аты құрғыр мөңкіді. Жұрт сілтідей тына қалды. Мен Нұрекеңе қарадым. О, құдірет! Не байқады дейсіз бе? Елбасының жүзінде еш қобалжу жоқ. Өзіне бек сенімді. Құдды осы атқа күнде мініп жүрген атбегі сықылды. Бір қарасам, Президент жүйрік атпен қырға қарай шауып бара жатты.
– Біттік! – дейді манадан бері қасымда үнсіз тұрған, аудан әкімі. – Атқа мінгізу протоколда жоқ. Тек құлап қалмаса екен!
Мына сөзден кейін тіпті зәрем ұшты. Жо-жоқ! Нұрекеңнің астындағы асау жуа­сып қалыпты. Желдіртіп шауып келеді. Жиналған халық ырза болысып, ду қол шапалақтады, – деген еді сол жолы Сейітжан аға.
Елбасын екінші рет 2003 жылы Сәтбаев қаласына келген сапарында көрдім. Онда мен қалалық «Шарайна» газетінде қызмет ететінмін, дәл қасында жүріп, суретке түсіріп, елмен әңгімесін тыңдадым.
Қаланың сол кездегі әкімі Қанат Балмағамбетов «Қазақмыс» корпорация-сының басшыларына өтінішпен шығып, әбден тозығы жетіп, құлаудың сәл-ақ алдында тұрған қалалық аурухана түбірінен жаңғыртылған кез еді ол. Бұл – 2003 жылдың қоңыр күзі болатын. Жаңарған аурухана кешенінің ашылуына Елбасы арнайы келіп қатысты. Заманауи үлгіде жабдықталған перзентханасы, үш қабатты ауруханасы және жеке жұқпалы аурулар ауруханасы бар кешен сол кезде аймақтағы тың орталықтардың бірі болатын. Осының бәрін аралап шыққан Мемлекет басшысы орталық аурухананың жас директоры Жомарт Ахановқа сәттілік тілеп, бірқатар тапсырмалар да жүктеді. Сол күні өмірге келген Нұрсұлтан атты сәбидің туу туралы куәлігіне қолтаңбасын қойып, куәлікті анасына өз қолымен тапсырды.
Аурухананы аралау рәсімі өткен соң Нұрсұлтан Әбішұлы жиналған жұртшылықпен жүздесті. Алдыңғы қатарда тұрған ардагер ақсақалдармен қол алып амандасты. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шермұханбет аға Байбосынов әскери киіммен тұр еді. Қарт майдангердің қолын қысып, хал-жағдайын тәптіштеп сұрады. Осы сәтті қалт жібермей, фотоға түсіріп алған едім. Кейін сол суретім қаланың орталық көшесіндегі билбордқа шығарылды.
Елбасы сыртқа шыққанда Сәтбаев қаласының әкімі Қанат Балмағамбетов пен Ұлытау ауданының сол кездегі әкімі марқұм Баттал Мұқышев және бірнеше басшылар күтіп тұр еді.
– Әкімдер, сендер нағып сырттап тұрсыңдар. Мен бұлай қолдарыңа түсе бермеймін ғой. Керек нәрселеріңді сұрап қалмайсыңдар ма? Әлде сендерде бәрі түгел ме? – деді.
– Қане, Қанат, сен айтшы, қалаға не қат? – деді сосын топқа қарай жақындап.
Осыны күткен Қанат Сұлтанұлы қала мектептерінде оқу мерзімі үш ауысым екенін, мектеп пен балабақшаның жетімсіз болып тұрғанын айтты.
– Жақсы. Қанша орындық мектеп пен балабақша керек екенін көрсетіп, құжаттарын дайындап, жібер. Шешеміз, – деп елді бір қуантқан еді сол жолы Елбасы.
Нұрсұлтан Әбішұлы уәдесінде тұрды. Бірер жыл өткенде қалада жаңа мектептің құрылысы басталды. №16 орта мектеп осылайша өмірге келген еді.
Елбасы мұнан кейін де кеншілер қаласына бірнеше рет келді.Теңдесі жоқ Спорт-сауықтыру кешенінің ашылуына да арнайы келіп, кеншілер қаласының халқын қуанышымен құттықтады. Үлкен мінберде қаланың бір топ зиялы қаумымен қатар тұрып сөз сөйлеп, елдің, жердің келешегі туралы келелі ой қозғады.
«Қазақмыстың» 10 жылдығына орай «Арена 2005» мұз айдынында керемет шоудың өткенін де қала халқы ұмыта қоймаса керек. Аумағы алты қанат үйдің орнындай торттың макеті жасалып, одан отшашу атылған, мұз айдынының бетін Сарыарқаның жазық жазирасындағыдай қызғалдақтар мен сарғалдақтар жапқан кез елдің күні бүгінге дейін көз алдында. Осынау тамаша іс-шараға да Елбасы арнайы келіп қатысып, сөз сөйлеп, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуда отандық ірі компаниялардың алдына үлкен міндеттер жүктеген болатын.
Елбасымен бесінші рет Жезқазған-Бейнеу темір жолының ашылу салтанатында бетпе-бет жүздестім. Бетпе-бет дейтінім, ұйымдастыру комитеті бұл жолы бізге – фото-журналистерге бұрынғыдай алыстан емес, біртабан жақындап, бетпе-бет келіп суретке түсіруге мұрсат берді. Осы бір қолайлы сәтті тиімді пайдаланып қалуға тырыстық…
Әрине, мұның бәрі біреуге қалыпты жағдай сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ, мен үшін бұл өмірімдегі қайталанбас ерекше сәттер. Оның қоңыр дауысын, салмақты сөздерін, орынды қалжыңдарын, нығарлы тапсырмаларын теледидардан емес, қасында жүріп естідім. Ол кезде заман дәл қазіргідей дүбірлі, дүрбелеңді емес еді. Содан да шығар, Елбасының оққағарлары дәл қазіргідей «қатал» емес-тін. Әлі есімде, аурухананың ашылу салтанатын түсіруге барғанда менде ауызекі тілде «мыльница» деп аталатын «Кодак» фотоаппараты ғана болатын. Пленканы қолмен бұрап айналдыруың керек. Және тап алдына келіп түсірмесең суреттің сапасы да нашар болады. Елбасының оққағарлары осыны білді ме, мені рұқсат етілген қашықтықтан да жақын жіберіп тұрды. Кейін мұндай мүмкіндіктер шектеле бастады. Сонда да болса Елбасының аймағымызға келу сапарларын суретке түсіру мен репортаждарын жазу құрметіне бірнеше рет ие болуым кез-келген адамға бұйыра бермейтін сәт деп білемін. Және оны мақтан етемін де.

Ізтай Белгібайұлы.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика