Есболат Айдабосын. Кутуз (хикая)

11 мая 2019

БекетБұл бекетке пойыз небәрі бес минут аялдайды. Бес минутта түсетіндер түсіп, мінетіндер мініп үлгеру керек. Сондықтан отарба солығын баспастан жележортып кеткенше кіреберіс есікте кептеліс болады. Түсетін оншақты адам мен мінетін оншақты адам отарбаның қуықтай дәлізінде кеуде соғыстырып, кейде сөз қағыстырып, жұдырықтаспаса да тілмен сыбасып қалатыны бар.

Темір жолдағы тіршілікті түгел уысына ұстаған монополист компанияның қозғалыс кестесінен жіберген ақаулығының салдарынан жолаушылар осылайша ойламаған жерден жүйкесін жұқартады. Бірақ бес минуттан соң бірі мінгеніне, бірі аман есен түскеніне шүкірлік айтып, әлгі қарбалас мезетте ұмыталады.

Білдей бір ауданның орталығы саналатын бекетке Алматы — Қостанай пойызы түннің бір уағында жетеді екен. Екі ұлдың бірін көтеріп, бірін жетелеп, бір-бір сөмкемізді сүйрете, итерісіп, соқтығыса жүріп әйеліміз екеуміз әзер шықтық далаға. Ай сүттай жарық. Перронның арғы бетінде қаздай тізіліп бірнеше көлік тұр. Шамасы таксишілер. Расымен де біз жақындай бере орта жастағы дембелше кісі алдымыздан елпең қағып шыға келді.

-Балалар қайда барасыңдар?

-Кутуздың үй жағына.

Таксиші таңғалған кейіпте бетіме қарады.

-Кутуз деген кісінің үйінің қасындағы қызыл шатырлы үйге барамыз дедім. Әлгінде телефон арқылы нағашым тура солай түсіндірген. Дәлме-дәл қайталадым. Әйелім үлкен кісімен ойнағаның не дегендей қызарақтап, бүйірімнен бір түртіп өтті.

-Аға жаңадан салынған мектеп жақта тұратын Қондыбай деген кісінің үйіне барамыз деп білгенінше түсіндіргенсіді. Таксиші жо…жоқ мен түсініп тұрмын, Кутуздың үйін білем ғой, тек мына бір бала өзіміздің ауылдың баласы ма жоқ сырттыкі ме, бір жерден көрген адамым секілді шырамытып тұрғаным, отырыңдар кеттік деп көлігін оталдырды. Көлігі қаражолға түскен соң айнасы арқылы көз қиығын бір тастап жөн сұрады. Нағашымыздың үйіне бара жатқанымызды, бұрын ол кісі ауылда тұрып қазір осы аудан орталығына көшіп келіп, жаңадан үй салғанын, ол үйі жаңадан бой көтерген ықшам ауданда екенін, үйдің нөмері тұрмақ көшенің аты жоқ екенін, қалжыңбас нағашымның сұрағандарға Кутуздың үйінің қасында тұрамын деп түсіндіретінін екі жақтап айтып бердік. Артынша келесі сұрақты біз қойдық; «Кутуз деген кім?».

Көлік іші қаракүңгірт болғанмен таксишінің миығынан күлгені байқалды. Дегенмен мандытып ештеме айтпады. Алде біз сұраған кісі туралы білері аз, әлде сақтық танытты. Осындағы мықты бір ағамыз ғой деді де қойды. Әңгіме ширатыла қоймаған соң, орындықты ыңғайлап алып шалқамнан жатқам. Көзім ілініп барады екен,мына жол белгілерін білесің бе деген дауыстан оянып кеттім. Басымды көтеріп қарасам жол жиегінде «жүк көліктері жүруге болмайды» деген баған тұр, одан бес алты қадам жерде «жылдамдықты жиырмадан асырма» деген тағы бірі көрінді.

-Бұл жерде мектеп, балабақша немесе әскери бөлім секілді маңызды бір мекеме бар болғаны ғой дедім таксишінің сұрағын жауапсыз қалдырмайын деп.

-Жоооқ, деді дауысын созып. Әлгі өзің айтқан Кутуздың үйі бар. Әне өзі де отыр қосаяқ құсап, қылтиып….Таксишінің әне деп иек қаққан жағына жалт қарап едім, ақшыл түсті киінген бір адамның сұлбасы байқалды. Қараңғыда түрі анық көрінбеді.

-Анау тұсқа бейнекамера орнатып қойған, жиырмадан асырып, есік алдынан шаңдатып өтсең бәлеге қаласың, «гаишниктер» қуып жүріп ыштрап салады деп таксиші ішіне сыймаған ренішін сыртқа шығарды. Терезеге үңіліп отырған мен бұрылып Кутуз деген кім сонда деп тағы сұрамаққа оқталдым. Бірақ үлгермедім, көлігіміз көк қақпаның алдына келіп тоқтады. Нағашымның үйі осы екен.
Нағашым еңгезердей қара кісі. Кезінде құрық ұстап, қылқұйрық мінген жылқышы болған. Атшабыс, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын қызба. Қазір де қысы-жазы желісінен құлын, күбісінен қымыз үзілген емес. Біз барғанда немелерін кезекке тұрғызып күбі пістіріп жатыр екен. Баламды құшақтап көліктен түскенім сол еді теңселе басып келіп құшақтай алды, құшағына баламмен қоса сүңгідім де кеттім. Ас дайын болғанша ауыл аймақтың амандығын сұрасып, бала шағаның қылығын қызықтап, реті келгенде нағашылы-жиенді боп қалжыңдасып отырдық, ет желініп, шай ішілген соң әңгіменің өрісі ұзара қоймады.

Жолсоқты боп келгендікі ме жеңгемнің берген жастығын бауырға қысқан күйі қалғып кетіппін. Ертеңіне күн көтеріле бір-ақ ояндым. Менен басқасы тегіс тұрып алған секілді. Далада дабырлаған дауыстар естіледі. Сыртқа шықтым. Жеңгем бие сауып, нағашым құлын тартып біздің сарыбастар, ауылдың қараборбайларымен қосылып құлындардың құйрық жалын сипалап мәре-сәре боп жатыр екен. Керенау қозғалып келе жатқан мені нағашым бір қағытқысы келіп-ақ тұр, мұрты жыбырлап бірдеңе деуге дайындалды.

Айтқандай «түске дейін ұйықтадың ғой тегі, қора күзеткендей. Әкең жақсы болса қалай тартпас едің, әкпем болмаса сенің жаман әкең аштан өлер еді» деп барлығына естірте гүрілдеп, артынша өз сөзіне өзі шиқылдап күліп алды. Енді байқадым желі басында мен танымайтын бөтен бір кісі отыр екен. Орта бойлы, көзінде күнқағар көзілдірік, басында ақ кепка. Мен жақындағанда орнынан тұрып көшеге қарай жүрді. Қарама-қарсы жолығудан қашқандай жылдам басып барады. Ауыл қазақтарынша сонадайдан «ассалаумағалайкум» деп қолымды ала жүгіріп едім, «сәлеметпе қарағым» деп саусағының ұшын ұстата қойды.

Алақанымнан ауру жұғып кететіндей лезде тартып алып, өте шықты қасымнан. Бұл неткен паңдық, Астананың көк тіреген үйлерінен, кеудесі онан да биік, төбесімен көк тіреген адамдарынан жалығып келгенде ауылда тағы тәкаппарлықты жолықтырам деп кім ойлаған. Бұның кім дегендей нағашыма бұрылып ем, иегімен көрші тұрған қос қабатты ақ үйді ымдады. Түсіндім. Кутуз деген осы екен. 
-Сенің кім екеніңді білмекке келді, деді жақындағанымда.

-Ойбай менде несі бар.Напалеон емеспін ғой….

-Нәпалөн бол, болма бәрібір. Қай күні, сағат қаншада, қандай мәшинемен келдің, неғылған адамсың бәрін киіз кітабына тіркеп қояды. Онысына үйренгенбіз, сауысқаннан сақ пәлекетің. Бірақ бізге еш зияны жоқ, жаулары көп қой байқұстың деп нағашым қолыма жарты шелек саумалды ұстата салды.

-Ауызға үйге апарып қой, қазір барам. Соқырдың әңгімесін сосын айтам саған деді.

-Өзін шайға шақырсаңызшы, танысайық, білісейік. Әңгімесін өз аузынан естиік

— Өй қой, ол үйде адам бар кезде басын кесіп алсаңда келмейді, ешкім жоқта келеді шпион құсап. Келгенмен сенімен сөйлеспейді деп нағашым биелеріне қарай беттеп кетті.

Әй, жөрналіс жиен, әлгі жазып алатын микропоның (диктофон дегені) болса қос, бұл ұзақ әңгіме, андағы шүйкедей басыңа қайсыбірін сақтаймын дейсің деп нағашым әңгімесін айтпастан шаптан тағы бір түртіп өтті. Жеңешем саған жақсы болды ғой, сөзіңді тыңдайтын адам таппай жарылғалы жүр едің дегендей құдай қосқан қосағына әжім шалса да әрі таймаған көзін бір төңкере қарады.

Біз құрдаспыз, бір класта оқыдық деп бастады нағашым сөзін. Екеуміз де қырық бірінші жылғымыз. Соғыс шақыра келген сорлымыз ғой мінезіміздің жетісіп тұрғаны шамалы. Бірақ мынаның жындылығы алабөтен. Өйткені бұл тура соғыс басталған кезде туған бейбақ. 
-Қалай? деппін аузыма апара берген кесені қайта жерге қойып.

-Қалай болса солай. 1941жылы, 22июньде таңғы сағат төртте неміс фашистері совет өкіметіне басып кірді ме?

-Кірді…. дедім сәл кідіріп барып.

-Кірсе, дәл сол кезде мына пәтшағар өмірге келген. Нөл-нөл минутына дейін сәйкес келеді. Сенбесең паспортын қара, өтірік айтсам бар малымды талап әкет. Шешем марқұм айтып отыратын Күлдәріні босандырып, шығып келе жатқанымызда Тәшен молда азан шақырып жатқан деп….
Нағашым мен бірдеме дей ме деп көзінің астымен қарап, сәл үзіліс жасады. Бірақ бұ жолы ол кісінің әсірелеп жатқанын ішім сезсе де шамдандырып алармын деп үндемедім. Менен қарымта болмаған соң жаңадан басталған әңгіменің соқпағына қайта түсті.

-Көзі бір жасынан соқыр. Бесікте жатқан кезінде сол жақ жанарын кірпі сорып кетіпті. Шын аты Әскербек, Кутузов дегенді мектепте жүргенде ана Келгенбай жынды қойған. Бұрын Кутузов деуші едік. Қазір ғой «овы» түсіп қалған.

-Қазақшалағансыздар ғой, деп қосамжарласа кеттім.

-Иә солай, расын айту керек сабақты екеуміз де қарық қылғанымыз жоқ. Сөмкесіне көмбеш нан салып әкелетін, соны кеміріп отыратынбыз. Орта класты бітірген соң мен аттың жалына жармасып жылқы бақтым қырық жыл, бұл тыртылдатып трактор айдады. Кешегі колхоз тарағанша май-май болып тракторын айналдыратын да жүретін. Арақты да әкесін танытып ішті. Талай рет бірге іштік, талай рет мас боп жатқан жерінен үйіне сүйреп апарғам, кластасым болған соң аздап ет пен құрт-майымды да беріп тұрдым. Сенбесең қазір барып сұра деп нағашым қолын сермеп екілене қалды.

….

-Ойбай оны сұрап қайтем, айта бер әңгімеңді.

-Бертінде колхоз тараған тұста ғой мұның атқа мініп атағы шыққаны. Атағын шығарған өзге емес осы өкімет адамдарының өздері. Совхоз тараған жылдары бұл байқұс көк трактормен тыным тапқан жоқ. Соқасын сүйретіп елдің жерін жыртады, телешкесімен тезегін тасып береді, жалданып топырақ, құм, шөп тартады, жұрттың берген ақшасын алып, құйған арағын ішіп едәуір тіршілік қылды. Бәрімізде сол жылдары қатты қиналдық емес пе, әйтеуір қоңыз теріп кеткен жоқпыз соған тәуба. Қойшылар бір қозыны екі шөлмек араққа сатқан сол жылдары емес пе? деп нағашым жеңгеме қарады. Ол, «е, жоға, одан кейін-ау, ол кезде қара биеміз бар емес пе» деуі мұң екен нағашым тақырыптан ауытқып кетті. Күректей алақанын жайып жіберіп, теректей саусақтарын бүгіп қара биесін қасқыр тартқан кезден бастап жыл санады. Әйелі де қояр емес, әлденелерді айтып. Екеуі сол бойы салғыласып отыра берер ме еді, «содан?» дедім шыдай алмай.

-Өй мынауда менен өткен су ми болыпты ғой, қойшы құрсын деп бар кінәні кемпіріне аудара салып, қайта кірісті әңгімеге. Содан не болсын, жекешелендіру, бартер, пай деген пәлелер шыққан жоқ па? Колхоздың жиырма мың қойы, менің алдымдағы бес жүз жылқы, бәленбай сиыр, трактор, комбайн барлығы осы бартердің талқанына айналды. Өрістегі жыбырлаған мал, алқаптағы қыбырлаған техниканы сатып ақшаға кенеліп жатқан колхоз бастықтары енді не қалды жейтін дегендей көзін төңірекке сүзеді ғой. Елубайдың К-700ты жүрмей тұр екен, қорасында қаңтарылып, соны алады, соқыр екен деп бұған тиіспей қоя ма? Тыртылдақ тракторыңды бер дейді ғой. Бұл бермеймін деп тыртаңдайды. Ары ырғасады, бері ырғасады. Бұлда қырсық, дәніккеннен құныққан жаман, ақшаға құныққан ана қулар да қоймайды. Олар оқыған бәле емес пе, бір күні амалын табады ғой деп нағашым, алдындағы кесесін бір төңкеріп тастады.

Ат үстінде келе жатқандай ырғалып алып, Алмасбек деген брагадир болды деп сөзін сабақтады. Бір аяғын сылтып басатын, ел ақсақ Алмасбек деп атайтын. Сол бір күні Үшсарайдан шөп жеткізіп бер, ақысын төлеймін деп жата кеп жабысады. Бұл байқұста арам ой жоқ, барады, екі телешкіге шөпті ыңқитып тиейді әлгілер, бұның көзін ала бере бірі трактордың дөңгелегін жарып кетеді. Содан не керек, жолға шығайын десе дөңгелекте жел жоқ. Біз тыққанға ұқсайды, ештеме байқалмайды. Ол кезде қазіргідей сотыбый болсайшы, біреуге збандап запаскыны алдыратын. Ары айналшықтайды, бері айналшықтайды, ақыры кім алар дейсің, ертең басқа дөңгелек алып келермін деп тракторын тастап ауылға аналардың мәшинесімен тартады ғой. Ертеңіне Келгенбай екеуі үйінен запаскасын алып барса, телешкі шөбімен тұр, трактор жоқ. Сеніңше қайда кетті?

-Менен сұрап тұрсыз ба?

-Енді кімнен сұрап тұрмын

-Білмеймін

-Сен осы әкең екеуің не білуші едіңдер деп Жетісуда жатқан жездесіне бір соқтыққан нағашым, желкесін қасып алып қайта бастады әңгімесін. Әлгі көк трактордың көтіне түскен қулар алып кетті емес пе? Бұл боғын пышақтап ары шабады, бері шабады. Таппайды.

Қарда ізі қалыпты, камазға тиеп кеткен. Милиция шақырады. Олар не қылсын, ары бері әурелегеннен басқа түк бітірмейді. Содан бұл Алмасбекке барады. Сен алдың деп, ол бұны боқтап-боқтап қуып шығады. Дерегдірге кіреді, одан да қайыр жоқ. Құмалақ аштырады, ұзап кетіпті дегеннен басқа ештеме айтпайды балгерлер. Ақыры ары ойлап, бері ойлап, ұры алыста емес, дерегдір мен Алмасбек бригадир деп, екеуін сотқа берем деп шығады. Жаман плащын желбеңдетіп, ауданға барғыштап жүрді.

Біраз уақыт тынышталып қалған, басылған шығар деп ойлағанбыз. Бірақ менен қанша жылқыны санап өткізгенімді тәптіштеп тұрып жазып алып кеткенде секемденгем, әй осы бірдеңені бықсытады-ау деп. Бұл бір бықсымасын, бір бықсыса өртенбей тынбайтын өжет екенін білем ғой, әдейі барып сұрадым. Мені дауларыңа араластырма деп ескерттім. Суыртпақтатып сыр алдырмады сабазың.

КутузСодан бес-алты ай өтті ме, өтпеді ме, қырықтық кезінде ауылға комиссия сап ете қалсын. Дерегдірден бастап бригадирге дейін бүкіл жегіштің аяғы аспаннан келді ғой. Сөйтсек бұл біздің ауылдағы былық-шылықты жіпке тізіп «Жас алаш» деген газетке жолдапты. Ондағылар мұның жазғанын жариялап қана қоймай, облыс әкімдігінен түсініктеме сұратыпты. Ал осы кезде облысқа жаңа әкім тағайындалса керек, ол дөкей мен біздің аудан басшысының жұлдызы қарсы екен.

Содан құланның қасынуына мылтықтың басуы дөп келді, деп нағашым оң қолының сыртымен сол қолының алақынан шақ еткізіп ұрды. Арнайы комиссия арызды тексереді, бір біздің ауыл емес бүкіл аудандағы кемшіліктер әшкереленеді. Ауданның басшысы Итбай деген еді, Итбай итақайларымен қоса жұмыстан кетті. Алды сотталды деп естідім, анық-қанығын білмедім. Әйтеуір ел арасына «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры емес, Кутуздың көк тракторы» деген мәтел тарады.

Ал мынаның, деп иегімен нұсқады ақ шатырлы үйді, атағы аспанға шықты. Жаңадан келген аудан әкімінің өзі шақырып, сый-құрмет көрсетіпті. Май-май болып әр жерде домалап жататын Кутуз содан кейін өзгеріп сала берді. Арақты қойды, бұрынғыдай мылжыңдамай, сызданып сөйлейтінді шығарды. Ауыл дерегдірі, бригадир, бұғалтыр дегендерің мұның алдында құрдай жорғалады.Ел тезек жинап тентіреп жүргенде, бұл алты ай қыс көмір жағады.

Бұрын көшенің басынан тасып ішетін суды үйінің ішіне кіргізіп алды. Пенсияны біз Зейнекүлден қарыз сұрағандай, мөлиіп барып кезекпен алсақ мұның үйіне әкеп береді. Анау-пынау жиналыста ауыл ақсақалы деп сөз беретінді шығарды. Осы тұста жеңешем де cөзге араласып;

-Бейсекүлдің деректірдің әйелімен подружка болғанын айтпайсың ба..,-деп шалы ұмытып бара жатқан бір деректі ортаға тастай салды.

-Иа, рас-рас…Сенбі-жексенбі күндері бала- шағасының дерегдірдің үй жағынан буы бұрқырап, қызара бөртіп келе жатқанын талай көрдім. Ананың қатыны монша жағып шақыратын көрінеді. Осы тұсқа келгенде нағашымның ішін қызғаныштың қызыл иті тырнап өтеді-ау шамасы. Өзің ойлашы деп сұқ саусағын шошайтты, трактористің қатын- баласын дерегдірдің әйелі моншаға түсіріп бәйек болады. Бұл не құдырет. Сендердің ауылда осындай болды ма?

-Жо, жоқ…

-Ал бізде болды- деп, әңгіменің қызығына кіріп кеткен нағашым қайсыбірін айтсам екен дегендей сәл тосылып барып, малдас құрған күйі маған ұмсына бере: Бұның одан кейінгі арызы абырой әпермеді,- деп сыбырлады біреу естіп қалатындай. Неге демейсің бе енді? дегенде даусы қайта көтірілді. Мен «неге» деп сұрап үлгермедім. Тілі қимылынан ширақ екен бастырмалата жөнелді.

-Осы кейінгі жастарға әңгіме айтқанша ана көшедегі терекке барып сөйлеген жақсы. Мөлиіп, шыбындаған аттай бас шұлғисыңдар да қоясыңдар, ойбай-ау ертек айтып отырғаным жоқ қой саған. Кішкене пейіліңді беріп, араласып қойсаңшы ара-тұра.

-Иә, сіздікі дұрыс деп құтылдым, дауласа кетсем біразға баратынымды ұғып.

-Дұрыс болса тыңда, мұрныңды салбыратпай, әкеңнең аумай қапты ғой тегі өзі қолағаштай болып…

Ауылда Ерік дейтін электрик жігіт болатын, қолы алтын еді байқұстың. Мына холоділник, телебізір, балалардың мәгнитопоны дейсің бе бәрінің тілін біледі. Сол Ерік ауылдағы светтің құдайы. Өшірем десе өшіреді, жағам десе жағады. Аздап қышқыл суға жақындау болды, байқұс бала. Біреу той-томалақ жасайтын болса, Ерікке бір жартылығын тіске басарымен қоса алдын-ала апарып бермесе, бәлеге қалады. Той нағыз қызған шағында свет өшеді.

Ал, шарқ ұрып Ерікті іздейсің. Бір жерде карта ойнап отырған жерінен әзер табасың, әке-көкелеп жарықты жандыртасың. Бір күні мына патшағарды Келгенбай жынды қонаққа шақырады. Монша жағады, екеуі парға кіріп алып бірінің кірін бірі езіп, әрнәрсені айтып, бапылдап отырады. Сол сәтте свет өшеді. Келгенбайдың баласы мен мынаның үлкен ұлы белесепедіне міне салып Ерікке шабады. Біздің көшенің светі өшіп қалды дейді барған бетте, ол көшеде дөкейлердің ешбірі тұрмайтынын білетін Ерік саспайды, енді қайтейінге салады. Әкем Әскербек аға екеуі моншаға түсіп жатыр, Әскербек аға сізге дереу светті жақсын деп айтты дейді әлгілер.

Ерік те бір терістуған пәле, әрі елдің бәрі Кутуз деп атаған соң мұның аты Әскербек екенін ұмытып кеткен. Біздің ауылда бір емес үш Әскербек бар. Әскербек тұрмақ, генерал болса да айта бар, өздері жағып алсын деп есікті тарс жабады. Ерінген ғой баруға, әлде олда мас болды ма екен…. Ертеңіне-ақ жұмыстан кетті. Кейіннен столбыларды құлатып арматура жинаймын деп жүріп, тоққа түсіп қайтыс болды байқұс бала. Содан кейін бұның ауылда сүйкімі қалмады. Өзі де іштей мүжілді ме, бір күнде дүрк көтеріліп осында көшіп кетті.

Мынау бұның екінші үйі. Бірінші үйі орталыққа жақын. Әуелі сонда тұрды. Сол үйді салатын кезде де біраз адаммен соғысты. Атағы біздің ауданға жайылған пұшық Ерден деген болған. Кезінде потребсоюзды басқарды. Бұл келген бетте қалай екенін қайдам, сонымен ұстасады ғой. Өзінің айтуынша үйін салар кезде Ерденнен әбден құқай көреді. Оның құрығы ұзын, аудандағы жер бөліміндегілерге айтып құжатын созбалақтатып жібереді, жарық тартқызбай, зәрезап қылады.

Су құбырын жүргіздірмей тарықтырады. Бұл да жағаласып жүріп үйін салып бітіреді. Енді қоныс тойымды жасаймын деп отырғанда ауданның құрылыс бөліміне шақыртылады. Барса, осылай да осылай сізге жер басқа жақтан беріледі, сіздің үйдің орнына мектеп салынады дейді. Дайын үйді бұл бұздырсын ба. Бар бәленің Ерденнен келіп отырғанын біледі, бұрынғыдай сырттай шалыспай енді екеуі ашық майданға шығады. Бір-бірінің үстінен домалақ арыз, ауданнан асып облысқа, облыстан асып ол кездегі астана Алматыға қарша борайды.

Анау кеудесіне нан піскен неме, сауатсыз трактаристі сағызша шайнап тастаймын деп кәрібурадай алқынады, мынауда тістеген жерде тісім қалсын деген шақан, екеуі екі жылдай алысты. Бұда не «арызқой» деген жаманаты болмаса, істеген қызметі жоқ. Арты таза, ал Ерден талай мекемені тоздырған. Ішкені бар, жегені бар дегендей. Алғашқы комиссиялардың көмейіне бірдеме тығып жіберген ау түк таппай кетіпті. Бірақ бұл пара алдыңдар деп олардың өздеріне айбат шегеді.

Прокуратураға қайта арызданып, газетке жазады. Ақыры аудан әкімінің өзі біржақты қылыңдар деп тапсырғанға ұқсайды. Тексерістердің бірінде шикілік шығады. Ерден сотталатын бопты деп ел шулап жүрді. Бірақ сотқа жетпеді, қан қысымы көтеріліп өліп кетті жарықтық. Ешкімнің әлі келместей көрінген Ерденнің түбіне жеткен соң, бұдан басқалар да қаймыға бастады. Сот, пұрқорал дегендерің қазір Кутуз десе өлердей қорқады. Ауданға жаңа қызмекте келген адам бірінші осының батасын алады. Өзі де қағылып, соғылып жүріп, әбден ысылып алды. Газеттен газет қалдырмай оқиды, заңдарды жатқа соғады, сауатты. Пәлеге ұрынып, істі болған адамдар бұған барып арыз жаздырып, заңгерлік кеңес сұрайды тіпті. Бекер обалы не, бұл қолынан келген көмегін аямайды.

— Онысы дұрыс екен,- деп әңгімені зейін қойып тыңдап отырған сыңай байқаттым. Нағашым шаршады ма, сөзі сұйыла бастағандай сезілді. Менің ықыласымнан кейін қайта серпіліп тағы бір оқиғаның сорабына түсті.

Бірде нақақтан күйіп бара жатқан бір жігітті арашалаймын деп өзінің де басы дауға шатылғаны бар деп бір жөткірініп алды. Біздің ауылда күйеуі жастай қайтқан бір жесір әйел тұрады. Бір ұл, бір қызы бар. Екеуі де құдай бере салған, алтын бала. Ұлы таксөбат етеді, қызы мектепте кіл беске оқиды. Соның ұлын түрмеден алып қалған — осы. Байқұс бала түнде таксөбат етіп келе жатады, ішінде үш адамы бар.

Қайдан шыққаны белгісіз бір инөмарка қарсы бетке шығып кеп тұмсықтан переді. Көлігі екі аунап түседі. Алдында отырған қыз бала тіл тартпастан кетеді. Ал ана соққан машинаның іші толған мілитсалар екен. Бәрі удай мас. Имансыздығын көрмейсің бе олардың, ес түзсіз жатқан жетім баланың аузына барып арақ құйып жібереді ғой.

Қойшы әйтеуір өмірі арақ ішіп көрмеген бала мас күйінде машина айдаған деп хаттама толтырады, жол апатына да соны кінәлі қып шығарады. Жетім бала, жесір қатын шырылдап анда барады, мында барады, ана өлген қыздың туыстары қырғын ақша сұрайды. Оларға берер түгі жоқ. Ақыры Кутузға келеді ғой. Бұл кіріскен соң қоя ма, баланың көлігінде отырған өзге екі жолаушыны табады, олар да құдайға қараған пенде екен, баланың ішпегенін, жылдамдықты алпыстан асырмай ақырын-ақ келе жатқанын, мілитсалар мінген машинаның ережені бұзғанын айтып, түсініктеме жазып береді.

Керек болса сотқа барамыз, шақырыңдар дейді. Бұл бір де, екіншіден Кутуз осындағы вокзалда тұратын бүкіл тәксиді жиып алып, бала туралы мағлұмат сұрайды. Барлығы іштей мілитсалардан қорықса да баланың ішпейтінін растап, қолдарын қояды. Бұл екі де. Үшінші, бұл қасқырың бала арақ ішті деп анықтама берген аудандық ауруханаға барады. Оның бастығы да неше жылдан бері аттан түспей жүрген, аудандық мәслихаттың депутаты, шынжыр балақ, шұбар төстің нағыз өзі.

Бастапқыда кеуде кереді. Оның борбайы бостығын сырттай білетін бұл республикалық, облыстық газетке екі мақала, жоғары сот пен бас прокуратураға ашық хат дайындалып жатқанын айтып, қосақ арасына қыстырылып кетпегін деген сыңайда ептеп қана сес көрсетіп кетеді ғой. Жалмауызға да жан керек, ертеңіне әлгінің өзі хабарласып, мілитсалардың медициналық тексеруден өтпегенін, ал баланың қанынан шынымен алкоголь өнімі табылғанын айтып, құжаттардың көшірмесін әкеп береді. Неге мілитсалар тексеруден өтпеген? Знашит ішкен емес пе…

-Солай боп тұр ғой деп тағы қостап қойдым.

-Содан бұл осымен ақ сотта жеңіп шығамыз деп білек сыбана сотқа дайындалып жатқанда, жерде жетім жыласа аспанда періште күңіренеді деген рас екен тағы бір кілтипанның шеті шығады. Тура сол күні әлгі мілитсалардың бастығы туған күнін тойлаған екен. Оны бұл мүттайым қайдан білді, кім келіп сыбырлап айтты, бір құдайға аян. Ол бастықтың туған күні болған мейрамханаға барады. Әркімді сөзге тартып ол жерден де біраз дүниеге қанығады. Енді сотқа барамыз, қайтсек те құртамыз деп жүргенде мұның өз баласы істі болады ғой аяқ астынан.

-Қалайша?

— Қалай демесің бар ма, бұның тіміскіленіп жүргенін мілитсалар білмеді ғой дейсің бе, білді. Солардың істегені шығар. Әйтеуір кіші ұлына кешкілік ауылдағы араласып жүрген бір жолдасы қоңырау шалады. Осылай да осылай, базарға мал апарушы едім, таңғы төртте тұрып кетуім керек, көшенің сыртындағы арнаға келіп, мал тиесіп жібер дейді. Мақұл деп бұл межелі уақытта бара қалады. Камазды жарға тақап қойып үш жылқыны тиеп жатқанда мілитсалар сап ете түседі ғой. Сөйтсе ана қулар тізгінді бұған ұстатып, өздері артынан айдап отырған екен. Екеуі қашып кетеді, бұл жүген ұстаған күйі қолға түседі. Ұрлық жасадың деп апарып жауып тастайды.

Сондағысы мынаны иліктіру, қорқыту ғой. Бұл да сөйтіп ойлады, соттамайтын шығар, саудаласқысы келіп жүр менімен, сотқа жібермес деп оншалықты күйзеле қоймады әуелгіде. Бірақ іс сотқа кетіп қалыпты, байқұс баланы бес жылға кесті де жіберді. Баласының сотына мені «бірге жүрші» деп ілестіріп барған, үкім айтылғанда сылқ етіп отыра кетті. Бірақ діні қатты екен сыр алдырмады, бала күнінен ызыланса тісін шықырлататыны болушы еді. Жақ сүйектерін бұлтыңдатып, біраз уақыт тістеніп отырды да, «кеттік» деді. Жолда да сөйлемеді. Бар айтқаны «енді мен көрсетемін бұларға» деді. Артынша бүкіл оқиғаны тізбелеп газетке жазды, сотқа берді. Ана жесір келіншектің баласы ақталды, төрт милиция жұмысынан кетіп, біреуі сотталды.

— Баласы түрмеден шықты ма?

-Жоқ әлі отыр, Арқалықтың түрмесінде жатыр, екі жылы бар.

-Тағдыры қиын екен бұл кісінің…

-Қиын болғанда айтпа, қайта шыдап жүр ғой, боркемік біреулер болса әлдеқашан бордай тозар еді. Өзін де бір-екі рет парамен ұстамақ болған, дегенмен мықты екен алдырмады.

-Әй осы былтыр жазда ма еді, селкілдеуік Бақытжанның мынаған пара ұсынғаны деп нағашым жеңгеме қайрылды. Артынша шиқылдап тұрып, рахаттана күлді. Күлемін деп кемпірінің айтқанын өзі естіген жоқ, өзгеге де естіртпеді.

-Олда бір жынды екен, Шарбақты деген ауылдың әкімі. Дап-дардай адам. Не басына күн туды құдай біледі, мынаның айтуынша «финпол» дей ме соларға «косягке» кірген көрінеді. Содан сен құтылам десең Кутузды ұстап бересің депті-мыс. Ол байқұс келіп, мені орнымнан алғалы жатыр, әкіммен жақсысың ғой көмектес, мынау соғымың деп бір бума ақша тастайды. Мынау ештемең керек емес деп жолатпадым, ақшаны алғам жоқ деп ант су ішіп отыр. Негізі алмаушы ма еді, алған ғой. Үйінен келіп ұстап әкетті, бірақ ертеңіне шығарып жіберді. Бір-екі рет сұрап едім, сипақтатып дұрыс жауап бермеді. Жауларымның ұйымдастырып жүргені ғой деді де қойды. Әйтеуір ана селкілдек содан кейін үш ай ауруханаға жатып шықпай қойды, мынадан қашып. Кейіннен аяғын сүйіпті ғой келіп.

Дастархан басында көп отырып қалдық дегендей нағашым қос қолымен жер тіреп, тұруға ыңғайланды. Аяғы ұйып қалды ма, әлде денесі ауырлаған ба, бірден көтеріле алмады, ұшып тұрып демеп жібердім, сыртқа шықтық. Бие сауын болып қалыпты, жеңгем екеуі барып бие сауып келді. Саумалдан бір-бір кеседен ішіп, балаларға ұрттатып, үйездеген қойдай көлеңкеде отырғанбыз. Нағашым қора-жайын бір реттестіріп келіп, қасыма жайғасты. Түр әлпетіне қарасам тағы бір әңгіме айтатын адамдай қуланып тұр.

-Мына үйді мен осымен үшінші жыл салып жатырмын, әлі де кем-кетігі жетеді. Ал ана құрдасым бір жазда бітіріп алды деп, Кутуздың үйін иегімен тағы нұсқады. Бұл өзі салған жоқ, бәрін салып берді. Осында Кәдір деген қу бар, бүкіл ауданның құрылысын қолына алған. Әкімдермен ауызжаласып ана «тендер» дей ме, соның барлығын сол иеленеді екен. Мына жаңа мектепті де сол Кәдірдің фирмасы салды. Ұры иттің к..тін сұр ит жалайды дегендей, мына соқыр Кәдірдің бір былығын біліп қалған болу керек, соның жігіттері келіп апай-топай салып берді ғой мына үйді. Енді соған рахмет айту керек қой, ана жерін дұрыс қылмапты, мына жері мынадай екен деп қазір күңкілдейді де жүреді, адам деген ынсапсыз болады екен ғой тегі….

Бірақ бекер обалы не, маған да бұның көмегі тиіп жатыр. Жер алам деп аудан әкімдігіне барсам, бұл да сонда жүр екен, бір партада отырып, бір шишаны бөлісіп іштік емес пе талай, шұрқырай амандастық. Жер алсаң менің үйімнің жанынан ал, көрші боламыз деді. Ойбай мен сұрағанға ол жерді бере ме десем, оны өзім қатырам, сен тек арызды сөйтіп жаз деп, тәптіштеп түсіндірді. Дегенін қылдым, бұл барып өзі сөйлескен ау шамасы, осы жер маған бұйырды ғой, әйтеуір. Әуелгіде ойқы-шұйқы болатын. Он мәшине топырақ төседім ғой. Топырақты бірақ тегін төсеттім, ол да осы көршінің арқасы деп нағашым бір жымиып алды.

-Пойыз жолдың шетіндегі анау тұрған ақ бетонмен қоршалған ғимаратты көріп тұрсың ба деді.

-Иә..

-Көрсең сол мостопойыз деген болады. Кезінде вагондарды жөндейтін үлкен кәсіпорын еді. Қазір түгі қалмады. Жекешеге өткен. Бастығы Дәриябек деген, біздің бүгінгі әкімнің жиені болып келеді. Сол Дәриябектің оншақты камазы бар. Бірнеше краны, тракторы және бар. Жыл он екі ай мына арнаның қиыршық құмын қазып, тасын сатып, таудан топырақ тасып пайда табады. Байқасаң мына есіктің алдындағы жол мостопойыз бен біздің ауылды жалғап тұрған негізгі трасса. Бірақ сен келгелі көрдің бе бұл жолмен камаздың өткенін.

-Көргем жоқ.Ана көшенің басында жүк көліктері жүруге болмайды деген белгі тұр ғой.

— Иә, оны қойғызған да осы-Кутуз. Есіктің алдын шаң қыласың деп камазды жүргізбей тастады. Қазір Дәриябектің камаздары ауылға кіру үшін теміржолды айналып, он шақырымдық «объезд» жасайды. Әуелгіде Дәриябек дәңкеуделікке салынып жағаласпақ болып еді, кейіннен «пыш» боп қалды ғой.

-«Пыш» деген не?

-Өй, мылжың, допқа ине тығып алсаң пыш етпей ме, желі шығып. Пыш дегенің сол, желі шығып кетті, басылып қалды деген сөз.

-Аааа…

-Ааааа болса, тыңда.Дәриябек бір күні араққа тойып алып мынаған келеді ғой, сен кімсің жол қоритын деп. Екеуі керіседі, Ақыры анау мынаны боқтап кетеді. Бұның үйінде есігінің алдынан дәретханасына дейін бейнекамера орнатылған. Әке шешеден жіберген бүкіл сөз соған жазылады. Содан бұл мені балағаттады, ар намысымды қорлады деп сотқа береді. Ар-намысын құдай салмасын, есімнен шығып кетіпті, «әй кемпір мынау Дәриябектен қанша өндірмек болып еді ей» деп айқайлап әйеліне жүгінді. Ошақ жақтан «бес миллион бес жүз елу бес мың» деген дауыс шықты.

-Иә, бәсе өңшең бірыңғай сандар болатын, соны сұрайды ғой. Дәриябек әке-көкелеп аяғына жығылады. Көнбейді. Содан бір күні үйде отырсам маған келіпті. Ойбай ағатай құтқар. Мына құрдасың қырып бара жатыр. Үй салғалы жатыр екенсің, топырақ құмыңды мен түсіріп берейін. Маған қалайда кешірім алып бер, сотталатын болдым деп шырылдайды. Ой қоя тұр. Көрейін, сөйлесейін, тілімді алар-алмасын білмеймін. Бұл баяғы көктракторлы Кутуз емес, бұл көпті көрген бәле болып алды ғой деп, шығарып салдым. Ертеңіне мынаған келіп, салмақ салсам илікпейді.

Ары ырғадым, бері ырғадым көнбейді. Содан бала күнгі достығымды пайдаланып, боқтағанның бәрін соттатсаң мені де соттат, кет шешеңді…дедім кетіп қалдым. Бірдеме-бірдеме деп мыңғырлайды, тағы да жібердім. Баяғыда бір-бірімізді боқтап отырмасақ ас батпаушы еді, қазір біреуді боқтаудың өзі қиын боп барады ғой. Ой заман қалай бұзылған, ә, деп нағашым маған қарады. Меніңше, бұрынғы боқтампаз адамдардан, қазіргі бірін-бірі боқтамайтын сыпайылар сұмпайы секілді.

Не дерімді білмей қалдым, аңқылдақ нағашымнан қалжың, шаптан түрту секілді қыжыртпа сөз күтсем де, бұлайша сөзден тосар деп кім ойлаған. Солай, солай деп бас изей беріппін. Менің пенде боп қалған түріме масаттанды ма, қайтадан әңгімесін үзілген тұсынан жалғады.
Арада екі-үш күн өткен. Боқтарымды боқтап алсам да, ішім қыпылдап тұр. Қартайғанда Дәриябекпен қол ұстасып сотқа шақырылып жатсам, бала-шағадан ұят қой. Түсте ұйықтап жатсам, үйге келіпті. Жәй ма десем, жәй деп қояды. Жәй емесін сезіп тұрмын. Сен маған ренжіп қалдың ба деп күмілжиді. Жұмсарғанын сезе қойдым. Үндемедім. Ол итке неге араша сұрап жүрсің дейді. Шынын айтайын ба дедім. Иә деді. Ана үй салатын жерді көрдің бе, ойқы шойқы, соны тегістеу керек. Әлгі маған тегін топырақ әкеп берем деп уәде етті деп айтып салдым. Әй ол сені алдап кетпесін, дегенмен сен үшін кештім. Ертең келсін, кешірім қағазын жазып қоям деді де кетіп қалды. Дәриябек естігенде қуанғанда айтпа, балаша секірді.

-Топырағын әкеліп берді ме?

— Уәдесінде тұрды, жігіт екен. Он камаз әкеп төкті. Тағы да жеткізіп берем деп еді, содан жоғалды. Оны енді іздеп бару керек, карта ойнап ләйліп жүрген шығар бір жақта. Осымен әңгіме тәмам дегендей нағашым құйрығын қағып орнына тұра бастады, Кутуздың ертегісі таусылмай қойды-ау дегендей, жеңешем де қазан-ошақ жақтан мойнын созғыштап тұр екен. Қол жуып, дастарханға бара беріңдер деп жатыр.

Шаңқай түс. Дала қапырық. Терлеп тепшіп түскі асты ішіп, бір-бір жанан қымызды төңкерген соң, терезені қараңғылап қойып ұйқының жоспарын орындадық. Оянған кезде намаздігер уақыты болыпты. Нағашым көрінбейді. Көшеге шықсам Кутуз екеуі сәкіде отыр екен. Мен барғанша кейіпкеріміз кетіп қалмасын деп тездетіп солай беттедім. Әуелгідегідей асссалаумағалайкуміме, сәлеметпе қарағым деген жауап алдым. Нағашым, Астанадан келген жиенім, журналист деп ресми таныстырып жатыр. Ақырындап көз қиығымен қарасам, қара көзілдірікті сары кісінің бетәлпетінде өзгеріс болсайшы. Мені бұрыннан білетін кісіше, енді қайтейін дегендей міз бағар емес. Қырынан қарағанда байқадам, жалғыз көзі ойнақшып тұрады екен.

Менің қиғаштай келіп көзіне қадалып тұрғанымды байқап қалды ма, бетін бері бұрып алды. Көзілдіріктің қара шынысының артындағы жалғыз көз енді маған тесірейе, ішіп-жеп қарады. Бірер минут үнсіздік бола қалды. Бағана бір тақырыпты қызу талқылап жатқан секілді көрініп еді, айтар сөз таусылғандай. Нағашым биылғы жаздың ыстықтығы, жаңбырдың бір айдан бері жаумай тұрғаны, шөптің бағасы мен солярканың қымбаттап кеткені секілді ұсақ түйек тақырыптарды әр жерінен бір шұқылады да отырды. Кутуз бас шұлғып, қоштап, ара-арасында ғана қосылып қояды. Менен жөн сұрап ішке тартқан адам болмағасын, соқыр ішектей сопайып тұрғанды қош көрмей, көшенің бас жағында доп қуалап жүрген балаларға қарай беттедім. Артта қалған екі құрдастың үш көзі көкжелкемнен қадалып тұрғанын сезіндім.

Нағашымның үйінде төрт түнеп, бесінші күні аттандық. Шаңқай түсте шақырып қойған таксиге мініп жолға шыға бере байқадым, Кутуз сәкісінде отыр екен. Қасында бала көтерген бір келіншек пен егделеу еркек бар. Көліктің терезесінен қоштасудың ишаратын жасайын деп едім, бізге мойын бұрмады. Қаққан қазықша қаздиып отыр. Бірақ бет-ауызының жыбырлағанына қарағанда сөйлеп жатыр. Қолындағы бүктеулі қағазды қамшыдай білеулеп, сермеп-сермеп қояды. Бәлкім араша сұрай келген әлгі екеуге арызды қалай жазу керектігін түсіндіріп жатқан болар……

02.02.2014 Бейжің 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика