Есбол Үсенұлы. Серт (Баллада)

5 мая 2019

1

Үш мың жылдың төтеп беріп,
Шаңдағына, кәріне,
Үйсін жерін орай аққан
Бір жаңылмай кәрі Іле,
Айнымаса жолынан —
Естілігі хақтан – дүр,
Жағасында арда ұлдар,
Тұлпар мініп шапқан – дүр,
Бөрі текті оғландар,
Маған үлгі, мақтан – дүр.
Солар еді ат жалын,
Артық көрген тақтан да,
Берген анты серті үшін,
Қара тас боп қатқан да,
Шаманизим салты деп,
Шежірешім ақталма,
Баяндайын аңызды,
Бізге жеткен көнеден,
Оған кәрі күн куә,
Нұрын шашқан төбеден.

2

Өзара араз екі ауыл,
Күндізбенен түндейін,
Үйсін таудың жайлаған,
Теріскейі,
Kүнгейін.
Күнгейде жер бусанып,
Көк шыққанда тебіндеп,
Теріскейді мұз құрсап,
Жатады қар кебіндеп.
Екі беттің екі елдің,
Көктемі де парықты.
Еншілеген бұйрықпен,
Көлеңкені,
Жарықты.
Сезім көнбес бұғауға,
Талқан етер қамытты.
Бір оқиға жүз берді,
Дүрліктірген халықты.
Еркелеткен ел жұрттың,
Жерге тастап үмітін,
Күнгей қызы ұнатты,
Теріскейдің жігітін.

3

Теркіскейге барған қыз,
Қарғалдағын тергелі.
Ондай сезім кешпеген,
Бұл өмірге келгелі.
Шегіншектеп артына,
Жүрмей Аттар жетекке,
Құрбысы да демігіп,
Қалып қойды етекте.
Қарғалдаққа жетті өзі,
Мұз үстінде гүл ашқан.
Шекесімен қарайды,
Шоқы көкке ұласқан.
Үзе беріп біреуін,
Ақты төмен биіктен.
Елестеді анасы,
Ару үшін сүйікті ең.
Жар болды ма Жасаған,
Тірі қапты, сенбеді еш,
Серуендеп жүргендей
Бұлт үстінде, жерде емес.
Жалғыз емес – жұп,
Kім ол?!
Деген: “Cаған жан пида!!!”
Қарғалдақтың, бойынан,
Жұпар иісі аңқима?
Айырма деп тіледі,
Ертегідей сол күйден.
Құшағында талықсып,
Боз жігіттің тон киген.
Өз-өзіне келгенде,
Ала бұртты, қымсынды.
Үнсіз алғыс орнына,
Бойтұмарын ұсынды.
Қарғалдақ,
Шың,
Боз жігіт,
Ойлайтыны – бар түсі.
Теріскейде жүр екен,
Көңілінің жартысы.

4

Шымырлайды өн бойы,
Терістіктен жел ессе,
Алып ұшқан жігіттің,
Сәлем – демі емеспе?!
…Іздеп келген артынан,
Қарғалдақ – гүл сыйы бар.
Құшақ жайып қарсы алды,
Жан ба ару бұйығар?!
Кездестіріп қиуадан,
Қоссада өзі жасаған.
Аңдыды ізін есерлер,
Сұғын қадап тасадан.
Үкім кесіп сыртынан,
Көрсетті жұрт қаһарын.
Өзге жанмен жалғамақ,
Қыз ендігі сапарын.
Жазаланды жігіт те,
Шеттетілді саяттан.
Бір жамандық сезініп,
Айырылды тағаттан.
Алас ұрып боз жігіт,
Сүйгеніне тордағы.
Барымташы, жансыздан,
Үшбу сәлем жолдады:
«Бақ жұлдызым, күн-айым –
Жүрегімді жылытқан.
Жаным пида жолыңда,
Қаймықпаймын ұлықтан.
Көңіліңнің пәктігін,
Оқығанмын көзіңнен.
Жалғандағы тілегім,
Бірге болу өзіңмен.
Күн шыққанша төбеде
Кездесейік, жарысып.
Бағымызды байлаған,
Дүлей жұртпен алысып.
Шын ғашықпын Ай куә,
Жүргем жоқ жай құмартып.
Айтқан сертте тұрмасам,
Тас болғаным мың артық.
Бір болайық мәңгіге,
Сен де жаным, ант еткін.
Қауышуды жазбаса,
Сұм тірлікті тәркі еткін?!».
Мұң қажытқан Арудың,
Кетті көзі шұбартып,
Деді ішінен жетбесем,
Тас болғаным мың артық.

5

Айдаһардай ақырған,
Аб жыландай шұбалған.
Асау өзен долданып,
Жолын бөгеп тұр алдан.
Қанатына мінгізер,
Жоқ самұрық-қара құс.
Жол торыған қабылан,
Шие бөрі талағыш.
Сайлаулы тұр бес қару,
Арқан,құрық, шоқпар да.
Жер тарпиды кермеде,
Желдей жүйрік аттар да.
Бұл опасыз жалғанда,
Ғашық бағы жанған ба?
Бір біріне жетуге,
Таяқ тастам қалғанда,
Күн айнадай жарқ етті,
Қалды екеуі арманда.
Сағыныштан үзіліп,
Жанарына жас толып,
“Антқа адалмын” – деді де,
Қатты қара тас болып.
…Қуғыншылар ентіккен,
Көргеніне сене алмай,
Қалды тілі байланып,
Қорқынышын жеңе алмай.
Қарауытты түнеріп,
Дүние қайта, күн күйіп.
Шөкімдей қара бұлттан,
Қызыл тасқын, сел құйып…
“Тілемеп ек ешқашан,
Мұндай ауыр жазаны” —
Деп еңіреп екі ауыл,
Тәңіріне назалы.
Білді артынан олардың ,
Барғанын өз еркімен.
Шын ғашықтар екенін,
Дәлелдеген сертімен.

6

Отыз ғасыр бір-бірін,
Таса қылмай көз алдан.
Төбеде екі бейне тұр,
Пенделіктен тазарған.
Алдын орап мастанған,
Кәрі күнге кектенбей,
Қозғалмаған орнынан,
Мұратына жеткендей.
Зайғы өмірден оңаша,
Жоқ дұшпандар күндейтін.
Қандай бақыт көрмеген,
Бір-бірінің мұң кейпін.
Қалай ғана айтарсың,
“Тас”,
“ Қола” – деп жүрегін?!
Сүйінбесе Тәңірі,
Етеме қабыл тілегін?!
Айланғандай қара жер,
Ауытқымай өз өсін.
Адалдықтың лаззатын –
Хикіметін сезесің.
Сүйу мәні болама,
Жаратса егер мұңсызңып?!
Тіршіліктің шешімі –
Барар жері –
Үнсіздік.
Шақырады мүз шоқы,
Қарғалдағын теруге,
Уақыттан алқыған,
Ғашық күйге енуге.
Арнасымен жылжиды,
Асып таспай кәрі Іле,
Махаббатқа –
Аңызға –
Куәмін деп бәріне…


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика