Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. КІШКЕНТАЙ АЙТҚЫШТАР

9 Қыркүйек 2017

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫМенiң 5 жасар Руслан атты жиен iнiм бар. Бала демесең, сөздерi мiрдiң оғындай, нысанаға дөп тиiп жатады. Қызым Марал да сөзге пысық. Екеуінің езуге күлкi үйiрер сәттерi аз емес. Руслан мен Маралдың және сол секiлдi балғындардың әзiлге бергiсiз iс-әрекеттерiн «Кiшкентай айтқыштар» деген айдар тағып, «Ұланға» жолдағанды жөн көрдiм. Бәлкiм, мұндай айтқыштар әр үйден табылар. Сонымен…

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик-жазушы

«Көзiме тiкен түсiп кеттi»

Руслан бiр күнi көзiн уқалап абыржып келдi де, мамасынан ине сұрады.
– Оны қайтейiн деп едiң? – деген мамасына:
– Көзiме тiкен түсiп кеттi, алып тастаймын, – дедi.
Қолына тiкен кiрген кезде инемен алып тастағаны есiне түсiп кетсе керек.

«Әперетiн адамы табылады»

Шай үстiнде Руслан болашағын болжап, армандап отырды да:
– Ертең мен үлкейген соң бизнесмен боламын. Әбден байыған соң, әкеме «Джип, мамама «Мерседес» әперемiн. Өзiм «Лимузин» мiнiп жүремiн, – деді өзiнiң тәттi қиялына берiлiп.
– Тәтеңе қандай машина алып бересiң? – дедi әкесi ұлының арманына риза кейiп танытып.
Сонда Хангелдi:
– Оның әперетiн адамы табылады, – дедi ойланбастан.

«Әл-Фараби кетiп барады»

Елiмiз егемендiк алып, өзiнiң төл теңгелерiнiң бетiне халқымыздың бiртуар дарын иелерiнiң бет-бейнесiн бедерлегенi мәлiм. Сол теңгелерден әл-Фарабидiң бейнесiн жақсы танып алған Руслан көшеде басына сәлде ораған қарияны көрсетiп:
– Мама, қарашы, көшенiң арғы бетiнде әл-Фараби ата кетiп бара жатыр. Үйге шақырмайсың ба, құран оқиды ғой, – дедi кiршiксiз таза сәбилiк көңiлмен.

«Жыртылған қызанақ»

Ұмытпасам, шiлде айының бел ортасы болатын. «Қыстың қамын жаз ойла!» дегендей, Русланның апасы әртүрлi көкөнiс қайнатып, банкi жауып жатты. Бақшадан қызанақ терiп келе қоятын адамның ретi келмеген соң, Русланның қолына өзiне шақ шелегiн ұстатып жұмсай қойдық. Сүт пісірiм уақыт өткен кезде, мұрнының ұшы терлеп Руслан көрiндi. Бәзбiр ересек адамдарша өзi терiп келген қыза-нақтарды сәкiнiң үстiне қаз-қатар тiзiп қойды да, iшiндегi кiрпi жеп қойған қызанақты мамасына көрсетiп жатып:
– Мама, мынау жыртылған қызанақтарды тігіп-тiгiп жаба бер, – дедi жаңалық ашқан адамша.

«Тұрмысқа шыққанда атымды өзгертемiн»

Бiрде алты жасар қызым Марал анасымен автобуста келе жатады. Есiне түсуге не себеп болғанын кiм бiлсiн, оқыстан Марал:
– Мама, мен ертең тұрмысқа шыққанда атымды өзгертемiн, – дедi. Қапелiмде мұндай сөздi кiшкентай қыздың аузынан естудi ойламаған маңындағы жұрт шулай күлiп:
– Қызым-ау, атыңды емес, фамилияңды өзгертсең де жетпей ме? – деп әзiлдейдi.
– Жоқ, атымды өзгертемiн. Менің әжемнiң аты – Нәзипа. Кемпiрлерге жарасатын лайықты ат. Ертең мен әже болғанда жұрттар, «Марал» деп тұрса, ұят қой, – деп уәж айтты Марал.

«Жұтып қойсаң, алып қоям»

Бес жасар Әйгерiм төрт жасар сiңлiсi Дианаға қолындағы сағызын берiп жатып:
– Мә, әзiрше шайнап жүре бер. Егер жұтып қоятын болсаң, алып қоямын, – дедi нығыздай сөйлеп, қатаң бұйыра.

«Тісім құлап қалды»

Балабақшадан оралған Гүлназ үйiне жүгiре кiрiп әжесiне:
– Әже, қараңызшы, менiң бiр тiсiм құлап қалды, – деп түсiп қалған тiсiнiң орнын нұсқады.

(«Ұлан», №45 10.11.2014)


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика