Ерлан Қошановтың төрағалығымен бірінші облыстық ғылыми-техникалық кеңес өтті

4 октября 2017

Ғылым мен бизнес тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек. Тек сол кезде ғана өндірісте өрлеу болады. Алайда қазір кәсіпкер азаматтардың дені ғылымды дамытуға қаржы бөлуді бос шығын деп санайды, оның маңызын түсінбейді. Сондықтан да ғылымнан қаржы аямайтын өндіріс орындарын субсидиялау керек. Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен   бірінші облыстық ғылыми-техникалық кеңесте дәл осындай мәселе көтерілді.

Күн тәртібіне бизнес пен ғылымның өзара қарым-қатынас жасау мәселесі қойылған кеңеске өңірдегі  ЖОО ректорлары, ғалымдар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Ғалымдардың пікірінше, ғылым мен бизнестің мүдесі ортақ. Әйтсе де олар мұны ескерместен, бір-бірінен жеке дара дамып келеді. Бұл өндіріс әлеуетінің артуына айтарлықтай кедергі болады.   

— Өндіріс біздің ЖОО-да және ҒЗИ-да болатын жаңа зерттемелер мен идеялардан көбінесе хабарсыз болады Одан бөлек бизнес-сектор ғылымға қаражат құюға қызығушылық танытпайды. Ол жайтты түзеу үшін мен ғылымға қаржы салатын бизнесмендерге субсидиялаулар мен жеңілдіктер көрсету мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын, — деп атап өтті Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Еркін Көбеев

Ол өз сөзінің мысалы ретінде  ҚарМУ студенттерінің Жаңатихонов тас карьері аумағындағы жобасын келтіріп өтті. Жоба авторлары битум өндіретін жаңартылған технология және оның сапасын тексеру жүйесін құраған. 

— Алғашқы партияға, 15 тоннаға бүгінде қол жеткізді.  Қазір климаттық ерекшіліктерге битумның беріктігі сыналып жатыр. Өндіріс рентабельді болуы үшін қуаттылықты тәулігіне 150 тоннаға дейін ұлғайту керек. Жобаны іске қосу құны 1,5 млрд теңгеден кем түспейді, алайда бизнес әзірге оны қаржыландыруға ынта білдіріп отырған жоқ, — деді Еркін Көбеев.

Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетінің ғылыми-зерттеу қызметтерін жетілдіру және мониторинг бойынша орталығының директоры Аяпберген Таубаев та мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдерін дамытуды ынталандыруға қатысты өз пікірін білдірді. 

Ерлан Қошанов бұл идеяны қолдап, өз орынбасарлары мен құзырлы мамандарға аймағымызда осындай тәжірибені енгізуді қарастыруға тапсырма берді. Оған қоса аймақ басшысының тапсырмасы бойынша облысымызда арнайы венчурлық қор құрылатын болады. Ол инновациялық жобаларды құрушыларға қаржылық және кеңестік қолдау көрсетеді деп жоспарлануда. Бұл жобада серіктес «Сарыарқа» ӘКК болуы мүмкін. 

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика