Ерлан Қошанов Мұқағалидің өлең жолдарын еске түсірді

3 августа 2017

Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ауыл жастарының форумына қатысты. Шараға аймақтың түкпір-түкпірінен жастар ұйымдарының көшбасшылары, ауыл жастары, облыс басшылығы жиылды.

Бұның алдында Жастар кеңесі өз жұмысын бастаған болатын. Онда Ерлан Қошанов: -мен нақтылықты әрі жүйелілікті жақсы көретін адаммын. Сондықтан бүгінгі кездесуіміз пафоссыз, ұрансыз — нақты әрі жүйелі өтетініне сенімдімін. Қандай мәселе бар, ашық айтыңыздар. Біз жетістіктерімізді тізбектеуге емес, жастар алдында тұрған түйткілді мәселелерді шешуге жиналдық,- деді. 

Кеңес жұмысынан кейін Форумның ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы, сөз басында өзінің еңбек жолы жастар ұйымында басталғанын айтты.

— Дәл өздеріңіздей ауыл жастарымен жұмыс жасадым. Сондықтан жастар мәселесі, сіздердің проблемаларыңыз маған ертеден таныс әрі жақын,-деді.

Президент тапсырмасымен, мемлекет тарапынан қабылданған әрбір бағдарлама – кәсіпкерлікті дамыту болсын, ауылшаруашылығы саласы болсын, жұмыспен қамту болсын, осының барлығы, бірінші кезекте – жастар мәселелерін шешуге бағытталғанын атап айтты.

— Бұл бағдарламаларда – сіздер үшін нақты қолдау көзделген. Әр бағдарлама түсінікті әрі жүйелі насихатталып, дұрыс іске асуы қажет. Ең әуелі түсінікті болуы керек. Сонда ғана әрбір жас – бағдарламада өз орнын табатын болады.

Форум барысында Ерлан Қошанов жастарған Мұқағалидің өлең жолдарын еске түсірді.

— Біз ауылды қартайтпауымыз қажет. Ауыл жастарының ауылда тұрақтап қалуы үшін – біз көп нәрсе жасап жатырмыз әлі де жасаймыз. Барлығын кезең-кезеңмен іске асырып келеміз. Мысалы, сіздер жаппай қалаға көшіп кетсеңіздер, ауылдың болашағы қандай болмақ? Ақиық ақын Мұқағали айтпақшы: «Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан, Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау қауымнан». Осы өлең жолдарын – әрқайсымыз есте сақтауымыз қажет. Үлкен жетістікке жеткен ағаларыңызға қарасаңыздар, саясатта болсын, бизнесте болсын, руханиятта болсын, олардың барлығы – ауылдан шыққан. Тағы қайталап айтамын: Алтын бесік ауылымызды сақтайық,-деді облыс әкімі.

Сөз соңында Қарағанды облысының әкімі жастар алдында үлкен мақсат-міндеттер тұрғанын атап айтты: 

— Сондықтан да «аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деп жүрмей, жұлдызды аспаннан емес, жерден іздейік. Сіздер өздеріңіз бір-бір жұлдыз болу үшін тырысуларыңыз қажет. Менің ойымша, ол сіздердің қолдарыңыздан келеді,-деді. 

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика