Ерлан Қошанов күтпеген жерден шенділерді сынға алды

12 Қыркүйек 2017

Бүгін Қарағандыда «Тіл жанашыры» байқауының жеңімпаздарына облыс әкімінің сыйлығын тапсырудың салтанатты рәсімі болып өтті. Байқауға түрлі мекемелер мен ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, электрондық және баспа БАҚ тілшілері, жастар, мемлекеттік қызметшілер қатысты. Кәдімгі салтанатты жиын,  дәстүрлі марапаттау болуы керек еді. Әдеттегідей «айтты, өтті, марапатталды» деп жаза салуға да болушы еді. Кімнің ән айтып, би билегенін немесе кімнің қандай жүлде алғанын жазбай, айналып өтіп, облыстың бірінші басшысының сөзін сарапқа салып көрген едік.

Өйткені Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов сөз алғанда, шара салмақтана түскендей көрінді. Қошанов мырза күтпеген жерден бірқатар мәселелерді ашық айтты. Бұл шара сценарий бойынша неге өтпеді? Қошанов не себепті өз орынбасарын өткір сынға алды?  Қойшының қызы кім? Тіліне жаны ашымаған адам кімге жаны ашиды? Толығырақ тарқатып көрейік.

«Әкім келе жатыр»

Салтанатты жиынның басталуына 5 минут қалғанда, ұйымдастырушылар «әкім келе жатыр» деп, жанталасып, жиынға келгендерді орнына жайғастырып жатты. Бірер минуттан кейін облыс әкімі залға кіріп, шараның шымылдығы ашылды. Дәстүрлі ән мен күй. Алғашқы сөз Ерлан Қошановқа берілді.

Облыс әкімі жиналғандарды Қазақстан халқы тілдерінің мерекесімен құттықтап, шараның маңыздылығына тоқталды.

— Бүгінгі салтанатты жиынға ана тілімізге шын жаны ашитын қоғам өкілдері жиналып отыр деп ойлаймын. Ұлттың жаны – ол әрине, оның тілі. Тіліне жаны ашыған адам – ол ұлтына, еліне, халқына жаны ашиды деген сөз. Сондықтан бүгін осы залда тіл жанашырлары ғана емес, ұлт жанашырлары жиналып отыр деп ойлаймын,-деді сөз басында.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов жаһандану заманында ағылшын тілін білудің және латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар «Тіл  жанашыры» деген тек тілді білу, тілді құрметтеу дегенді білдірмейтінін жеткізді:

— Жанашырлық деген ол сонымен қатар – үйрету және үйрену. Сондықтан біз қазақ тілінде еркін сөйлейтіндерді ғана емес, шын ниетіммен үйренем және үйретем деген адамдарды да ынталандыруымыз қажет. Туған тілін жетік меңгергендер қолдауға соншалықты зәру емес қой. Олар ол тілді туғаннан біледі. Сондықтан, қазақ тілінің болашағы дегенде, осы екі негізге ерекше көңіл бөлуіміз қажет: үйреніп және үйретіп жатқандарға.  «Тіл жанашырының» негізгі мақсаты осы болуы тиіс. Бұл – менің жеке ойым, жеке көзқарасым,-деді.

«Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді»

Облыс әкімі тілге қатысты қандай да бір мониторинг жүргізіле ме, кім үйренді, қайдан үйреніп жүр, мекемелерде қазақ тілі қандай деңгейде екенін сұрады қарамағындағылардан:   

— Осыны бақылайтын әрі үйлестіретін орган немесе орталық бар ма?  Болмаса, оны ойластыру қажет деп есептеймін. Ол сапалы әрі жүйелі түрде жұмыс істеуі қажет. Менің орынбасарым, Жандос Ақылсерікұлы, «Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді» дегендей болып жүрмесін,-дегенде әкімнің орынбасары орнынан атып тұрып, басын изеумен болды.  

Әкім: «Бір аптаның ішінде шешіңіз!»

Облыс әкімінің әлеуметтік сала және ішкі саясат мәселелері жөніндегі орынбасары Жандос Әбішев орнына отырып үлгергені осы еді, облыс әкімі оны тағы бір өткір сынға алды.

— Бұдан бөлек, айтуға тура келіп тұр, облыстағы Қазақ тілі қоғамы 3 жыл болды, кеңсесіз жүр. Баспана неге әлі жоқ?! Бұл сонда қандай жанашырлық біздің тарапымыздан?! Орынбасарым, мен бұдан бұрын сізге айтқан едім ғой. Созып жүріп алмай, 1 аптаның ішінде шешіңіз,-деп тапсырма берді Е.Қошанов.

Расымен де, Қарағанды облысында Қазақ тілі қоғамы құрылғаннан бері, тұрақты мекенжайсыз жүр. Тіл жанашырлары, жергілікті зиялы қауым өкілдері бұдан бұрын облыстың экс-басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековке бірнеше рет шағымданған-тын. Алайда жабулы қазан бірде-бір рет ашылмаған еді.

«Әкім кетіп қалды»

«Әкім келе жатыр» деп басталған шара «Әкім кетіп қалды» деп аяқталды. Расымен де, Қарағанды облысының әкімі 100-күндігінде –сөздің емес, нақты істің адамы екенін көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, Қарағанды облысының мәдени-рухани өмірінде қордаланған мәселелер шаш етектен. Ал Қошановтың өз «Арманы» (С.Ахметов, Б.Байбек), өз «Ерболы» (Б.Сапарбаев), өз «Жақсылығы» (А.Батталов) жоқ екенін ескерсек, олардың шешілуі екі-талай.  

Дегенмен, облыс әкімінің қатысуымен өткен шаралардың барлығы дерлік «сценарийсіз» өтетінін жергілікті журналистер сөз етіп жүр. Әкім біреудің айтқанымен емес, өз айтқанымен жүретіні және әрқашан айрықша ыждағаттылықпен келетіні байқалып-ақ тұр.

Бүгінгі шара барысында Ерлан Қошанов «Әлиханға аудан атауы беріледі, ескерткіш орнатылады» деп айтпаса да, Әлихан Бөкейханның «Ұлтына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп тілге тиек етуінің өзі көңілге медеу ұялатты…

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика