Ерлан Қошанов: «Қазыбек биді зерттеуде тұтас ғасырды жоғалттық»

26 октября 2017

Қарағанды қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ұлы биі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орайластырылған халықаралық ғылыми конференция өтті.  Ел бірлігі үшін күрескен ұлы тұлғаны дәріптеуге арналған Конференцияға есімі республикаға кеңінен танымал әдебиеттанушы, тілші, тарихшы ғалымдар, сондай-ақ, облыстағы тіл жанашырлары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және шетелден келген қадірлі қонақтар қатысты. «Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылығы қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды факторы ретінде» атты ғылыми-тәжірибелік  баба тойына орайластырып өткізілген түрлі  шаралар циклін аяқтады, — деп хабарлайды Qasym.kz

Халықаралық деңгейде өткен ғылыми-тәжірибелік конференция Қарағанды қаласының орталығындағы Қазыбек бидің еңселі ескерткішіне гүл қойып, рухына тағызым жасау салтанатымен бастау алды.

Баба ескерткішінің алдына жергілікті тұрғындар, студент жастар мен оқушылар және осы конференцияға арнайы келіп отырған құрметті қонақтар мен қоғам қайраткерлері, ресми билік өкілдері жиналды.

Осыдан соң академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ғылыми конференцияның пленарлық отырысы басталды. Кең залдың кіре берісінде университеттің әр факультеті кітаптар мен тарихи жәдігерлер көрмесін ұйымдастырған екен. Бұл көрме шараның салмағын арттырып, мәнін аша түскендей болды. Ол жерде осы Қарағанды облысындағы қорымдардан табылған археологиялық жәдігерлермен қатар әдеби жинақтар және соңғы жылдары баспа бетін көрген ғылыми еңбектер топтамасы ұсынылды.

Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысының тізгінін облыс әкімі өз қолына алып, шараны салтанатты түрде ашты.

Аймақ басшысы өз сөзінде Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылығын зерттеуде тұтас ғасырға тең уақыт жоғалтып алғанымызды атап өтті.

«Ашығын айтайықшы, би институтын, Қазыбек бидің бейнесін зерттеуде біз ғасырға бергісіз уақытты жоғалтып алдық. Елбасымыз айтқандай, өткен ғасырларда ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан дәстүрі жолы біржола күйреді. Қазыбек биді зерттеу түгілі, оның шапанын айту үшін жүз жылдан астам уақыт үнсіз төзуге тура келді. Кеңестік жүйе өкілдерінде  «Егер қазір шапанын көрсетсе, кейін терең зерттеп кетпей ме?» деген қорқыныш болды. Уақыт жоғалтып алдық деген осы», — деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек Ерлан Қошанов кешегі кеңестік солақай саясат салдарынан талай қазақ ғалымдарының билер институты туралы құнды еңбектерінің қолды болып кеткенін де атап өтті.

«Бір ғана мысал айтайын, Шоқан Уәлихановтың, Мұхтар Әуезовтің билер төңірегіндегі еңбектері ізім-қайым жоқ болып кетті. Ал сол еңбектерді сақтап қалуға тырысқан азаматтар оны алыс-жақын шетелдерге жіберіп, тарихта қалдырғысы келді. Ойлап қарасаңыздар, бұл ұлт келешегі үшін жасалған жанкештілік», — деді Ерлан Қошанов.

Өткен ғасырдың қилы кезеңдерін тілге тиек еткен облыс әкімі қазіргі тәуелсіз Қазақстанда жоғымызды түгендеп, жоғалтқанымызды табу үшін барлық мүмкіндіктер бар екендігіне тоқталды. Әрі ұлт болашағы үшін бабалар мұрасын зерттеуді тоқтатуға болмайтындығын баса айтып өтті.

Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Мырзатай Жолдасбеков бүгінгі жас буын өкілдерінің телефонға телміріп, бабалардан қалған асыл мұра – шешендік өнерді жоғалтып бара жатқанын тілге тиек етті. Бұл кемшілікті жою үшін билер мектебін ұйымдастырып, жастарды шешендік өнерге баулу идеясын ұсынды.

«Қазақтың билік жүйесін негіздеп, елге тұтқа болған бабалар мектебін әлі күнге дейін қалыптастыра алмай келеміз. Мен кейде ойлаймын, мынау Конфуцийдің орталықтары тәрізді  Астана қаласында Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ғылыми-зерттеу орталықтарын, тіпті арнайы далалық шешендік   мектебін, Абайдың даналық мектептерін ашсақ. Өйткені қазір балалар бір-бірімен сөйлесуден қалып барады. Қолында телефон. Осыдан келіп қорқамын ғой, балалар көзден қалып соқыр бола ма, шешен халық тілінен айырыла ма деп.  Сондықтан да жаңағындай мектептер ашылса», — деді Мырзатай Жолдасбеков.

Ол кісінің бұл айтқан сөзін жазушы,  публицист Алдан Смайылда қолап, шешендік өнер мектептерін ашу керектігін айтты.

«Қазір жастардың көбісі тілге шорқақ, кейде тіпті бір бірімен сөйлеспейді деуге болады.  Мен Қазыбек бидің шешендік өнерін бірнеше бөлімдерге бөліп жастарға оқытуды ұсынамын. Олар ғұлама шешеннің туындыларын оқып, оның шығармашылығымен танысулары қажет. Меніңше ол жастардың тіл байлығын дамытуға үлкен септігін тигізеді. Қазір біздің жас ұрпақта бетпе-бет сөйлесу, әңгімелесу деген өте сирек кезедеседі», — деді Алдан Смайыл.

Бұл айтылғандардан бөлек, пленарлық отырыста сөз алған спикерлердің көпшілігі өз ұсыныстарын білдіріп, аталмыш шараның өткен ғасырдағы ұлы мұраларды түгендеуге үлкен үлес қосатындығын атап өтті.

Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов барлық ұсыныстарды ескеріп, алдағы уақытта жүзеге асыруға уәде берді.

Конференцияның соңы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драмма театрында «Қазыбек би» спектаклімен жалғасын тапты. Ел ертеңі үшін аттан түспей, халықты ынтымақ-бірлікке шақырған бабаның бейнесін сахына төріне алып шығып, оның болмысы көрсетілген қойылым көптің көңілінен шықты.

«Қасым-ақпарат»  

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика