Ерлан Қошанов ардагерлерді мерекесімен құттықтады

2 октября 2017

«Қарттарым – асыл қазынам!» Бабалардан қалған осы сөздің қадірін қалың қазақ жақсы түсінсе керек. Қазақ дейміз-ау, күллі әлем халқы біледі һәм қарияларға барынша құрмет көрсетеді. Осыдан жиырма алты жыл бұрын, яғни 1991  жылдан бастап БҰҰ бастамасымен   1 қазан Халықаралық қарттар күні ретінде бекітілді. Әрине, қарияларға құрмет жылдың қай күнінде болса да жасалатыны анық. Бірақ дәл осы күні елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің есімі ардақталып, оларға деген сый-сыйапат еселей арта түседі.

Жер ортасынан асып, қадірлі қария болған тұрғындарды атаулы мерекесімен құттықтау шараларынан Қарағанды облысы да қалыс қалған жоқ. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов ел басына күн туған шақты қолына қару алып, жерімізді қорғаған, бейбіт күнде бел жазбай еңбек етіп, мемлекеттің іргесін көтерген ардагерлерге барып, құттықтап қайтты. 

— Бұл мереке — жай ғана қарияларды құрметтеу ғана емес. Бұл тағы бір мәрте жерлестерімізге олардың ерен еңбектері, тәжірибесі мен даналығы үшін алғыс білдіруге себеп болатын күн, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімі ең әуелі соғыс ардагері Киселева Анастасия Николаевнаның үйіне ат басын тіреді.  

Бүгінде тоқсан бес жасқа келген Анастасия Николаевна не бәрі жиырма жасында өз еркімен сұранып, майдан даласына атанған. Соғыста   2-ші гвардиялық әскердің эвакогоспиталінің құрамында қызмет етіп, жараланған сарбаздардың қатарға қосылуына себеп болады. Қаншама адамның өмірін ажалдан арашалап қалуға септігін тигізген. Кейуана соғыс уақытында  Украина, Белорус және Прибалтикалық майдандарға қатысады. Қырым тәрізді жазиралы өлкені жау әскерінен тазартуға бір кісідей атсалысқан. Майдан даласында жауынгерлік жолын Шығыс Пруссия жерінде аяқтап, абыроймен елге оралады. Соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысының орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бейбіт күнде де назардан тыс қалмай, бірнеше мерейтойлық медальдарды иеленеді.  

Соғыс даласына бұрымы желбіреп аттанған бойжеткен ол жақтан не бір сұмдықты бастан өткерген жауынгер болып оралды. Бейбіт заман орнаған тұста да адам өмірін арашалап қалуды басты мақсат тұтып, қызметін медицина саласымен байланыстырады. Ұзақ уақыт хирургиялық бөлімнің операциялық аға медбикесі қызметін атқарды. Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының алғашқы қызметкерлерінің қатарында болып, сол жерден табан аудармастан зейнет демалысына шыққан.

Бүгін Анастасия Николаевна қызымен бірге тұрады. Ардагердің шаңырағында төрт немере және жеті шөбересі бар.

Анастасия Николаевнаны мерекесімен құттықтап шыққан аймақ басшысы Ерлан Қошанов бүгінде тоқсан екі жасқа қараған ардагер-кенші Қаппас Түсіпов ақсақалдың шаңырағына соғып, атаулы мерекесімен құттықтады.  

Қаппас Түсіпұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің жауынгерлік жолын минометтік взводтың командире ретінде бастап, Байкал жағалауы, Қиыр шығыс майдандарына қатысады. Отан іргесін неміс басқыншыларынан қорғап қалуға да атсалысқан. Осы ерліктері үшін  ІІ дәрежелі Отан соғысы орденденін,  Германия мен Жапониядағы Жеңісі үшін медальдармен марапатталған.

Соғыстан жеңіспен оралған сарбаз алдағы өмірін кеншілік қызметке арнап, ұзақ жыл шахтада қызмет еткен. Кейін өз жұмысына адал, белсенді азамат саясатқа араласып, партиялық қызметке ауысады. Ол кісі  райкомның бірінші хатшысы,  қалалық атқару комитеті кеңесінің төрағасы лауазымдарында еңбек етеді.

 2015-ші жылы Қаппас Түсіпұлы «Қарағандының құрметті азаматы» атағына ие болды. Бес баланың асқар таудай әкесі, халқының құрметті азаматы атанған ақсақалдың бүгінде  бес немересі және бес шөбересі бар.

Облыс әкімдігінің дерегінше, Қарағандыда 80 317 зейнеткерлер өмір сүреді, олардың ішінде соғысқа қатысқандары мен майдан мүгедектері — 84, бұл санатқа жатқызылғандар — 6 073. Әлеуметтік қорғау бөлімдері үйді-үйіне 1 443 жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетеді. Облыс орталығында жасы 100-ден асқан 12 қария бар. 
Қарттар күніне орай кездесулер, қайырымдылық шаралары өткізіліп, сыйлықтар табыс етілді. Зейнеткерлерге сұлулық салондарында тегін қызмет көрсетілді.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні қарсаңында 75 жастан асқан зейнеткерлерге бір реттік материалдық көмек көрсетілетін болады. Жәрдемақы көлемі — 3 000 теңге. Әлеуметтік қызмет мәліметтері бойынша Қарағандыда жалпы сомасы 70 млн теңгені құраған бұл көмекті 23 мыңнан астам адам алады екен. 

«Қасымақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика