Еркекшора қыз бен күзетшінің махаббаты

17 августа 2017

Ардақ өзінің су жаңа пəтеріне сүйсіне қарап тұр. Армандаған үйіне қолы жетіп қуанып отырған жайы бар. Бірде өзі сүрініп, бірде біреулер сүріндіріп бұл күнге де жетті. Осы уақытқа дейін талай қиындықты басынан кешірді, қателіктерге де бой алдырды.  Əйтеуір, жанында қолқанаты, көз қуанышы ұлы Темірланның барына қуанады. Бар үміті осы ұлында. Пəтерінің əр қабырғасын сипалап қиялға берілген Ардақты есіктің тықыры елең еткізді. Бұл келген 12 жасар ұлы Темірлан болатын.


— Анашым, облыстар арасында өткен каратэден сайыста бірінші орын алдым!
— Құлыным менің, жарайсың! Құтты болсын! Сенің жеңіспен оралатыныңа сенгенмін, ботам!
— Анашым, əлі көресіз, əлем чемпионы боламын!
— Ниетіңе жет,  балам!
Баласын құшырлана құшақтаған Ардақ көзіне жас алды. Ересек өмірге аяқ басқан он үш жылдың ішінде біраз нəрсені басынан өткеріпті.

*******************

     Ардақ көп балалы, тұрмыс жағдайлары орташа, егін егіп, мал бағып күндерін көрген отбасынан шыққан. Жанұяларында тоғыз қыз, бір ұл бар. Ардақ солардың ішінде бесінші бала, алдында төрт əпкесі бар. Кішкентайынан тентек, сотқар қыз болып өсті. Дүниеге бесінші қызы келгенде əкесі ұлдан үмітін үзді ма, əйтеуір,  Ардақты ұл балаша тəрбиеледі. Қай жерде бұзықтық болса, Ардақ соның басты рөлінде жүретін. Өзі итті қатты жақсы көретін. Əкесіне «Ит алып берсеңіз барлық бұзықтықты қойып, ең тəртіпті бала боламын» — деп ант су ішіп, немістің овчаркасын алдырды. Бұзықтықты қоямын дегені жай қалауын орындату үшін айтылған сөз болатын. Керісінше, сол итімен айтақтап бүкіл ауылдың баласын алдына салып, тырқыратып қуатын. Көршілер де əке-шешесіне қызының бұзықтығын айта-айта шаршады. Сыныбында да көшбасшы десе болады. Сыныптастары тұрмақ одан үлкендері де Ардақтан аяқ тартатын. Тіпті ұлдарға дейін сөмкесін көтеріп жүретін. Ұлдармен төбелесіп тентектік жасағаны үшін ата-анасын сынып жетекшісі талай мектепке де шақыртқан. Қанша рет енді қайталамаға уəде берсе де ұрынып жүргені жүрген. Ардаққа қарасаң «Менің атым Қожа» фильміндегі дəл Қожаның өзі дерсің. Расында да тура сол Қожаның күйін кешіп жүретін. Сыныбындағы Жəнібекпен үнемі басы піспейді, не бөлісе алмайтындарын өздері де түсінбейді. Сол Жəнібекпен қыстың қақаған суығында болмашы нəрсеге керісті де қалды. Шарт-пұрт алыса кетті. Əкесі еркекшора қызын күреске қатыстырып жүрген. Сол жердегі баптаушысының үйреткен əдісімен Жəнібекті алып ұрамын деп жүріп, сыныптың үлкен терезесін сындырып алғандары əлі есінен кетпейді. Есінен қалай кетсін, соның салдарынан жылу беретін құбырлар суықтан қатып, жарылған болатын. Сөйтіп мектеп басшылығын да біраз əуре-сарсаңға түсіргені бар. Есіне түскен сайын «Алты жасар Алпамыстағы» Қалиқанға ұқсап  «Əй, өзім-ай» — деп қояды. Бірақ қанша бұзық болса да сабағын өте жақсы оқитын. Еркекшора қызға жігіттер онша жолай бермейтін. Тек оныншы сынып оқып жүргенінде 11-сыныпта оқитын Қайрат деген жігіт батылдық танытып, өз сезімін білдіріп хат жазды. «Ардақ, мен сені сүйемін» — деп басталған ғашықтық хатты оқып əбден күлген болатын. Күліп қана қоймай, бүкіл сыныпқа дауыстап оқып берген. Махаббатына мазақ болған Мəжнүн біраз уақытқа дейін Ардақтың көзіне түспей қашып  жүріп еді-ау. Осы жағдайдан кейін мазақ болғысы келмеген жігіттер батылдары барып сезімдерін білдірген емес.
Əйтеуір мектепті де бітірді-ау. Мектеп Ардақтан, Ардақ мектептен құтылғандарына риза. Қанша тентек болса да сабағын жақсы оқыған Ардақ жоғары оқу орнына мемлекеттік грант иегері атанды. Университетте де көшбасшылығымен бірден көзге түсті, топтың старостасы болып сайланды. Алғашқы бір жылы көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Сессиясын жақсы тапсырып демалысқа да шықты. Демалыстың бітуін осынша асығып ешқашан күтпеген шығар, екі ай екі жылға созылғандай. Көптен күткен уақыты да жетіп, ала дорбасын арқалап жатақханаға келді. Бұрынғы есік аузында тұратын күзетші атайдың орнында басқа бір жігіттің тұрғанын байқады. Сұңғақ бойлы, өзі сондай сымбатты жігіт екен. Осы уақытқа дейін жігіт атаулыға назар аудармаған Ардақтың жүрегі дір еткендей болды. Өзінің жігітке қарап тұрып қалғанын сезбей де қалды. Жігіттің:
— Қарындас, жатақханаға келдіңіз ба? — деген сөзінен селк ете қалды.

— А, ия. Айдар атай қайда?
— Айдар атайың зейнетке шықты. Енді сендердің тыныштықтарыңды мен қорғайтын боламын.
— Ммм, солай ма…
— Танысып қояйық, есімім Бекболат.
— Ардақ
— Ардақ, танысқаныма қуаныштымын. Қай бөлмеде тұрасың, сөмкеңді апаруға  көмектеспесем болмайтын сияқты.
— 203-ші
Бекболат Ардақтың сүйреп келген қытайдың үлкен ала дорбасын бөлмесіне жеткізіп берді. Ардақ бірінші рет жігіт туралы ойлай бастады. «Қандай көрікті жігіт өзі. Өте сыпайы екені де көрініп тұр. Бойы да ұзын екен». Өзіне көмек көрсеткен күзетші жігіт туралы осындай ойлардың жетегінде жүріп, əкелген заттарын орындарына жайғастырды. Мейрамгүл құрбысы да бүгін келемін деп еді, əлі қарасы көрінбейді. Мейрамгүл келгенше демала тұрайын деп төсегіне қисайды. Тəтті қиялдың жетегінде жатып ұйықтап кетіпті. Бетіне жалп етіп тиген заттан шошып оянып ытып тұрды. Бұл бетіне жастық лақтырып жіберіп, өзі мəз болып күліп тұрған құрбысы Мейрамгүл болатын. Екеуі құшақтаса кетті. Айналдырған екі ай ішінде бір-бірлерін қатты сағынысыпты.
— Жанеееем, қатты сағындым ғой сені
— Мен де қатты сағындым
— Айтпақшы, біздің күзетші атайдың орнына басқа жігіт келіпті ғой.
— Ия, көрдім. Маған сөмкемді бөлмеге əкелуге көмектесті.
— Ммм… — деп Мейрамгүл қулана қалды
— Не, не болды?
— Ештеңе, тек сен қызарып кеттің
— Қойшы, қайдағыны айтпай
— Сенбесең қарашы айнаға
Мейрамгүлдің мына сөзі қытығына тиіп кеткен Ардақ жастықты лақтырып жіберді. Екеуі жастықты бір-біріне лақтырысып біраз күліп алды.
— Ардақ, шыныңды айтшы,  ана жігіт саған ұнап қалды ғой ия?
— Мейрамгүл,  сені ма қазір…
— Айтшы енді?
— Қой дедім саған…
— Əəə, ұсталған жерің осы болды.
Екеуі тағы балаша жастық лақтырысып ойнап кетті. Көптен бері бір-бірін көрмеген құрбылар таңға дейін əңгіме айтысты.

Бойжеткен расында да күзетші жігіт Бекболатты ұнатып қалды. Ал Бекболаттың қызға назар аударатын түрі жоқ. Ардақ Бекболаттың көзіне түсу үшін жатақханаға он кіріп, он шығатын. Сөйтіп жүріп əйтеуір дегеніне де жетті. Енді қит етсе екеуі бос уақыттарын бірге өткізетін болды. Жігіт те қызға шын ғашық болды. Екеуі мандытып қыдырмаса да жатақхананы бір айналып шыққандарына риза болатын. Еркекшора қыз бен күзетші жігіттің махаббат дастанына бəрі куə болды. Екеуі ашық аспан астында сыр шертісумен түндерін өткізетін. Жымыңдаған жұлдызға, жарқырап нұрын төккен айға дейін махаббаттарына куəгер. Ардақ соңғы курсқа өткенде екеуі отбасын құруға шешім қабылдады. Бірақ жігіттің əпкелері Бекболаттың Ардаққа үйленуіне қарсы болды. Мал бағып, егін егіп күнін көріп отырған қарапайым отбасын өздерімен тең емес деп санады. Өздерінің көздеп жүрген бай-бағланның қызын əпереміз деп жігітті шешімінен бас тартуына көндірумен болды. Бірақ Бекболат махаббатынан бас тартпай, қарсылықтарына қарамастан Ардаққа үйленді.  Ардақ келін болып түскеннен қайынəпкелері кірпіше жиырылып менсінбеулерін тоқтатпады.  Бекболаттың əкесі ертеректе қайтыс болып кеткен, тек анасы бар болатын. Ардақ əпкелеріне ұнамағанымен анасына ұнады. Анасы тіпті қыздарынан жасырып зейнетақысынан Ардаққа беріп жүретін. Көп ұзамай дүниеге алғашқы сəбилері келді. Шекесі торсықтай ұлға енесі Темірлан деп ат қойды. Қайынəпкелері Ардақты реті келсе түртпектеп отыруларын доғармады. Өзі ерке өскен, əрі еркекшора Ардақ үнсіз қалмай олармен сөзге келіп қалып жүрді. Оған қайынəпкелерінің өзінің төркінін менсінбей тілге тиек етіп отыратындары ұнамайтын. Тіпті Ардаққа «Кет, сеннен жақсы, өзімізбен терезесі тең қызды келін етіп аламыз» — деп талай айтты. Осындай жағдайлар Бекболат екеуінің қатынасына да əсер етпей қоймады.  Екі күннің бірінде ұрсысып қалатынды шығарды. Дегенінен қайтпайтын қырсық Ардақ қасарысып отырып алатын. Тіпті ұсақ-түйек нəрселер үшін де жанжал болып кететін. Сондай бір жанжалдың үстінен түскен қайынəпкесі темірді ыстық кезінде басып інісін азғыра бастады.
— Əйеліңнен сөз естіп жүрсің, не деген сұмдық!  Мұндай əйелдің барынан жоғы
— Əпке,  сіз араласпаңызшы!
— Неге араласпаймын, сені еркек құрлы көрмей бетіңнен алып төсіңе шауып жатса.
— Осының бəріне сіздер кінəлісіздер — деп сөзге Ардақ араласты
— Жап аузыңды, салдақы.  Бекболаттың орнында болсам, сенімен бір күн де тұрмас едім.
— Бірақ сіз Бекболат емессіз

— Тілің мен жағыңа сүйенбей қараңды батыр!
Ашуға булыққан Ардақ жағдайды одан əрі ушықтырғысы келмей қол сөмкесін алып шығып кетті. Сол күні үйіне қайтпай, жатақханаға дос қыздарының қасына барып қонды. Ертесіне таңертең ғана келді. Бұл Бекболаттың əпкелері үшін араға одан сайын от салуға əдемі себеп болды.
— Əне, көрдің ба? Қайда қонғанын, қай еркектің қойнынан шыққанын құдай білсін — деп одан сайын ушықтыра түсті. Бұл жағдай Бекболаттың да жүйкесіне əсер етпей қоймады,  қанша дегенмен еркек емес пе? Ақыры ұсақ-түйектен басталған жанжалдың соңы ажырасумен аяқталды. Ардақ баласын құшақтап төркініне оралды. Баласы бір жастан асқан кезде жаңа өмір бастау үшін Алматыға келді. Бірден өзінің мамандығы бойынша жұмыс та тауып алды. Баласын ата-анасы көз қуанышымыз болсын, сен алаңсыз жұмысыңды жасай бер деп алып қалды. Ардақтың баласын ойламаған күні болған жоқ. Жұмысынан қолы қалт етсе телефонмен хабарласады. Əлі дұрыс сөйлей де алмайтын ұлының былдырын естіп соған мəз болады. Бар зейінін тек жұмысына аударған. Ардақтың ұқыпты қызметкер екенін байқаған басшылық та қызметін бір саты жоғарылатты. Ардақ жұмыс істеп жүрген фирма құрылысқа қатысы болғандықтан ер азаматтар көп жұмыс істейтін. Өзі қызметіне тиянақты, қылтың-сылтыңмен жұмысы жоқ қызды ұнатқандары да жоқ емес. Солардың бірі —  Бауыржан. Бауыржан өзі ұяң,  көп сөйлей бермейтін, салмақты, мәдениетті жігіт. Бауыржан Ардақты ұнатқанымен, Ардақ оны қатқан қара жігіт деп ұната қоймады. Бірақ уақыт өте келе жігіт мінез-құлқының көркемдігімен қыздың көңілінен шыға бастады. Екеуі қыз бен жігіт болып кездесе бастады. Ардақ қанша оқталса да Бауыржанға өзі туралы шындықты айта алмады. Қызметтестерінің де ешқайсысы оның бұрын тұрмыста болғанын,  ұлы бар екенін білмейтін. Екеуінің арасында басталған тəтті сезімге селкеу түсіргісі келмеді ма, қанша айтқысы келсе де соңғы сəтте жүрегі дауаламай қалады.
Бауыржан өзінің жақында туған күні болатынын, соған достарын шақырып атап өтетінін айтты. Ардақты да сыйлы қонақ ретінде шақырды. Қыз туған күнде бар шындықты айтып Бауыржанмен айрылысуға шешім қабылдады. Ардақ өзін ол жақта «тосынсый» күтіп тұрғанынан бейхабар еді. Туған күнге деп келген қыздың басына ақ жаулық жабылды. Айналасында не болып жатқанын бірден ұға алмай қалған Ардақ алданғанын түсінді. Жанталасып айғайға басып қала алмайтынын айтып жатыр. Бірақ оны тыңдап жатқан біреуі жоқ. Арпалысып əлі құрыған Ардақ Бауыржанмен жеке сөйлескісі келетінін айтты.  Шымылдық құрылған бөлмеге имене кірген Байыржанға бас салды:
— Бауыржан, сен мен туралы ештеңе білмейсің
— Ардақ, өткенің бар болса уайымдамасаң да болады, ол мені қызықтырмайды
— Сен мені түсінбедің, өткеннің де өзектісі болады
— Егер ойнап жүріп от басқан болсаң, ол да мен үшін маңызды емес
— Ал менің бұрын тұрмыста болғаным,  одан ұлым бар екені ше?
Тыныштық. Бауыржан сілейіп тұрған күйі не айтарын білмей қалды. Сəлден соң орнаған үнсізлікді өзі бұзып:
— Неге? Неге бұл жайды ертерек айтпадың?  Неге жасырдың?
— Мен саған сан мәрте айтқым келген, бірақ айта алмадым. Бүгін айтып сенімен біржола қоштасамын деп жоспарлағанмын. Сенің маған тосынсый жасайтыныңды қайдан білейін.
Бауыржан сəл үнсіздіктен соң:
— Мүмкін менің тағдырым сен шығарсың!? Алланың сені үйіме дейін əкеліп, орамал байлатқаны тегін емес деп ойлаймын. Мен соған мойынсұндым.
— Мұнымен не айтпақсың?
— Жарым болып қал дегім келеді. Барлығына да көз жұмып қараймын. Өткеніңді айтып бетіңе баспауға уəде беремін.
— Бауыржан, бұл шарасыздықтан айтып тұрған сөзің сияқты.
— Жоқ! Сені шын сүйгендіктен айтып тұрмын.
— Сен көз жұмып қарағаныңмен мен олай жасай алмаймын
— Неге?
— Сен өзіңе тең қызды тап, мен сенің теңің емеспін. Ата-анаң естісе қарсы болатынына күмəнім жоқ.
— Оларды маған қалдыр!
— Жоқ, ана ретінде мен де ұлымның бесік көрген қызды алғанын қалар едім. Сондықтан босат мені! Əттең, сезімнің жетегінде кетпей əуел баста саған шындықты айтуым керек еді, бұл менің қателігім болды.
Бауыржан сылқ түсіп жанында тұрған орындыққа отырып қалды. Қатты ренжіп отырғаны белгілі. Ардақ басына зорлап салған орамалды шешіп қойды да:
-Қош бол — деп кетпекші болғанда Бауыржан қолынан шап беріп ұстап алып:
— Жоқ, мен сені жібере алмаймын — деді.  Өзін оңайлықпен жібере қоймайтынын түсінген Ардақ амалы таусылып,  айтқысы келмеген сөздерді айтуына тура келді.
— Жібер! Мен сені сүймеймін,  ұнатқан да емеспін! Өзіңді кіммін деп ойлайсың!? Жетіскен түрің де жоқ, қап-қарасың. Мен шындығында сені жай ғана қызметімді одан əрі өсіру үшін пайдаланғым келген — деді. Мына сөздерді естіген Бауыржан есеңгіреп,  Ардақтың қолын жібере салды. Соңғы сөздерді қатты айтқаны сонша, естіген жұрт беттерін шымшыған күйі қалды, қыздың жолына ешкім кедергі де болмады. Ардақ соңғы сөздерін артық айтқанын түсінеді. Бірақ олай жасамаса өзін жібермес еді. Келін болып қалған күнде де бұрынғы жағдайлар қайталанып, туыстары қарсылық білдіріп, бақытты болуларына кедергі келтіреді деп ойлады. Ондай жағдайда екінші рет айқасуға еш құлқы жоқ. Жол бойына шығып такси ұстап, мекен-жайын айтып мініп кетті. Жол бойы көзінен жасы тоқтамады. Өзі мінген көліктің қарсы беттен шыққан көлікпен қалай соғысып қалғанын да байқамай қалды. Есін ауруханада жыйды.  Көзін əрең дегенде ашты, бірақ айналасы бұлыңғыр көрінді. Дірігерлер бастан алған қатты соққының əсерінен көздің жүйке тамырларына əсер еткенін айтты. Бетінің де біраз жері əйнекпен тілініпті. Ауруханада біраз жатып емделуіне тура келді. Апат болғанын естіп Бауыржан да ауруханаға келді. Бұл олардың соңғы жүздесулері болды. Емделіп шыққан соң Ардақ басшылыққа өзінің жұмыстан кететіні туралы өтініш жазды. Біраз уақыт əке-шешесінің қасында, ұлының жанында болды. Көп ұзамай көрші Түрік елімен байланысты фирмадан қызметке ұсыныс түсті. Ардақ көп ойланып жатпай, ұсынысты қабыл алып, жұмысқа бел сыбана кірісіп  кетті. Тек осылай ғана жан жарасын емдей алатынын түсінді. Болашағын ұлымен ғана байланыстырып,  сол үшін өмір сүремін деп шешті. Ұлы Темірлан да өте алғыр бала болып өсіп келеді.  Өзі спортқа бір табан жақын, мұнысы өзіне ұқсаған. Соны байқап каратэ спортына берді. Өзі екі елдің ортасында күн демей, түн демей жұмысын істеді. Бір кездері өзінің бақытына кедергі болған жандарды ойлағысы да келмейді. Мақсаты-ұлын ешкімнен кем қылмай өсіріп, аяқтандыру.
Ал Бекболаттың тағдыры ше? Бекболат Ардақпен айрылысқан соң екінші рет үйленді.  Байдың қызын əперіп қарық боламыз деген əпкелерінің арманы орындалмаған сияқты. Өйткені Бекболат əлі күнге отбасымен пəтер жалдап тұрады. Өзі соңғы кезде көп ішетін болған.
П.С. Бір-бірін сүйіп қосылған жас отбасыларына демеу болайықшы. Бекболаттың əпкелері сияқты араға от жағып, екі жастың тағдырын тозаққа айналдырмайықшы.

Ақтолқын Құлбекова

 ikerim.kz 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика