Ерік Нарын: Әлі күтіп тұрмыз біздер…

14 июня 2018

 

Ерік НАРЫН – Қарқаралы ауданы, Қасым Аманжолов ауылының 1997 жылғы тумасы. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі.

«Ерік Нарынның мақтауын асырайық па, жоқ əлде мақтау мен даттауды оқырман еншісіне берген дұрыс па? Біздіңше екінші нұсқа дұрыс сияқты. Автор жайлы өзге емес, өлеңі сөйлеуі керек. Əділі солай. Бір ғана субьективті пікір қосқымыз келеді. Ерік Нарын – қанатты адам»!

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ

 

 

Жарасы ауыр
Түңілем деп қанша сырды ашпадым.
Зынданға әкеп қанша ойымды тастадым.
Өз қалпына келтірем деп әлемді,
Өз бөлмемнен бастадым.

Жалғыздығым
Жалғыз досым, жалғыз достан қашпадым,
Одан басқа жоқ қой менде басқа мұң.
Жалғыздарды жұбатуға бел буып,
Өз-өзімнен бастадым.

Биітікке шығу үшін
Ғұмыр керек ал, құлауың қас-қағым,
Биіктікке құмар менің жас жаным,
Ең биікке шығамын деп бел буып,
Ең тереңнен бастадым.

Мейірім іздеп,
Он үшімде өлең жаза бастадым,
Сол өлеңнің ұқпады ешкім астарын.
Адамзатқа үйретем деп сүйуді,
Тумаластан бастадым.

Бір тілерім —
Жүрегіңдей таза болсын аспаның,
Бір білерім —
Мөлдірліктен туады екен асқақ үн.
Зұлымдықтан тазартам деп жер шарын,
Жүрегімнен бастадым.

 

Азамат ШОҚШИНҒА

Терең әжім, мұңлы көздер
Жүзінде оның өмір салған көп белгі,
Кеуде толы сағынышқа
Бос орын жоқ кекке енді,
Вагондарға жәутең қағып пероннан,
Шоқшин ағам күте ме екен көктемді?!

Темір жолдай тамырынан
Зіл вагондар жүріп жатты қан болып,
Шықтай мөлдір көздеріне
Қызыл сұңқар таң қонып.
Көшелерде жатыр әне сұлқ түсіп,,
*«Гражданның» дәуреніне зар болып.

Вагондардан қол бұлғаған,
Сол көктемді көреді ылғи түсінде,
Сосын барып өтеді әрі
Дәті бармай түсуге.
Не бір мұңлық көктемінен адасып,
Отырады «ақ шағала»* ішінде.

Күту менен сағыныштан
Вокзалдардың таусылмайды өлеңі.
Төбесінде күн күлсе де
Қоштасқанның оңалмайды неге өңі?!
Көктемді іздеп шығар болсаң сапарға,
Шоқшинға бар — билет тауып береді.

Ол-әлемді баяғыда-ақ
Тәрк еткен де су астына көшкен дүр.
Көз алдынан ғайып болып
Күнге еркелеп өскен гүл.
Су астында жататұғын маржаным,
Былық толған жер үстінде не істеп жүр?!

Қай вагоннан түседі екен?
«Гражданмен» күтейінші көктемді.
Күткенімді айтайын мен,
Айтайыншы өкпемді.
Мен артынан қаншама хат жолдадым,
Ал, ол болса – еш хабарсыз кеткен-ді!

Әлі күтіп тұрмыз біздер,
Қара аспанға самғап шықты ай қыран,
Күте-күте жалығам да
қайта-қайта қайрылам.
Жаурадық қой «шағалаға» кірейік,
Келсе шаттықтан, келмесе қайғыдан…
Ішейік!

*Ақшағала – перон бойындағы дәмхана
*Граждан – С.Сағынтайдың «Бір қап кітап» әңгімесінің кейіпкері. Прототипі – Азамат ШОҚШИН

Айтшы дала —
Не қылайын күйікті кеудемдегі,
Өксік желім еседі өрден бері.
Сыр айтпақ боп өзіңе барған сайын,
Бір түрлі деп ойлайды елдер мені.

Жон арқаңда
Қызыл отын маздатып шырақшы іңір,
Бауырыңда жайқалып бүрі ащы жыр.
«Жылай алсаң жүегің тірі екен»-деп —
Мен мұңлықты ей, дала, жұбатшы бір.

Сел де көшіп
Бәйшешектер мың қурап, мың көктеді,
Құшағыңа кім келіп кім кетпеді?!
Құшағыңда сан жігіт үнсіз жылап,
Талай қыздың еріні дірдектеді.

Күннен нәр ап
Сәбидейін жетіліп құрсағыңда Ай,
(Ол да ертерек өледі құр сабылмай).
Исі жұпар болғанмен бұл өмірдің,
Ащылығын білсемші жусаныңдай.

Вокзал

Біле алмай қойдық – не керек өзі нақ жанға,
Күтетін бізді ақпан ба әлде жаз ба алда?!
Жол дорба толы үмітін сүйреп, арқалап,
Күтері жоқтар ағылып жатыр вокзалға.

Көз жасы тамған топырақты алып уыстап,
Шер болып қалған естеліктерден жылыстап.
Қол бұлғамастан кету де керек, дегенмен —
Өзге вокзалда кім күтеді екен гүл ұстап?!

Ілесе алмай арман тұлпарға жалы ұзын.
Көктемің күз боп, ақпан боп нұрлы тамызың.
Жалғанда мынау күйінер себеп көп екен,
Купеде ішер шәйдан да күйер ауызың.

Кетермін бір күн – мені де арман арбайды,
Жолсерік болып қимастық пенен тау-қайғы.
Жылармын өксіп вокзалдан ұзап кеткен соң,
Жас сіңіп қалған әйнекке басып маңдайды.

Кететін шақта кететініме өкпелеп,
Тағарымды айтып тағдырға кінә текке көп.
Перонда тұрып, көзінен моншақ үзіліп,
Бір Ләйләм келіп сыбырласа ғой кетпе деп!


Сендер үшін

Әлі кезіп келемін шермен ішін,
Мұңайғанды жұбатпау көрген ісім.
Бар ғаламның қайғысын өзіме алып,
Мен-ақ жылап өтейін сендер үшін!

Мен тау болып тынайын бұлтқа оранып,
Зарымды айтып қайтемін жұртқа налып?!
Үнсіз жылап өтейін сендер үшін,
Сыртқа шықпай бар құсам ұртта қалып.

Көл боп ғұмыр кешейін сендер үшін,
Бақ құсымды күтуге өлген ішім.
Көміңдер кеп запыран сырларыңды,
Көр боп ғұмыр кешейін сендер үшін.

Қайыңдар боп өтейін кіл — арман, жыр,
Терегімнен ақпанда шыға алған бүр.
Ал, махаббат жылатса үнсіз келіп,
Мені ғана құшақтап жылаңдар бір.

Арпалысып сан жылды жасарсыңдар,
Кезікпесі мәлім ғой осал сындар.
Мұз боп ғұмыр кешейін, мұңлықтарым —
Күйік шалған кеудеге басарсыңдар.

Жер болайын көтерер құлағанда,
Жер көтермес жалғанда күнә бар ма?!
Сөз боп ғұмыр кешейін ең аяулы,
Жақыныңды жұбатар жылағанда.

Шашу шашар үміттен күн шар шыға,
Шаршадым деу жылауға сылтау сірә?!
Жауларыңа айналып зар болайын,
Көздеріңнен таматын бір тамшыға.

Сусындаңдар, Жайықтай ақсын әнім,
Тілегіңді тәңірден нақ сұрадым.
Сендер күліп өтіңдер кең жалғаннан,
Жер бетінде аз қалған, жақсыларым!

Демің ыстық шыдай алмай түн ауар,
Көзің жалын қарай алмай күн ауар.
Шықтан тұнған тамшыдан да мөп-мөлдір,
Екеумізді бақытты еткен күнәлар.

Пердені ашып қарап едік Айға мың,
Ай көзінен ұрлап алған қайда мұң?
Көкжиекте жатыр, әне, қызарып,
Қонақ үйде ұмыт қалған байламың.

Құшағымда діріл қағып сөйледің,
Жанарыңды кідірте алмай сөйледің.
Тереземнен тамшы болып сырғиды,
Ақ тәніңнен сырғып түскен көйлегің.

Ондай түс жоқ ерініңді салар ем,
Ерініңе тамшы болып тамар ем.
Тамұқ жақтан құлап түскен шоқ па екен
Күйдіреді төсіңдегі қара мең.

Біздей ессіз бұл әлемде сірә жоқ,
Бізге күйсе тозақ кешіп жылар от.
Қыл көпірде қанат болып бітетін,
Екеумізде күнә көп.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика