Ерден ҚАЖЫБЕК. СӨЗ ТӨРКІНІНІҢ БІЛГІРІ

3 Қазан 2017

АКАДЕМИК ӘБДУӘЛІ ҚАЙДАР — 90 ЖАСТА

АКАДЕМИК ӘБДУӘЛІ ҚАЙДАРЖетпісінші жылдардың екіншіжартысы. Мен Қарағанды университетін жаңа ғана бітіріп, ғалым боламын деп бел буған кезім. Маған жетекші болған академик Евней Арыстанұлы Бөкетов өзі батасын беріп, шығарып салған. Ол ұстазым үшінші курстан бастап мені өзінің қатал қадағалауына алып, әбден шынық­тырған еді. Курстық жұмыстарыма да, дипломдық жұмыс­тарыма да жетекші өзі болды. Мұның өзі мені қанат­тандырып, арман-мақсаттарыма серпін бере түскен.
Ебекең атынан жазылған мінездеме-хатты қолыма алып Қарағандыдан Алматыға бір-ақ тарттым. Алдымен бірден ағам Серік Қирабаевқа бардым. Әдебиет институтындағы орнында болмай шықты.Тарих, фәлсапа институттарының да басшылары болмай, аңырып, ойланып тұрып қалдым.
Осы кезде есіме сап ете түсіп, Тіл білімі инс­титутына қарай беттедім де, директордың қабылдау кабинетінің алдынан бір-ақ шықтым. Оның да директоры Ісмет Кеңесбаев еңбек демалысына шығып кетіпті. Тағы да аңтарылып тұрып қалғаным сол еді, сырт қарағанда өте қарапайым, жүзі жылышырайлы адам алдымнан шыға берді. Директордың міндетін атқарушы орынбасары деді. Атын естігенде тіпті жүрегім лүп етті. Еңбегін талай ақтарған, сырттай құрмет тұтқан Әбдуәли Қайдаровтың өзі екен.
– Балам, кір, – деп ай-шайға қарамастан бірден бөтен кісіні өзіне баурап алатын мінезімен ішке кіргізіп алды. Асықпай хал-жағдайымды сұрастырды да, іле-шала: «Жазған-сызғандарың бар болса, маған қалдыр да, жүре бер. Үш күннен кейін хабарлас» деді. Соны айтты да, қиғаштай бұрылып, қайтадан үстелінде үйіліп жатқан кәртішкелерін қарастыра бастады.
… Үш күннен кейін алдына бардым:«Студенттік еңбектерің маған ұнады. Мен сені жұмысқа қайткенде де аламын. Не аспирант, не стажер, не лаборант ретінде. Үйіңе қайта бер де күт», – деп нақтылай айтты да, сөзін шолақ қайырды.
Жаз ортасында ауылға қайттым. Бір-екі ай өткен соң үмітім де сейіле бастады, қолымды бір сермеп қойдым. Жылдың аяғы да жақындап қалды. Бірде желтоқсан айының ортасында болу керек, кенеттен үйге телеграмма келді: «Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасына түсу үшін емтихан тапсыруға шақырыласыз» делініпті…
Осылай менің өмірімдегі ғылымның ұзын-сонар жолы басталды…
Әбекең көп ұзамай директор болды, Ісмекең зейнеткерлікке шықты.
Ол кездерде Қазақстанда тіл тарихын зерттеуге қатал тыйым салынған заман еді. Мысалы, Ғұбайдолла Айдаров есімді атақты түріктанушы ғалым өзінің тіл тарихына арналған еңбектерін тек қана жұмыстан тыс кешкі уақытта, сенбі-жексенбілерде, демалысқа шыққанда ғана жазуға мүмкіндік табатын. Әбжан Құрышжанов ағамызды, белгілі ортағасырлық қыпшақтанушы маманды партиялық билік соңына түсіп, институттан аластап тынған… Қазақ револю­циядан кейін ғана ел болды, біз орыс тілінің арқа­сында адам қатарына қосылдық деген сыңайдағы тақырыптар ғана бірден мақұлданып, толық қаржыландырылатын…
Бақсам, Әбекең жоғарғы билікке аса ыңғайлы адам емес екен. Зерттейтіні, негізінен, салыстыр­малы-тарихи тақырыптар: сөз төркіні, қазақ пен ұйғыр тілдерінің тарихи грамматикасы, түрік тілдеріндегі бір буынды түбір-сөздерінің құрылымы, халықтың сөз даналығы, мақал-мәтел байлығы сияқты салалар. Олардың бәрі дерлік сол тұстағы орыстандыруға қатысты мемлекеттік идеологияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мәселелер.Ұрандатып жатқан науқанды “қазақ тіліне орыс тілінің игі ықпалы”, “қазіргі қазақ тілінің жаңа талапқа сәйкес терминологиясы”, “коммунисттік тіл құрылысы” іспеттес салаларға тіптен жақындығы жоқ. Керісінше, Әбекең билікке талай қыр көрсетіп бақты да, бірнеше рет жоғары жақтан сөгіс те алып жатты.
Мәскеулік ғалым Әзірбай Ерғалидың кандидаттық жұмысына жетекшілік жасап, көне түрік тілдері мен көне жапон тілдерінің туыстығын дәлелдегені үшін, жәй қалалық деңгейде емес, сол кездегі ең жоғары мінберден – республикалық компартия басшылығы тарапынан қатал сынға ұшырады…
Сол бір зауалдан соғыс ардагері болғандықтан ғана аман қалды деседі…
Америкаға барып Алтаистика конгресінде көне түрік тілінің маманы атақты ағылшын сэрі Джерард Клоусонмен кездесіп сөйлесіпті. Мұны ҰҚК әшкерелепті…
“АЗиЯны” жазып, ең жоғары кремльдік деңгейде сөгіс алып, қудаланып жүрген кезде Олжасты арнайы үйіне шақырып дастархан жайып, қолдау көрсетіпті дейді…
Қысқасы, Әбекең жөнінде әңгіме көп. Аңыздай айтылатын әңгімелер. Қайсысы шын, қайсысы өтірік, білмейміз. Аспирантураға түсіп кеттік…

Ержүрек

Сексенінші жылдардың аяғы. Біз, Тіл білімі, Тарих және Әдебиет институттарының жастары, өзіміз құрып алған бейүкіметтік “Халықаралық түріктану орталығы” айналасында ұйымдасып, Түркістан қаласында бабамыз Қожа Ахмет Яссауиге байланысты конференцияны өткізуге кіріскелі бір жылдай уақыт өтті. Бірталай шетелдіктер келеміз деп хат жолдады. Мерзімі жақын­даған уақытта кенеттен Мәскеуден шұғыл телеграмма келіп түсті. Бізге емес, академия басшылығына. Мазмұны – басқосуымызды өткізуге қатал тыйым салу, рұқсат бермеу туралы. Бюджеттен бір тиын шығарыл­масын, бүкіл іс-шара тоқтатылсын, қада­ғалауға алынсын, т.с.с.бұйрықтар. Академия президенті Әбекеңді тиісті орындар шақырып алып, бұл мәселені қатаң ескертті, доғарыңыз деп бұйырды. Біздер, жастар, су сепкендей басылып, не істерімізді білмей дағдарып қалдық…
Әбекең шақырды. Жағдайды білеміз, анық-қанығын ұзынқұлақтан баяғыда естіп алғанбыз. Кірсек, Әбекең жалғыз емес екен. Қасында бастауыш партия ұйымымыздың жетекшісі Өмірзақ Айтбай мен профкомымыз Әлімхан Жүнісбек отыр. Екеуі де сенімді адамдары. Ақылдасып, ортақ бір пікірге тоқтағандары көрініп тұр. Әбекең көп сөйлеген жоқ:
– Өзекеңе барыңдар. Бұл бір. Екіншісі, Үкімет басшысының орынбасары Мырзатай Жолдасбековтен көмек сұраңдар. Іске сәт!
Бағымызға қарай дәл сол кезде Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің хатшылығына Өзбекәлі Жәнібеков келген еді. Және Премьер-министрдің орынбасары Мырзекең, Мырзатай Жолдасбеков болатын. Аты аталған ағалар, екі арысымыз ісімізге ақ батасын берді.Тек қана батасын беру емес – екеуі де ашық жәрдемдесті, нақты тап­сыр­малар берді, жауапкершілігін өз мойындарына алып, Мәскеуге қарсы әрекет етті. Мырзекең, тіпті, бір-екі сағатқа Алматыдан Түркістанға да арнайы келіп қайтты…
КСРО құламай тұрғанда, дін тақырыптарына ресми түрде тыйым салынғанына қарамастан, біздің сол басшы ағаларымыздың орталықтың саяси билігіне ашық қарсылық көрсетуі – ол кезде асқан батырлықты қажет ететін шаруа болғаны баршаға аян мәселе болса керек…
Түркиядан, Франциядан, Германиядан, Польшадан, Қытайдан, Италиядан, Мысырдан, Ресейден, көрші елдерден яссауитанушылар келіп, үш күн жиын өткідік…
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», бәрі Әбекеңнің ержүректілігінің арқасында өтті.

Желтоқсан

1986 жылдың желтоқсаны. Мен институтта ғалым-хатшымын. Қанды қырғынға айналған ереуіл басылғанына бір аптадай ғана уақыт өтті. Көңіл сынық. Ел алаң…
Әбекең шақырды: “Алаңда тонды теріс айналдырып, шашыңды жалбыратып жүрген сенбісің?” Түсі суықтау, көздері қызарған, ұйықтамаған адамның кейпі.
Не дейін? Әкемдей кісіден шындығымды жасыра алмадым:
– Ия, ол менмін.
Әбекең біраз уақыт үндемей көзін жұмып отырды. Одан кейін ақырын дауыспен:
– Сенің Мәскеуде Али Чеченов, сосын тағы басқа достарың бар еді ғой. Дереу солармен хабарлас та, бір аптаның ішінде докторантураға шақырту алдыр да, Мәскеуге тайып тұр. Ол жерде де тыныш жүр. Жағдай жақсы емес.Тездет.
Кейін түсіндім. Сол кезде дереу елден кетпесем не болар еді…
Институт директорларын ҰҚК шақыртып алып, түнімен тыңшылары түсірген видео мен фото суреттерін көрсетіпті. Танитын адамдары, өздерінің қызметкерлері бар ма деп солардың ішінде…
Жендеттерді іштей сөге отырып, елін, жастарын қалайша құтқарамын деп Әбекең де сол түсірілімдерді қарай беріпті…

Қазақ тілі – көне тіл

Сол бір 1986 жылы “Ғылым” баспасынан екі кітап шықты. Менің “Түрік тілдеріндегі біртекті етістік-есім түбір арақатынасы: Синкретизм құбылысы” және Әбекеңнің “Қазақ тіліндегі бір буынды түбір құрамы”. Мен кітабымның соңында бір мыңға жуық бір буынды прототүрік түбірлерді келтірген едім. Әбекең монографиясында бірнеше мың қазақ тіліндегі бір буынды түбірлер жан-жақты қарастырылған.
Сол екі кітап атақты түрколог Александр Михайлович Щербак арқылы санкт-петербургтық (ленинградтық) танымал индоеуропатанушы Николай Дмитриевич Андреев деген ғалымның қолына түсіпті. Бұл кісі өмір бойы индоеуропа тілдерінің ата тілін зерттеп, дәл сол 1986 жылы “Раннеиндоевропейский праязык” деген қорытынды кітабын жариялапты.
Басында ғалым прототүрік сөздігімді көріп қатты таңғалыпты. Сәйкестік ұшан-теңіз боп көрінсе де, дегенмен, мұндай болу әсте мүмкін емес деп өзінше топшылап, жылы жауып қойған екен.
Алайда, Әбекеңнің кітабы қолына тигенде, атақты индоевропатанушы ғалым Н.Д.Андреев, өзі айтқандай, “Мен тіпті есеңгіреп қалдым, көзіме сенбедім, естен танып қала жаздадым” деген әсерде қалған. Прототүрік деңгейіне (кемінде, 3 мың жыл бұрынғы тіліміз) бұйырғысы келмеген сәйкестіктердің тапжылмас бейнесін қазіргі қазақ тілінің құрамында көру, шынында да, дәстүрлі классикалық тіл білімі теориясы бойынша – жалған, мүмкін емес шаруа, әбестік, бос қиял болып есептелген. Басқаша жорамалдауға болмайды. Ал бұл жерде бір емес, екі емес – жүздеген сәйкестіктер! Бұлтартпас дәлел. Және бұл сәйкестіктердің тағы бір ерекшелігі, олар индоеуропа тілдері үшін “өлі түбірлер”, тарихи грамматикалық реконструкция нәтижесі, жасанды бір формулалар іспеттес дүние ғана. Ал түркі тілдерінде, соның ішінде, қазақ тілінде бұлар, керісінше, күні бүгінге дейін кең қолданылып жүрген “тірі сөздер”, кәдуілгі әдеби лексикамыз!
Содан кейін Николай Дмитриевич Қазақстанға арнайы үш-төрт рет келіп кетті. Бірнеше мастер-класс дәрістерін берді, ғалымдармен кездесті. Қазақ сөздіктеріне үңілді. Біздің тіліміздің құдыреттілігін мойындады.
Өмір бойы инемен құдық қазғандай болып индоеуропа тілдерінің тегін, төркінін, ата тілін зерттеп, нәтижесінде оның протосөздігін, ең байырғы сөздік қорын (шамамен б.з.д. 10 мың -7мың жыл бұрынғы артефакттер) шығарып болған соң сол көне сөздікке түрік тілдерінің және ең ғажабы – қазіргі қазақ тілінің сөздік қоры – толығымен сәйкес келетінін үлкен сенсация, ғылыми парадокс, таңғажайып жұмбақ екенін ғалым ауызша да айтып, жазбаша да пікірін мақала түрінде қалдырып үлгерді. Қазақ тілі – дүние жүзі тілдерінің ішінде ең көне тіл екендігін дәлелдеді.
Өкінішке қарай, жасы келген орыстың атақты тілші ғалымының өмірі ұзаққа бармады.
Әбдуәлі Туғанбайұлы Қайдаров еңбегінен бастау алатын бұл маңызды түркологиялық жаңалық өз зерттеушілерін әлі де күтуде…

Халықаралық мәртебе

Әбекеңнің Алматыда құрған мектебі бүкіл түркі орталықтарына жайылды. Шәкірттері Қытайда да, Еуропа мен АҚШ-та да, Ресей мен Орта Азияда да ісін жалғастыруда.
Академик ағамыздың идеялары тува, алтай, хакас, татар, башқұрт, чуваш, қырғыз, өзбек, түрікпен, қарашай-малқар, құмық, ноғай, түрік, әзірбайжан, қырым татарлары, сақа-якут, шорларда терең тамырын жайған.
Этнолингвистика саласының өзі бір төбе. “Қазақ­тар – ана тілі әлемінде” атты 3 томдық этнолин­гвистикалық сөздігі – классикалық еңбек.
“Қаңлы: Тарихи шежіресі” – елдігіміздің, мемлекеттілігіміздің, халық этногенезінің, ұлттық тарихымыздың сарқылмас бұлағы, деректі көзі, қайнар түбі.
“Халық даналығы” – тіліміздің, мәдениетіміздің, әдет-ғұрпымыздың ұшан-теңіз байлығын, тектілігін, тереңдігін дүние жүзіне паш ету.
“Қазақ қандай халық?”, “Түркітануға кіріспе”және т.б. кітаптары – жастарға өнеге, таптырмайтын білім энциклопедиясы, елтану сабағы, ғалымның ұлы мұрасы, ұстаз өсиеті.
Айта берсек, тізе берсек, Әбекең көз майын тауыс­қан еңбектері аз емес. Біз тілге тиек еткеніміз – мұхиттың бір тамшысы ғана.
Мақсатымыз бұл да емес. Том-том болып зерттеулер, естеліктер жазылар әлі талай.
Шынайы ниетіміз – ұлағатты ұстазымызды және барша қазақ қауымын жайсаң жан, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, академик Әбдуәлі Қайдар ағамыздың 90 жасқа толған торқалы тойымен құттықтап, көпті көрген көрегенімізге жұлдызды жолында толағай табыстар, елінің, халқының жетістігін көре берсін, әлі де ұзағынан жасай берсін деген тілектестігімізді білдіру.
Қазақ ғылымында осындай айтулы ғалымда­рымыздың көзі тірісіндегі жүз жылдық мерей жас­тарына жеткізер тойлары көп болсын!

Ерден ҚАЖЫБЕК,

Халықаралық түріктану орталығының президенті, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті,

ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының толық мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика