Ерболат ҚУАТБЕК. «ТҰЛПАРЛАР КЕТІП, ҚАМШЫ ҚАЛАДЫ»

29 июля 2017

Тұрсын Жұмаш1995 жыл. Балқантау күңіренді. Қара жамылды. Серігінен айырылды сол күні. Сырлас еді екеуі. Ақын өтті бұл фәниден. Ал мына жақта – бейқам тірлік. Түк болмағандай. Ол кім еді? Балқантаудың перзенті – Тұрсын Жұмаш.
Тұрсынның заманы туды. Өткен жылдан бері баспасөз беттерінде ақын жайлы естеліктер мен тың деректер пайда бола бастады. «Qasym.kz» порталының бастамасымен біраз дүниенің басы қайырылды. Ақын атындағы мүшәйра ұйымдастырылды. Кітабы жарық көрді. 55 жылдығына арналып облыстық Н.В.Гоголь атындағы кітапханада кеш өткізілді. Оған Арқа зиялыларымен қатар ақынның туған- туыстары да қатысты. Жәлел Шалқар атты азаматтың бастауымен, Қарағанды зиялы қауымдарының қостауымен ақынның туған жері Егіндібұлақ өңірінің бір көшесі Тұрсын Жұмаш есімімен аталса деген ұсыныс тасталды. Ол ұсыныс қолдау тауып, жуырда бір көшеге ақын есімі берілетін болды. Тұрсын Жұмаш тек Арқада ғана емес, сонымен қатар республикалық көлемде де насихатталып келеді. Жақында «Әдебиет» порталында Тұрсынның Серік Ақсұңқарұлына, Есенғали Раушановтың Тұрсынға жазған хаттары жарық көрді. Ақынның апасы Клара, жары Айнагүл Жұмашевалардан сұхбат алынды. Насихатталмай жүрген ақындардың қатары әлі де көп. Дәулет (Қара Дәулет) Сәтібеков, Артығали Ыбыраев, Сағат Әбдуәлиев, Серік Томанов, Марат Отаралиев сынды ақындар өткен бұл жалғаннан.

«ҚАЗЫБЕК БИ АУЫЛЫНДА БІР АҚЫН БАР»

«Жыр жинағым жарқырап
Шықпаса да баспадан,
Мені бір күні түсініп,
Ойланады Астанам.
Алатауда бір шың бар
Ешкім аяқ баспаған,
Мен сол шыңға шығамын,
Шыға алмайды басқа Адам», – деп жырлаған ақын, шынымен, кітабы жарық көрмей, небәрі 36 жасында фәниден бақиға озды. Дүниеден озғанына 2 жыл өткенде, яғни 1997 жылы халықтың қолдауымен (жеке шотқа ақша жиналған екен) «Періште» атты кітабы жарық көрді. Тұрсын Жұмаштың апасы Клара Жұмашева «qasym.kz» порталына берген сұхбатында: «Ол өзі айтып отыратын: «Өлеңді 12 жасымнан бастап жаздым», – деп. Мектепті жақсы оқыды, үлгерімі өте жақсы болды. Бірақ мұғалімдері айтатын, қолы босай қалса, артқы партаға отырып алып, үнемі бірдеңе жазып отырады екен. Өмірде өз ісіне қанша жауапты болса да, өлеңді бәрінен биік қоятын. Мектепті жақсы бітірген соң, әкеміз оны Қарағандыдағы Дене тәрбиесі институтына түсірді. Тұрсын оны тастап, бір жылдан соң үйленем деп қайтып келді. Үйленді. Тұрсын, негізі, ерте үйленді 18 жасында. Одан кейін ҚарМУ-дың тарих факультетіне түсті, оны да тастап қайтып келді оқымаймын деп. Бірақ ол өте білімді, жан-жақты болды. Көбінесе өздігінен ізденгенді жақсы көретін», – деп еске алады.
Ақын өмірінің соңғы күндері емшіге барған көрінеді. Бұл 1995 жылдың 7-нші маусымы екен (дүниеден өтерінен 4 күн бұрын). Тұрсын емшіден өңі бозарып оралыпты. Өлімі жайлы айтылса керек. Еш сыр білдірмепті туған-туыстарына. «8 маусым күні мен жұмыста болдым. Тұрсын үйге келіп, кешке дейін мені күтіпті. Өзі маған өте үйір болатын. 9 маусым күні туған күніне бардым, онша көңіл-күйі болмады. Мен де мән бере қоймадым. 11-і күні асығыс жұмысқа бара жатып, үйіне қайта-қайта қарадым, бірақ кірмедім. Келіншегі: «Тұрсын ауырыңқырап жатыр», – деді. Жүрегім бір жамандықты сезгендей болды. Сол күні «Тұрсын өмірден озды» деген хабар келді. Сол бір өкініш әлі өзегімді өртейді. Сонда үйіне кіргенде, дәрігер шақыртып, аман алып қалар ма едім… Әйтеуір, қарап отырмас едім ғой, бәрі басқаша болар ма еді…» – деп өкінішін білдірген екен Клара Жұмаш.

«ЖАЛҒЫЗДЫҒЫМ ТУРАЛЫ АЙТАМ МЕН СІЗГЕ»

«Өлеңдерін сүйсіне оқып жүріп, Алла амандығын берсе, бір жүздесерміз деп жүргенде, ол бақидан фәниге аттанып кетті», – деп еске алады Серік Ақсұңқарұлы.
«Жүрегімде сол Семей оты ұрып,
Өмір сүріп келем өксіп, өкініп.
Ақындардың туатыны рас ауылда,
Астанада өлетіні – өтірік», – деп жырлаған екен Серік Ақсұңқарұлы Тұрсын жайында. Иә, рас, Тұрсын Жұмаш ауылда жүріп-ақ адамзатты жырлады. Ақын болу үшін Астана һәм Алматыда ғұмыр кешу маңызды емес екендігін дәлелдеді. Ол Егіндібұлақтан адамзатқа хұсни хат жолдады. Серағаның «Аспан жаққа асықпашы, бауырым» («Орталық Қазақстан», 1995 жыл 17 қаңтар) атты Тұрсын жайлы жазған мақаласын оқып отырып, ақынның ғұмыры келте екендігін бірден сезгендігін байқадық. Әйтпесе «Аспан жаққа асықпашы, бауырым» деуінің сыры неде? Тұрсынның соңғы хаты да Серік Ақсұңқарұлына арналған екен:
«Қымбатты Секе! Үй ішіңіз тегіс аман ба? Денсаулығыңыз жақсы ма? Шабытыңыз бабында деген кәміл сенімдемін. Қымбатты Секе! Жыр кешіңіздің сәтті өткеніне өте қуаныштымын! Бара алмағаныма қатты өкінемін. Біздің аудан жігіттері (сол кеште болған) сіз туралы маған тамсана айтып жүр. Дәйім осылай биіктен көріне беріңіз! Алла жар болсын! Бара алмағандығым – сол баяғы ауырғандығым. Алла жазса, осы жазда арнайы барып қайтамын. «Қорланға хат» деген мына бір топтама өлеңді өткен күзде жазып едім. Балқан (Ахметов) келіп қайтқан, сәлем айтып жібергем. Бір жинақ дайындап жатырмын, Қарағандыдан шығартпақ ойым бар, егер де қаржы мәселесі шешілсе… Төлеубайға, басқа да жігіттерге сәлем айтарсыз. Менің творчествома деген ақ адал көңіліңізге көп рахмет. Айтар сыр, шертер мұң жетеді… Маған қазір өте қиын, бірақ мен ешбір мойымаймын. Бір сіздің мына жарық дүниеде барыңыз – маған зор медеу. Сіз мені үміт дүниесіне, жарыққа жетелеп келесіз… Сау болыңыз! Інілік ізетпен, Тұрсын». Бұл хат Серік Ақсұңқарұлының қолына жетпей қалған екен. Ақыры екеуі бір-бірімен жүздесе алмай кетті. Кездеспеуі де керек пе еді?
Оны жоғары бағалаған ақындардың бірі Есенғали Раушанов: «Бұл жігіттің екі «айыбы» бар. Бірі – астанадан шалғай ауданда тұратындығы. Екіншісі – мынадай заманда өлең жазып жүргендігі. Әйтпесе айдарынан жел есіп тұрған мына өлеңдердің әрқашан-ақ айы оңынан туатын жөні бар емес пе?» – деген екен.
«Ол кім болып жұмыс істемеді? Ол моншада от жағушы да болды. Ол күзетші де болды. Ол аудандық газетке тілші болып қабылданды. Бірақ көре алмаушылардың «сасық қулығымен» қуылды. Ол жұмыссыздық КСРО-да атымен жоқ деп бөркімізді аспанға атқан тоқырау кезінде керексіз боп көшеде қалды», – деп еске алады белгілі журналист Айтбай Сәулебектегі.

ҚОРЛАН

Жұматайдың Ләйләсі болса, Тұрсынның Қорланы болды.
«Қатып қалған қағиданың қалпын бұз,
Махаббаттың кереметін бол, ұқтыр.
Қорланыма жолықтырсаң, Алтын Күз,
Мына жарық дүниеде жолықтыр!

Мені іздеп жүрген шығар Ол-дағы,
Сағынышы түнде кірпік ілдірмей.
Қолдарыма тиіп кетсе қолдары,
Жылар едім тірі жанға білдірмей…» – деп жырлаған екен ғой Қорлан жайлы. Қойын дәптеріне: «Миымдағы қиялымның қолымен» (Ж.Жақыпбаев) мен Сені осынау жарық дүниеге өткен жылдың алтын күзінде тудырған едім, аяулы Қыз-Қорлан…» – деп жазып қойған екен.
P.S. Өткен жылдың көктемінде ақынның туған жеріне бардық. Балқантаудың басына шықтық. Бізді кәдімгідей жатырқайды екен. Өйткені біз Тұрсын емеспіз ғой. Сондықтан шығар. Ақын жатқан зиратқа бет алдық. Құран оқылды. Қос қабір бар екен. Бірі – Тұрсынның анасының қабірі. Анасы ұлынан кейін қайтыс болыпты. Бір қызығы, ақынның қабірі әлі де ортаймаған екен. Сол қалпы тұр. Алланың құдіреті-ай!

Ерболат ҚУАТБЕК,

«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика