«ШАҺИД КЕШТІ ШОҚАНЫҢ» (Ерболат ҚУАТБЕК)

20 Сәуір 2018

Барлығы Дулат Исабеков пен Әнуар Әлімжановтың әңгімесінен басталды. О.Исабеков «Алаш Айнасы» сайты жасаған сауалнамаға (Шоқанның өлімі жайлы): «Кезінде Әнекең қазақтан тұңғыш рет Америкаға барып, әл-Фараби жайлы дәріс оқып келген. Сонда бір әңгімелескенімізде: «Сол кездегі архивтерден әл-Фараби жайлы деректер іздеп отырып, 1875 жылғы газеттен Шоқанның өлімі жайлы қазанама кезіктірдім», – деді. Ал Шоқан, біздіңше, 1865 жылы қайтыс болған. Әлгі қазанамада: «Жақында орыс география қоғамының мүшесі, әйгілі саяхатшы, орыс офицері Шоқан Уәлиханов қайтыс болды», – деп беріліпті. Әнекең: «Бір жыл кешігіп берілсе, жарайды, ал қалайша бұл он жылдан кейін жарияланады? Соған қатты таңғалдым», – деді», – деп жауап берді. Бірақ жазушы қандай газетке жарияланғаны туралы есіне түсіре алмапты. Мұны Шоқан өлімінің бір нұсқасы деп қабылдаңыз. Бұдан бөлек бірнеше нұсқасы бар. Әуелі ресми нұсқаға тоқтала кетсек.
Шоқан Уәлиханов, ресми дерек бойынша, 1865 жылы 10 сәуір күні өкпе ауруынан қайтыс болды. Бірақ бұл нұсқаға шүбә келтіре аламыз. Біріншіден, Шоқан өкпе ауруына шалдықса, 1864 жылы Черняевтың әскеріне қалайша қабылданған? Ал ондай жерлерге тек дені сау адамдардың ғана баратыны белгілі (Шоқанның өкпе ауруы Петербургте өлерінен 1 жыл бұрын анықталған еді). Ал медицинада адамның өкпе ауруынан 3-4 жыл ішінде өлетіні айтылады. Сонда Шоқан 1868 жылы өлуі керек болды ғой?! Шоқанның хаттарына жүгінетін болсақ, өкпе ауруы жайлы бірде-бір сөз жоқ. Тек суық тигені туралы жазған. Қаперге алатын тағы бір жайт – Шоқан үнемі қымыз ішіп жүрген. Ал қымыз ішкен адам өкпе ауруына шалдықпаса керек. Бұл – медициналық факт.
Шоқанның өлімімен қатар туған жылы да күмән тудырады. Ресми дерек бойынша, 1835 жылы туды делінгенімен, П.П.Семенов-Тян-Шанскийдің дерегінде 1834 жыл, ал Г.Н. Потаниннің нұсқасында 1837 жыл келтірілген. Бұл деректер Мұхтар Әуезовтің Шоқан туралы жазған публицистикасында бар. Егер П.П.Семенов-Тян-Шанскийге сенетін болсақ, онда Шоқан 31 жасына жетпей қайтыс болған. Ал Потанинге сенсек, 29-ға да (Потанин очерктерінің бірінде Шоқанның 1866 жылы қайтыс болғаны туралы мәлімет бар) жетпеген. Көп нұсқаның бірі – осы. Әрі қарай кеттік.
Оны біреу өлтірген деген болжам бар. Күдікті – үш адам: Черняев, Тезек төре, Шоқанның немере інісі Сұлтанғазы Уәлиханов.
Неге Черняев? Екеуінің арасында қақтығыс орын алған. Генерал Черняевтың Әулиеата, Жетісу аймақтарын басып алу миссиясымен келгенін сезіп қойған Шоқан Уәлиханов оған кедергі жасайды. Шоқанның өлімін жөн көрген Черняев оны атқызып тастауы әбден мүмкін. Тағы да Әнуар Әлімжановтың естелігіне жүгінетін болсақ, ол былай дейді: «Шоқанның өкпесінде оқ қалған. Сол оқ ақыры ажал оғы болды. Әйтпесе ол – аға сұлтанның баласы, ештеңеден таршылық көрмеген адам». Демек, өкпесіндегі оқты бір жыл бойы алып жүрген болды ғой?! Шоқан Черняевтың әскеріне 1864 жылы қосылды. Сол жылы Черняев екеуінің арасында қақтығыс орын алды дедік. Және Шоқан өкпе ауруына шалдыққанын естіді. Демек, ол өкпе дертіне шалдықпаған. Өкпесінде оқ қалып қойған. Өлімі содан болып отыр. 1864 жылдың 1 желтоқсанында Колпаковскийге былай деп хат жазады: «Менің кеудем ауырып жүр. Істеген жақсылығыңыз болсын, маған құстыратын бір майдәрі немесе кеудемдегі іріңді босататын (тек сүлік емес) және тер шығаратын бірдеңе беріп жібере алмас па екенсіз». Ал 1865 жылдың 19 ақпан күні Колпаковскийге тағы да хат жазады: «Сіз кеткен кезде, маған суық тиіп еді: көкірегім мен тамағым ауыратын. Тамағыма назар аудармай, көкірегіме ем жасағам, енді көкірегім жазылған сияқты болғанымен, жұтқыншағымның ауырғаны сонша, асты әзер жұтамын, даусым тіптен шықпай қалды. Верныйға жетуге жолдың ауырлығы мен жайлы көліктің жоқтығы мүмкіндік бермегендіктен, мен өзімді қазақтың құшнаш-емшісінің қолына тапсырдым. Оның не дәрі ішкізіп жатқанын бір Құдайдың өзі білсін. Әйтеуір, қол қусырып өлгеннен гөрі осы дұрыс.
Жағдайым сәл жақсарса, сіздің ұлы мәртебеліңізге көтерілістің себептері мен оның өрістеу барысы туралы тарихи деректерді назарға ала отырып жазған өз пайымдауларымды жіберемін», – деп. Байқап отырсаңыз, өкпе ауруы жайлы бірде-бір сөзді кездестірмейсіз.
Ал неге Тезек төре? Немере інісі Сұлтанғазы Уәлихановтың не қатысы бар? Тезек төре Шоқанды бәсекелес санаған. Тақтан айырылып қаламын деген үрей болған. Және екеуі үнемі шекісіп қалып отырған. Демек, онда мотив болды өлтіруге. Сот Сұлтанғазы екеуінен жауап алған. Кейіннен Сұлтанғазы Уәлиханов Шоқанға қатысты деректер мен құжаттарды өзімен алып кеткен. Нені жасырмақ болды сонда ол? Әлде өзіне қарсы келетін құжаттар болды ма екен? Назар аударуға тұрарлық бір дүние бар. Шоқан мен Сұлтанғазы егіздің сыңарындай ұқсас болған. Замандастары оларды ажырата алмай қалады екен кейде. Жоғарыда көрсеткен қазанаманы ескеретін болсақ, онда Шоқанның 1875 жылы қайтыс болғаны айтылады. Сұлтанғазының қатты ұқсастығын қаперге алып, қалған 10 жылда Шоқанның орнына Сұлтанғазы өмір сүрді ме екен деген ой келеді. Оның өлген жылының түрлі датаны көрсетуі осыдан болуы мүмкін. Мысалы, генерал-губернатор Кауфманның ресми дерегінде 1864 жылды көрсетіп тұр.
Енді мына нұсқаға назар аударып көріңіз: Шоқанның қазасына орай Орыс география қоғамының жиналысында П.П.Семенов-Тян-Шанскийдің айтқан мынадай сөзі бар: «Қазақтың айтулы ұлы, асыл перзенті Шоқан Уәлиханов қаза тапты». Осы жердегі «қаза тапты»  (погиб) деген сөзге баса назар аудару керек. Өйткені «қаза тапты» деп, негізінен, жорықта өлген адамды айтады. «Мерт болды», «бақилық болды», «қаза тапты», «жан тапсырды» деген тіркестердің түрлі жағдайға қатысты қолданылатыны айдан анық. П.П.Семенов-Тян-Шанский Шоқанның өкпе ауруынан өлгендігі жайлы ешқандай сөз айтқан жоқ.
Біз ұсынатын тағы бір нұсқа бар. Балтабай Адамбаевтың 1969 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген мақаласында әкесі Шыңғыс пен анасы Зейнепке Шоқанның өлімі жайлы естірту айтқан Орынбай ақынның аза жырынан мынадай жол келтіріледі: «Шаһид кешті Шоқаның». Адамды «шаһид болды» деп соғыста өлген жағдайда айтады. Шариғат бойынша, шаһид кешкендерді киімшең жерлейді екен. Енді мынаған қараңыз: Алматыдан келген ғалымдар Шоқан жатқан қабірді ашып көрсе, офицерлік мундирмен жерленіпті. Бұған не дейсіз? Дулат Исабековтің: «Егер мәйіт Шоқандікі болса және ол мұсылмандық жолмен қойылса, неге ол киіммен жерленуі керек?» – деген сұрағына жауап та табылды.
P.S. Ұсынып отырған нұсқалардың легі – осы. Аңыздың ақиқатқа, болжамның фактіге айналары сөзсіз. Бірақ ақиқат әлі ашылған емес. Сондықтан нүкте қоюға еш құқығымыз жоқ. Көп нүкте мен сұрақ белгісі ғана…


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика