Ерболат ҚУАТБЕК. ӘДЕБИЕТТІҢ НАПОЛЕОНЫ

10 Қыркүйек 2017

ӘДЕБИЕТТІҢ НАПОЛЕОНЫӘдебиетке келген жас шайыр жауапкершілікпен келсе ғой. Құны артар еді өнердің. Бәрі – өңкей тірі классик. Бір мүшәйрадан бас жүлде алғаны бар. Бітті. Әдебиетті төңкеріп тастағандай кердеңдейтінін қайтерсің… Бір өлең жазып көсегесі көгерген ешкім жоқ. Ойлану керек. Аты мен заты үйлеспейді, әйтеуір. Шетінен «жұлдыз». Бірақ жанбайды. Сәулесі жоқ. «Ақындардың» көбейіп кеткені сондықтан. Жауапкершілік дедік. Ақын һәм жазушы әрбір сөзіне жауапты болу керек. Онымен қоса өлермендік деген бар. Және адалдық. Біз не? Екі-үш өлең жазып, бір жыл жүреміз түк өндірмей. Неге біз ауқымды дүние жазуға бел бумаймыз? Қазіргі буынның жасы – 20 мен 25 арасы. Ал біздің діңгегіміз бен тамырымыз ше? Мысалы, Шоқан Уәлиханов 19
жасында «Тоқтамыс ханның жарлығы» атты алғашқы ғылыми еңбегін жарыққа шығарып, бір жыл өткен соң Ыстықкөл  экспедициясына қатысып, қырғыз елін зерттеген. Сұлтанмахмұт Торайғыров 20 жасында «Айқап» журналында жауапты хатшы қызметін атқарған. Міржақып Дулатов 20 жасында Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға араласып, патша өкіметіне қазақ халқының атынан петиция жазуға қатысқан. Ал Мұхтар Әуезов 20 жасында «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны Ойқұдықта сахнаға шығарған. Келесі жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланған екен. Ал сіз болсаңыз, «бәленше деген халықаралық мүшәйраның лауреатымын» деп марқаясыз. Бәрі – бос сөз. Қазақ, әйтеуір, сол. Кертартпа халық. Өзінен басқасын білгісі келмейді. Және өзі туралы білгенінің де асып бара жатқан түгі жоқ. Шекспир туралы мақала жарық көріп еді. Барлығы кеп «Шекспирдің бізге не керегі бар?» деп ат-тонын ала қашты. Түсінбеймін осы қазақты. Дүниетанымын кеңейтудің орнына өз лашығын мақтаудан басқа түк білмейді. Осы сөздер үшін мен-ақ жексұрын болайын. Бірақ шындығы – сол. Батыстың адамдары – ол. Махамбет, Құрманғазы, Фариза, Светқалилерді ғана біледі. Қалғанында еш шаруасы жоқ. Тұлғаларын көкке көтергенде сондай, неге Өтежанды дәріптемейді… Туынды – белгілі бір тайпа, ру, ұлыс қана үшін жазылған дүние емес шығар. Сол сияқты, Шекспир ағылшындар үшін ғана жазған
жоқ.
Жоғарыда өлермендік туралы айттық. Әдебиеттің өлермені, ең адал өкілі Оноре де Бальзак шығар. Пушкиннен бірнеше күнге ертерек туған. Бальзак күллі шығармасын ақша үшін жазды деген де дүние бар. Атақ үшін жазды дейді. Жазса, жазған шығар. Бірақ оның туындылары тот баспай қалды ғой. Бар мәселе сонда емес пе? Және оның басты туындысы – «Адамзат тәлкегі» («Человеческая комедия»). Ол бір ғана роман емес. Романдар мен повестерден тұратын эпопея. Бальзактың жоспары бойынша, 143 шығарма болуы керек екен, бірақ ол 95-ін ғана жазып шықты. Екі мыңға тарта кейіпкер бар. Әрбір роман бір-бірімен байланысып отырады. Ол кезде Бальзак небәрі 30 жаста. Мықты болам десең, Бальзактармен жарысып көр. «Адамзат тәлкегі» 3 бөлімнен тұрады: 1) «Мінез бояулары». «Мінез бояуларының» өзі 6 бағыттан тұрады екен:
1.1 Жеке өмір көріністері;
1.2 Провинция өмірінің көріністері;
1.3 Париж өмірінің көріністері;
1.4 Саяси өмір көріністері;
1.5 Әскери өмір көріністері;
1.6 Ауыл өмірінің көріністері.
Бұл бөлімге Бальзактың «Гобсек», «Горио әкей», «Евгений Гранде» сынды т.б. бірнеше романы енген. Жазылуы тиіс 111 романның 72-сін ғана жазып шыққан екен. 2-бөлімге «Философиялық этюдтер» жатады. Бұл бөлім бойынша 27 романның 22-сін ғана жазып үлгеріпті. Ең танымалы – «Шегрен былғарысы» («Шагреновая кожа»). Эпопеяның 3-бөліміне «Аналитикалық этюдтер» кіреді.

Бұны жазуға не әсер етті? Әрине, діңгек. Дантенің «Құдіретті комедиясы». Еуропа «Құдіретті комедияны» қалай бағаласа, «Адамзат тәлкегін» де солай қабылдағанды қалаған екен. «Адамзат тәлкегі» – Францияның буржуазиялық қоғамының көріністерінен туған туынды. Оның кейіпкерлері – өзінің замандастары. Бальзак – шынымен, алып тұлға. Ірі туындыларды дүниеге әкелген тұлға ешқашан ергежейлі болмақ емес. Өлермендік деп осыны айт. Күніне 22 сағат жұмыс істеген екен Бальзак.
«Мен әдебиеттің Наполеоны болғым келеді», – дейді екен. «Наполеон әлемді қаруымен жауласа, мен қаламмен бағындырамын», – дейтін де – осы Бальзак.
Қазіргі қоғам Бальзак жазып кеткен шығармадан аумайды. Екіжүзділік, ақшаны Құдайындай көретін әлем, парақор мен жалақордың бітпейтін ұрыс-керісі. Барлығы баяғыда-ақ айтылып кеткен-ау, осы. «Адамзат тәлкегі» эпопеясының сюжеті 1815-1848 жылдар аралығындағы оқиғаларды қамтыған екен. Эпопеяны 1830 жылы бастап, өмірінің соңына дейін (1850 жылы қайтыс болған) жазған екен. Ойлап көріңіз, 20 жылда романдар мен новеллалардан тұратын 95 шығарманы дүниеге әкелген. Сонда жылына онға тарта роман жазған ғой. Сіз болсаңыз, екі-үш өлең жаздым деп марқаясыз. Қызық екенсіз.

Бірақ Бальзак та қателескен. Үлкен қателік жасады. Бәленше роман жазамын деп жоспарламауы керек еді. Айтылған идеяның қуаты бәсеңсіп қалатын кезі болады. Жазылар өлеңнің идеясын алдын ала айтқан жағдайда, ол өлең шала болып туылып жатады. «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда, өңі қашады», – демей ме Абай? Бальзак жоспарының түгелдей жүзеге аспауы сондықтан.
P.S. Замандас, әдебиетке келер алдында ойланып келгеніңіз абзал шығар. Сөзбен ойнаудың керегі шамалы. Бір күні киесі атады. Әдебиет үшін өлуге бара алмасаңыз – жоғалыңыз не доғарыңыз. Оның өзі – ерлік.

Ерболат ҚУАТБЕК


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика