Ербол Тілешов. Қасым Аманжоловтың ақындық миссиясы

8 Сәуір 2016

Қасым Аманжоловтың ақындық миссиясыЖаратқан иеміз жарық дүниеге әкелген әрбір адамның бұл өмірде өзіндік жолы, мақсаты мен міндеті, арманы мен аңсары болатыны баршамызға белгілі. Ал, халықтың ойын бейнелейтін, сөзін айтатын табиғатынан ақын болып жаратылған адамның миссиясы тіптен ерекше. Қасым сияқты ерекше дарын иесінің миссиясы оның жеке шығармашылығынан да асып түсіп, өзгелерге ықпал етіп, дәстүр қалыптастыруымен де аса бағалы. Сондықтан біз Қасым Аманжолов сияқты ірі ақынның, дәуір суреткерінің шығармашылық жолын ұлттық сөз өнеріміздің тарихындағы үлкен миссия ретінде қараймыз.

Қасым Аманжолов әдебиетке келген кезеңге шағын шолу жасар болсақ, онда мынадай тарихи-әдеби үдерісті ойымызға оралтар едік. Ақынның оң мен солын тануға шындап бет қойып, саналы түрде өлең өңіріне келетін шағы 20-25 жастың шамасы дейтін болсақ, онда жас Қасым ақындық сапарын бастаған шақ 1930 жылдардың орта шеніне келеді екен. Бұл ашаршылық енді тоқтап, бірақ саяси қуғын-сүргіннің жақындап қалған кезі болатын. Бәрін төңкеріске, соғысқа, жеңіске балайтын коммунистік идеология бейбіт шығармашылықты майданға балап, тіпті әдеби басылымның атын «Әдебиет майданы» қойған заман еді. Сонау бабалардан келе жатқан «Алаш» деген қасиетті сөз, киелі ұғым сол халықтың ұрпағына түрпідей түсіндіріліп, шынайы көркемдік жалаң ұранға айырбасталған, белсенді білгішке айналып, билік айтқан, ұлтын сүйген Әлекеңдер, Ахаңдар өз халқына жау етіп көрсетілген дөкір, дөрекі дәуірде Қасым поэзия табалдырығын шындап аттап еді. Ә дегенде табиғи дарын иесі жас Қасым да саяси тақырыптар шиырлады. Оның алғашқы сәтті дүниелері «Ақын», «Сұңқар жыры», «Ақын» өлеңдері Пушкинге, Горькийге, Маяковскийге арналды. Абайдай алыптың өзіне көзқарас екіұдай болып тұрған жылдарда, Алаш әдебиетін ауызға алуға болмайтын дәуірде Қасымның орыс классиктеріне шығарма арнауы түсінуге болатын, түсіндіруге болатын жағдаят. Бірақ бұл кездегі өлеңдері арқылы Қасымның табиғи дарынын толық безбендеу қиын.

Жырына дауыл мен желді, от пен жалынды, батырлық пен өрлікті өзек еткен тәкаппар ақынның шығармашылық болмысы да от пен өртке оранған соғыс шындығында ақ алмастай жарқылдады. 1943 жылы жазылған «Ақын өлімі туралы аңыз» атты лирикалық тебіреніс пен эпикалық серпіліс селбескен поэмасы, біздің топшылауымызша, Аманжолов шығармашылығының жаңа, мейлінше жемісті кезеңі басталды. Осы жылдардан бастап, Қасымның ақындық ойы мен сөзі өзінің жаңа көркемдік әлемін, соны стильдік жолын тапты деуге боларлық.

Құдірет күші, жер жаһанның
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл, жүрек!

деген асқақ шабыттан туған поэма шумақтарында қазақ өлеңінің жаңа кезеңін бастаған ірі тұлғаның ақындық «мені», шығармашылық әлеуеті, суреткерлік стилі бедерлене байқалады. Бұл жолдарда дұшпанға деген ыза мен кек қана емес, әділетсіздік пен жауыздыққа есе жібермес ерлік қана емес, дүниені жамандықтан тазартуға бел шешкен, ымырасыз күреске түскен үлкен адами серт пен ізгі гуманизм де жатыр. Бұл кез келген өнердің, оның ішінде, әлбетте, әдебиеттің тірегі мен тілегі болар шығармашылық гуманизмнің дәл өзі, нақ көрінісі. Сол қайшылықты дәуірдің білгірі һәм куәгері Жайық Бектұровтың Қасым туралы жазғандарына ден қойсақ, өзінің поэмасы жөнінде автор: «Адамды ардақтағаным, Адамға өмір қымбат, күресіп өлу үлгі, бәрі де өмір үшін, жеңіс үшін емес пе? Поэзия да өмір үшін. Отанның ар-намысы, тәуелсіздігі жолында шыбындай жанын пида ғып қаза тапқан совет жастарының даңқты ерлігін, мейірбандық, ізгі жан сезімін жырлағым келді. Ақын өмірі жырға арқау болды. Өлең – өмір қанаты» депті. «Адамды ардақтағаным, адамға өмір қымбат» деп терең адами ілтипатпен ойын сабақтаған Қасым поэзияны гуманизм, адамға деген ізгі тілек, иманды көзқарас деп түсінді. Өнерді нағыз өнер ететін, көркемдікті берік бекемдейтін, бейнелілікті әсерлі ететін, оқырманның жанына шуақ, санасына сәуле, жүрегіне шұғыла құятын адамға деген ардақ ой, мадақ сезім Қасымның ақындық миссиясының күретамыры, табиғи өзегі. Ақындықты «Көкірегі сезімді, тілі орамды, // Жаздым үлгі жастарға бермек үшін…» деген Абайдың хакімдігі,«Алаш деген елім бар, // Неге екенін білмеймін, // Сол елімді сүйемін!..» деген Мағжанның ұлтына деген ұлы махаббаты сол дәуірлердегі ақындық миссияны, суреткерлік кредоны көрсетсе, Қасым заманында өлең ішкі жан-дүниенің, адам болмысының тереңіне бойлады, адамға ақылшы, ұлтқа ұраншы болмай, ендігі жерде жұмырбасты пенденің тең сөйлесер сырласына айналды. Бұл өнердің дейсіз бе, өлеңнің дейсіз бе бүгінгі сөзбен айтқанда демократиялануы еді, адамға етене жақындауы болатын. Міне, қазақ әдебиетіндегі осындай үрдісті Қасым бастады деп батыл айта аламыз. Кейінірек, Мұқағали, Төлеген болып ішкі дүниесін бүкпесін жайып тастау, шыны мен сырын оқырманмен бөлісу – осы, Қасым бастаған арналы үдерістің аса көркем дәстүр-үлгілері болатын. Асылы, Мұқағали мен Төлегеннің замандастары үшін, тіпті Сырбай сияқты Қасымның өз тұстастары үшін де Қасым жай дарынды ақын ғана емес, тағдырлы ақын, тұлғалы суреткер. Сондықтан да әдебиеттегі Қасым Аманжолов дәстүрі көркемдік дәстүр, эстетикалық ықпал ғана емес, тұлғалық ықпал, Қасым – тағдырдың әсері. Сол себепті де Қасымның тұсындағы поэзия өкілдері де, одан соңғы әдебиет табалдырығын аттағандар да Қасымның өлеңіне де, мінезіне де, тағдырына да қызықты. Қасым – адамның тағдыры, Қасым – ақынның тағдыры нағыз ақынның тағдырындай көрінді оларға. Осыдан болу керек, Қасым – қазақ тарихындағы ең көп өлең арналған тұлғалардың бірі. Қасым – Махамбет, Абай, Бауыржан сияқты өр тағдырдың, батыл өнерпаздықтың бейнесі. Осылай болғандықтан да Қасымнан кейінгі қазақ поэзиясының келесі бедерлі кезеңін бастаған ұлы Мұқағали:

Қасым деген – қалғыған жанартау ғой,
Жанартау ғой, жанды да кетті өртеніп.
«Бір күй бар домбырамда…» (иесі Қасым)
Қасым солай болмаса, несі Қасым?!
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымын есіне алсын…
деп өзінің алдындағы ізашар ақынның бейне-болмысын қапысыз сомдаған, соған сүйсінген болатын.

Сонымен Қасым жыры адамға бет бұрды, ақындық қуаттың барша болмысы мен бүкіл қабілеті қазақ өлеңіне қуанышы мен сүйініші, арманы, аңсары, үміті бар кәдімгі адамды алып келді. Адамның сыры барша шынайылығымен, барша тереңдігімен ашылды. Әлемге бүкіл сырыңды ашып тастау үшін сол адамның өзінің де ішкі әлемі таза, мейірбан болу керек қой. Қасым осындай тұлға болғандықтан да өзінің гуманистік жырларын тудырды, оған қалың оқырманын елітті, сендірді. Мұндай гуманизм ақын өлеңдеріндегі басты қаһарманды автордың өзі етті. Сондықтан біз Қасымды Қасым поэзиясының авторы ғана емес, сол поэзияның басты қаһарманы деп те қабылдаймыз. Бұл Қасымның ақындық мұратын, суреткерлік миссиясын тануға апаратын басты жолдардың бірі. Сөйтіп, ұлы ақынның суреткерлік мақсатын адамсүйгіштік дей отырып, оны ақынның өзі де терең сезінген деп айта аламыз. Оған мына жолдар айғақ:

Ақын ұлан арыстандай айбатпен
Ар, намыстың майданына енеді.
Қалам найза, қалқан болып қағазы,
Сөздері – оқ, алмас қылыш – өлеңі…
Зұлымдыққа нажағай боп атылып,
Әділдікке көңіл нұрын себеді.
Дабыл қағып, таң жолына шақырып,
Таң атады, күн шығад деп сенеді.
Қасым Аманжолов өзінің осындай гуманизмімен ғана қалса, онда ол біз білетін ұлы ақын биігіне көтеріле алмас еді. Ол – өзіне дейінгі әдебиетті жалғастырып, сонымен бірге ең бастысы соңына ізбасар ерткен, дәстүр ашқан ақын. Қасым – Абай бастаған классикалық әдебиеттің, Мағжан бастаған ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі жаңа әдебиеттің мирасқоры болды. Біз бұл арада «мирасқоры болды» деген ойды алдындағы ұлы ақындардың дәстүрін жалғастырушы деген мағынасында ғана қолданып тұрғанымыз жоқ. Егер осы мағынасында ғана алатын болсақ, онда Қасым Аманжолов шығармашылығының тағы да басқа бірқатар ақындардың поэзиясымен бағасы мен бәсі бірдей болар еді. Әңгіме бұл арада Қасымның өз заманындағы Абай, өз дәуіріндегі Мағжан сияқты қазақ өлеңіне жаңа бет пен бағдар, соны мазмұн мен түр дарытуында. Бұл шын мәнінде Қасымның шығармашылық тағдырына жазылған ірі ақындық миссия болатын. Әлбетте, Қасым Абай мен Мағжан сияқты қанатын кеңге жайып, айтарының бәрін ашып айта алмады. Отаршылдық дәуірде өмір сүргенімен Абайдың еркін шығармашылығына ешкім бөгет болған жоқ, ал кеңестік цензура қатайған 1920 жылдардың ортасына дейін Мағжанның барлық негізгі шығармалары жазылып қойған болатын. Мағжан енді жазған шығармалары үшін емес, әлдеқашан жазылып қойылған шығармалары үшін 1930 жылдары айыпталды. Сондықтан Қасымның алдындағы екі ұлы тұлға да мейлінше еркін шығармашылықта болды. Бұл арада Қасымды ұлтшыл етейін деп отырғанымыз жоқ. Советтік тәрбие көрген, әділетсіз жауға қарсы соғыс жүргізген Совет одағының азаматы, Совет армиясының солдаты Қасымның орыс отаршылдығына қарсы күрескен Алаш қаламгерлері сияқты айрықша ұлтшылға айналуы табиғи болмас та еді. Қасымның ақындық миссиясына өзі өмір сүрген қоғамға сену, сол қоғамды мадақ ету де енетін. Мұндай шығармалары арқылы да айрықша дарын иесі Аманжолов қазақ өлеңіне айтарлықтай жаңалық та әкелді. Айталық:

Жүрегімді ұстап қолыма,
Жүрегімді емес, – билетті,
Қосылдым жастар тобына
Ақ көңіл, адал ниетті.
Сүйсінттім досты, ержеттім,
Өртедім жаудың өзегін;
Қуатын бердің жер-көктің,
Советтік менің өз елім! –
деген жолдар сол тұстағы әдебиетіміздің өзіндік олжасы болатын.

Совет үкіметін, советтік құрылысты мақтағандардың баршасын әдебиет тарихынан сызып тастай алмаймыз. Олай етсек, жетпіс жылдық совет дәуіріндегі қазақ әдебиетінен саусақпен санарлық қана тұлға қалар еді. Совет дәуіріндегі әдебиет те біздің рухани шежіреміздің ажырамас бөлігі, дүниені көркем тануымыздың бөлінбес бөлшегі. Сондықтан бұл арада, біздің ойымызша, совет дәуірінде жазылған шығармалар көркемдік құндылығы жағынан саралануы тиіс. Өйткені, «әдебиет» деген өнердің асыл тарауына біз сол «әдебиет» деген ұғымға қандай шығарма жауап береді деген тұрғыдан қарағанымыз абзал. Совет дәуірінде де қазақ баласы талай жетістіктерге жетті. Өмір сүрді, қуанды, еңбек етті. Сол тұста жазылған көркем шығармалар сол қазақ баласының рухани қажеттілігін қанағаттандырды, ойын өсірді, сезімін тереңдетті – осыларды ұмытпаған жөн деп ойлаймыз. Бейімбеттің, Ғабиттің таптық мазмұндағы дүниелері, 1960-70 жылдардағы советтік тақырыптардағы шығармалар, қаншама қаламгерлердің идеология салқыны байқалатын бірақ көркемдігі кемел дүниелері қазақтың көркемдік танымын, ұлттың ойлау бейімін айғақтайтын туындылар екендігі сыналғаннан гөрі талданғаны дұрыс деген пікірдеміз. Рас, Қасым Аманжолов өмір сүрген дәуір бір саясаттың, бір идеологияның дәуірі болды десек те, ақын алдымен ұлтының ұланы, халқының үні. «Алаш» сөзін айтуға мүлде болмайтын, «қазақ» деген сөзді абайлап айтатын, айтсаң да советтік идеологиялық мазмұндағы оймен сабақтастырып айтатын заманда Қасым:

Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы!
Танисың ба сен мені,
Мен – қазақтың баласы!

деп әлемге жар салды. Бұл сонау Сұлтанмахмұт, Мағжандардан кейінгі дәуірде қазақ поэзиясында айтылмай келе жатқан ұлтқа арналған үлкен сөз болатын. Алаштың ұрпағы ретіндегі Қасым ақынның дүниеге осылайша жар салуы – оның ақындық миссиясының бір тарауы іспетті еді.

Қасым Аманжоловтың ақындық мұрат-мақсатын, суреткерлік миссиясын анық таңбалаған, көркем бейнелеген туынды, әлбетте, оның «Өзім туралы» атты әйгілі өлеңі. Бұл Қасым – тағдырды бейнелеген көлемді де күрделі лирикалық баян Абайдың «Өлсем орным қара жер», Мағжанның «Жан сөзі» сияқты классикалық туындыларымен мазмұндас, бәлкім деңгейлес дүние. Мұнда өмірге ақын болып келген адамның барша күдігі мен үміті, мынау жарық дүниеге айтар назы мен мұңы, өзегінен шыққан өлең-өнерге деген махаббаты мен құштарлығы соншалықты терең, соншалықты әсерлі айтылған. Бұл ғажайып туындыда ақын өмір сүрген аласапыран, аумалы-төкпелі дәуірдегі адам тағдыры (Арпалыс алақұйын заманалар, // Арбасып тұрып алды, мен нетемін), пенденің бұл өмірден көрген жақсылығы мен жамандығы (Кең жайдым құлашымды дүниеге, // Білдім мен қайғыра да, сүйіне де), адамның таусылмас арманы(Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға, // Көп күттім, көп тіледім құмарлана. Қайтейін жетер емес қысқа өмірім, // Алыстан көрінгенмен мұнарлана) оқырманын бейжай қалдырмайды. Бұл жырдың басты идеялық өзегі ақын мен муза, өлеңнің мәңгілік сапары дер едік.

Гүрілдеп жалын атқан кеудем-көрік,
Сөз соғам құлашымды еркін керіп.
Суарып шынықтырам күйге малып,
Болсын деп әрі әдемі, әрі берік.
Құя алман үгітілген балшық өлең,
Көңілімде көл жасаман тамшыменен.
Серінің семсеріндей сертке таққан,
Өлеңнің өткірін бір алшы менен –
деген Қасым ақын болып туған адамның асқақ бейнесін де, көңіл-күйін де, музаға адалдығын да шынайы жырмен шабыттана суреттеді. Қазақ поэзиясы тарихында өзінің жыры жөнінде осыншама тебіренген, осыншама өлеңін өбектеген алғашқы ақын, тегінде, Қасым болар. Бұл Қасым болып музаның құпиясына үңілген жалпы қазақ өлеңінің үлкен жаңалығы еді, ұлттық сөз өнеріміздің өлең қасиетін, сөз киесін тануға, бағалауға бетбұрыс жасауы да болатын-ды. Әлбетте, «Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын» деген Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңдері жадымызда, бірақ хакім Абайдың аталған лирикалық шығармаларынан ұстаз ақынның өлеңге қояр биік талабы мен талғампаздығы байқалар еді, ал Қасымның бұл өлеңінде ақынның ішкі сыры, өзі тудырған өлмес сапары, музасының мәңгілігі жөнінде сыр ақтарылған, сонысымен де ХХ ғасыр ақыны бұл тақырыпта соны соқпақ, жаңа жолдың бастамашысы болды. Бұл идеялық жағынан да, эстетикалық жағынан да тұтас бағдарламалық сипаттағы өлеңде Қасымның ақындық миссиясы айқын аңғарылады. Барша өмірінің мәнін өлеңмен өзектестірген ақын:

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп…

деп ақын-тағдырдың өлең-тағдырға күдігі мен үмітін білдіреді. Қандай да болсын саналы адам өзі таңдаған жолдың дұрыс-бұрыстығын ойламақ, сараламақ, бірде күдіктенбек, бірде үміттенбек. Ал аса үлкен ақындық қуат берген адам сол күдік пен үмітті өлеңге айналдырады. Біздің ойымызша, автордың осы ғажайып жырдағы негізгі айтпағы да осыған саяды. Мұнда ақын – өлең – өмір өзара селбесіп, сабақтасып Қасымның шығармашылық миссиясын барынша безбендейді:

Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы өлеңі.
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,
Мен қайтіп, босқа жасап, босқа өлемін.

Міне, бұл бір ақынның, жалғыз Қасымның ғана жүрекжарды сыры емес, біздің ойымызша, өнер қонған барша адамның арманы, барлық ақынның мұраты. Осыны алғаш өлеңмен өрнектеген Қасым ақын. Бастауында Қасым тұрған осы сарын Мұқағалида, Төлегенде, Жұмекенде, Жұматайда, Есенғалида тағы басқа қаншама ақындарда бар. Өнердің мұраты – ізгілікті ұлықтау, ұлттың ойын тереңдету, сезімін ұштау, адамның жанына жылу, санасына шуақ төгу, халқының рухани көшін ілгерілету десек, осы қастерлі мақсат Қасымды айрықша толғандырған, ерекше ойландырған.

Қасымның тұтас шығармашылығы, суреткерлік сапары – өлеңге қалтқысыз, адал, беріле қызмет еткен ақынның өнегелі тағдыры. Өлең өлкесіндегі, шамамен жиырма жылдай шығармашылық ғұмырында Қасым Аманжолов қазақ әдебиетіндегі өзінің қайталанбас тұлғасын жасады. Бұл оның ақындық миссиясын терең түсінген әрі орындап шыққан зор тұлғасы еді.

Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын,
Өртке тиген дауылдай өлеңімді,
Қасымның өзі емес деп кім айта алсын!
деп жасын жырларымен өзіне мәңгілік ескерткіш соққан шайырдың «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде…» деуі осы ақындық сапар – миссиясын терең ұғынуы болатын. Жалынды жүрек пен шынайы тілектен құйылған осы жырда Қасым – ақын да, Қасым – тағдыр да бар. Қасым есімін қазақ әдебиетінің, жалпы ұлттық мәдениетіміздің тарихында мәңгілік таңбалаған оның осы тұлғалық қасиеті, осы ақындық болмысы еді. Біз Қасым жөнінде сөз айтпақ болып, ақынның ғажайып жырларына оралып, оларды оқығанда оның ақындық тұлғасы өршіл өлеңінен асқақтап алдымыздан шығады. Заман тынысын, адам болмысын бейнелеген зор табиғи дарынның, бүгіндері аңызға айналған суреткердің мұрасы – Алаш сөзінің құдіреті жеткен аласармас биіктердің бірегейі. Қайшылығы мол, күрмеуі көп, қатал да қайырымды ХХ ғасыр қазақ деген халыққа алапат та әкелді, абырой да берді, азаттық та сыйлады. Қасым поэзиясы – ұлт тарихындағы осындай қайшылықты ғасырдың ең қиын шағының көркем куәсі, бедерлі бейнесі. Өмірде адамның рухани азаттығына, өнерде суреткерлік еркіндікке ұмтылған, нағыз ақындық тағдыр кешкен, сырлы сөздің мұраты мен сертіне жеткен «Аманжол – Рахымжанның Қасымының» асыл мұрасы бүгінгі азат елдің, тәуелсіз Алаш баласының бағалы да байтақ қазынасы. Қасым – халық пен өнер алдындағы өзінің миссиясын толығымен орындаған суреткер. Ал ұлы ақынды тану – бүгінгі және келер ұрпақтың парызы һәм миссиясы.

Ербол Тілешов


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика