«ЕР ЖҰМАБЕК ЕЛДІҢ ШЫН АРЫСЫ ЕДІ»

28 января 2019

Жұмабек ТәшеновКеңес Одағы кезінде орталықтың өктем саясатына қарсы тұрып, Атамекенін бөлшектетпей, қайсарлық көрсету екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес еді. 1960 жылдың соңында Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Танагүл ауылының тумасы Жұмабек Тәшенов осындай өнеге көрсетіп, Қазақ жерін қорғап қалмағанда біздің аумағымыз қандай болып қалар еді?! Ардақты азаматтың ерлікке пара-пар бұл ісі мемлекет тарапынан лайықты бағалануы тиіс.

Халқына жақсылығын аямады

Тарих Жұмабек Тәшеновтің туған жерге ғана емес, сонымен бірге ана тілімізге, қазақ баспасөзіне үлкен жанашыр болғанын біледі.
Тың игеру жылдары Солтүстік Қазақстандағы бес облыста облыстық газеттер жабылып, қазақ журналистердің жұмыссыз қалғаны да тарихи шындық. Сол жылдары республикалық қазақтілді басылымдардың да басына қауіп төнді.         Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Тәшеновтің қарсылығының нәтижесінде «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») және басқа да қазақ газеттерін жабылу қаупінен сақтап қалды.
Белгілі жазушы Садықбек ­Адамбеков кезінде жазған «Қайта соққан боран – замандастарым жайлы» атты мақаласында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті  Бюросының 1958 жылғы 28-шілдедегі «Қазақ әдебиеті» газетін жабу туралы мәселе қойылған отырысы туралы әңгімелейді. Осында Ж.Тәшенов солақай белсенділердің сой­қанды әрекеттеріне батыл соққы бе­ре­ді. Мәжілісте күнілгері дайындалып қой­ған, «шаш ал десе, бас алуға» ниет ет­кен қайсыбір жалаңқылышты жандай­шап­тар жарыса жамырап, мәселенің байы­бына бармай, Қазақстандағы қазақ ті­­лінде шығатын барлық газеттерді ­жауып, аударма басылымдарға айналдыру жөнінде ұсыныс жасайды. Тіпті сол тұста «Социалистік Қазақстанның» қарашаңырағын ұстап отырған Қ.Шәріпов өзінің «Казахстанская правда» газеті редакторының орынбасары болып қалуға да бейіл екенін білдіреді. Осы сәтте отырысқа қатысып отырған Жұмекең: «Социалистік Қазақстанды» ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не тантып тұрсың өзің!» деп дүрсе қоя береді. Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы ­Сырбай Мәуленов мінберге қарай сылбыр ­басып, түсі қашып бара жатқанда, әлі ашуы басылмай отырған Тәшенов: «Тайсақтамай, батыл сөйле! – деп, орнынан қозғалып қойды»  дейді. Ұзын-ырғасы үш сағатқа созылған талқылау барысында Ж.Тәшенов ұлт тіліндегі газеттерді жабудың негізсіздігін қисынды дәлелдермен дәйектеп, бірнеше рет сөз сөйлеген. Әлбетте, туған халқының, ұлт тілінің тағдырына араша түсіп, кемелділік танытып, өзінің нарлығын да, арлылығын да көрсеткен ардагер ағаның арқасында қазақ газеттері солақай саясаттың сойылынан сақталып қалғанына, тәуелсіздік алған мына заманда бұдан былай да сақтала беретініне тәубе деуіміз керек шығар («Қазақ әдебиеті» газеті, 08.08.1991 жыл).
Жұмекең қолында билік болғанда қазақтың барлық шығармашылық адамдарына, дарынды тұлғаларына пайдалы іс жасауға белсене кіріскен. Мәселен, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін жоғары деңгейде өткізуге үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей қазақ өнерпазына (Қ.Қуанышбаев, Р.Жаманова, Е.Сер­ке­­баев, Ш.Айманов, М.Төлебаев) ең жоғары атақ – КСРО Халық артисі атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенов үлкен қажырлылық көрсеткен. Осыдан кейін мұндай көлемде жоғары атақ алу қазақ топырағында бұрын-соңды болған емес. Тәшенов Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрғанда қазіргі Алматыдағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 120 пәтерлік үлкен заманауи үлгімен салынған үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізеді. Осы Қонаев көшесіндегі №135-үйді бүгінге дейін жұрт мақтаныш ретінде «Қазақ ауы­лы» немесе «Тәшеновтің үйі» деп атайды. Бұл үйге кірген атақтылардың ішінде Ілияс ­Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмаилова, Кәукен ­Кенжетаев пен ­Шабал Бейсекова, Жамал ­Омарова, Сейфол­ла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, жазушы ­Хамза ­Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, оқымыстылар Әбді Тұрсынбаев, ­Ермеков және т.б. болды.
Тәшенов қызмет еткен ­жылдары  одақтас республикалар Жоғарғы Кеңестерінің Төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары болып есептелетіндіктен, бір ай бойы кезекпен Мәскеуде қызмет ететін тәртіп болған. Жұмекең осы мүмкіншілікті халқының мүддесі үшін шебер пайдаланған. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының Лениндік сыйлыққа өтуіне де осы қызметі арқылы көп күш салған. Алматының ең үлкен көшесін Абайдың атымен атауды және көшенің ең төріне ақынның алып ескерткішін қоюды ұсынып, оған ақша жоқ деп қиынсынған жоғарғыдағы мәскеулік шенеуніктерге Тәшенов Тбилисиде – Руставелидің, Мәскеуде – Горькийдің, Ташкентте – Науаидің сондай ескерткіштері барын алға тарта отырып, ұтымды сөзбен ұғынықты дәлел келтірген көрінеді. Мәскеудегілер амалсыз мойынсұнып, Абайдың атымен көше атауға және алып ескерткіш орнатуға рұқсат берген екен.
Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының ­орынбасары қызметін атқарып отырғанда Украинаның бір белгілі ғалымы жазықсыз ­жаламен ату жазасына кесілгенде, Жұмабек Ахметұлы оның мәселесін әділетті түрде қайта қарап, Бас прокурорға тағы тексерткізіп, ақтап шығарған. Сол кезде Жұмекең Бауыржан Момышұлын үш рет, Рақымжан Қошқарбаевты бір рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Екеуін де өткізе алмады. Дей ­тұр­ған­мен, Б.Момышұлының алғашқы кі­­тап­та­ры­­ның жарыққа шығуына Жұмабек Ахметұлы себепкер болғаны бар­шаға мә­лім. Ол Алматы облысының Тал­ды­қорған ауданындағы еңбегі сіңген атақты колхоз төрағасы Нұрмолда ­Алдабергеновке екінші рет Еңбек Ері жұлдызын Мәскеудегі орталықпен таласып жүріп, алып берген (Көлбаев Т. «Сілтесең семсер, қорғансаң қалқан болған» мақаласынан, «Қазақстан-Заман»  2003ж, 14-қараша). Сол жылдары Ақтөбе облысының Алға ауданынан келіп, Алматыдағы студент баласының қазасына кезіккен соғыс ардагері Әли Едігеевке мүрдені алыс ауылына жеткізу үшін өзінің – Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің қызмет ұшағын ұсынған.
Ол жылдары жергілікті тұрғын халықтың мүдделері онша ескеріле бермейтін. Басшы кадрларды да Мәскеу тағайындайтын. Мәселен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші ­хатшысы Леонид ­Брежнев КОКП-ның ХХ съезінде КОКП Орталық Комитетінің хатшысы болып тағайындалған соң Алматыға келіп, Қазақстан Компартиясының бюросын өткізіп, онда Орталық Комитеттің бірінші және екінші хатшылығына И.Яковлев пен Н.Журиннің кандидатуралары ұсынылатынын хабарлайды. Бұған бюро мүшелері Д.Қонаев, Ф.Кәрібжанов, М.Бейсебаевтар үндемей, тұнжырап отырады. Мәскеуден келген Л.Брежнев енді бюро мәжілісін жапқалы жатқанда сол сәтте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Ж.Тәшенов сөз алып, былай дейді: «Құрметті Леонид Ильич! Аудандарда, облыстарда, орталық аппаратта, министрліктерде ­рес­пуб­ли­ка партия ұйымының екінші хатшысы қызметін атқара алатын лайықты кадрлар өсіп-жетілді. Міне, ортамызда Қазақстан Компартиясының  хатшысы Фазыл Кәрібжанов отыр. Оның басқалардан несі кем? Неге ол екінші хатшы болып істей алмайды деп ойлайсыздар? Мені осындай дайын жергілікті кадрларға осылайша менсінбей қарау таңғалдырады. Мен мұны қазақ кадрларына сенім көрсетпеушілік, оларды ашықтан-ашық кемсітушілік деп қабылдаймын. Партиялық биліктің бірінші және екінші хатшы қызметтеріне ұлттық кадрлар өкілдерін жібермеу белгілі дәстүрге айнала бастады» («Егеменді Қазақстан» газеті. 08.04.1995 жыл). Тәшеновтің аталған өткір, қатаң сынға салған сөздері расында да жоғары жаққа әсер етті де, кейін жылға жетпей Ф.Кәрібжанов екінші хатшылыққа сайланады. Араға тағы екі жыл салып Д.Қонаев Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болады. Осындай қолайлы жағдайлар енді облыстар мен аудандарға тарай бас­тайды. Осындай қозғалыстың алдыңғы сапында Х.Бектұрғанов – Ақтөбеге, А.Асқаров – Жамбылға, Е.Әуелбеков – Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеттеріне төраға болса, Б.Әшімов – Көкшетауға, О.Қозыбаев – Қостанайға екінші хатшылыққа өсіріледі. Осымен өмір өзінің табиғи арнасына қайта түсіп алға жылжи бастайды…
Ж.Тәшенов Республика Жоғарғы Кеңесіне Төраға болысымен аппаратты қазақтандыруға, жасартуға көп күш салды. Онысы нәтижесіз де болған жоқ. Мысалы, Кемел Тоқаевты «Социалистік Қазақстан» газетінде істеп жүрген жерінен Жоғары Кеңестің «Ведомость» журналының бас редакторы етіп алып келген де Ж.Тәшенов. Жұмекең Жоғары Кеңестен «Совминге» ауысқанда да осындай жаңалықтарды жасады, бас-аяғы бір жетінің ішінде 12 қазақ жігітін «Совминге» алғызады. Тәшенов Министр­лер Кеңесінің Төрағасы болып бас-аяғы он бір ай ғана істеді. Ал әлгі жігіттердің көпшілігі кейін министр болды.
Академик Б.Ермұқанов «Сіз бізге қар­­сы емессіз, сіз өз күйіңізді күйттейсіз» де­ген мақаласында мынадай тәмсіл кел­ті­ре­ді: ғұндардың ұлы мемлекетінің іргесін қалаушы Модэге (б.з.д. 209 ж.) дұшпандар келіп, одан сәйгүлік арғымағын беруді талап етіп, сонан соң ғұндардың аса сүйікті әйелдерінің біреуін алып кетуін емеурінмен білдіреді, ол сұрағандарын береді. Ал олар жердің бір бөлігін алғысы келгенде, ол ашуға булығып: «Жер – елдің тұғыры, оны қалай беремін?» дейді. Ол өзіне жерді беру жөнінде кеңес айтқандардың бәрінің бастарын ­шауып, жауына тарпа бас салып, оларды талқандаған. Одан әрі мақала авторы мына жайтқа назар аудартады: «… 60-жылдардың бас кезінде КОКП-ның Бас хатшысы Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей орталыққа бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Бағымызға қарай, осы сәтте Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына өжет басшы – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшенов батыл қарсы шықты. Орталық Комитет басшысы Хрущев Тәшеновтен пікірін сұрағанда, ол ашық өз қарсылығын айтты: «Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселені шешу түгілі, көтерудің өзіне қарсымын…» дейді. Бұған шамданып қалған Хрущев «КСРО – біртұтас мемлекет, сондықтан қай республикаға қандай жерді беру керектігін біз сізден, Тәшенов, сұрамай-ақ шеше аламыз!» дегенде, Тәшенов оған қарсы: «Олай болса бұл КСРО  Конституциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал онда әрбір республиканың аумағы оның бұлжымас меншігі делінген. Егер Конституцияның бұл талабы өрескел бұзылатын болса, біз Халықаралық ұйымдардың араласуын сұрауға хақымыз бар!» дейді тайсалмас­тан. Оның бұл сөздерін естіп, қатарлас отырған Д.Қонаев өзі Жұмекеңнің батылдығына таңғалғанын жасыра алмай, қонақүйге келе жатып: «Сіздің жүрегіңіз, Жұмеке, адамдікі емес, арыстандікі шығар» деген екен.

Ақыры Одақ басшысының бұл даурықпа дәмегөйлік пиғылы жүзеге аспай қалды. Ал Тың өлкесін басқарып отырған Т.Соколовтың 1960 жылдың аяғында Қазақ үкіметінің билігін мойындағысы келмей, қиқарланып, Мәскеуге бұра тартқанын естігенде, шыдай алмай күйініп кетіп, арнайы ұшақпен сол кездегі Целиноградқа Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жұмабек Тәшенов ұшып келіп: «Жолдас Соколов, келер жылдың бюджетін неге өткізбей отырсыңдар? Қазақстанға бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде бұл жерден табаныңды жалтырат! Есіңде болсын, Тың өлкесі ешқашан да Ресейге берілмейді, ана жақтағы бастықтарыңа да солай деп айт»  деген екен. Әрине, мұндай сөздерді жүрегінің түгі бар адам ғана айта алса керек.  Жалпы, Ж.Тәшенов қоғам ісіне өте берілген, өзіне тапсырылған жұмысқа жауапкершілігі күшті адам еді. Елім, жерім деп өмір сүрді, халқына жақсылығын аямады. Қандай мәселе де болсын әділдікпен қарап, белсеніп шығып, қызына сөйлеп, көзқарасын батыл қорғайтын. Ең үлкен дәрежедегі жиындарда өзі де пікірін ашық айтатын, өзгенің де жасқанбай сөйлеуін қалайтын.
Халықтың сүйсінгеннен аузынан тастамай айтып, түрлі аңыздарға айналдырып жүрген Ж.Тәшенов ерліктерінің бір парасы осындай. Халық пен туған жер үшін осындай ерліктер жасаған Жұмекең жоғарғы қызметтен 1961 жылы қантар айында босатылған соң, бес ай жұмыссыз отырып, кейін Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары қызметіне төмендетілді. Содан алпыс жасқа жеткенін күткендей, ол 1975 жылы наурыз айында мемлекеттік қызметтен шұғыл еңбегі сіңген дербес зейнеткерлікке босатылды. Жоғарыдан келген шешімге сәйкес заң бойынша берілетін 500 сом зейнетақы орнына оған тек 180 сом беретін болды. Кейін 60 жастағы Тәшенов Қаракөл ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ғылыми-техникалық орталық директоры қызметтерін атқарды. Ол бәрібір де ел ағасы болып танылып, халық құрметіне бөленді. Жанқиярлық еңбегі үшін Хрущев кезінде ­Ленин, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Соқтықпалы-соқпақсыз өмір жолын бастан кешірген аяулы азамат 1986 жылы қарашаның 18 күні 71 жасында дүниеден өтті.
Әр халықтың тарихы оның тұлғаларымен жазылады. Батырлық  – алдымен Жаратқан Иенің сүйікті құлына тартқан сыйы, туған халқы мен тұтам жерін сүйетін махаббаттан туатын ұғым. Қазақ халқы қаншама ғасырлар өтсе де, аруағын әрдайым ардақтап жүретін кемеңгерлерден ешқашан кенде емес. Әсіресе, аумалы-төкпелі, алмағайып аласапыран кезеңдерде туған еліне ес болып, бағыт-бағдар көрсеткен ұлы тұлғалардың жөні бөлек. 2015 жылы Ж.Тәшеновтің 100 жылдық мерейтойын республика көлемінде рухани жағынан жоғары деңгейде сән-салтанатымен атап өту қазіргі ұрпақтар парызы болмақ.

Ерекболат Кабылда

Найзағайлы нар тұлға

(Дастаннан үзінді)

…Тентек патша Никита тыңдасын ба,
Қазақ жерін алуға жүрді асыға.
Осы үшін өткізбек болды жиын,
Ақмолада алпысыншы жыл басында.

Қазақ елін осы үшін қырына алған,
Бос кінәлау, дәйексіз сынына алған.
Алты облыс астықты қарайтұғын,
Тың өлкесін осы үшін құрып алған.

Тентек патша ерген бос ұранына,
Ойға алғанын істемей тұрады ма.
Үлкен жиын өткізбек алу үшін,
Тың өлкесін Ресей құрамына.

Біліп пиғыл патшаның сырын да енді,
Күйініштен жүректер тілімденді.
Ақмолаға басшысы үкіметтің,
Осы үшін өзгеден бұрын келді.

Намыс оты бұрқанған нар тұлғалы,
Ер Жұмабек Тәшенов салқын қанды.
Жергілікті басшының бәрін жинап,
Жай-жапсарын бар істің айқындады.

Нар тұлғалы Тәшенов кесек үнді,
Қай істі де қаймықпай шеше білді.
Тың өлкесі басшысы Соколовқа,
– Тез бер, – деді, – қаржылық есебіңді.

Сүйенгені мықты боп сүйегені,
Маңғазданып Соколов шіренеді.
– Есеп беру, сұрау да, – деді астамсып,
Құзырына Ресей кіреді енді.

Астамсиды, бұл неге тасынады,
Аспандайды кімді бұл басынады.
Қабағынан қар жауып Тәшеновтің,
Жанарынан жалын, от шашырады.

Осындайды өзі де күтіп еді,
Бүлінгендей бір сәтке бүтін елі.
Тәшеновтің саңқ еткен даусынан,
Зал қозғалып, теңселіп, тітіреді.

– Көтеріліп биікке бір өркеші,
Еркінситін едің сен кім еркесі.
Айтар жерің бар болса, жеткізерсің,
Берілмейді ешкімге тың өлкесі.

Әңгіме де етпеңдер бүгін оны,
Осындайлар кейінде жиіледі.
Тыңдамасаң қазақтың үкіметін,
Біздің жерден біржола құры, – деді.

Бәрімізге бір міндет, талап деген,
Көп жайыңды бақылап, қарап келем.
Тыңдамасаң жалтырат табаныңды,
Осы үшін жиырма төрт сағат берем.

Қаһарланып бір сәтте қыран өңі,
Жасын ойнап жарқылдап шыға келді.
Маңғазсыған Соколов бүкірейіп,
Асқақ басын төменге бұға берді.

Тағы біраз сөздермен сілкіледі,
Ойға алғанын қашан ол іркіп еді.
Залда өлі тыныштық орнап қалған,
Жасын шашып, күндей боп күркіреді.

Бір от жайнап, жарқылдап жанарында,
Қара бұлт қонғандай қабағында.
Жиналғанның бәріне зілді үнмен,
Айтып жатты тапсырма, талабын да.

Шешілгендей болды өмір түйткілдері,
Шындық тағы шырқырап шықты ілгері.
… Ақмолада ең үлкен жиын да өтті,
Никита да өзін көп күттірмеді.

Бұғалықты құмартқан қайта ілуге,
Зымияндық жымиыс бар түрінде.
Тентек патша Никита хабарлады,
Өлке жайы бар деп күн тәртібінде.

Ұсынысы өзгеше, тосын әрі,
Ресейге өлке енді қосылады.
Бұл жөнінде пікірін айтсын деді,
Алдыменен басшылар осындағы.

Үнсіз, тілсіз зал тыншып, қатып тынды,
Ауыр салмақ арқаға батып тұрды.
Осы кезде залдан «Мен қарсымын» деп,
Ер Жұмабек орнынан атып тұрды.

Жалын атып, жарқылдап от жанары,
Бірде маздап, лапылдап, шоқтанады.
Үлкен залды зор үні сілкіндіріп,
Қардай сөзді боратты, тоқтамады.

– Ресейге өлкені қосу деген,
Қиын түйін күрмеуі шешілмеген.
Бар жүйені қазіргі бірден бұзып,
Өсу емес, қайта бұл өшу деген.

Не болады халық пен көп талабы,
Тұтас ұлт намысы тапталады.
Талқылау да бұл жайды артық қой, – деп,
Никитаға қадалды от жанары.

Сілкінгендей асыл жан тау тұлғалы,
Қаһарланып, қатты айтты, тартынбады.
Қып-қызыл боп Никита қалды үнсіз,
Жандырғандай жасын от жарқылдары.

Залда бұл кез бір сәтке тынып қалды,
Нар азамат бар жүкті иыққа алды.
Тентек патша жаутаңдап қарай берді,
Мәселе де шешілмей тұйықталды.

Асау толқын сәт болды дамылдаған,
Ала құйын басылды арындаған.
Ресейге қосылмай тың өлкесі,
Аман қалды Сарыарқа, сайын далам.

Адал елдің ақ жарма тілегі ме,
Асыл ердің қайтпас ер жүрегі ме.
Қасиетті жеріміз бөлінбеді,
Берілмеді өзгенің іреуіне.

Дәйім еріп жүретін иесіне,
Жанындағы жолбарыс киесі ме.
Қып-қызыл боп Никита қалды үнсіз,
Көз алартқан қазақтың үлесіне.

Қуантса да, тағдыры қинаса да,
Сырласа да алатын сыйласа да.
«Жүрек жұтқан, Жұмеке-ай, батырсың» деп,
Шын жүректен сүйсінді Димаш аға.

Ер Жұмабек жарқылдап жалындайын,
Деді қалай жөн іске бағынбайын.
Ел мүддесі талқыға түссе алайда,
Ештеңеден, Димеке, тайынбаймын.

Жағынарым, жоқ, – деді жалынарым,
Талаушыға қалайша табынамын.
Ел мүддесі жолында, Димаш аға,
Қай кезде де садақа жаным, арым.

Жатар ертең кім жақтап, кім кінәлап,
Жасалмады осылай бір қиянат.
Жарқылдаған жасын ер тұлғасына,
Димаш аға сүйсіне тұрды қарап.

Қараулықтың кім көрген қалғығанын,
Аярлықтың кім көрген айнығанын.
Тентек патша тынбады бұдан соң да,
Жасай берді сан айла, шарғыларын.

Бұзғаны үшін кек тұтпай шешімімді,
Жандай болып кең мінез, кешірімді.
Қызықтырып қызметке алмақ болып,
Ойлады енді жоғары өсіруді.

Бағалану қажет, – деп, – ер еңбегі,
Өзгешелеу өз ойын өнерледі.
Шақырамын жұмысқа Мәскеуге кел,
Басшылығын Кеңестің берем, – деді.

Жұмабек те ұқты оның ойлағанын,
Жоғарыға бастайтын жол да мәлім.
Алты бірдей облысты алу үшін,
Ұсынысын қалайда ол қолдағанын.

Басқыншының бар арман, бар қалауы,
Талап етіп, тайынбай, таңдағаны.
Қосып алу қалайда Ресейге,
Сары алтындай Сарыарқа, сар даланы.

Жайы мәлім өсіру, өрісінің,
Қалай сатар сол үшін жері, суын.
Тентек патша айтқан бұл ұсынысқа,
Ер Жұмабек бермеді келісімін.
Неге қажет зор бастық атанғаны,
Неге қажет Мәскеуге апарғаны.
Қызметтің аз күндік қызығы үшін,
Ер Жұмабек жер, суын сата алмады.

Тентек патша қолында тұрған бәрі,
Болмаған соң ойға алып, ұйғарғаны.
Тәшеновты қызметтен тастады алып,
Ол үшін еш ойланып, қиналмады.

Мүмкін де емес қызметтен түсірмеуі,
Астамшылық аз ұлтқа күшінде еді.
Облысқа жай басшы боп барса да,
Ер Жұмабек еңсесін түсірмеді.

Бағалайды ел әркез ер еңбегін,
Өрге сүйрер өжет өр өрендерін.
Сол жақта да Жұмабек Тәшеновтің,
Көрді халық құрметке бөленгенін.

Ер Жұмабек асыл жан дара туған,
Ар-намысын елінің ала туған.
Бұл жақта да аянбай қызмет етті,
Қызметі үшін халқының жаратылған.

Ел алдында қашан да адал ары,
Халық жүгін көтерген қара нары.
Еш қаймықпай ел үшін еңбек етті,
Ел де оны ардақтап, аялады.

Жанарынан жалпақ жұрт жарқыл көрген,
Жарқыраған секілді алтын көмбең.
Қызметінен асыл жан бір тыншымай,
Өтті өмірден ел, жұртым, халқым деумен.

Қажытты өмір боданды, боянбалы,
Кетті өзімен көңілде көп арманы.
Өзі талай аңсаған, армандаған,
Бостандығын елінің көре алмады.

Көре алмады азаттық таңы атқанын,
Шаттық нұрын далама таратқанын.
Ел бағына жаралған есіл ердің,
Аз жасапты ғұмырын Жаратқаным.
***
Тұлпар уақыт тына ма, тоқтала ма,
Содан бері талай жыл өтті арада.
Бір кез өзі күресіп алып қалған,
Өзгеріс те бұл кезде көп далада.

Аман қалдық дүмпуден, дүрбелеңнен,
Ірі ел болдық Одақтан ірге бөлген.
Қол жеткіздік әлемдік биіктерге,
Көтеріліп бір белес, бір белеңнен.

Тоқсаныншы жылдары теңдік алып,
Өз-өзіне келгендей енді халық,
Көгімізде көк байрақ көтерілді.
Жерімізге көп күткен келді жарық.

Еркін, азат ел болдық Елбасы бар,
Беделімді бір биік белге асырар.
Халық үшін жаралған қайраткердің,
Қыдыр бабам қадамын қолдасын әр.

Қуаныштан нұр енді кеудемізге,
Еркіндіктен күй енді пернемізге.
Қолын созып көрсетті қолдауларын,
Сан құрлықтан сан түрлі ел де бізге.

Тәуелсіздік арқамды сүйегенім,
Бейбітшілік, тыныштық тілегенім.
Жаңа ғасыр көгіне жайып қанат,
Жайнап өсіп, жаңарып, түледі елім.

Түлеп жатыр қырым да, қиырым да,
Бақыт, байлық нұр болып құйылуда.
Асқақтады мәртебем көтеріліп,
Туым биік тұр бүгін тұғырында.

Қабыл болып асыл ер бір тілегі,
Қайнады өмір қайтадан қыр түледі.
Ортасына арнаған Астана аты,
Сансыз елге жайылып, дүркіреді.

Қайта қайнап, қайта өмір қанаттанды,
Жаңа ұрпақ жайнатып, жаңартқанды.
Қарыштаған еркін ел қадамына,
Дүйім дүние көз жазбай қарап қалды…

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қызылорда

(«Ана тілі» газетінен)


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика