«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы»

23 ноября 2017

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу қарсаңында ағымдағы жылдың 22 қарашасында Достық үйінде «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, — деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі.

 Келелі басқосуға Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, ғылыми-сараптамалық тобының, Қоғамдық келісім кеңесінің және Аналар кеңесінің мүшелері, медиаторлар, студенттер, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталған шарада Қазақстанның қол жеткізген табыстары мен бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы Ұлт Көшбасшысы, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен Елбасының ролі жан-жақты әңгіме арқауы болды.

1991 жылдың желтоқсан айы. Қазақстан сан ғасырдан бері бабалардың арманына айналған тәуелсіздігін алып, өз алдына отау тікті. Әлемнің саяси картасында пайда болған осы бір жас мемлекеттік болашағына сол тұста күмәнмен қарағандардың қарасы қалың еді. Тіпті айтқаны мүлт кетпейтін саяси-көріпкелдердің көпшілігі, Қазақстан Орта Азиядағы ұлтаралық қақтығыстың «бомбасына» айналады деген болжамдарын келтірті. Олардың мұндай теріс ойда болуының басты себебі, кешегі ақ патшаның дәуірінде және берідегі қызыл террор тұсында Қазақстанның «Ұлттардың ұлы зертханасына» айналуы еді. Қуғын-сүргінге ұшыраған жүздеген ұлттың өкілдері қазақ даласына қоныс аударылып, осы жерде мәңгілік қоныс тепті. Тәуелсіздік алған тұста мемлекет құраушы ұлттың үлесі мен өзге ұлттардың үлесі тең түсті. Алайда әлемдік саясаткерлер ескермеген бір нәрсе – қазақ халқының  дархандығы еді.

Ұлтымыздың бойына ғасырлар бойына жиналған осы бір асыл қасиет көмек сұрап келген жандарды кеудесінен теппеді. Қайта жалғыз нанын бөліп беріп, үйі жоққа баспана бола білді. Осындай дархан көңілді ұлттың бар қасиетін бойына сіңіре білген Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мемлекеттің басшысы атанды.

Бодандық қамытын сыпырып тастаған елдердің көпшілігінде ұлтаралық татулықты сақтау күрделі мәселеге айналды. Тіпті біршама елдерде азамат соғысының оты тұтанып, соңы қырғынға да ұласып жатқан болатын. Ал Елбасымыз өзінің Президенттік өкілеттілігін қолына алған күннен бастап Қазақстандағы ұлтаралық және діни татулықтың сақталуына баса назар аударумен келеді. Өйткені ынтымақ, бірлігі жоқ елдің келешегі күңгірт болып келеді. Сол мақсатта әлемде теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазақстанда жүздеген ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрып жатыр. Барлығы тең құқылы. Өйкені бәрі де тәуелсіз Қазақстанның азаматтары. Олар мемлекеттің өсіп-өркендеуі жолында бірге еңбек етеді. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің көрегенді саясатының жемісі.

Дөңгелек үстелдің модераторы ҚММУ-нің әлеуметтік және тәрбие жөніндегі проректоры, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптама тобының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор В.Б.Молотов-Лучанский өз сөзінде: ҚР Президентінің Республика алдындағы жетістіктерін атап мойындау үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мемлекеттік мереке ретінде құрылды. – деді.

Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен 20 жылдан сәл-ақ астам уақыт  ішінде буыны енді беки бастаған ел әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын да паш етіп отыр. Оның жарқын дәлелі 11 жылдық тоқырауда болған ЕҚЫҰ саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырып, Азиада ойындарын өткізуі, сонымен қатар көптеген халықаралық шараларға ұйытқы болуы, алдағы уақытта ЕХРО-2017 көрмесін өткізетіндігі дәлел бола алады. Міне осындай ауқымды шаралардың басы-қасында жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен екендігі сөзсіз. Сондықтан да 2011 жылдан бастап 1 желтоқсан Қазақстан Тұңғыш Президенті күні мерекесі кеңінен аталып өтуде.

Өйткені, сондау 1991 жылдың 1 желтоқсан күні тәуелсіз Қазақ елінде алғашқы президенттік сайлау өтті. Тәуелсіздік бастауындағы жалпы халықтың сайлауда   Нұрсұлтан Назарбаев  халықтың зор сенімімен, яғни сайлаушылардың 98,78 пайыз дауысымен жеңіске жеткен еді.

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ «Философия және психология» факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы Б.И.Кәрібаев өз ойын  әйгілі ойшыл Т.Карлейльдің «Барлық өркениет тарихы, заманындағы аса көрнекті тұлғалардың тарихына тікелей байланысты. Олардың өз заманынан озық туғандығы, алдағы кезеңдер болмысын тамыршыдай тап басып тани білгендігінде», — деген сөзімен бастап, тәуелсіздік алған жылдардағы ішкі және сыртқы саясаттағы қиын-қыстау шағын заманда Елбасы тәуелсіз, дамыған демократиялық мемлекеттік құрылуындағы жауапкершілікті өз мойнына алып, экономикасын көтеріп, мемлекеттің тұтастығын сақтап, шетелдегі оң имиджін қалыптастырды. Осыған орай, Н. Ә.Назарбаевтың арқасында Қазақстан өзінің жалпы орны бар, халықаралық лайықты ел болып, бүкіл әлемде танылған мемлекет деп сенімділікпен айтуға болады — деп өз ойын ортаға салды.

Расымен де, қазір Қазақстанды әлем таниды. Біз ширек ғасырдың ішінде өзімізді мойындата білдік. Әлем тарихын ашып қарайтын болсақ, осындай қысқа уақыттың ішінде биік орындардан көрінген мемлекетті таба қоюыңыз қиын. Біз азаттық жылдарында қандай жетістіктерге қол жеткіздік? Мұның бәрі елі сүйген, елін сүйген Елбасымыздың қажыр-қайратының арқасында қолжеткен жетістік емес пе?!

Кездесу барысында «Нұрлы білім» ҚБ теологі А.Абдрашов өз тұжырымында: Елбасының сындарлы саясаты арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша моделі жасалды.

Елімізде Конституцияда бекітілген діни сенім бостандығы мен дінаралық диалогты жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Қазақстан Республикасы — мәдениеттермен діндердің жақындату процесінің бастамашысы болды – деп атап өтті.

Отырыстың соңында жиынға қатысушылар пікір алмасты, сонымен қатар, дөңгелек үстел жұмысына белсенді қатысқандарға Алғыс хат табысталды.

«Қасым-ақпарат»

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика