ЕЛДІ ЕЛЕГІЗІТКЕН ЕЛЕС КЕМЕЛЕР

15 Шілде 2017

Біз саналы өркениетте өмір сүрсек те, қойнауына сырын бүккен талай тылсым дүниелерге әлі тамсанумен келеміз. Шын мәнінде бұл орын алған оқиға ма, жоқ әлде адам баласының ойдан шығарып алған қияли әлемі ме? Десек те, қызғылықты жайт екені рас. Енді ше…

Өзіңіз де көз алдыңызға елес­тетіп көріңізші, көк мұхитта алып кеме жүзіп бара жатса… Ішінде бір адам жоқ. Басқарусыз кетіп бара жатқан кеме сәлден соң көзден ғайып болды. Бұл бір жылдарда жоғалған кеме болуы да мүмкін. Неге қайтадан пайда болып, анда-санда көзге түсіп қалады? Мұның сыры неде? Елді елегізіткен елес-кемелердің ендігі сырын кім анық­тайды? Сауал көп, бірақ мұндай тосын оқиғалар туралы әлемдік БАҚ әлі жазып келеді. Негізі құпиясын қойнына бүгіп жатқан тылсым дерек мәлімсіз болып қала беретіні тағы ақиқат. Сарапқа салсақ, Жер шарының 70 пайызын көк мұхит алып жатыр. Із-түссіз жоғалған кемелер немесе адамдары қайда кеткені белгісіз, су бетінде көк жал толқынның айдауымен қалқып келе жатқан кешегі ке­мелердің жайын бүгін ешкім де айтып бере алмайды. Демек мұхит өмір бойы құпиясын ішіне бүгіп қала береді.
Әрине алғашқыда елес-кемелер туралы әңгіменің барлығы ойдан шығарылған» деген пікірлер болды. Орын алған оқиғадан кейін ғана адам баласы оған сене бастады. Бірақ бір ғана мысал, Sea Bird желкенді кемесінің жайы кімді де болса толғандырмай қоймайды. 1750 жылы Джон Хаксхэмнің басқаруымен АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы су айлағынан шыққан сауда кемесі бірер күн өткеннен кейін із-түссіз жоғалған. Тек қана Гондурастың маңынан өткеннен кейін олардың Ньюпорт қаласының маңындағы портқа тоқтайтыны алдын ала мәлім болған. Ары қарайғы оқиғаны ешкім болжап бере алмайды. Ке­йіннен зерттеу барысы көрсет­кендей, желкені керілген кеменің ішінде ешкім қалмаған. Тек қана бортта мысық пен иттің тірі қалғаны анықталған. Жартылай ішілген тамақ пен кофеге ешкім де тиіспеген. Сонда экипаж мүшелері қайда кетті, мұны ешкім айтып бере алмайды. Бұл оқиға туралы 1885 жылы Sunday Morning Star журналында кеңірек жазылды.
Мұндай оқиғаларды тізбектей берсек, өте көп. Бірақ әрқай­сы­сының тағдыры әрқилы. Мы­салы, «Мария Целеста» желкенді қа­йығының оқиғасы да жұртшы­лыққа мәлімсіз күйінде қалды. Алға­шында «Мария Целеста» деген атпен белгілі болған желкенді кеме теңіз бетінде әртүрлі тосын оқиғаларға тап бола бергесін, оны америкалық кәсіпкер сатып алып, «Амазонка» деп атын өзгертті. Бірақ атауы өзгергенмен, оның тағдыры қайғылы оқиғамен аяқталды. 1872 жылдың 7 қараша­сында Нью-Йорк портынан шық­қан «Мария Целестаның» бор­тында 13 экипаж мүшесі болған. Италияның Генуя қаласының маңына жақындағанда желкенді қайықтың бос, басқарусыз келе жатқаны байқалған. Капитан Бритс пен оның әйелі және қызы сонымен қатар, 10 матростың қайда кеткені белгісіз. Мұны желкенді қайықтың жанынан өтіп бара жатқан «Деи Грация» алып кемесіндегілер байқап қалған. Зерттей келе анықталғаны, «Мария Целеста» – «Амазонканың» ішіндегі жүктің мұрты бұзылмай тұрғаны жұртшылықты қайран қалдырған. Нью-Йорктан шыққан сауда кемесіндегі толы спиртке де ешкімнің қолы тимеген. Барлық зат өз орнында. Тіпті капитан Бритстің зайыбының қымбат әшекейлі бұйым­дарына да тиіспеген. Іс тігетін машинканың алдындағы көйлек те жартылай тігілген күйі қалған. Сонда экипаж мүшелері қайда кетті, оны ешкім айтып бере алмайды. Мүмкін олар корабльді өз еркімен тастап кеткен шығар, бірақ не себепті? Кейіннен ағылшынның адмиралдар кеңесі оқиғаны түбегейлі зерттегенімен, қандай да бір ортақ тұжырымға келе алмаған. Сонда мыңдаған шақырым басқарусыз жүзіп келген кеменің жұрты қайда? Ондаған жыл өткен соң ғана аяқ астынан «Амазонка» кемесінің адамдары пайда бола бастады. Бірақ зерттей келе олар экипаж мүшелері болмай шықты. Десек те, «Мария Целеста» – «Амазонкаға» қатысты бол­жамдар баршылық. Сондай пікірлердің біріне назар аударар болсақ, кеме суасты жанартауына тап болған. Одан құтылу үшін экипаж мүшелері құтқару балон­дары арқылы жақын маңдағы аралға жетпекші болған. Сөйтіп барлығы да алып киттердің жеміне айналған. Басқарусыз қалған кеме толқын мен желдің екпінімен жүзіп кете берген. Әрине, бұл сенуге мүмкін боларлық жора­малдардың бірі ғана.
«Дженни» кемесінің тағдыры қызық, бұл да ұзақ жылдар бойы елес кемелердің тізіміне кірген. 1822 жылы Антарктидаға қарай жолға шыққан кеме Дрейк бұға­зына келген тұста көпқабатты мұзға тап болып, ары қарай жүре алмаған. 1840 жылы «Надежда» мұз жарғыш кемесі Антарктидаға бет алған кезде мұз құрсауында тұрған «Дженниді» көреді. Сөйтіп елес-кеме 17 жылдан кейін табылды. Өте төменгі температураның се­бебінен болса керек, кеме палуба­сында өлі күйінде жатқан адамдардың денесі сол күйінде сақталған деседі. 1862 жылы «Дженнидің» өкінішті аяқталған тағдыры туралы немістің Globus журналы кең көлемде мақала жариялады.
Дәл осындай оқыс оқиға «Ок­тавиус» кемесінде де орын алған. Әрине адам таңқалатын жағдай десек те, мұны ешкімнің басына бермесін. 13 жыл бойы кемедегі өлі адамдармен бірге теңіз бетінде тұрған кемені ең алдымен кит аулау­шылар кезіктірген. 1762 жылы кеме капитаны қысқа жол­мен Қытай арқылы Англияға Солтүстік мұзды мұхит арқылы өтпек болып, мұзға тірелген. Уақытты үнемдеу үшін қайтадан Америкаға қарай бағыт алған. Мұзды мұхиттың солтүстік-батыс бағытымен өтпек болғанда, тағы да алып мұз құрсауына ілік­кен. Ары қарай жүруге еш мүм­кіндік болмаған. Ақыры күннің өте суықтығынан кемедегілердің барлығы да жан тапсырған. Ең соңғы тірі қалған адамның қол­жазбасы олардың осы жерден мәңгілік тұрақ тапқанын дәлел­дейді. Бірақ біраз уақыттан кейін күннің біршама жылынуы себеп болса керек, кеме 1775 жылы Грен­лан­дияның жағалауынан табылған. «Октавиустың» ішін зерттеп қара­ғанда, капитан столға күнделік жазып отырған күйі өмірден өтіп кеткен. Сөйтіп, 13 жылдан кейін ғана елес-кеме елдің есіне түскен.
Жалпы теңіз жолында аңызға толы мұндай әфсаналар өте көп. Бірақ қайсысы шындыққа жақын, ол жағын енді айыру қиын. Десек те, теңіз саяхатшыларының ішінде «Ұшқыш голланд кемелері» туралы әңгіме өте көп. Атау қалай пайда болды, бұл енді екінші мәселе. Алайда аты аңызға айналған елес-кемелер теңіз бетінде ұшыраса қалса, саяхатшылар оны жақсы ырымға баламайды. Бір қызығы, адамның үрейін ұшыратын мұндай елес-кемелер жағалауға жақында­майды, теңіздің немесе мұхиттың орта тұсында қалқып жүре беретін көрінеді. Ең бір қиыны, «Ұшқыш голланд кемесі» қарсы келе жатқан корабльдерге үнемі өлім хабар­шысы туралы дабыл беріп отырады екен. Сондықтан да теңіз саяхат­шылары елес кемеге барынша кездеспеуге тырысады екен.
«Ұшқыш голланд кемесі» туралы аңыз капитан Филипп Ванн Страатеннің есімімен тікелей байланысты. Голландық теңізші 1700 жылдары Үндістан құрлығы маңайындағы теңіз аумағында келе жатып, кемедегі жас қыз бен жігітке көзі түседі. Капитан қызды қатты ұнатып қалады, оған сөз салады. Мұны біліп қойған қыздың жігіті капитанды жекпе-жекке шақырады. Капитан жігітті атып өлтіреді. Бұл қорлыққа шыдамаған ару кемеден секіріп кетеді. Оған қатты назаланған капитан штур­манмен сөзге келіп қалады және кемеде өзіне қарсылық танытқан­дардың барлығын да атып өлтіреді. Сол арада қатты дауылға тап болып, кемеде жалғыз өзі қалады. Ақыры капитанның өзі де өледі. Бірақ «қарғыс тиген кеме» дауыл мен жауындарға төтеп беріп, осы­лай теңіз бетінде жағалауға жақын­дамай, жүре беретін болған деседі. «Ұшқыш голланд кемесі» туралы әңгіме ең алғаш рет 1795 жылы шыққан «Ботаникалық шығанаққа саяхат» атты естелікте айтылады.
Baychimo кораблі туралы әңгіме де оқта-текте естіліп қалады. 1911 жылы Германия сауда компаниясының тапсырысымен Швецияда жасалған кеме 1911 жылдан бастап 20 жыл бойы Еуропа қалаларына теңіз арқылы былғары тасыды. 1931 жылы қазан айының аяғында Алясканың Барроу қаласының маңында мұзды құрсауға тап болып, кемедегілер бір ай бойы аралды мекендеуге мәжбүр болды. Бірақ олар бір айдан кейін, 24 қараша күні кемеге қайта келгенде Baychimo өз ор­нында болмай шығады. Бірақ бірнеше күн өткеннен кейін теңіз мысығын аулаушылар оны өздері тұрған жерден 45 миль қашық­тықтан көргенін айтады. Baychimo-ға қатысты аңыз мұнымен бітпейді. Арада 40 жыл өткен соң осы кемені Канаданың солтүстік жағалауынан көргендер табылды. 2006 жылы Алясканың құтқарушы зерттеу­шілері «Арктиканың елес кемесі» атанған Baychimo кораблінің ізіне түскенімен, оны табу әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр.
Мұндай оқиғалар тізбегі еш­қашан толас тапқан емес. Бірақ өкініштісі, оқиғаның көбі қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. 2007 жылы Словенияның 70 жастағы саяхатшы шалы Юре Штерк өзінің «Лунатик» деп аталатын шағын кемесімен Жер шарын теңіз беті арқылы айналып шығуға бел байлайды. Ол ең соңғы рет байла­нысқа 2009 жылдың 1 қаңтарында шығады. «Лунатикке» мінген шал ай кезіп кетпеген шығар. Бірақ Юре Штерк қайда жоғалды, оны ешкім де білмейді. Тек бір ай өткеннен кейін оның қайығы Австралия жағалауынан табылды.
Міне көк мұхитта қалқып бара жататын елес кемелер туралы аңызға бергісіз ақиқаттың кейбір деректері осы. Бұдан шығатын қо­рытынды не? Кемедегінің жаны – бір. Сондықтан теңіз дауылына тап болғандар әрине жанкешті өмірді басынан өткізеді. Олар өз-өздерін мұхитқа лақтырған болар? Сөйтіп тезірек өлімге асығу үшін көк киттер, акулалар мен теңіз жырт­қыштарының жеміне айнал­ғысы келген болар. Бірақ олар жан­кешті өмірді өз жанымен қалады. Басқалай таңдау жасауға мүмкіндігі де болған жоқ. Басқарусыз кеткен кеме елеске айналып елдің есінде жаңғырып қала береді…

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Айқын» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика