Еламан Әмірғазы: Жұлынып жаннан қара өлең…

15 Маусым 2018

Əмірғазы Еламан Ұзақұлы – Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында 1996 жылы 6-шы мамырда дүниеге келген. Балалық шағы Сарыөзек кентінде өткен. ҚарМТУ түлегі. Өлеңдері «Өр рухты жастар», «Өлең – сөздің патшасы» жыр жинақтарына енген. Облыстық Абай оқуларының жеңімпазы. Республикалық Ж. Нəжімедденов оқуларының жүлдегері.

Өлеңді жазу бар да, өлеңді шығару бар. Соңғысы – құрау. Жасандылық. Жасандылық – әдебиетке, әсіресе поэзияға жат ұғым. Өлең – мөлдірлігімен, тазалығымен құнды. Тым биікпен тұңғиықтың ортасындағы перизат перде – поэзияда мың өлең жазып түк бітірмеуге, бір өлең жазып атын қалдыруға болады. Тазалығымен, мөлдірлігімен, түсінікті түсініксіздігімен дараланатын өлең – Еламанның өлеңі. Арғысын оқырман айтсын…

 

 

Шыдас бермей жүрсең егер наз-мұңға,
Өміріңе өкпелеме, жазғырма.
Солғын тартқан салқын күні болады,
Жадыраған жылы шырай жаздың да.

Келгеннен соң «Өмір»- дейтін айдынға,
Болар сірә, қуанышпен қайғың да.
Басым болып жатса егер екінші, Сүріндің бе?
Құладың ба?
Тайдың ба?

Сезінгенде қиындықтың ауырын,
Жығылдың ба?
Жер құшты ма жауырын?
Өмір деген арпалыстың алаңы,
Қатар тосқан шуағы мен дауылын.

Қатар тосқан ағы менен қарасын,
Бақыт, шаттық, қайғы-мұңын, наласын.
Өмір сенің сұрауыңды бермейді,
Сен өмірдің ұсынғанын аласың.

Қояр бәлкім,
Сынын артып, мұң артып,
Шыңға шығам десең дағы мұнартып.
Жаратқаным біледі ғой шамаңды, Көтермесең,
Жүк салмайды тым артық.

Ал қанеки!
Көтер енді еңсеңді.
Уақытың бар бұл өмірде өлшеулі.
Жігерсіздік танытқанның шын сында,
Іргетасы ақау берді,
Теңселді.

Сен алайда,
Болма ондай қатардан.
Сенде сірә, Жат тіршілік, жат арман.
Түн орнаған болса бүгін көгіңде,
Ал ертең-ақ,
Күлімсіреп атар таң.

Сондықтанда,
Күн кешпегін өкпелі.
Жолығада сан белестің өткелі.
Шыдай білсең,
Төзе білсең бәріне,
Бақыт тұрар,
Сені тосып шеткері.

Йя, солай…
Бәрі өмірде өтпелі.
Болсын мейлі,
Асатын тау, басатын қыр,
Көп белі.
Әрбір істің бір қайыры болардай,
Әрбір қыстың, бар өзіндік Көктемі!

Өткен күннің елес беріп еңсесі,

Жек көрудің алдындағы жеңісім.
Өзіңді ойға аламын да,
Мен сосын,
Алматыны сағынамын сен үшін.

Есіңде ме?
Махабаттың көктемі,
Көрікті еді, көркем еді,  шырайлы.
Сендей сұлу гүлге толы бөктері,
Алматыны сағынғаным ұнайды.

Ару қала еншісіне байланған,
Мендегі сол сезімдердің төресі.
Сəттерімде сені ғана ойға алған,
Алматыны сағынамын неге осы?

Тыныштыққа жұтылып төңірегім,
Көз алдына келтірем өмір өңін.
Кімдер үшін айналдым қуанышқа?
Кімдер үшін біржола өліп едім.

Сезімінен, сенімнен, санасынан,
Шырқатылды кімдермен жарасып əн?
Кімдер үшін ақ едім, адал едім,
Жаңа туған сəбидей анасынан.

Кімдер келіп жаныма сыр ақтарды,
Кімдер қойды қисынсыз сұрақтарды.
Кімнің барып көзінің жасын сүрттім?
Қаншама ару мен үшін жылап қалды…

Қанша жанның үмітін арқаладым,
Орындадым кімдердің бар талабын.
Кімдер үшін маңызды жүректегім?
Кімдер үшін маңызды қалтадағым?

Себеп болдым біреуге тілдеу үшін.
Болдым бəлкім біреуге гүлдеу үшін.
Қияметке барғанда білеміз ғой,
Кімдер үшін жəне де кім мен үшін?

Гүл өңді көркем, гүлдей қыз
Гүлменен тапқан жарасым.
Сұлулық тұнып тұр дейміз
Көздердің ақ пен қарасы.

Көздерім солай деседі,
Жүрекке келіп ой салып.
Раушандар жайнап өседі,
Тек əсем бақта бой салып.

Сол бақты жүрер қарайлап,
Гүл өңді көркем сол қызды-ай,
Шуағын төксе арайлап,
Жарқ ете қалар жұлдыздай .

Қарарсың қалай тамсанбай,
Теңеуі болса жұлдыздар.
Болмысы нəзік раушандай,
Гүл өңді көркем бір қыз бар.

Жұматай жүрек жыр еткен,
Лəйлə ма ең меңді сұлулық?
Қара шашыңдай түнектен,
Жарық əлемді ұғынып.

Жұлынып жаннан қара өлең,
Бағаңды сенің биіктеп.
Ақ жүзіңдегі қара мең,
Жүрекке түскен күйік па еді?

От жалын менің ғаламым,
Бұл күні бəлкім мəңгілік.
Айлы түн сенің жанарың,
Жұлдызы жүрген сəн құрып.

Сезіну, сүю көркемді,
Болмысы күллі шайырдың.
Жалыныңменен өрте енді,
Өртенуге де дайынмын.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика