​Атырау облысында 140 млрд теңгенің 5 ЭКСПО жобасы жүзеге асуда

20 октября 2017

Қазіргі уақытта «ЭКСПО-2017»-нің тағы да 23  жобасын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы бүгін, 20 қазанда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте айтты
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Атырау облысынан 82 902  адам барған. (Жоспарланғаны – 65 мың адам). Оның ішінде мектептер мен колледждердің 13 000 оқушысы және оларды алып барған 2000-нан астам мұғалім мен медицина қызметкерлері бар.   Бұл — республика бойынша жоғары көрсеткіш.
Атырау облысы әкімі қазір аймақта «Жасыл энергия» технологиясы бойынша жалпы сомасы 140,218 млрд теңгенің 5 жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Олардың бәрі де ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде назарға ұсынылды. ЭКСПО-2017-нің тағы да 23 жобасын қолданысқа енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер бойынша аймақта 1,6 млрд теңгеге 106 жоба жүзеге асырылатынынан хабардар қылды. Оның 1,088 млрд теңгесі – кәсіпкерлердің демеушілік қаражаты.
Айта кету керек, 2017 жылы Атырау облысында 1-4 сыныптарда оқитын 54 418 оқушының барлығы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары тегін ыстық тамақпен қамтылды (2014 жылы – 42480, 2015 жылы – 48148, 2016 жылы – 51143). Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 2 135,8 теңге (2014 жылы – 1204,324, 2015 жылы – 314,234, 2016 жылы – 1195,0 теңге) бөлінді.
Ағымдағы жылы ҮИИДБ аясында Атырау облысында жалпы сомасы 5 млрд теңге болатын 5 өндірістік жоба жүзеге асырылады, оның 4 жобасы іске қосылып, 299 жұмыс орны құрылды. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 1 792,5 млрд теңгені құрады.
Шағын және орта бизнес саласында 43 142 субъект тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 106 пайызға артты. 2017 жылдың қаңтар-маусым айларында ШОБ саласында өндіріс көлемі 53,3 %-ға өсіп, 655,2 млрд теңгені құрады. Салада 121,4 мың адам жұмыспен қамтылған.
 
​Брифинг кезінде белгілі болғандай, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жалпы ауданы 135,6 мың шаршы метр 675 пәтерлік 13 үй пайдалануға беріледі, сонымен қатар жалпы ауданы 92,3 мың шаршы метр болатын 1332 пәтерлі 24  несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Атырау облысында 2017 жылы 497,9 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 136,8%-ға артық.
​Жол құрылысы жайы да  айтылды. 2017 жылы аймақта 296,6 км жол салынды, оның ішінде Атырау қаласында – 236,6 км.
​Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ, Telegram қосымшасында «Атырау облысы әкімдігі» чат-арнасы ашылғаны туралы да айтты.
​-Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын басшылыққа ала отырып, ашық әкімдікті қалыптастыруға қадам жасадық, — деді Нұрлан Ноғаев. – Чат-арна биыл 7 қыркүйекте ашылды, ол тұрғындардың мемлекеттік органдарға жолдаған ұсыныстары мен сұраныстарына жедел жауап қайтаруға бағытталған.
​Облыс әкімінің айтуынша, чат-арна жұмысын бастағалы бері 1000 –ға жуық сауал келіп түскен. Қазір топта 900 адам бар. Бір сауалды өңдеп, шешу үшін 1-2 жұмыс күні кетеді. «Смартфон әр адамда бар қазіргі кезде мұндай қадам халықтың билік органдарына деген сенімін арттырады, жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді»- деді Н.Ноғаев.

Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика