СҮЙІНШІ! Енді Қазақстанның өз Google-і бар

13 апреля 2017

Қарағандылық IT-мамандар Yandex пен Google-дің негізінде  Yuwert.kz жобасын жасап шықты. Бұл — алғашқы қазақстандық іздеу жүйесі болмақ. Осыған дейін елімізде ресейлік  Yandex  пен америкалық Google үстемдік құрып келген болатын. Енді жоба авторлары Қазақстан нарығынан шетелдік алпауыттарды  ығыстырып, өз үстемдіктерін орнатпақ. Бұл үшін жоба авторлары   Yuwert.kz іздеу жүйесін қолданған азаматтарға белгілі бір соммада қаражат төлеп отырмақ. 

«Бұл жобаның ешқандай жобаға ұқсамайтынын, өз бағытындағы тың идея екенін біз авторлық құқық арқылы да дәлелдеп үлгердік. 2 жыл бойы талқыда жатып, міне таяуда ғана анықталды, қорғалды. Осы орайда бұл неліктен мұнша уақытқа созылды деген заңды сауал туындайды. Бір қызығы мұны дәлелдей алатын IT мамандар елімізден табылмады. Сондықтан барлық құжатты біз Ресейге жібердік. Нәтижесі көңілден шығып отыр. Енді басты сауалға жауап берейін. Неліктен ерекше? «Yuwert.kz» тұтынушының жағдайын бірінші орынға қойып отыр. Оның іздеу механизімі бір бөлек әңгіме. Бұл тұрғыдан оның Yandex пен Google-ден еш айырмашылығы жоқ. Айырмасы, егер сіз «Yuwert.kz»-ті қолдансаңыз біз сізге ақша төлейміз. Тұтынғаныңыз үшін ғана. Тек тіркеліңіз. Сонда сіздің шотыңызға іздеу жүйеміздің атынан белгілі бір мөлшерде ақша түсіп отырады. Бір ай ішінде қолдануыңызға байланысты қолданатын бірлігіңіз бен ғаламтордың айлық салымын жабуға жетерлік қаражатыңыз болады. Демек сіз «Yuwert.kz»-ті қолдансаңыз, ғаламторыңыз тегін болады. Біздің басты мақсатымыз осы. Егер осы қарқыннан таймасақ жаздың екінші айында біз жұмысымызды бастап кетеміз», — деді жоба жетекші Ренат Хисамов.

Аймақтық «Арқа ақшамы» газетінің  хабарлауынша, IT-мамандардың  жұмысына басты кедергі келтіріп отырған мәселе инвесторлар тапшылығында. Яғни қазақстандық бай-манаптар интернет жобаларға ақша құюдан тайсақтайды. Ал шетелдіктер инвестиция құюға дайын болғанымен, олардың талаптары бұл өнімнің отандық болуына кереғар әсерін тигізеді. Сондықтан да жоба авторлары негізгі қаражат көзін жарнама берушілердің есебінен толықтыруды көздеп отыр. Бұл еліміздің экономикасына да оң әсерін тигізеді. Өйткені қазір қазақстандық кәсіпкерлер шетелдік іздеу жүйлеріне ақша құйып, жарнама беріп отыр. Ал олар бұл табыстарынан ел үкіметіне салық төлемейді. Яғни қыруар қаржы сыртқа кетіп жатыр деген сөз.

Қызықты деректер қиындылары:

«Yuwert.kz» – бұл сөз ешқандай мағына бермейді. Қай тілде болмасын. Жобаның авторы Ренат Хасимов бұл әріптер жиындысын тұтынушы ыңғайы үшін жасаған. Үш-төрт рет қолданған адамның қолы жаттығып, сол қолымен лезде жазып шығара алады.
«Yuwert.kz» – жарнамасы да ерекше болмақ. Осы орайда Ренат Хисамовтың айтуына сүйенсек, студенттер арқылы, аудиторияға түсіндіру арқылы жүзеге аспақ. Бұл Марк Цукербергтің «Фейсбукті» таратудағы жолына өте ұқсас.
«Yuwert.kz» – сіз қолданғаныңыз үшін сізге ақша төлейтін алғашқы жоба.
«Yuwert.kz» – Қарағанды қаласын Қазақстанның ІТ астанасы қылмақ. Мұның авторлары, қолдаушыларының барлығы Қарағанды қаласының тумалары. Бұл күнде Алматы, Астана қалаларына шақырту алған. Алайда идея авторлары Қарағандыдан кетпейміз деп отыр.
«Yuwert.kz»-тің авторы ең күрделі дүние ең оңай жерде жасырынғанын айтады.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика