Экология министрлігінде Министрдің Қоғамдық кеңес алдында есеп беру кездесуі өтті

28 мая 2020

Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес алдында өткен есептік кездесу барысында Экология министрі М.Мырзағалиев Министрліктің алғашқы жылғы қызметінің қорытындыларын және 2020 жылға арналған негізгі міндеттерін атап өтті.

Министр Министрліктің қызметі мынадай стратегиялық бағыттар бойынша құрылғанын атап өтті: қоршаған ортаның сапасын жақсарту, аумақтың геологиялық зерттелуін арттыру және минералдық-шикізат кешенін толықтыру, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, су ресурстарын жандандыру мен ұтымды пайдалану.

Өз баяндамасында ол әрбір басым бағыт бойынша жалпы жағдайды егжей-тегжейлі ашып, елдегі жалпы экологиялық жағдайды жақсарту мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Есеп беру барысында экологиялық заңнаманы жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстарға баса назар аударылды. Ол Экокодекстің жаңа жобасы сарапшылар мен жұртшылықпен бірлесіп белсенді талқыланғанын және пысықталғанын атап өтті. Жұмыс тобы құрылып, оған түрлі салалық қауымдастықтар мен жұртшылықтың 200-ден астам өкілдері кірген.

Министр ең озық қолжетімді технологияларға (ОҚТ) көшу тетігін енгізуге, оларды пайдалану қоршаған ортаға шығарындылардың көлемін азайтуға мүмкіндік беретініне ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Экология министрлігі 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірледі. Мұнда аз зерттелген шөгінді бассейндердің мұнай-газ әлеуетін анықтау және тау-кен аудандары шегінде «терең горизонттарды» зерделеу көзделеді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру 2025 жылға қарай қол жетімді (1,25 млн.км2) аумақтың зерделенуін ағымдағы 25%-дан 37%-ға дейін арттыруға, ҚПҚ-да шамамен 40 перспективалы учаскелерді анықтауға, көмірсутектердің болжамды ресурстарын бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірлік іздеу және барлау сатыларын ғылыми-зерттеу және талдамалық сүйемелдеуге баса назар аударылатын болады.

Еліміздің су қауіпсіздігі мәселелерін қарау кезінде Министр су мәселелері өте маңызды және оның жеке бақылауында екенін атап өтті.

«Жақында ғана мен еліміздің оңтүстік өңірлеріне барып, су шаруашылығы нысандарының қызметімен таныстым. Жағдай түзеледі деп үміттенемін. Бірақ Министрлік жағдайды жақсарту бойынша барлық қажетті күш-жігерін жұмсайды. Су шаруашылығы нысандарымен танысу тәжірибесі жалғасын табатын болады және біз Қоғамдық кеңес мүшелерін де осыған қатысуға шақырамыз», — деді ол.

Соңында Министр Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

«Құрметті Қоғамдық кеңестің мүшелері, бұл менің алғашқы есеп беруім. Министрліктің қызметі көп салалы және уақыттың шектелуіне байланысты мен қызметтің қорытындысы мен негізгі міндеттерді қысқаша баяндауға тырыстым. Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары шеңберінде Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен тығыз өзара іс-қимыл көзделген. Қоғамдық мониторинг пен бақылау сапалы шешім қабылдауға мүмкіндік береді, сондықтан Министрлік одан әрі ынтымақтастыққа және қоғамдық-маңызды мәселелер мен проблемаларды талқылауға дайын» – деп түйіндеді Министр.


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика