Екі жастағы сәбиді өлтірген жігіт жазадан құтылып кетті

9 августа 2017

Балқаш қалалық сотында 2 жастағы сәбиді қағып өлтірген азаматтың соты аяқталды. Сот төрағасы Мұрат Жақыпбеков ЖКО кінәлі азаматты екі жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті де, артынша оны амнистияға іліндіріп, сот залынан босатып жіберді. 

Екі жасқа толған сәбиді осыдан бір жыл бұрын көлік қағып кеткен болатын. Автокөлік тізгінінде отырған азамат есік алдында ойнап жүрген баланы көрмей, оны басып кеткен. Айдан анық іс болса да, тергеу амалдары бір жылға дейін созылып, артынша қылмыстық құрамның болмауына байланысты қысқартылған. Алайда тергеушілердің бұл шешімі қыз әкесін қанағаттандырмады. Ол өзінің жанайқайын жеткізіп видео үндеу жолдаған болатын. Осыдан соң іс қайта қозғалып, тергеуге облыстық ІІД қызметкерлері тартылған болатын.

Қыздың әкесі Дастан Анықбаевтің айтуынша, қайғылы оқиғадан соң оларға қысым көрсетіліп, кешірім бергені туралы арыз жазу талап етілген екен. Әйтсе де ол өзіне жасалған қоқан-лоққыға көнбей, айыпты азаматтың сот алдына келуіне себепкер болыпты. Бірақ үміті ақталмады. Кінәлі азаматтың қылмысы дәлелденіп, оны қамау туралы үкім шықса да ол бостандықта қала береді. Өйткені амнистияға ілініп кетті. Дастан Анықбаев болса, тергеушілердің істі әйдейі созып келгеніне және осындай үкім боларын алдын-ала білгеніне сенімді. Сондықтан ол үкімнің қайта қаралуын талап етіп отыр. 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика