ЕКЕУ ЕДІ

1 марта 2019

Өліара кезеңді, яғни кешегі 90–шы жылдарды бастан өткізгенімізге ширек ғасыр ғана уақыт өтіпті. Ал оның жарасы әлі жазылар емес. Қалаларды тұтастай тонап, әркім өзінше тіршілік әрекетін жасады. Содан байып кеткендері қаншама. Олардың тең жарымы қазір бізді ізгілік пен адамгершілікке тәрбиелегісі келеді. Ал құрбандар ше? Оларды санасақ сан жетпес…….
***
Түннің қара жамылған бір уағында мысықтабандаған екеу қала шетіндегі электр станциясын бетке алды .Қолдарына күрек ұстап алған. Екеуінде де үн-түн жоқ. Жүрістері суыт. Не үшін келгендерін өздерінен басқа тірі жан білмейді. Бұл электр станциясы қараусыз қалғанына біраз уақыт болған. Кезінде ірі өнеркәсіп орталығын электр қуатымен қамтамасыз етіпті. Биік-биік бағандар мен томсырайып тұрған шағын үйшіктер сәулесіз қараңғы түнде алыстан қарасаң бір шағын қала сияқты көрініп қалуы ғажап емес. Әр бағанның салбырап тұрған сымддарына тізбектелген шыны дискілер жарқ ете қалған сәуле болса шағылысып, құддыбір лағыл моншақ таққандай моншақ таққандай. Расымен, бұл шағын электр қалашық алып бір шаһарды жұмыспен ғана емес, электр қуатымен қамтамасыз еткенін халық әлі жадында ұстап келе жатыр. Қазір ол дәурен тек әлі де көшіп кетпей тұрақтап қалған тұрғындардың санасында елес болып қалғаны болмаса, бұндағы темір, басқа да жарамды, сатуға келер заттарын сатып бітірген. Жарығы өшіп қалған соң, жұмыспен қамтып отырған жалғыз нәпақа көзі жойылғанда халқы үдере көшпегенде не амалы бар. «Станса қараусыз қалыпты, ондағы бар дүние бізге тиесілі екен» дегенде, е десті де жылы жауып қоя салған. Ұрлықты ар санағандар әлі де әрнәрсені талғажау қылып, шықпа жаным шықпалап отыр. Ал көшуге жағдайы жеткендердің артынан қалған жалғыз қаңқу сөз ғана. Түн баласы әлгі электр стансасын торуылдап жүріпті-мыс. Иә, халық көшкен сайын, станса да жұпыны тартып, тонналаған мыс сымдар жоғалып отырды.

Біздің екеуге қайта оралайық. Бұлардың негізгі көксегені осы назардан тыс қалған қаладан көшіп кету емес-тін. Оның себебі, әлгі бір анадан жаңа туғандай сезіндіретін дәрінің кезекті мөлшеріне қаражат табу. «Көкнәрдің жасы» бұл қалада қалған аз жастың да көз жасын көл қылды. Өзі қымбат бәле көрінеді. Сол себеппен ымдап келе жатқан әлгі екеу жердің астында қалған арқандай сымдарды қазып алу керек те, оны Б. шаһарына өткізеді.Иә, бұл қаланың қазіргі тірлігі сол. Осы стансаны тонау, тығырықтан шығар жалғыз жол. Баяғыда халқын шекте ұстап тұрған «ар» да бұл қаладан көшіп кеткендей. Ал адамгершілік сол арқан сымдармен бірге жерленіп қалған да, оны қазып алуға ешкім талпынар емес. Бұндай қалалар аз ба? Кешегі өліарадан белгі болып «Жолымбет» те қалды. Ал ондағы алтыннан босаған шахтаның қуыстарын адам мүрдесімен толтырып жатыр. Ал бұл шаһар одан да сорақы. Адамгершілік жерленіп, ар көшкен қаладан көшпеген не қалды? Сол баяғы жоқшылық. Бастан дәурен кетіп, жаныңнан бәрі көшсе, осы жоқшылық қана жаныңда табандап тұрып алады.

Кімнен сақтанып келе жатқанын Талғатың артынан еріп келе жатқан Дәукен түсінбей дал болуда. Себебі заңның күші де бұл жерде билік құра алмас. Заң деп, қаладағы жалғыз тәртіп сақшысы ма? Әлгі дәріні де сатып жүрген сол емес пе? Жоқ, бұл жердің өз қожайыны бар екенін Дәукен білмесе де, Талғат білетін еді. Талғаттың осы бұрын қала аталған жерде неге байланғанын және түсінбейді. Қиын тығырықтан бұны неше рет алып шықты. Тіпті былтыр қала шетіндегі жалғыз таспа жолда қошқыл қою түтінге қақалып-шашалып, бұзылып тұрған «мерседесті» Талғат иелерімен амандаса сала ақауларын бірден түзеп бергенде көк тиын алмады-ау. Бұл бір ғана жағдай ма, адамға жәрдем беруге келгенде Талғаттың аянғанын көрмепті. Иә, «адамның жақсысы Талғаттай болсын» дейтін көзінше мақтамаса да. Қай кезде, қай жерде болсын Талғат ешкімге көмек көрсетуден қашпайтын. Жомарттығы өз алдына, оның шешендігі, кез-келген шешімін таппас жерде орайын тауып кететін тапқырлығы бар-ды. Дене тұрпатына қараған адам Талғатқа ондай қасиеттерді беруі қиынырақ. Ирелеңдеген ұзын-тұра. Дәукеннің әлі есінде, екуеі бір сыныпта оқып жүргенде, Талғат сабақтан қалса, мұғалімдері «аққұбалығы» үшін кешіре салатын. «Қазақта аққаұбалар өте сирек, не қара болады, не сары болады» — деген тарих пәнінен сабақ беретін Ержан ұстазының сөзі әлі күнге дейін ойында қалып қойыпты. Қазір ғой, су шайған күн қақтаған жүзі бидайөңді болып, жоқшылықтың жортуылымен керісінше аза түскен. Бүгінде сереңдеген жүрісі ғана болмаса, мінезі сол беті, сына қоймаған. Неге ғана Б. шаһарына кетпейді екен? Апыр-ай, ол жерде Талғаттың көп нәрсеге қолы жетеді ғой. Мына жерде не жұмысы жоқ, не тірлігі жоқ. Ақыры «көкнәрдің жасының» жетегінде жүргені мынау. Осы ойларға арбалып келе жатқанда, станса алаңына да енді. Станса қоршауының дуалдары жырым—жырым болған соң ішке ену қиындық туғызбады. Алайда жүрегі құрғыр бір сұмдық сезгендей тулап қоя берді. Аяғына зіл байлағандай қадамы өнсінші. Әйтеуір мазасы болмай кетті.

Онысын сезе қойғандай Талғат:
— Немене үнің шықпай қалды, жай кезде сыбырлап сұрағың бітпеуші еді. Қорықсаң қайт, ұстап тұрған ешкім жоқ.
— Е, қорқатын мен ғой деп ең? Тек осы мысты не үшін қазып алатының маған белгілі.Тек…
— Тек, тек, тек… Осы бір іске кіріссең күмән болмасын. Ешкім сені күштеп алып шыққан жоқ. Өзің құлшынған соң еріксіз ерттім, бұндай сужүрек екеніңді білсем
— Жаңа танығандай айттың ғой. Бұны қорқақтық емес, сақтық дейді. – деп Дәукен ернін сылп еткізді.

Өзінің де мазасызданғанына Талғат іштей күлкісі келді. Қарап отырса, жақын сыралғыдан осы Дәукен ғана қалыпты. Қайда жүрсе де жанынан бір елі қалмапты. Тек мына бір сиқыры мен үрейі басым дәріні бастағанда ғана осылай қарсы шығатын әдет тауыпты. Қайдан түсінсін, «жастың» дәмін көрмей, ол туралы айту әбестік деген ойлар соңғы кезде көкейінен шықпайтын болған. Былтыр тұңғыш ұлы дүниеге келгенде алғаш құттықтап келген Дәукен бұны қатты сөгіп еді. Сол түн ғой осының барлығына себепкер. Ол былай болған еді. Сол түні аспан көбесінен сөгіліп кеткендей жауын тоқтамай жауған. Айы-күні жақындап, толғағы қыса бастаған әйелінен маза кетті. Осындай бейуақытта көлік табу қиын-ақ. Перзентхана, аурухана барлығы да көрші қалада. Оған жету деген құдайдың соры. Ақыры амалы құрыған соң, көрші мілицаға жалынды. Себебі жалғыз дені дұрыс көлік сода ғана бар. Өлердегі сөзін айтып, ақыры көндірді. Жол бойы жарының толғағымен әуре болып, перзентханаға қалай жеткенін де байқамады. Жарының толғағы жеңіл болған сыңайлы, перзентханада әрі-бері сандалып жүрген Талғаттың күткен қуанышты хабары да жетті. Әйелі торсықшеке ұл туды. Иә, ізін жалғар, ат тізгінін ұстап қалар ұлы кеолді өмірге. Біздің Талғатта сол кезде ес болсашы. Қуанғанна ыржалақтай береді.иСүйінші сұраған Медбикенің құр қолын қысып, басын ыржалақтаған күйі қыса бергеннен басқа ештеме қылмапты. Қарап отырса, медбикеге есі шыққаннан дұрыс алғыс та айтпапты. Адам баласы екі нәрседе қатты есі шығады ғой. Қуанғанда не қатты шошынса. Ендігі есім шықса тек осылай қуаныштан шықсын дегенболар біздің кейіпкер. Перзентханадан әйелі мен шақалағын бір аптадан соң шығаратын болған соң, шілдехана қамымен бұл кейін қайтты. Туыстарды қойшы, жақын достардың осындайда жиналып, ұлардай шуласып қалатыны болады ғой. Қайтарда да бұл әлгі мілицамен кейін қайтты. Б. шаһарынан шығарда дүкеннен екі шиша сатып алды. Қазір аспан қақ айырылып жерге түссе де ештеңе бұның қуанышын тартып ала алмайтындай сезінді. Табиғатынан адамға тез бауыр басқыш Талғат әлгі шишаны көршісімен келе сала қақ бөліп ішті. Қуаныштың буымен тарқап кетті ме, әлгі екі шишаның ақыры түбін жалауға айналды. Шала масайраған Талға арақ таппай сандалды. Бұл қаладан арақ табыла қоймады. Дүкенші Б. шаһарына кеше кеткен екен, әлі келе қоймапты. Есіне Дәукен сап ете қалды. Қалай ғана оны ұмытып жүр? Жалғыз досынан сүйінші сұрамай не қара басқанын білмей, ілезде үйіне телефон соқты. Тұтқаның арғы жағынан самарқау ғана үн шықты:
— Дә?
— Дәукен, сүйінші! Сүйіншіңді дайында
— Ұйқысын аша алмай, тыжырынып көзін уқалап тұрған Даукен жақтырмаған дауыспен
-Ей, сені жын ұрды ма? Түнгі үште адам үйінші сұрай ма? Құдайдың таңы атсын да
— О, есуас. Тыңда әуелі! Мен ұлды болдым, етисің бе? Ұлды болдым. Сүйіншіні сенен сұрап тұрмын. Осындайда жанымнан табылмасаң, немене дос болып жүрсің? Анау тыққан бір шишаңды ала кел. Бүгін біз тойлаймыз.
— Не дейсің? Ұлды болдым дейсің бе? Бауы берік болсын. О қасқа, әуелден солай десейші. Тіліңді шайнап дұрыс түсіндірсең ғой, түк бәле жоқ еді.
— Енді?
— Енді несі, таңға дейін шыдай тұр! Жауын да саябырситын емес. Таң атсын, сүйіншің менде!- деп Дәукен ұйқысынқимай тұтқасын қоя салды. Талғаттың екінші қайтіп қоңырау шалмайтынын біледі. Талғат болса іштегі қуанышын сыйдыра алмай, төрт қабырғаға сыймады. Ақыры көрші мілисаға кетті. Үйінен шыға бергені сол еді, жүрегі зырқ ете қалды. Үстіне түгелдей ақ оранған адам бейнелі біреу бұған қарай жүгіріп келеді. Сасқанынан тұра ұмтылмақшы болған ойынанн ештеңе шықпады. Бұрыла бере аяғы есік алдындағы шалшыққа тайып, жалп ете түсті. Сөйтсе жаңбыр өтпесін деп Басынан Аяғына дейін ақ түсті целофанды орап алған Дәукен екен. Бұған қолын соза ыржалаңдап тұр.
— Өй батырым, мына түріңмен анау ұлыңды қалай қорғамақсың! Тұр енді еркелей бермей! Тұр кеттік, мынаны бір жақты қылайық — деп қолындағы күрең сұйыққа толы мөлдір құтыны шертіп қалды.

Сол түні Талғат мастықпен, жоқ әлде миына мазабермеген қызығушылықпен көрші мілиса берген сары қоймалжың бір затты араққа қосып ішті. Бұны біреулер апиын, біреулер басқаша атар. Негізінде бұл «көкнәрдің мәйегі». Ал көрші мілиса өзінше «жас» деп атапты. «Мына жасты бір атып көрші, тек қуаныштан ғана жасшығады көзіңнен» деп қалтасына түйіншек целофанды тыға қойды. Ұлымның туылғанына берген көрімдігі деп пайымдаған Талғат. Бір таң қалғаны неге бұны «жас» деп берді. «Слезинка»? неге олай атағанын білмейді. Әлгіқоймалжың денеге әюден сіңгенде денесі сылқ ете қалды. Ары қарай әлем-тапырық болып кетті. Дәукеннің бұған бірдеңе деп жақаны есінде, әрі қарай ақ бұлттардың арасынан бірақ шықты.

Міне бәрі де сол түні басталған еді. Сол бір «аты өшкір» Талғаттың түнін тыныштықтан, күнін күлкіден айырды. Әлгіні қабылдамай, өмірді адам ретінде қабылдауы қалды. Осы стансаға келуі де әлгіге ақша табу. Ұлына берілер жәрдемақыға қол сала бастаған соң, әйелі баланы құшақтап, төркініне кеткен. Міне амалы қалмаған соң осы стансаға келді. Бұнда келсе әлгі Қара Мараттың жігіттері бұларды ізім-қайым жоқ қылып жіберері сөз. Себебі бұл жерде оның рұқстынсыз ештеңеге тісуге болмайды. Қара Марат бұл жерді жекеменшігіне айналдырып алған. Бұлстанса талан-таражға ұшырап жатқанда осы жерді тонау үшін Қара Мараттан «билет» сатып алатын. Сондықтан көбісі бұл жерге келуге ешкімнің ақшасы да батылы да жетпейді. Иә. Бұл жердің қожайыны Қара Марат саналатын. Рұқсатсыз кіріп кеткендер, яғни билеті жоқтар кіріп кетсе, сол күннен бастап ізім-қайым жоғалып отыраты. Бұны да ол көрші мілисадан білді. Ол жерде заң жүрмейді. Осыны ойлап келе жатып, Талғат бір темір бағанның жаынан келіп, күрегін жерге қадай сала:

— Осы жерді қазайық. Осы баған арқылы анау үлкен генераторға тоқ барып тұратын.
— Е, оны қайдан білдің?
— Менің әкем осы жерде жұмыс істеген, содан біліп алдым
— Жарайды ұрыста, тұрыс жоқ. Ширақ қимылдайық. Әйтпесе… Талғат тілін тістеп алды. Бұл жерді қара Мараттың жігіттері торуылдап жүретінін Дәукен білсе, тұра қашудан тайынбайды.
— Не әйтпесе?

Дәукеннің сұрағы жауапсыз қалды. Жұмыс енді қыза бастағанда, жақын маңнан гүрілдеген дауыстар шыға бастады. «Қап, үлгертпеді-ау» депді ішінен Талғат:

— Дәукен, таста күректі, қаштық ,- дей бере аңтарылып қалған Дәукенді алдына салып қаша жөнелді. Іле –шала артынан «гүрс» ете қалған мылтықтың даусы мен былапыт боқтық сөздер екеуі жаққа қарай қарша борады. Дәукен артына көзінің бір қиығымен қарап үлгерді. Текке қарады-ау. Досы тырапай асып жерде жатыр. Шекесінен шапшыған қан әлі тоқтамапты. Дәукеннің қолқасын бір запыран қапқандай. Көзі жасқа булығып, айнала әлем-тапырық болып кетті. Өзегін өртеген өрт өмірлік досын өлімге қимайды. Ал не шықты? Не көрді бұл өмірден? Әуелден бұған қарғыс болып осы қала маңдайына жазылыпты. Туғалы не қызық көрді? Жалғыз ұлын әлгіге айырбастап жіберді. Дәукен сенгісі келмеді. Сенбесіне амалы жоқ, көз алдынан әлгі досының мүрдесі кетер емес. Ол өлді, бітті. Бұның сыралғысы жоқ. Жалғыз серігі, жалғыз досы жоқ. Әке-шешесінен екеуі де ерте айырылды. Сонда бұның бар сырласы осы ғана еді. Енді кім бұны қайрап отырады. Кешкілік кі бұнымен қала шетіндегі көлшікке балық аулауға барады? Кенет төбесінен желкесіне дейін тоқ жүріп өтті. Өне бойы мұздап салад берді. Әлі де жүгіруін тоқтатар емес. Аяғы өздігінен қозғалып келе жатқандай. Өксіп-өксіп алып, досымен қоштасқысы келгендей артына тағы бір қайырылып еді, Талғат көзі атыздай болып өкшелеп келеді. «Тоқтама, қаш» деп айқай салды. О ғажап, жана ғана досы оққа ұшып еді ғой. Әлгі «қорыққанға қос көрінер» демекші, мылтықдаусын естігенде зәресі зәртүбіне келгенде шошып қалып, соның әсері шығар деп өзін жұбатты. Енді тоқтауға расымен уақыт жоқ. Қуғыншылардан қайтсе де құтылу керек. Сол қашқаннан екеуі Талғаттың есігінің алдына келіп бірақ тоқтады. Қос өкпесін қолдарына ұстаған күйі демігіп әзер сөйлеп тұрған
Талғат:
— Бол… болды, мм… мынау тоқта деген белгі маған. Мен болдым. Енді жоламаспын ештеңеге. – алқынып әзер сөйлеп тұрған Талғатты Дәукен тек басын изеп құптады да, қоштасқан ишарат танытып, үйіне бе түзеді. Үйіне келе сала , киішең кереуетке құлай кетті. Бәрін ұмытқысы келеді. Қазір ұйықтап қалса, бәрі көрген түсіндей ұмыт болып кетсе ғой. Әлгілер кім болды екен? Неге мылтық атты? Талғаттың бір жасырғаны болды-ау. Осында келмей-ақ қояйық дегенімде ішім бірдеме сезіп айттым-ау. Осы ойлардың толғауында оранып жатып қалғып кетті.үсінде әлгі қуғыншылардан әлі қашып келеді. Бірақ Талғат жоқ. Кеше алғаш көзіне елестеген жерде жатыр. Бұл өкіріп жылап, әлгілерге қарсы жүгіре түсті. Кенет тоқтамай атылған автоматтың даусы естілді. «Та-та-та-та» деп үдете түсті дауыс. Бір оқ дарысайшы. Бұл жақындаған сайын, мылтық даусы күшейе түсуде. Оқыс оянып кетті. Сөйтсе есікті біреу сындырып жіберердей қағып жатыр. Күллі сүйегі катылып, денесінен әл кеткендей сүйретіліп әзер тұрды. Есікті ашса Талғат екен:
— Ей, шәниіп әлі жатсың ба? Тұрсайшы бол., кеш болды. Осы басың ісіп жата беретінің ай сенің. Кеттік балыққа. Бүгін күн райы тамаша болып тұр.
— Қуасың ба ей, қайдағы балық. Күллі денем қақсап тұр. Кешегі сенің әуреңнен өліп қала жаздадық. Сенің әурең демейін, әлгі сені әуреге салып жүрген «көкнәріңнің» кесірі.
— Ой жылауығым, ақылманым-ай! Еді бәрін доғардым дедім ғой. Бір жолы кешірші енді. Кеттік балыққа. Қазір әлгі орыс шалдардан жақсы орын артылмай қалады. – деп мазасыздана бастаған Талғатқа Дәукен үйне кір дегендей есікті айқара ашып, өзі түпкі бөлмеге сылбыр басып кетіп барады. Көп бөгелмеді бірақ. Қармағын ала салып, Талғатты ертіп, қаланың терістік жағындағы шағын көлшікке келді. Бұл көлшік қолдан жасалған деседі байырғы тұрғындардың айтуын қарағанда. Мұнда балық аулауға ғана болмаса, шомылуға ешкіинің жүрегі дауаламайды. Тек арнайы жүзгіштер болмаса, көлшіктің ортасына жүзіп барған адам жағаға шыға алмапты. Көлдің аумағы шағын болғанмен, түбі өте терең, алыстан қарағанда қауытып тұратын бұл көлшік алғаш көрген адамға үрей ұялатпай қоймайды. «Түбінде адам жегіш үлкен жайын бар. Сондықтан барушы болмаңдар» деп, ата-аналар балаларын қорқытады. Ал шынында, бұның түбінде үлкен иірім бар. Суға кеткен адамдар көп ұзамай бәрібір бетіне қалқып шығып жатады. Оларды әрине балықты ермек етуші «балықшылар» байқап қалатын. Сонда да осында балыққа келулерін тоқтатпаған.

Екеуі көлдің түстік жақ жағалауына келіп, қойтасқа жайғасты. Қармақты ақырын ширатып, балыққа жем дайындай бастады. Үйден ала шыққан нады аз су қосып алақанына салып, аса бір ыждаһаттылықпен иледі. Елдер жауынқұрт іздеп, жер қазып әуре болып жүрсе, бұл нанмның өзін ақ балықтың сүйікі асына айналдырып жібереді. Бұл қалада балық аулауға келгенде Дәукенге жете қояр адам жоғы рас. Бұл балыққа шықса міндетті түрде қармағы жоқ дегенде бір балық қабады. Қармақтың күршегіне иленген нанның моншақтың тасындай домалатып бір түйірін қадап суға тастады. Суға түскенде тынық судың беті аз ғана толқынданып, кішкене шеңбер пайда болып, бірте-бірте үлкейіп тарала бастады. Осыны қызықтап тұрған Дәукен:
— Расымен қойдың ба ей әлгіңді?
— Рас! Бұның артынан қуалай берсең көрге бірақ тығады. Алғаышнда барлық қайғыны ұмыттырып, анау төбеде тұрған бұлттардың арасынан бірақ шығасың. Аяғыңдысезбей қаласың . Сезбегенде жүріп келе жатқан емес, ұшып келе жатқандай сезінесің. Бачында ғой солай болатын. Одайын кейін, әсері қайтқанда қылбұрауды салады ай. Сүйектерің уатылып, жаның кеудеңнен….
— Жарайды, қысқасы қойсаң болды. – деп Дәукен күнде естіп жүрген сұңқылын естігісі келмеген сыңай танытты. Оны байқап қалған Талғат:
— Не істе дейсің маған? Кеше оққа ұша жаздадық. Бұл доғар деген жоғарыдан келген бұйрық қой. Енді қатын, бала-шағаны алып келу керек. Болмаса өзім көшіп кетем бұл жерден.
— Бәсе, енді есі дұрыс әңгіме айтатын болдың ғой. Қойғаныңа енді көзім жетіп келеді ме, қалай өзі? Кешегілерің кім болды сонымен? Әттең мылтықтанры болған соң, қашып кеттім. Болмаса сол жерде екі бүутеп тастауға шамам жетер еді.
— Апыр-ай, ә? Кешегі кеше неге сондай өжеттік көрсетпедің? Аналар екінші рет көздеп үлгергенше көз жетер жерден алыстап кеттің ғой.- деп шиқылдап күлген Талғатты Дәукен не деп шағып аларын білмеді. Ашуға булығып:
— Кешегілер кім дедім ғой саған
— Білмеймін -, деп иығын қиқаң еткізген Талғат суға тесілген күйі т қалды.
— Жарайды, бастысы аман қалдық, қалғаны маңызды емес. Екеуі де бір-бірін іштей түсінді. Бұлар бала кездерінен бұла достар еді. Бірі үшін бірі жан беруге даяр достар. Иә, Дәукен үшін Талғатпен дәл осы қойтастың үстінде балық аулап отырған сәт ерекше ұнайды. Күйкі тірліктің күйбеңі, мына ит байласа тұрмайтын, үкіме түгіл осындай қала барын құдайдың өзі ұмытып кеткендей көрінетін осы шаһар бұған айрықша әдемі көрінетін. Мәңгі отыра беруге болады. Әсіресе ұнайтыны Күннің ұясына батар кездегі сәті. Көкжиектен соңғы сәулемді көріп қалыңдаршы деп арайын көлшікке шағылыстыратын. Сонда көлшіктің беті ұялшық қыздың ұялған сәттегі бетіндей алқызыл түске боялғанын айтсаңызшы. Барлық күйбеңің осы бір сәтке тұрмайтынын түсінетін Дәукен.

Дәукен ылғи кешке қарайосы жерге Талғатпен келуді әдетке айналдырды. Досы уәдесінде тұрып, әлгі мәйекті қойды. Оған Дәукен Талғаттың өзінен бетер қуанды. Енді олар бұрынғыдай жағалауда балық аулап, еркін шүйіркелесіп, баяғыша болашақ жайлы армандарымен бөлісетін болды.

«Иә, солбір күннен бастап әлгі жасанды көлшік жағасында екі қармағы бар балықшы өзімен өзі сөйлесіп отыратын еді» дейді қала тұрғындары.

Көп ұзамай балықшылар судың бетіне қалқып шыққан билетсіз бір боздақтың мүрдесін тапты…Кім екен?

ЕРЗАТ ЕРМАҒАМБЕТОВ


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика