Дулат Аманжол. Қасымтануды ұлтқа қызмет ететіндей деңгейге көтере алмай жүрміз

6 Қараша 2016

dsc03679Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.
Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз,
Ел намысын кескілеспей, бермейміз.
Сертің осы азат жігіт, азат қыз!- деп өлеңнің «отын шайнап», қаламын қанына малған, дауылдай жырларымен бұлқына тасыған Қасымның осы өлең жолдары Қазақ Тәуелсіздігінің тұсында тым асқақ естіледі. Әлқисса, «Сөз қалай түледі? Өлең қалай жанданды? Ой мен өнер қалай табысты? Қазақ поэзиясы қалай өрледі? – деген сұрақтарға ешкім де Қасымсыз жауап бере алмайды»-деген-ді Әбділда Тәжібаев. Шынымен де, дауылпаз ақын ұлттық әдебиетімізге кең өріс, тың серпіліс, соны жаңалықтар әкелді. Яғни, даңғайыр жазушы Жайық Бектұров айтпақшы, «Қасым – советттік дәуірде кері кетуге шақ қалған қазақ поэзиясын жұлқа тартып орнына қойған ақын».
Тіпті, елуінші жылдары ақын сталиндік пысықай мен жандайшаптардың ыңғайымен жүрмей, керісінше екі өлеңнің бірінде «қазақпын», «Қазақстан», «туған жер» деп, ұлтын ұлықтаған семсер жырларымен дараланды. Сол себепті талқыға көп түсіп, «ұлтшыл» деп айыпталып, жиі сыналған болатын. Алайда тоталитарлық жүйе Алаш идеясымен сусындаған Қасымның тәкаппар рухы мен асқақ үнін өшіре алмады. Ғұлама ғалым Зейнолла Қабдол мұны «Қасым феномені» деп атады.
Жақында ғана алаш жұрты дауылпаз ақынның тойын бар сән-салтанатымен атап өтті. Ең әуелі, кеншілер қаласының орталығында ақынның айбарлы ескерткіші бой көтерді. Сондай-ақ Қасымның өнегелі өмірі мен шығармашылығына арналған екі фильм көрсетілді. Республикалық деңгейде «Қ.Аманжолов және жаңа дәуір поэзиясы» атты ғылыми конференция өткізілді. Аталмыш конференцияда қазақтың «қалғыған жанартауына» арналған «Қасым» республикалық журналының, «Qasym.kz» сайт-порталының және CD дискінің тұсауы кесілді. Қасымның таңдамалалы шығармалары және «Қасымнан – ғасырға» атты жас ақындардың анталогиялық аудиодискісі жарық көрді. Әрине, республикалық мүшайра, ән фестивалі мен ақындар айтысы да рет-ретімен өткізілді. Түптеп келгенде, Қазақ елі Аманжол Қасымның мерейтойын абыроймен өткізді деуге толық негіз бар!
Десек те, ұлт ақыны, қуатты аудармашы, қарымды көсемсөзші, сұңғыла сыншы, талантты драматург, сырлы сазгер – Қасым Аманжоловтың феноменін лайықты дәрежеде зерделей алып жүрміз бе? Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қасымтану ғылымын ұлтқа қызмет ететіндей деңгейге көтердік деп айта аламыз ба? Олай болса, әңгіменің ауанын осы арнаға қарай бұрсақ орынды болар.
Белгілі сыншылар мен қасымтанушы ғалымдар «Қ.Аманжоловтың насихаты әлі де кем. Қасымтануды бір ізге салудың орнына, шығармаларын да жан-жақты зерделей алмай келеміз» дегенді алға тартады. Қысқасы, ғылыми айналымға толыққанды түскен жоқ. Ал ақтаңгер ақын Серік Ақсұңқарұлы «Алаштан – адамзатқа жеткен Қасым 100-ге – кемеліне келіп, қазағына қайта оралып келе жатыр. Сонда да, Қасым ақынды ауызға алуға енжарлық танытып отырмыз! Қасымды тану – қазақтың өзін-өзі тануы үшін керек емес пе?» деп орынды базынасын айтқан еді.
Шынымен де, кешенді зерттеулер жүргізілмегендіктен, қасымтану ғылымы өз биігі мен тұғырына шыға қойған жоқ. Анығында, кенжелеп келеді. Бұның дәлелі ретінде – Қ.Аманжолов өміріне қатысты кей деректердің бұрмаланып, ақын шығармашылығына байланысты белгілі бір концепция қалыптаспағандығын алға тартар едік. Мысалы, ақынның отты жырлары кезінде көптеген өзгерістерге ұшырағандықтан, кейбір өлеңдердің бірнеше нұсқасы пайда болған. Тіпті ұлтым деп ұрандаған, жерім деп жігерленген, тілім деп тепсінген атақты өлеңдерінің «бірен-саран» жолдары өзгертілсе, ақын поэмаларының бірер шумақтары бүтіндей ескерілмей қалған. Бұл турасында академик Серік аға Қирабаев өз зерттеулерінде былай дейді: «Ақын туындылары – заманының идеологиялық өлшемдеріне сыймай, түпнұсқасынан жұлмаланып, ауыстырылып, қысқартылып, бұрмаланып басылды. Қасым жырларында ұлттық мұрат, ұлттық сезімді оятатын астарлы ой жатқандықтан, кеңестік цензураның сұрыптауына қайта-қайта түсіп, ақын кітаптарына одақ тарапынан «ревизия» жүргізілді. Сол себепті, бүгінгі таңда Қасым мұрасын игеруге байланысты мәселелердің бірі – оның шығармаларына текстологиялық сараптау жасап қайта бастыру деп білеміз» – деп түйіндейді. Сарабдал сыншы Қасым шығармаларын қайта қарау керектігін, текстегі бұрмалаушылықтарды жөндеу қажеттігін табаны күректей 30 жыл (!) бойы айтып та, дәлелдеп те келеді. Бірақ, әлі күнге дейін текстологиялық талдау жүргізетіндей Қасым шығармаларының академиялық басылымы жарық көрген жоқ. Ақынның мерейтойы тұсында бұндай басылымның қажеттігі қайтадан сөз болды да, бірақ, нақты қашан шығарылатыны жайында айтылған жоқ.
Осыған байланысты «Ана тілі» газетінің соңғы санында қасымшыл қаламгер Сәбит аға Досанов өз ойын былайша тарқатады: «Бізде қасымтану ғылымы жоқ. Қасым әлі зерттеліп болған жоқ. Өлеңдерінің текстологиясы әлі дұрыс жасалмаған. С.Қирабаев сынды мықты ғалымдар тұрғанда өлеңдерінің текстологиясын жөндеп алу керек… Содан соң, біздің ауру – мерейтойда ғана жұмыс істейміз. Одан қалатын нәрсе – шапқан аттың шаңы, тігілген киіз үйдің орыны, сойылған жылқылар… Мерейтой иесінің мұрасын көбірек насихаттауға тиістіміз, тұлға туралы кино, кітап, зерттеулер қалу керек. Бұл Қасымның өзіне емес әдебиет үшін, жастар үшін керек!»-деп қадап түсті. Демек, қасымтану ғылымын ұлтқа қызмет ететіндей деңгейге көтере алмай жүргеніміз де сондықтан.
Барлық нұсқаларымен салыстыруға, текстін қалпына келтіруге, түгендеуге, анықтауға нендей кедергі болып отыр? Біздіңше, ғылыми-зерттеумен айналысатын орталық немесе арнайы лабороторияның жоқтығынан. Мысал үшін, Семейдің ЖОО-дары аясында абайтану, шәкерімтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу ор-талықтары бұрыннан жұмыс істесе, қасымтанумен шұғылданатын ондай орталықтар ашылмаған да. Шынын айтсақ, той қарсаңында Қасым шығармашылығын жан-жақты және жаңаша зерттейтін орталық ашылып, қасымтануға қатысты ауқымды ғылыми жоба (кезең-кезеңмен) іске асады деп сенгенбіз. Бірақ, ойлағандай болмады.
Қасымтанудың кенжелеп келетіндігіне тағы бір себепші фактор – меншіктеу. Алайда, бүгінгідей заманда ұлт тұлғаларын бір өңірге байлап қойып, зерделеп тану – рухани қасірет! Тарихымызды таразыласақ, ұлттық бірліктің һәм сезімнің болмауынан қазақ – ұлт ретінде ұпайын түгендей алмай, ел болып еңсесін тіктеудің орнына, есін жыя алмай келді емес пе?! Қалың қазақтың Абылайын, Әлиханын, Абайын, Махамбетін, Мағжанын, Қасымын, Мұқағалиын, Оралханын… әр өңір бөліп әкетіп, өздерінше зерттеулері – елдігімізге мін, ұлттығымызға сын. Дат!
Жақында сыншы, профессор Бақыт Кәрібаева «Айқын» газетінде: «Абай, Қасым сөздерін бұзып жазып, ойларын теріс жағынан түсіндіріп отыруымызға не жорық? Сонда «өнер алды – қызыл тіл» концепциясын негіздеп, өрістетпек түгілі, оның қызыл жібін бырт-бырт үзіп тастап, «сөз барымтасын» ұйымдастырып, ұпай жинап отырғандаймыз. Білім-ғылымды ілгерлетудің инновациялық тетіктерін тауып, қазақ әдебиетінің ұлы келбетін бүркемелеген пердені сыпырып, маңдайын ашайық, оған қолбайлаулар ашық демократиялансын»-деп түйреп өтіпті.
Мәселен, Мехмет Акиф Ерсойды білмейтін, өлеңдерін оқымаған түрікті елестетіп көріңізші. Бауырлас түріктің телеарналары Ерсойдың ұлттық рухты оятатын өлеңдерін қалай насихаттап жүр?! Түрік ұрпағына Мехмет қалай керек болса, тура солай қазақ баласына Қасым керек! Десек те, қазақтың арналары «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ», «…Тәкаппар, ұлы дүние, Қазақ деген мен деймін!», «Кең далалы, кең пейілді қазақпыз…» деуге де эфирдің екі минутын қимай отыр. Әлде, әр қазақтың делебесін қоздырған «Қазақстан», «Дүниеге жар», «Туған жер»… сияқты өлеңдерінен (әндерінен) үзінді келтіруге дәрменсіз болып отыр ма?
Қасым жылы қарсаңында ақынға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында сүбелі ойлар мен сүйекті ұсыныстар айтылып келеді. Дәлел үшін, қысқаша шолу жасасақ «Астана мен Алматы қалаларында Қасым Аманжоловқа көше есімін беріп, ескерткіш орнататындай уақыт келді», «Ұлт тұлғаларын рулық деңгейде таразылап, ұлылардың рухын ас пен тойдың деңгейіне түсіріп алған халықтың қасымтануға бетбұрыс жасауға мұршасы келер емес…», «Ұлы ақынның жыр бәйгесi нағыз көркем шығарманы, қазақ әдебиетiнiң жаңа беталысын көрсететiн нағыз өнер туындысын таңдауы тиiс», ««Айналыстағы ақындар» тағы да алдымыздан шықса, қандай ойда қалғанымыз жөн?», «Қаламгерлерімізге ас берудің, мерейтойларын өткізудің жаңаша қалпын қалыптастыру керек пе?», «Қасым туралы көркем фильм неге жоқ?» деп дабыл қағуда. Әлбетте, өте орынды! Ал, бұл түйінін таппай жатқан түйткілдерді нысанаға алу – міндет!
Бүгінде қазақтың Қасымы дегенде Қарқаралыдағы Қасым ауылы, сол киелі өңірде орналасқан мұражайдағы «Қасым бұрышы», бірер ауданда Қ.Аманжолов атындағы мектеп қана елестейді. Әзірге ұлт ақынына көрсетіліп отырған құрмет осы ғана! Дегенмен де, келешекте Қарағандының ғылыми-әмбебап кітапханасы мен орталық саябағына аяулы ақынның есімі берілер, Қасым өміріне қатысты құнды жәдігерлері сақталған мұражай ашылар, республика көлемінде ақын атындағы іргелі оқу орындары бой көтерер деген үміт бар.
«…Есе тиер, енші алар
Ел болсам деп ойлаушы ем.
Қазақпын деп айта алар
Мен болсам деп ойлаушы ем!
…Тәкаппар дүние төріне
Емін-еркін шықсам-ау!
Айтқанымды тыңдатып,
Айтқандарын ұқсам-ау»- деп жырлаған ұлттық ақынның арманын да, аңсарын да терең түсініп, Тәуелсіздікті сезініп, Ұлттық рухты аспандадатайық! Тек қазақ қуатты болсын, оның аңсаған Азаттығы мәңгі болсын!

«Қасым – Ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика