Дуанабай ЖОЛДАСБЕК. СЕЛФИ СИНДРОМЫ

26 января 2019

СЕЛФИ СИНДРОМЫТарихта қызық жағ­дайлар болған. Даңқты жиһанкез Христофор Колумб үндістерге алғаш рет айнаны көрсеткенде, олардың қандай күйге түскенін ешкім суреттеп бере алмайтын шығар. Бірақ бір таңданыс, айтып жеткізе алмайтын сәт қайталанғаны даусыз.
Шын мәнінде, адамның өзін-өзі көруі ғажап құбылыс. Бертінде фотография пайда болғанда да суретке таңғалғандар да аз болмаған.
Бәрінен қызығы сол, суретке түсу ақырет болғаны анық. Қолында фотоаппараты бар адамды айлап-жылдап күткендерді ойласаңыз, амалсыз таңдай қағасыз. Осылайша қызық қуып жүргенде, ол заман да артта қалды. Суретке түсіретін құрал түгілі, оны шығаруды әрбір адам үйрене бастағанда, басқа жаңалықтар жағадан алды. Суретті лезде шығаратын, оны бір жерге жинап қоятын мүмкіндіктер пайда болды. Ал қалта телефонының сатыла бастауы сананы сарсаңға салды. Қазір кез келген қарттың да, баланың да қалтасында телефон жүр. Онымен лезде қалған кісіңмен сөйлесіп, музыка, радио тыңдап қана қоймай, қалаған жерде суретке түсесіз. Осымен байланысты жер бетінде «селфимания» деген жаңа сөз шықты.
«Селфи» синдромы ХХ ғасырда басталып, ХХІ ғасырда шарықтау шегіне жетті» дейді білгіштер. 1900 жылы алғаш рет піскен гамбургердің, одан кейінгі жылдары Нью-Йорк қаласында серуендеп жүргендердің суретін көргендер оны «селфи» деп айтпаған. Тіпті даңқты суретшілердің автопортреттері де «селфи» деуге келгенімен, бұл атауды ешкім қолданбаған.

Оскар Рейландер есімді фотосуретші селфи суретін кезінде аукционда 70 мың фунтқа сатыпты. Қазір сіздің селфиіңіз өзіңізден басқа ешкімге керек емес. Алайда даңқты адамдардың, саясаткерлердің, шенеуніктердің шікірейген суреттерін әлеуметтік желілерге салу арқылы жұртты шулатуға болады.

Сурет демекші, 1930 жылдары Мұхтар Әуезов, Жамбыл Жабаев, Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков т.б. бірге суретке түскен. Бұл – енді тарихи дүние. Бірақ оны «селфи» дегеннен гөрі, қазақ халқы үшін құндылық ретінде ерекше атап өтуге болады. Дәл осы ретті көрген соң емес, заманның өзі солай шығар, әйтеуір атақтылармен бірге суретке түсу сәнге айналды. Бұрын театр жағалайтындар қазір той жағалап, жастармен бірге жарыса суретке түседі. Халықтың ардақтыларын үйіндегі альбомға салып, келер ұрпағына көрсету үшін сақтап қоятындар бар. Керісінше, оны мақтан көріп, мерейтойына кітапша шығарып жатса, сол белгілі тұлғалармен түскен суреттерін оңды-солды салатындар жиіледі. Әрине, бұл шаруа – әркімнің жеке ісі. Бірақ жастардың өзі ауызы дуалы адамдарды әйтеуір пайдаланып қалғысы келеді. Жетектеп жүріп немесе амалын туып, қалта телефонымен болса да суретке түсіп қалуға асығады. Тек соның барлығын жақсылыққа жорып, ұрпаққа өнеге болсын дейміз.

Енді селтигендердің селфиіне қайта оралсақ. Онсыз да телефоннан көз жазып қалса, көрге түскендей әсерде қалатын жастардың селфиі селтеңбайлардың қатарын көбейтті. Бірде теледидар қарап отырсам, бір топ қазақ қыздары түн ортасында көшеде келе жатты да, кенет бағдаршамға тоқтаған көлікке қарай тұра жүгірді.Көліктің алдына тұра қалған олар түнгі Алматыны және өздерін көрсету үшін суретке түсіп жатты. Жүргізуші жағасын ұстап, көргендер қайран қалатын жағдай. Егер көлік жүргізушісі нашақор немесе маскүнем болса, көлік айдай жөнелсе не болады? Көліктердің көлеңкесін де көріп үлгере алмайтын сәттерде жол ортасында жалбыраған шашын желге тосып, аяғын аспанға көтеріп суретке түсетіндер де ұшырасады. Олар үшін өтіп жатқан адамдардың, көліктердің еш әсері жоқ. Тіпті бірін-бірі жылдар бойы көрмеген көңілі ортақ жандардай жұптаса қалып, жұтынып тұрып өздерін-өздері ұялы телефонға түсіретіндер бар. Бұлардың қатарына қазір көңілі тоқ, қайғысы жоқ әнші-бишілер де қосылды. Халықтан түскен қаржыны қайда жұмсарын білмегендердің бірі өзінің шетелде демалып, тойда ән салып жатқанын, бұл аз болса жағажайда, саунада жүрген бейнелерін де желілер арқылы жұрт назарына ұсынатын болды.

Дерек пен дәйек

Ресей басылымдарынан сұмдық жаңалық оқыдық. Курск облысы бойынша «Роспотребнадзор» басқармасы ресми сайтында педикулездің алдын алу шаралары жазылған хабарламада «Топтық селфи жастар арасында биттің таралуына себепкер болып отырғанын» мәлімдеген.

Жасөспірімдер арасында педикулездің жаппай таралуына, сарапшылардың пікірінше, селфи-суретке жиі түсу себеп болып отыр. Бас түйістіріп тұру төңірегінде дәрігерлер дабыл қаға бастады. Бит түгілі басқа да дерттерді жұқтыруға селфи себепші көрінеді. Өкпе құрты, сарауру, тері аурулары секілді ондаған жұқпалы дерт адамнан-адамға селфи кезінде тез тарайды.

Еуропалық ғалымдар мұның одан да сорақысын айтып отыр. «Селфи — назар аударарлық мәселе, ол адамды біртіндеп шизофренияға алып келеді» дейді. Расында да, шошитын жағдай. Қазір жастардың қалаған жерде – айна алдында, тамақ ішіп отырып, төсекте жатып, ваннада шомылып жатып та, ұшақта, көлікте суретке түсуі тамсана айтар әңгімеден қалды. Күтпеген жағдай қорқынышты күшейтті. Айталық, Алматыда таудың, қаланың қалқасында суретке түсу үшін биік үйлер мен ғимараттардың шатырына шыққандар селфидің сан түрін түсіретін болды.Олардың ешқайсысы да басы айналып, болмаса ұстама ауруларынан, болмаса қатты қорыққандықтан төменге құлап кетуден сақтанбайды да. Әсіресе, мектеп оқушылары да осылай суретке түсуге тым әуестеніп кетті.

Мұндай масқарамен қазақ ешқашан бетпе-бет келмеген. Ауыр жарақат алған, өлген сәттерін де бояумен бейнелеп суретке түсетіндер шықты. Сырттан ағылған сұмдықтар жастарымыздың жанына жағып бара жатқаны ойға қалдырады. Мәселен Instagram-да 187 миллион фотосурет «Мен» деген тақырыппен жариялаған. Осылайша «менмендікке» ұрынғандар атом бомбасына айналғандай. Ол қашан жарылады және соңы қалай аяқталады? Бір мысал: Португалияда табиғаттың тамаша сәтін пайдаланып, суретке түсуді ұйғарған жас жұбайлар 140 метрлік құздан құлап кеткен. Мексикандық бір жас қолындағы қарумен суретке түсу кезінде өзін-өзі атып алған. Жапонияда туристер атқылаған жанартаудың қалқасына суретке түсу кезінде көз жұмған.

Өз-өзіңді тосын сәттерде суретке сәтті түсiру кез келген кісінің басына қонбаған бақыт. Мәселен, ғарышкер Акихико Хосидэ ашық космоста суретке түсу арқылы миллиондаған кісіні таңғалдырған. Алайда елдің бәріне халықты қайран қалдыру мүмкін емес. Одан да есіміз орнында, жүйкеміз жұқармай тұрғанда жастарға тоқтау салғанымыз жөн шығар.

Деректерге қарағанда, «selfie» сөзі 2002 жылдары тараған. Ол алғаш рет Австралияда 13 қыркүйекте өткен ABC Online интернет-форумында қолданылған. Әлеуметтік желілердің көбеюімен селфи де селтеңдегендердің қатарын еселей түсті. Соңғы зерттеулерге қарағанда селфидің 30 пайызы 18-24 жас аралығындағы жастарға тиесілі екен. Жалпы, әр интернет қолданушы кемі 1 рет селфиге түседі. Қазақстан жағдайында бұл көрсеткішті еселеп айтсаңыз қателеспейсіз.

Бішкек қалалық мемсанэпиднадзора басшысының орынбасары Құрманбек Өміралиев шаһарда педикулез бен қышыманың қаптап кеткеніне өкініш білдірді.

Медицина дамыған, сабын мен иіссулар көп уақытта ұятты дерттің екі есе өскеніне алаңдаушылық білдірді. Бұған көші-қонның, тазалық сақталмаудың ықпалы бар. Ал осыған селфи қаншалықты үлес қосып жатыр? Өйткені жұқпалы аурулар адамдар жиі шоғырланған, жиі бас қосатын, бірге суретке түсетін жерлерде ұшырасады.

Шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, селфи психикалық ауруға алып келеді. Мысалы, өз суретіне үнемі көңілі толмайтындар арасында өзіне-өзі қол салатындар бар. Британдық Дэнни Боуман есімді жасөспірім 10 сағатта 200 рет селфиге түседі. Бірі де өзіне ұнамайды. Ақыры мектептен кетіп, алты ай үйінде жатып алады. Ол күйініштен өзіне-өзі қол жұмсауға бел буады.

Жалпы, қалталы телефон қатерлі дерт тудырады. Бұл – америкалық психиатрия қауымдастығы қабылдаған шешім. Үнемі суретке түсуді жақсы көретін, оны әлеуметтік желілерге салуды ұнататын жастар ақыры ауру табады. Оған «суретің ұнамады» деген пікір жазатындар дертті ушықтыра түседі. Сондықтан соңы жақсылықпен аяқталмайтын селфиден сіз де сақтаныңыз.

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика