«Дос-Мұқасан» ансамблі күллі Қазақстанды араламақ

13 Қыркүйек 2017

Биыл 2017 жыл аты аңызға айналған қазақстандық «Дос-Мұқасан» ансамблі мерейтойын тойлайды. Сахнада өнер көрсеткендеріне 50 жыл толуына орай өнер ұжымы Қазақстан қалаларын аралап, концерт ұйымдастырмақшы. Үлкен сапарларын ансамбль Еуразия бірінші арнасындағы «Қайырлы кеш, Қазақстан!» музыкалық шоуының алаңынан бастады.

Онда әртістер репертуарларындағы ең танымал әндерді – Нұрғиса Тілендиевтің «Куә болын», халық әндері «Әпитөк» пен «Қыздар-айды», сонымен қатар «Ғашықтар əні» мен «Астана мен Алматыны» шырқады.

«Ұжым сонау 1967 жылы Қазақ политехникалық институты жанынан құрылды. Сол жылдары Павлодар облысының Баянауыл ауданында институттың құрылыс жасағы үй салады. Құрылыс жасағында жүріп жас өнерлі жігіттер – Досым Сүлеевке, Мұрат Құсайыновқа, Хамит Санбаев пен Александр Литвиновқа заманауи эстрадалық ансамбль құру туралы ой келеді. Ансамбльдің атауы да осы жігіттердің есімдерінің бастапқы буындарынан құралған. Уақыт өте келе топтың құрамы өзгеріп отырды. Топқа үнемі жетекшілік етіп, басы-қасында жүрген Мұрат Құсайынов болды. Топтың бір мүшесі кеткен кезде Мұрат Құсайынов ұжымға консерватория түлектерін, басқа да музыканттарды шақырып отырды. Осылайша 1978 жылы мені де шақырды. Алғаш рет мен «Дос-Мұқасанда» 7 жыл еңбек еттім. Ары қарай «Гүлдер» ансамбліне жетекшілік еттім, жеке әнші ретінде өнер көрсеттім, өзіндік продюсерлік орталығымды аштым. Осы жылдар ішінде «Дос-Мұқасанға» деген алғысым шексіз болды. Топқа екінші қайта шақырған кезде ойланбастан келістім. Ансамбль – менің жастық шағымның белгісі. Өзімнің достарым – дарынды музыканттардың ортасында өзімді суда жүзген балықтай сезінемін. Биыл – бізде мерейтой. Жақын арада Қазақстанның қалаларын аралап, концерттер береміз. Ең ауқымды шоуды Алматыдағы Республика сарайында көрермен назарына ұсынамыз. Классикаға айналған хит әндерден бөлек, концерттерде жаңа әндерімізді де орындаймыз», – деп топ мүшесі Ақжол Мейірбеков ой бөлісті.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика