Димаштың концертінде «министрмін» деп журналистерді алдаған кім?

26 апреля 2017

Таңнан бері бұқаралық ақпарат құралдарында Димаштың концертінде болған төбелес қызу талқылануда. Тіпті Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл дауда журналистерді кінәлағаны туралы да сөз болды. Алайда министр ондай мәлімдеме жасамаған, бұл дау туралы ештеңе айтпаған,-деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі.

Министрдің мәлімдемесі туралы ақпарат алдымен informburo.kz порталында жарық көрген болатын. Концертте төбелес болғанын естіген тілші Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі болуы мүмкін телефонға қоңырау шалады. Тұтқаны көтерген адам министрдің атынан тілшіге сұхбат берген. Тіпті сол сұхбатында: «журналистер әр кезде айыпты» деген пікірін де қосып айтады. Осыдан соң сұхбат портал бетінде жарық көрді. Кейін министрдің мәлімдемесі тексерілместен «Қамшы» атты порталға көшіріліп басылады.
Алайда informburo.kz порталына хабарласқан министр өзіне ешқандай тілшінің хабарласпағанын және журналист қоңырау шалған нөмердің өзіне тиесілі еместігін жеткізген. Ол әлі ешкімге де «Қазақстан» орталық концерт залындағы оқиға туралы пікір білдірмеген.
Айта кетейік, қазір «министрдің сұхбаты» сайттың бетінен өшірілген. informburo.kz Арыстанбек Мұхамедиұлынан кешірім сұрады. Алайда оның қазақ тіліне аударылған нұсқасы басқа порталдарда әлі тұр. Сондықтан жалған ақпаратқа алданып қалмаңыздар дегіміз келеді.

Еркебұлан Шайжанов,
«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика