Дидар АМАНТАЙ. МАХАМБЕТ ФИЛОСОФИЯСЫ

14 Қазан 2017

Дидар АМАНТАЙ1846 жылы Қараойда дегдар Махамбет қаза тапты. Кекілік тауындағы – кейінгі, алапат аласапыранда, қазақтың ұлы ханы Кенесарыны жауыздықпен өлтіретін қандықол, опасыз, жырынды жау – қастасқан ділмар шешен, алғадай батырдың басын қапылыста шауып – құныкер атанды.
Өр тұлға қапыда қор болды. Қиянатшыл, әділетсіз топ, аяр қауым, тегінде, заманын биледі, кең-байтақ сақараға шексіз үстемдігін жүргізді. “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын”, “Қырымның қырық батыры” дастандарын, Сыпыра жырау, абыз Асанқайғы, жорық жыршысы Қазтуған, жауынгер ақын Шалкиіз, қаһарман шайыр Жиембет, жаужүрек қолбасшы Доспамбет мұраларын жас кезінен көкірегіне тоқып, ғұмыр бойы жұрт қамын жеп, ел қорыған, қайран ердің өшпес кегі, кешпес өші кетті.
Задында, Махамбет ажалын түсінде көрді. Алайда, Өтемістің ұрпағына ештеңе қорқынышты емес еді: жаза да, азап та, өлім де. Исатайдан айырылған қызғыш құстың бойын енді қандай үрей билесін, уа-йымдап біткен жоқ па, алаңдап болған, содан соң… дүниеден жеріп – жаны сірі, дәті берік, өмірі жырақ – алабөтен саяққа айналды. Ешқайда жолы түспей қойды, қонақтар легі үзілді, достардың пейілі өзгерді, жапандағы жалғыз үй кеудесіне үміт отын жақты, қайыра жолығысамыз біз, Исатай баһадүр, қамықпа, менің тұғырым – мәңгілікте.
Махамбетше өмір кешу – қажет! Спартандық хал-ахуал, қатал тұрмыс алысқан жаудың жігерін мұқалтады, бірақ, өзіңе қайрат береді, бойыңа күш-қуат қосады, тілемсектеніп ел аралап қайыр сұрама, күйреуіктей жасып, езіліп кетпе, намыстың қайқы қылышын қоршауды, шеңберді бұзып-жарып, дұшпанға сілте, сөздің өткір – селебе жүзін өтірікке қарсы жұмса, сөйтіп, жағдайы әрі қатаң, әрі жалаң тіршіліктен де асып түс. Тыныштықты бұз, көңілді мазала, ұйқы көрме, тыным таппа, аз мүмкіндікпен көп нәрсеге жет, мол табысқа кенел.
Қазақ тілді бозбала, біз – Махамбетпіз.

Онтология

Махамбет болмысымыз Кант ілімі тәрізді екіге – қақ жарылады: ішкі табиғат және сыртқы көрініс.
Сыртқы көрініс, бәрімізге белгілі, көз қызық-тыратын көрікті тұрмыс жоқ, баспанамыз – көк түріктің аспанының асты, қайда көшіп барсаң да қарсы алдыңнан басқан жері сықырлап мехнат шығады, ата-анамыз елде, ұмыт қалған ауылда қара шаңырақтан желек созып, түтін түтеткен, бала-шағамыз жұртта, кеш батып үйге қайтқанда, шуылдасып қызыл іңірде жарыса тамақ сұрайтын. Тап осы кезде құпия мақсатын, жұмбақ бағыт-бағдарын қуалап кетіп бара жатқан Құсжолын Нью-Йорк тұсынан қопарып, salute атқан тоқ бала сыраға бөгіп, теңселіп құлап бара жатады. Ол – ағылшын тілі мен экономика кәсібін меңгеруге мұхит асып кеткен сенің екі туып, бір қалғаның.
Менің кішкентай Махамбетім, ешқашан сағың сынып, меселің қайтпасын. Біздің ішкі табиғатымыз сан қатпарлы, қабат-қабат арна салатын ұлы мұхит ағыстары секілді, айрықша, өзгеше, алабөтен, – Мексика бұғазының жағалауларына майда жылылықты алып баратын қуатты Гольфстрим іспетті. Көкірегімізді толтырған рухани дүние бізді ұдайы байытып, кемелдендіріп, құнарымызды арттырып отырады. Қазақ тілді, жұпыны киімді сәби – жанкешті перзент, ауыртпалыққа белшеден батса да жанын шүберекке түйіп алады. Мен үшін қорықпа, көкем, үлкен қаланың, бәрібір, бір жерінен тесіп шығамын, бас аман, ден сау, еліміздің іргесі берік болсын. Көкесі уайым жемейді, даланың бейнетін көрген, қатал тәрбиесінен өткен бала ғылым-білім жолындағы қиындықты оңай жеңіп, асыл мұратына қол созады. Париж, мені сәл ғана күте тұр, Тәңір жарылқаса, саған да қанатына сенген қарлығашқа ұқсап, Берлин мен Венадан көктей өтіп, шуақты көктемде ұшып жетемін.

Гносеология

Махамбет құбылысы зерттеуге көнбейтін – иррационализм. Бес жыл бойы қара нан мен қара шайды қорек етіп, кейін ғажап биікке көтеріліп алатын рухтың болмысы қанша талқыға салсаң да, ақылға қонбайтын категория.
Бұл жерде агностицизмге жақпын. Ерекше қайрат-жігер формуласы басқа жерде қолданылса, ешқандай нәтиже бермейді. Махамбет құбылысы ден қойған, зер аударған объект тұрғысында танылуы үшін айрықша субъект қажет.

Логика

Өйткені, рухтың болмысы – ана жатырына түскенде, ошақтағы қазанға жерік ас тасталғанда – қалыптасады. Өр, бірбеткей мінездің тегі – анасының омырауында, әкесінің қабағында, сосын – ауылдың табиғатында.
Сондықтан, ертең жансебіл болуға, зады, бүгін кіріскені шарт. Қапылыста ештеңе тумайды, аяқасты-нан жоқтан бар жаратыла кетпейді. Әрдайым жыртық киіз үйде жұтаң өмір сүріп, жадау тұрмыста жалаңаяқ жар кешіп дағды алған тарлан ұл, далалық перзент қиын-қыстауда нәр сызбай еңбек етуге қашанда дайын. Олар жастайынан пәни дүниені қатал қалпында көріп, мейрамы мен тойы жоқ тірліктің шартын әу бастан қабылдап үйренгендіктен, азапты ғұмырдың ырқы – ер көңілін жанып, намысын қайрап – жүре береді. Өз жағдайыңнан өзің жоғары тұр, аш өзегің үзіліп бара жатса да, жалыңды күдірейтіп жүр, біреудің ырысына көзіңді сүзбе.
Ойлау жүйесі мен мойынсынған тағдыры ат ауыздығымен су ішкенде, Махамбет жұртына қатаң қағида, жансебіл ынсапты көлденең тартады.

Философия тарихы

Махамбеттік асқақ метафора – түркілік түп ата – көшпелі тайпалардан қалған мұра. Сақаралық қонақжайлық, ірі сөйлеп, ұсақ қылықтан жирену, астындағы жүйрігін айыбына тарту – кешегі Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Мәди тәрізді ардақты, сайдақ, мәрт бабалардан жомарт ұрпаққа жеткен асыл дәстүр. Біз – Махамбет ғасырдың бөлшегі – қанымызға сіңген қасиеттен жаралғанбыз, жауһар дүние қанша қызықтырғанымен, жалғыз оқтық батыр бір-ақ мәрте тірлік кешетінін жақсы біледі. Ата-бабамыз Тәңірге деген махаббатты адамның өр мінезі, сұңғыла ойымен өлшепті. Биіктеген, асқақтаған сайын, кішік боласың – Жаратқан Иеге жақындап, парасатқа жетесің.
Шумерлік дегдарлық, сақтар тәкаппарлығы, Еуропаны қалтыратқан ғұн айбыны, көшпелі түркінің жойқын жорықтары, қыпшақтардың ғаламды тітіреткен даңқы қашанда есте. Жады оны ешқашан ұмытпайды, әр дәуірде тарих сахнасына жаңа тұлғаны шығарып отырады, биыл Сырым батырды күт, ертең Аманкелді, Кейкі, Жәмеңке, Бекболат, Ысқақ Кемпірбайдың соңынан ереміз, бірақ, Абылай ханның түсінен сақта, Құдай, көлеңкеңмен қорғай жүр, енді Жұбан, Сағат, Сейдахмет, Қайрат, бұйырса, 1986 жылы өктем саясатқа қарсы көтерілуге дайындалып жатыр.
“Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай, Қоңыр салқын төске алмай, Тебінгі терге шірімей, Терлігі майдай ерімей, Алты малта ас болмай, Өзіңнен туған жас бала Сақалы шығып жат болмай, Ат үстінде күн көрмей, Ашаршылық, шөл көрмей, Өзегі талып ет жемей, Ер төсектен безінбей, Ұлы түске ұрынбай, Түн қатып жүріп, түс қашпай, Тебінгі теріс тағынбай, Темір қазық жастанбай, Қу толағай бастанбай Ерлердің ісі бітер ме?”

Этика

Жарық дүние – бейтарап, ғұмырда дайын тұрған әділдік жоқ. Әділетті әркім өзі орнатады. Жеке
өмірінде, оңаша жағдайында. Барлық құбылыстың өлшемі – адам. Адамдықтан аттаған идея қашанда айып-
ты, айыпты идея салтанат құрғанда, кісілік қуғында жүреді. Әділет дегеніміз көп жақты тепе-теңдік: сан қырлы тіршіліктің үйлесімде өмір сүруі.
Махамбеттік тұлғадан, Вашингтон мен Лондон мектептеріне бара алмаса да, ғаламдық өркениеттен шеткеріле берген аймақтық қалаларда спартандық ғұмырды кешіп жүріп-ақ ағылшын тілін ғажап меңгеріп шығуы талап етіледі. Таңдауың жоқ болса да, мүмкіндігі көп мырзаның тоқ ұлынан құрық бойы озып кет, сол ғана сенің махамбеттігіңді бітпейтін машақаттан құтқарып, өрге сүйреп алып шықпақ. Тарығып тұрып, кеңпейілділік көрсету, тізеге салып тұрып, үстем шыққан мерейіңді жасыру – маңдайымызға Тәңір жазған бақ-талайымыз.

Эстетика

Бейнет пен азап – адамның қасиетін күшейтеді, ләззатта, негізінен, тек күнәкарлық бар. Қалың елдің құрметі мен өшпес даңққа бөлейтін, ұлт аңсаған зиялылыққа соқпақ салатын – қайғы-қасірет, ауыртпа-шылық. Арзан жеңістің қадірі, оңай табыстың құны жоқ, себебі ұлылық дегеніміз – қиын-қыстау күн кешіп жүрсек те, мехнатқа мойымай, ауырға иілмей, орнымыздан тұру, жатқан жерімізден көтерілу, түпкілікті қарсылық көрсету, бірақ, азаптан өткен соң, қастасқан дұшпанына кешірім жасай білу.
Спартандық өмір жағдайында өзіңді сарбаздарша тәрбиелеп, ер мінез қалыптастыру – әдемі. Арқасына жүк артқан ауыр тағдыр соры қайнап, бақыты өшсе де, өз ғұмырын құрбандыққа шалып, құрдымнан тұтас халықты өгіздей тартып, өрге сүйреп шығарады. Махамбеттік тек – сойы асыл халықтың түп нәсілін – болашаққа жалғастырады. Жаяу Мұса, Иманжүсіп, Батақтың Сарысы, Аманғали, Мәдидің рухы жылдарды араға тастап, орыс тілді Алматының еңселі, шыршалы көшесіне қайтадан ақтарылсын, ақ жауындай құйылсын.
Әдемілік – бақытты уәде ету. Зады, Стендаль айтқан, сосын Ницше қайталады. Себебі, әлемді сақтап қала алатын әдемілік қана. Достоевскийдің сөзі. Меніңше, адамзатты рухани азғындық пен ақырзаманнан аман-есен алып қалатын әлеумет – спартандықтар. Махамбет, іштарлықты қарауылға іл, әлсіздерге жолбарыстың қайрат-серпінін бер, игі жанның ырзығына Ібілістерді жолатпа. Жақсылық қуатты, жаужүрек болсын.
Қазақ тілді бозбала, біз – Махамбетпіз.

Алматы, 11.10.1996


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика