Дидар АМАНТАЙ. КӨШПЕЛІ ЦИВИЛИЗАЦИЯНЫ АЯҚТАУ

30 ноября 2018

Жиырмасыншы ғасыр адамзаттың асқақтаған әрі құлдыраған тарихи кезеңі болды. Барлық жаман ғадет және жақсы қасиеті ашылған адам баласы қайтадан өз табиғаты мен болмысын ой талқысынан өткізуі тиіс еді. Өйткені, ол екінші мыңжылдықтың төрінен үшінші мыңжылдықтың босағасына қарай озып бара жатты. Жаңа дәуірге бір-бірін қанға бояған соғыстарымен келді, бөркін аспанға шаттанып лақтырған қуаныштарымен келді, бір-біріне қастасқан және бауыр тартқан философиясымен келді.

Дидар АМАНТАЙ

Әр жылдың айшықты уақиғалары шежіренің алтын беттеріне жазылды: кейбіреуі қызыл әріппен, кейбіреуі күміс әріппен. Бірінші орыс революциясы марксизм идеясын зеңбірекке оқтап, бүкіл әлемге паш етіп болашаққа атты. Технологиялық цивилизацияны орнатқан капиталистік қоғамның қатыгездігін жариялады. Отырықшы елдерді алғашқы дүниежүзілік соғыс күтіп тұрды.
Сол кезде ұлан-байтақ даланы кезіп жат мәдениет, басқа категориялар жүйесі тіршілігін кешіп жатты. Олар да жиырмасыншы ғасырды көруге жазған Құдай құлдарының оқшау бір бөлігі, жалпыцивилизациялық адамзаттың дара тобы — көшпелі қазақтар еді.
Үшінші мыңжылдықты қарсы алуға шыққан адамзаттың тамыры үш тармаққа жарылды: ойлау жүйесі ұғымдардың заңдылығына бағынған — ашық Батыс елдері, ғалам мен адамды интуиция деңгейінде таныған — тұйық Қиыр Шығыс халықтары және барлық құбылысты ғарыштық өлшем таразысына салатын көшпелілер цивилизациясы.
Тарихтың жаққан оттары тамырдың үш бұтағын да дүниежүзілік оқиғалардың ортақ қазанында қайнатты: интуиция ғылымды дамытты, эпика халықтарды біріктірді, термин эпиканы түсіндірді.
Адамзат тағдырында Робинзон Крузо жоқ, Адам Ата мен Хауа Ананың махаббаты ғана бар.
Көшпелі мәдениет тұрмыс-тіршілігін өзгертіп жатты, бірақ эпикалық кеңдік тіл мен қанға сіңіп кеткендіктен, Бұқар жырау екі ғасырды өткізіп барып, ғылыми батыстық поэзиядан Олжас Сүлейменов бейнесінде қайта көрінді. Космостық деңгей мен категориялық ойлау адамзаттық мәдениетте жаңаша бірікті. Көшпелі философиясы метаморфоза арнасының құлама беткей қос шатқалы, қарама-қарсы екі қабақ — биік жұп жартасы Абай мен Жамбыл болатын. Бірі сол Бұқар жырау мәдениетінде өмір сүре отырып, Олжас Сүлейменов дәуіріне алтын көпір салды, ол — данышпан Абай еді.
Екіншісі Олжас Сүлейменов заманында тірлік кеше отырып, Бұқар жырау мәдениетінде қалып қойды, ол — жыр алыбы Жамбыл екені анық. Абай — Қасым Аманжоловқа маңдай түзеп ұшқан үшінші мыңжылдықтың алғашқы қарлығашы, қорытып айтсақ, атасы еді. Жамбыл — Сүйінбаймен қоштасқан екінші мыңжылдықтың жыраулық дәстүрінің, адамзаттық тарихтан несібе бұйырған соңғы тұяғы болды.
Солай талқыға салсақ, Жамбыл бүкіл адамзаттың дамуындағы көшпелі өмір пен философияны аяқтау болып шығады. Және өзіндік жүйесі бар тұтас бір мәдениетті ғажап биікте аяқтау. Бертін келе, көшпелі тірлік Жер бетінде мүлдем тоқтап, оның босатқан орнында эпикалық тыныстағы қонақжай халықтар ғана қалады.
Кейін адамзат ұрпағы көшпелі тұрмысты кітаптан ғана оқитын заманда, Жамбыл сол кездің символына айналып, оның беттерінің біреуінен — рухына қанат бітіп, бізге күлімсіреп көз салып — қарап тұрады.

Алматы, тамыз, 1996 жыл


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика