Дидар АМАНТАЙ. Киелі өлке кеніші

8 октября 2019

(Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова туралы)
Эссе

Бұл күндері Қарқаралы елінен шыққан қазақ қайраткерлері туралы ойлана қалсақ, есімізге бірден Әлекең (Әлихан Бөкейхан), Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермековтер түседі. Әр жақ, бер жағына үңілсек, Қаз дауысты Қазыбек би, Бекболат, Тіленші, Кенже би, Нұралы би, Тәттімбет, Ақайдың Қасені, Мәди, Қасым, Нүркен, Мартбек, Қалибек, Жүсіпбек, Шолпан, Әлжаппар, Жаппар, Қапан, Сапарғали (Ләмбеков), Серік, Дәуітәлі, Мақпал, сосын… тұңғыш ғарышкер Тоқтар жадымызға оралады.

Толық тізім бұдан да көп. Ұзын.

Осы асылдар қатарында ұлтқа еңбегі сіңген, елдің ықыласына бөленген тағы бір дегдар тұлға бар. Өнердің панасы, өнерпазға – қамқор.

Ол кісі жайлы Қарағанды-Арқа өңірінде бәрі аса бір құрметпен апай деп сөйлейді. Тіпті, атақты ақын, іргелі қаламгер, көрнекті өнерпаздар, қала берді, мәдениет қайраткерлері әңгіме үстінде еске алып жатса, Рымбала апай деп атап көрсетіп, сөзіне сілтеме жасап, жүгініп отырады.
Беделі жоғары, абыройы асқан, Қарқаралы-Қарағанды, Арқа, алты алаш баласына қадірменді перзент.

Мен апайды кейінірек көрдім. Қарқаралы қаласы іргетасы қаланғанына жүз сексен жыл толуына орай өткен дүбірлі той кезінде жақынырақ таныстық.

Екі жыл өткен соң, Қарағанды шаһарында шығармашылық кешімді ұйымдастырды.
Мен сұраған жоқпын, бірақ апайдың сырттай жазған-сызғандарымды оқып, ескеріп жүретінін байқадым. Жылт етіп көрінген талант болса, демеп, көтеріп, көмек жасап жіберетін жақсы бір дағдысы, қасиеті бар екеніне куә болдым.

Қуандым. Әрі таң қалдым.

Сені іздейтін елің болса, өнерпаз үшін одан асқан қандай бақыт, қандай құрмет бар? Мүмкін, сексен алтыншы жылы он алты, он жеті жасымда аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысқанымды біле ме, ұмытпады ма екен деп ойладым.

Сол айтысқа бізді Жайық Бектұров дайындап еді. Режиссеріміз – Ерсайын Тәпенов, қатысушылар Қуаныш Мақсұтов, Жақсыкелді Кемалов, Бақыт Төлеуханова еді.
Дүлдүл ақын Оңайгүл Тұржанова радиоға менен сұқбат алғаны есімде.

Апайдың қайраткерлігіне көрген жұрт таң қалатын. Әшекең (Әшірбек Сығай) өнердің Ұлпаны атаған мақаласында бір қызықты жайтты келтіреді. Кеңестің дәуірі жүріп тұрған заманда, сексен төртінші жылы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына үздік өнер туындыларын ұсыну науқаны басталады. Науқан барысында бақталас топтар, бәсекелес таланттар бір-біріне қарсы аяусыз күрес жүргізеді. Советтік өмірдің салты, айықпас дерті, көзге көріне бермейтін көлеңкелі бір қыры. Мәдениет министрлігі театр, музыка саласына жетекшінің орынбасары Әшекең сонда Рымбала Кенжебалақызының белсенділігіне таң қалады. Рымбала апай: “Сыйлық біткенді Алматы ала бере ме? Облыс өнерпаздарына қашан кезек тиеді?” деген мәселе көтереді. Әшекең бұл дәстүрдің үзіліп қалғанына өкінеді.

Бұл өнер жолындағы әділдік үшін күрестің анық белгісі еді. Осы табандылық, қайраткерлік мінез арқасында, Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры сахнасында, көрнекті драматург Сәкен Жүнісовтың “Өліара” пьесасы бойныша қойылған спектакльдің режиссері Е.Тәпенов, суретшісі Е.Мақсұтов, актерлер Е.Жұмабеков пен С.Қажымұратовтар Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанады.

Ілуде бір кездесетін уақиға.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов мырза Қарқаралы қарлығашы деген атақ берген Рымбала Кенжебалақызы көп жылдар бойы облыстық мәдениет басқармасының басшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

Бүгін де өзіне тән адалдықпен өнер мұраты, ұлт мүддесі жолында, еліне, қайраткер тұлғаларына үлгі-өнеге көрсетіп жүр.

Халыққа сыйлы, жұртына құрметті Рымбала апай туралы кітаптар да шығып жатыр, кинофильмдер де түсіріледі.
Тәңірі ұзақ ғұмыр берсін!

teledidar.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика