Дидар АМАНТАЙ. АҚ СҰҢҚАРДЫҢ СЕРІГІ

18 августа 2017

Сал кеуде сандуғаштай сайрап тұрған.
“Сандуғаш”, Естайдың әні
Ақ сұңқар – аса даңқты болғанымен,
өте сирек кездесетін құс.
Ж.А.Адаев

Дидар АМАНТАЙ. АҚ СҰҢҚАРДЫҢ СЕРІГІӨртеніп кеткен ақын орнында бір уыс күл емес, өлең қалады. Жана алмаған ақын – шала.
Тегінде, от шарпыған бұтақ, өзегіне дейін өртенбеген соң – шала. Лапылда, қатты маздап жалында, сөнбей мәңгі лаула, Ақын. Өлең сонда туады, біреуге қарап, еліктеп-солықтап, қоңырсып түтіндеген, булыға бықсып, ойды, сананы, көзді ашытқан – қолдан жасалған қола ескерткіш, өзінен-өзі тұтанған шайыр – Өрт. Қола ескерткіш – тарихтың күлі, артыңнан өлең қалсын, Ақын.

Қасым тектес құс

Зады, серік жайлы айту үшін, ақ сұңқар туралы білу шарт. Ақсұңқарұлы Қарағанды шаһарында қалды. Бірде, оның тентек өлеңін кездейсоқ оқығаным бар. Өлеңнің аты да қызық – “Провинциялық әдебиет”. Жұрт Бальзактың аузына салатын аталы сөз есіңізде шығар, оқырман: “Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі”, – делінеді сонда. Оны түгел естігенбіз, бірақ Серіктің қарсы пікірі бас қалаға жетпей қалыпты:
Ауыл менен астананың арасы,
қанша қашық дегенімен, қарашы:
Асқақ қарап тұрған Алатауынан
Абайың да –
Шыңғыстаудың баласы!

Жүрегімді сол Семейдің оты ұрып,
Өмір сүріп келем өксіп, өкініп.
Ақындардың ауылдарда туатын,
Астанада өлетіні – өтірік!
Ақындық әділдікке салып жіберіпті. Тағдырдың Қасым құсап Алматыға ұшып жетіп, бүлік шығаруына жазбағаны ма деймін, әйтпесе сол ағасы айтқан асау сөзді ол да ойланбай-ақ оңай айта салар еді:

Берсең – бер, бермесең – қой баспанаңды,
Бәрібір, тастамаймын астанамды.
Өлеңіммен от жағып, жылытамын
Өзімді, әйелімді, жас баламды.

Ол Қасым Алматыда жаққан отты Қарағандыда алаулатып отыр:

Кешір, әке! Өркеніңе қарашы:
Жазылмаған жүрегімнің жарасы.
Жаңа білдім: жер мен көктей екен ғой,
Туған жер мен тойған жердің арасы!

Бәйге. Пырақтар

Осы өлеңді мен жатқа білемін. Әр ойды дөп басқан метафора, Арқаның өзі тәрізді еркіндік, дүниенің көлемі мен түсін жылқының белгі, қасиеттерімен айқындаған көшпелі қазақтық пафос, әр құбылысты космостық деңгейге шейін кеңейтіп алып, талқыға салатын ауқымы мол аласапыран жүйе жаңаша формамен, өзгеше өлең техникасымен астасып жатады.

Сәуірбек аға!
Ғафу ет сұрағаныма:
Арғымақтың да адамша жылағаны ма?!
Арғымақтар-ай!
Ғасырдың ғажап
тұлпары!
Менің де қаным – қыр қаны,
қазақтың қаны.
Шынымды айтам, шынымды –
сандырақтамай:
Құндыз қыл құйрық сұржекей, арғымақтар-ай!
Даламыз – кітап.
Беттерін ашқанда кілең –
терең ол,
ерен ғажайып дастандарымен.
Эпосы,
эпопеясы қыраттарымның
тұяқтарымен жазылған пырақтарымның.
Ат тұяқтарының даламда азан сапты әні…
Ата-бабамның сол еді қаламсаптары!
(“Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті”,
поэма-панорама, Алматы, “Жалын”, 1984 ж.,
43 бет, “15. БӘЙГЕ. ПЫРАҚТАР”)
Өлеңді осы тұстан үзіп алып отырмын. Әрі қарай, одан сайын делебең қозып, арқаң қыза түседі. Арғымақ – оза шауып, бәйге алған жүлдегер аттан жүйрік, өлең – дәріптеліп, марапат көрген, атақ әперген жырдан жоғары. Белгісіз өлең әлі күнге шейін халықтыкі болып есептеледі. Дәріптеліп, марапат көрген ақын – таңба басылған күлік, үйірден оқшау, дара туған құлынға темір қыздырып баспайды. Белгісіз өлеңнің авторы – халық.
Ұйқасы бес буыннан тұратын жыр сирек кездеседі, сондай шығарманың бірі – Серік Ақсұңқарұлы толғауы. Бір жолда он төрт буын кестеленіп, оның тоғызы ойды нақтылап, пысықтауға қатысады да, бесеуі контекс-те түзілген зейнетті бұзып алмай, ұйқасуға тырысады. Кейбір өлеңде соңғы екі шумаққа ұйқасу үшін ғана жазылған, мұратынан адасқан бірінші және екінші жол болады. “Бәйге. Пырақтар” мұндай әдіс-айладан таза, тудыра алмасаң, талпынбай-ақ қой деп тұрғандай… көп поэмалардағы себепсіз келтірілген сөздерге, өлеңмін деп айқайға басқан әдепсіз, айтыла-айтыла өзін-өзі ерқашты, жауыр қылған “келемін, беремін, кетемін, көремін” атты формулаға.
Біздің дәуірімізді жұқпалы індет, қауіпті дерт шалды: өлең жасап шығарудың ғажап технологиясы дүниеге келді. Өлең өндірісін меңгеру оңай, бір дәптерге ұйқастарды қаздай тізіп толтырып ал, екіншісі үкімет пен басылымдар көтерген мәселелерге арналсын, сонда… қаламың ұшталып, игеретін тақырыбың дайын тұрады, шабытты сол тақырыпқа жарияланған бәйгенің жүлдесі, сыйлықтың құны береді, технологияның үш өтпелі кезеңі саған “Ақын” деген атақты әпереді. Бірақ, таптаурын өлеңдер – бұқараның рухын оятпайды.
Жасанды ақындарға – трагедия жасау қажет:

Пақырлар өлді тірлігін
Өзінше жасап шайқап-ақ.
Ақындар өлді бір-бірін
Көкектер құсап қайталап!

Өлімнің заңы. “Көн” – деген
Шежіре жыр ғып баяндар.
Бәрі де өлді. Өлмеген –
Рубаилар, Омар Хайямдар…

“Қызыл арай” кітабында тосын мінез көрінетін бүлікшіл өлең бар, бірақ бұл кездейсоқ туған толғаныс емес, ашу-ызадан байқамай сыртқа ақтарылып кететін, іште қайнап жатқан арпалыс секілді: “Дарынсыздар! Қырып ал мені келіп!”

О, өлең!

Адамзат күнге табынды. Күнге табыну – қыстың көзі қырауда, қарға малтыған сақара төсінде шыңылтыр қызыл шұнақ аяз тұрғанда, аяғын суық шалған кең шатқалда, үлкен әулет матқапыда жоғалтып алған жайма-шуақ тірлігі мен шоқтай қызған жылуын қайыра тапсын деген шайырдың адал ниет, жақсы тілегі еді, жылылық қана ғұмырды сүйеді, түсі суық, зіл қара тас, салқын қабақ, сұсты пішін – төңірегін тез шолатын көз түгіл, дүниені көкірегіне тоқыған сана бағамдап құрдымына жете алмас ұлан-ғайыр Құсжолы. Құсжолы дөңгелетіп алып кетуге ғана келеді: аяулы тіршілікті, жалыны бет қарыған ыстық Күнді, сіз ұнатқан сүйкімді бейне, таныс жүзді. Күнді сүю – басқаның құшағын аңсаған құштарлықты, өмірді сүйген махаббатты құтқару деп түсінілді. Отқа табыну, пұтқа табыну дәл бұлай ұзақ ғұмыр кешкен жоқ.
Күнге қарап, тізе бүгіп, жүгіне отыру – шоң желке, алақан көз, жырық ерін, қасқыр қабақ, заты опасыз, сойы қаныпезер ажалдың елді мұратынан адастырған ұзын қолын білезіктен қағу болатын. Бізге мәңгілік қажет, ешқашан тіршілікте ешкім тауысып сүріп тастай алмайтын ғұмырыңды бер, қайта айналып жер бетіне сағынып оралатын аруақты мезгілінен ерте арамызға жібер, қарасын жоғалтып, қол үзіп алғанымызды қайтар, құдіреті күшті Күн. Пенделер жалбарынды.
Адамның санасы оянып, ақыл-есі кіргенде, от ауызды, орақ тілді абыздан шыққан жақсы сөздің жанға ырыс, көңілге жылылық беретіні аңғарылды: ақындардың заманы келді. Пенделер ақындарға жалбарына бастады: жылуыңды аямай төк және атам заманнан қол жеткізбей келе жатқан мәңгілікті әпер. Ақындар пенделерге мәңгілікті әперді: Пушкин Дантесті құтқарды, Моцарт Сальериді өлтіртпей келеді, Біржан сал – Жанботаны. Елдің Сталинді ұмытпайтыны – ол жайлы Осип Мандельштамның сегіз жол өлеңі бар: “құрт секілді жуан саусақтар”. Олжас Сүлейменов қаншама ескерткіш құйып, белгі соғып тастады: халқына, достарына, қастарына.
О, уақыт!
Саған
17
болып ораламын –
ТАЗАРТУ ҮШІН ТАРИХТЫҢ “АВГИЙ ҚОРАЛАРЫН!”
(“Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті”,
поэма-панорама, Алматы, “Жалын”, 1984 ж.,
5 бет, “1. РОССИЯ, 1917 ЖЫЛДЫҢ КҮЗІ”)
– деп жазады Серік Ақсұңқарұлы. Бірақ, оған, ақындарға, 17-нің өзін тазарту керек еді, ол “қораның” да былықтары көп болғаны белгілі. Революцияны аңсаған Ақсұңқарұлы қантөгіске шақырған жоқ, оның революциясы адамның қанын төкпей, жүйені сауықтырып, жетілдіру еді, бұл сарын Альбер Камюдің “Бүлікшіл адам” атты тарихи-публицистикалық шығармасында толық сипатталады.
Революцияны сүйемін!
Сенімдеріңе
лайықпын мен!
Қосылам шерулеріңе!..
… Жендеттер
шошып дүние дүрбелеңінде
мені де, мейлі, қамасын түрмелеріне –
шығамын бұзып!..

… От боп кірейін жас толы жанарларына,
қызғыш құс болам – қапаста қамалғанына!!!
(“Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті”,
поэма-панорама, Алматы, “Жалын”,
1984 ж., 4 бет)

Революцияны сүю – өзгені отқа итермелеу емес, ол – өзін құрбандыққа шалу еді: бостандығын, мұратын, уақытын. Жетімдер мен қорғансыздардың арман-тілегі үшін, жазықсыз сәбидің тостаған жанарынан бейкүнә жасы кірпігінен үзіліп, жерге тамбасы үшін, ешкімді ешкім қиянатқа жықпауы үшін. Содан соң, адамзаттың Рухын аспаннан анықтау үшін, өйткені адамзаттық рух – мәңгілік, рух дегеніміз:

ГУМАНИЗМ –
РАФАЭЛЬ!
ШЕКСПИР!
ЭРЕНБУРГ!..
…РЕНЕССАНС РУХЫ – жүрегімде.
Көз алдымда – РАФАЭЛЬ!
ЭРЕНБУРГ…

УИТМЕНДЕР сөйлейді тілде бөлек,
жүрегімді найзағай – үнге бөлеп.
Айта берсін аярлар: “Үндеме!” – деп,
Адам атын жырлаймын гүлге бөлеп!
(“Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті”,
поэма-панорама, Алматы, “Жалын”, 1984 ж.,
50–52 бет, “17. АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ. АНТИ-НЕЙТРОН”)

Серік Ақсұңқарұлының Революциясы мен Ком-мунизмі қоғамда орнап жатқан жүйеден өзгеше еді, екеуінің де өзіндік атрибуты бар:
Блоктың ПАЙҒАМБАРЫНДАЙ болып бір күні
КОММУНИСТ – ҒАСЫР,
СЕН кіріп келдің есіктен!
(“Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті”,
поэма-панорама, Алматы, “Жалын”, 1984 ж.,
6 бет, “1. РОССИЯ, 1917 ЖЫЛДЫҢ КҮЗІ”)

Немесе, мынадай сөз тіркесі – “Муза РЕВОЛЮЦИЯ”. Осындай жайттар жүректегі қатыгездік пен зұлымдықты жібітіп, оларды ізгілік пен игілікке айналдыру революциясы екенін айғақ ете алады, ал коммунизмі – Блоктың ПАЙҒАМБАРЫНДАЙ идея еді.
Адамзат Күнге табынды. Қазір ақындарына бас ұрып келеді: Байрон, Гюго, Гете, Пушкин, Абай, Уитмен, Неруда, Гарсиа Лорка.

Бәйтерек пен бөрене

Тегінде, Андрей Вознесенский мен Евгений Евтушенко кейбір белгісіз сібірлік ақындардан жоғары көтеріле алмады, бірақ, әр сібірліктің атақ-даңқы туған деревнясынан әріге асқан жоқ. Вознесенский мен Евтушенко – Пушкиннің табаны тимеген әлем қалаларының даңғылдарында, бульварларында, көшелерінде – қонақта болып, онысын жырында әдемі келтіріп, мақтана жазды. Олар Пушкин туып-өскен топырақ, аунап-қунап ержеткен туған жер бар екенін ұмытып кететін тәрізді, бәрібір, орыс болмысы дегеніміз – Пушкин, Лермонтов, Достоевский, Толстой, Чехов, содан кейін… Буниннің тағдыры.

Жасырды да толқынына бар ізін
ақты Уақыт.
Уақыт – ұлы дария.
Жүруші еді көшесінде Париждің
сексендегі қайғылы бір Қария.
Ол – Шерлі Адам.
Париждегі досы – өлең.
Неткен сұмдық қайғылы еді сол Ақын:
адамдардан,
гаваньдардан,
көшеден
РОССИЯСЫН іздеп жүрген болатын!
(“Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті”,
поэма-панорама, Алматы, “Жалын”, 1984 ж.,
10 БЕТ, “2. ПАРИЖ, БУНИННІҢ МӘЙІТІ”)

“Париж. Буниннің мәйіті” деген Серік өлеңінен үзінді: ғажап жыр, мұңды шумақтар. Бәйтеректей, шынардай – биік туынды. Маған сезім мен ойдың орнын дұрыс белгілеп, бұлдыратпай, айқын көрсетуі ұнайды. Бунинді көріп отырмын, оның Россия деп жазылған сөзді қапелімде біреудің сөмкесінен оқып қалғандағы жүрек лүпілін түсіне аламын: көркем саз, нақты сурет. КСРО құлағанда, газет бетінде Е. Евтушенконың “Қызыл жалау” атты өлеңі басылған еді, кейін оның қазақша аудармасын кездестірдім, авторы – Серік Ақсұңқарұлы, екеуі екі өлең сықылды, түпнұсқасы аудармасынан әлдеқайда жасық, әлсіздеу көрінді.
Соңғы кездері түсініксіз, жалған абстракцияға құрылған өлеңдер қаптап кетіпті. Түсінікті ойын әдейі бұрмалап, анық образын қасақана бұлыңғырлатып, елден шын ниетін жасыратын секілді, не үшін дейсіз бе: жеңіл толғау, арзан нәрсенің құнын, салмағын, дәрежесін арттыру мақсатында. Кейде, тіпті, жекелеген анық поэтикалық метафоралар көмескіленіп, табиғатына жат мазмұнның арасында қаңғырып адасып жүреді. Жазғытұрым сең бұзылғанда, су бетіне қалқып шығып, қопарыла аққан жуан бөренелерді еске салады.
Мөлдіретіп таза жазғанға не жетсін!

XX ғасырдағы Серік Ақсұңқарұлының жиырма сәтті жеңісі

Серік Ақсұңқарұлы,
аға,
ұстаз,
азамат!
Ертеден Алматыға ат басын сирек бұрып, алып шаһарда, қашанда, кездейсоқ әрі аз аялдаушы едіңіз, кейінгі уақ мүлдем жолыңыз түспей қойды, астана бұрнағы кейпінен айныды, көп нәрсе болды, сан қызық өтті, Иосиф Бродский мәңгі көз жұмды, Олжас Сүлейменов алпысқа толыпты, Мұқағали туралы жаңа кітап шықты, қалғаны – кәдімгі қалалық қым-қуыт қапыл тірлік, қарбалас. Аспан астында ештеңе өзгермейді екен.
Қазақ Рухы қайта оянып жатқан шақта, Сіздің де рухыңызды көтере түсуді өзіме парыз санадым:
1) Алматыға келмедім деп өкінішке бой ұрмаңыз, астананың өзі сізге көшіп барады.
2) “Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті” поэма-панорама емес, өзіңізге салып жатқан ескерткіштің берік іргетасы.
3) “Жез тасқын” атты кітабыңыз пенденің қолымен түзетілсе де, поэзияның қыш кірпіші болып қаланды.
4) “Қызыларай” топтамаңыз әдебиеттегі орныңыз-ды біржолата айқындап берді.
5) “Ғасыр кардиограммасы” қазақ поэзиясындағы шәкірттеріңіздің қалыптасуымен тұспа-тұс келді.
6) Өлеңдегі меншікті қолтаңбаңыз есіміңіз түсіп қалса да, Сіздікі екенін айғақтап тұрады.
7) Республикалық әдеби баспасөз сізді шеттетіп жүргенімен, үнсіздік – ұмытқандығы емес.
8) Атақ беріп, шапан жаппаса да, атыңыз жер жарады.
9) Күйкентайдың серігі емес, Ақсұңқардың Серігі екеніңіз,
10) Адал жарыңыз,
11) тұяқтарыңыз,
12) достарыңыз Есенғали Раушанов, Ұлықбек Ес-дәулетов тәрізді ақындар болғаны,
13) “Қасым туралы сөз” Аққорада сөйленгенімен, Алматыға жеткені,
14) 15) 16) 17) 18) 19) қазақтың тілі, ділі, ойлау жүйесі, діні, топырағы, рухы Сізді, сіз Оларды биіктете алғаныңыз,
20) Бір Күндік Сәуленің Құсжолына айналғаны – шындық:

Цивилизация ұғымы басыма қонбай,
Жезөкшелерімен Батыстың ашына болмай,
Үстінде жұмыр жерімнің жүріп келемін,
Күйікті өлеңім – кеудемде, сүйікті өлеңім.

Адамзатымды алтынның жауламасы анық,
Мона Лизаны пұл қылып – саудаға салып –
Бай болмай, кедей болмай-ақ жүріп келемін,
Күйікті өлеңім – кеудемде, сүйікті өлеңім.

Алматы, 11.10.1996


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика