ДЕРЕУ! ТЖ қызметкерлері суға кеткен жігіттердің өздерін кінәлап отыр

3 Сәуір 2017

Бұдан бұрын Qasym.kz екі адам өмір сүру үшін күресіп жатыр деп хабарлаған болатын. Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы ауданының Нүркен Әбдіров атындағы ауылда тұратын ағайынды жігіттер Қопа өзеніне ағып кетті. Қазір оқиға орнында суға кеткен азаматтарды іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Ал ауылдың тағы бір тұрғыны өзеннің арғы бетінде қалып қойыпты. 

Куәгерлердің айтуынша, суға кеткен жігіттің бірі таңертеңгілік досымен бірге мал іздеуге шығады. Кері қайтар жолда екі жігіттің бірі аттан құлап, суға ағып кеткен. Ал екінші жігіт дереу ауылға телефон шалып, көмек сұрайды. Оқиға орнына суға кеткен жігіттің ағасы мен ауыл азаматтары жиналады. Дәл осы кезде бауырын құтқармақ болған азаматтың өзі де өзенге ағып кетеді.

«Олар өзенді өз беттерімен кешіп өтпек болған. Өзеннің арғы бетіне көпір арқылы өткен жігіттері кері қайтар жолда айналма жолға түседі. Судың ортасына келгендер ат сүрініп кетіп, үстіндегі жігіт құлап қалған. Жылқылар судан бері өтіп үлгерген. Ал адамдарды іздестіру жұмыстарын жалғастырудамыз», – дейді Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов.

Оқыс оқиға туралы Қарағанды облыстық ТЖД қызметкерлері 2 сәуір күні кешкі 19:00 шамасында хабар алған. Бірден іздеу-құтқару бригадасын жіберіпті. Құтқарушылар қайғылы оқиғаның орын алуына ауыл азаматтарын кінәлап отыр. Өйткені олар алдын ала жасалған ескертуді елемей, қауіпті кезеңде өзеннен өтпек болған.

«Бұл Нүркен Әбдіров ауылынан 500 метр жерде орын алды. Жігіттер Қопа өзенінен атпен өтпек болған. Оларға көктемгі тасқын уақытында судан өтудің қауіпті екендігі ескертілген болатын. Қазір оқиға орнына 6 адам мен 2 техника және қайық жіберілді. Бұл жайды су тасқынына қатысты төтенше жағдайға жатқызуға келмейді. Бұл адамдардың ескертуді елемеуі салдарынан орын алған қайғылы оқиға», -деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазір су тасқыны елді-мекенге айтарлықтай қауіп төндіріп тұрған жоқ. Алайда күн күрт жылынса өзен суы арнасынан асып кетеді және көрші ауылдардың суы осылай қарай бағыт алады деген қауіп бар.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша оқиға орнында аудан әкімі бар. Қазір суға кеткен жігіттерді іздеу жұмыстары және өзеннің арғы бетіндегі жігітті жағаға шығару, жылы киім мен тамақ жеткізу жұмыстары қолға алынған.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика