Дауылпаз ақын драматургиясы

3 Желтоқсан 2015

18261Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов шығармашылығында ерекше орын алатын сала – поэзия. Ақынның өршіл рухымен әдемі де нәзік жан дүниесі, жалын атқан өлең жолдары арқылы терең мағынаға ие болып көркем де қайталанбас образдармен өрілді. Сонымен бірге ақынның өмірі мен шығармашылық жолында маңызды рөл атқарған – өнермен рухани байланысы арнайы зерттеу тақырыбы болады. Театр, музыка, ән, аспапта орындаушылық секілді өнердің сан түрі Қасымның өмір болмысының ажырамас бөлігіне айналып қысқа ғұмырында кең арнамен көрініс береді. Жастық шағы, тұлғалық қалыптасу кезеңіндегі өнерге жақындығы, өнермен бірнеше жылдар бойы тікелей айналысуы кейін осы салада пайда болған тың дүниелердің туындауына алып келді. Драматургия жанрында жазған санаулы шығармаларынан ақынның қарымы мол суреткер болғандығын көреміз. Қазір Қасым ақынның аз санды сахнаға арнап жазылған туындыларын оқи келе байқағанымыз, театр репертуарын жасауға ақын кезінде кеңінен тартылып осы жанрмен толымды айналысса, ұлт драматургиясындағы комедиялық жанр едәуір ілгері басып,өткен ғасырдың 40-50-ші жылдарының өзінде толымды ұлттық комедиялық шығармаларға қол жеткізуге болатын еді деген ойлар келеді. Қ.Аманжоловтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы «Қасымның ақындық өмірінен» атты зерттеу мақаласында белгілі әдебиеттанушы ғалым, қаламдас досы Есмағанбет Ысмайлов суреткер өмірін толық қамтып жазған. Ақын өмірі мен шығармашылығының өнермен қилысатын сәттеріне көз салсақ, жастайынан әуес болған Қасымға ерекше әсер еткен уақыт Семей қаласына тұратын ағасы Ахмеджанның үйіне келіп тұрған кезі екен. Осы жерде ол қаладағы ел аузында жүрген қазақтың белгілі тұлғаларын, әнші, жыршы өнерпаздарын жиі көріп, олардың өнерімен сусындайды, өнерін үйренеді. Өзі де соларға еліктеп өз бойындағы өнер мен шығармашылық бұлақ көзін ашып «мектептегі, қаладағы жастардың ынта жігерімен қойылатын сауық кештерінің, спектакльдердің бірталайына белсене қатынасады. Ойын-сауыққа алғаш араласқан кездегі жолдасының бірі Шәкен Айманов» (Қасым Аманжолов. Шығармалар, Төрт томдық. IV том. 191 б.) – болған екен. Осы ортадағы өнерпаздар арасында ол домбыра, скрипка секілді музыкалық аспаптарды жетік меңгеріп, өзі де көпшілікке өнерімен таныла бастайды. Ақынның қарымды поэзиясы өнердің ерекше саласы – музыкамен, оның табиғатымен қатар өрілуі, бірі екіншісінен ажырамастай болып ғұмыр кешуі жайлы зерттеуші орынды пайымдау жасаған. Ол: «Әрине, Қасым өлеңнің формасы жөнінен де қатты ізденген ақынның бірі. Алайда, ол қандай форма іздесе де белгілі бір музыкалық үнділікке, жарастықты шеберлікке келтіріп береді. Музыкасыз, лепсіз Қасымда жаңа форма келіп тумайды. Осы кездегі жаңа формамен жазған екі өлеңнің екеуі де аударма. «Сулико» және «Өтеді күндер» (Шевченкодан) өлеңдері болатын» дейді. Біздің ойымызша, музыканың жүрек соғысы болған негізі – ырғақты, сол ырғақтың бойына бірде бал, бірде зар, бірде мұң бірде асқақ үн болып өрілер әуенді талантты ақын ерекше сезінген. Сондықтанда музыка мен поэзия арасындағы тығыз байланыстың ара жігін бөле жармай керісінеше, бірге, тұтастықта қарастыра отырып өз шығармашылығында соны жолмен жүруде зор жетістіктерге еріскенін көреміз.

Өмірінің қызыққа толы бірнеше жылын Қасым театр жұмысына арнайды. Міндетті әскери қызметінен босап қайтқаннан кейінгі 1935-1936 жылдары Орал қаласында жаңадан ұйымдастырылған қазақ музыкалық драма театрының артисі және көркем басқарушы қызметін атқарады. Осы жылдары ол қаладағы талантты жастардың басын қосып театр жанынан оркестр ұйымдастырады. Қазақ тілінде сахналық ойын көрсетіп көрерменге танылады. Орал театрының алғашқы сахналық қойылымдардың бірі болған Д.Фурмановтың «Бүліншілік» спектаклінде жас Қасым Жетісу өңіріне кеңес үкіметін орнатуға келген Фурмановтың рөлін сомдайды. Ақынның өмірінің осы кезеңі жайлы досы Жәрдем Тілеков өзінің естелігінде: «Қасымның Оралға келуі жастардың ортасында үлкен бір оқиға болды. Өзі ақын, музыкалық аспаптардың барлығын да ойнайтын, әрі әнші, күйші, өнерпаз, оның жүрген жері ылғи думан, ойын-сауық еді» – дейді. Осы ортада еліміздің батыс өңірінде өнер мекемелерін аяққа тұрғызудың қызығы мен шыжығын басынан өткізген Қасым қажетті өмірлік тәжірибе жинақтайды. Бастысы театр өнері арқылы ол образды сомдауды, драмалық оқиғаны тартысқа құру, сахналық шығарманың құрылымдық негіздерін өзі үшін айқындауда тәжірибені теориямен ұштастыруға мол мүмкіндік алады.

Осыдан кейінгі жылдары Қ.Аманжолов театрдан, актерлік шығармашылықтан қол үзіп кеткенімен жалпы сахнадан үйренген тәжірибесінен алшақтаған жоқ. Сол кездегі барлық облыстық театрларда қойылған музыкалық театрдың ұлтты репертуарының алғашқы үлгілерін толығымен орындап жүрген. «Ол белгілі халық әндерін де, «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» арияларынан да, Абай әндерінен де көп айтып орындайтын. Солардың ішінде Мәдидің, Естайдың әндерін өзгеше ықласпен қайта-қайта айтушы еді» – дейді зерттеуші өз мақаласында.

Керісінше театр өнерінің, драманың қуатты компоненттерін поэзиясымен сәтті ұштастырады. Ақынның театрды, драматургия саласының қыр-сырын жетік те жақсы меңгеруге біріншіден, жоғарыда айтылған Орал қаласындағы театрда жұмыс істеуі, актер болып сахнаға шығуы, театрдың қыр-сырын ішінен білгендігі. Осы кезеңнен бастап ақын бойында қалыптасқан театрға деген құштарлық өмір бойы қалады. Соның ішінде музыкалық опера театрға баруды жақсы көрген Қасым Мәскеу, Ленинград секілді қалаларға барғанда жанындағы жолдастарын ылғи театрға ертіп апарады екен. Е.Ысмайлов «Мен драмалық театрға барғым келсе, Қасым көбінесе концертке, опералық театрға барғысы келетін» – дейді аталмыш мақаласында.

Екіншіден, ақын шығармашылығында драмалық бояуы басым көлемді поэмаларға жиі баруы. Поэманың оқиғаны кең тыныспен баяндау тәсілі мен кейіпкерлерінің кесек мінезді болып келуі, пьеса табиғатына етене жақындығымен сахнаға сұранып тұратындығы. 1939 жылы Қасым ақын өмірінде атақты композитор Естай Беркімбайұлымен кездескен тарихи сәт болады. Жүздесуде Естайдың өз аузынан атақты «Қорлан» әнінің шығу тарихы мен композитор басынан өткізген оқиғаның анық-қанығын айқындап қағазға тізіп, осы тарихты драмалық поэма етіп жазбақ болады. Тіпті «Поэманың жоспарын, алғашқы бір тарауын біздің сынымызға салып, талқылап та алды» – дейді.

Ал бейбіт өмірге оралғаннан кейін Қасым ақын өзге ұлттардың поэзиясының озық үлгілерін қазақ тілінде сөйлетеді. Низами Ганджевиден «Ләйлі мен Мәжнүн», А.Пушкиннен «Полтава», М.Лермонтовтан «Маскарад», А.Твардовскийден «Василий Теркин» секілді т.б. сүйекті драмалы поэмалар қарымды қазақ ақыны қаламының қуатымен оқырмандарына жол тартты. Бұл шығармалар күні бүгінге дейін поэзияның үздік үлгісі болумен бірге театр репертуарына да тереңдей еніп, ел жадынан өшпей келе жатқан арқалы ақындардың сүбелі туындыларының қатарына жатады. Қасым оқиғасы ширақ жазылған осындай поэмалар мен жырларды аударып ондағы драматургиялық конфликті мен кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасына, сахналық пьесаға жақын тұратынөзіндік ерекшеліктерін айқындауға назар аударады. «Бұл ақын ойының тереңдей түсуіне, шеберлігінің өсуіне, көп пайда, өнеге берді» – дейді С.Қирабаев.

Ақын Ғафу Қайырбеков 1991 жыл жазған «Қасым Аманжолов – қазақтың ұлттық ақыны» атты мақаласында «Шынында, Қасым – өзі айтқандай, «Дауыл мен оттан жаралған» ақын еді. Қасымның қай өлеңін алсаңыз да, дауыл, «найзағайлы қара бұлт», от-жалын қаптап жүреді ғой» – деген екен. Заманының саяси хал-ахуалын жақсы білген көзі ашық ақын өзінің кішігірім фелетон-пьесасында әлемдік кеңістікте болып жатқан елеулі халықаралық ахуалға алаңдаулы. Жеңімпаз Қызыл армияның күшіне сенімі нық, отаншыл, елін сүйетін патриот жан. Ақындық қиялмен елінің ертеңінен тек жеңісті, тек жасампаздықты көрген сахнаға арналған шағын шығармадан да біз «дауыл мен оттың» лебін сеземіз. Соғыстың алдындағы Қасым шығармашылығына орнықты баға берген академик С.Қирабаевша айтсақ: «Өмірге «жетімдік тағдыр» жетектеп кіргізген жасты өз тәрбиесіне алған Отанын ақын ерекше сезіммен жырлады» – дегендей, автордың алабөтен сезімін байқаймыз.Сонымен бірге автор шығарманың жекеленген кейіпкерлерінің ішкі ой-толғаныстары арқылы да кеңінен аша кетуді ұмытпайды.

Жоғарыда келтірілген Ғ.Қайырбековтің мақаласында ақынның шығармашылық келбетін ашатын қырларын, себеп-салдарларын көрсете отырып автордың зерттеу обьектісіне арнаған нақтылы һәм тамаша жазылған жолдарды кездестірдік. Онда «Қасымның қасымдық атағын шығарған осынау алапат соғыс, халық трагедиясын, оның ішінде қазақтық қасиетті жырлаған дауылды, нажағайлы, нөсерлі өлеңдері еді. Соғысты дәл өзінің ішіне кіріп алып жырлау – сонау Махамбет дәстүрі, үлгісі болса, енді одан жүз есе үлкен де апатты соғысты жырлау, ондағы қазақ бейнесін жасау поэзияда негізінен Қасым Аманжолов үлесіне тиді деген артық сөз емес» -деп қайырады ойын. Иә бұл толымды пікір поэзияда өзіндік тұтастай жолын айшықтаған Қасым ақынның шынайы шығармашылық келбетін ашып тұр.

Бірақ Қасым – драматург тақырыбында суреткер шығармашылығын қарастырған кезде, жалпы соғысқа қатысып келген өнер адамдарына тән бір ерекшелік байқалады. Ол, өздері қанды қырғын ішінде болып өмір мен өлім арасынан келгендігі жайлы көп жазып, көп айта бермейтіндігі. Мұны біз қазақтың белгілі майдангер композиторы Қапан Мусин шығармашылығын зерттеу барысында да байқаған едік. Соғыс жүріп жатқан жылдары майдан тақырыбына жанды куәгері болып барғанымен, ішінен біліп жырға қосқанымен соғыстан кейін, өмірінің аяғына дейін шығармашылығын бейбіт өмір, еңбек адамдары, нәзік махаббатты жырлаған өміршең тақырыптарға арнады. Ал барша адамзат санасына ауыр жарақат салған соғысты еске алып ол туралы, ондағы ерлік істер туралы жазу – бұл қажеттілік туғанда арнайы тапсырыспен ғана сирек баратын тақырып болған. Бұл жайлы академик С.Қирабаев: «Ақын соғысты еске алу арқылы адамның бүгінгі әлем алдындағы азаматтық парызын суреттейді» – дейді.

Бейбіт өмірде сұрапыл майданды еміс-еміс еске алып жырлағанымен соғысқа дейін және соғыстан кейінгі Қ.Аманжоловтың сахнаға арнап жазған туындыларының тақырыптарынан қан майданды көзбен көріп, ішінен білгенімен бұл тақырыпқа қалам тартпағанын көреміз. Ол сахнаға тек комедиялық шығармаларымен келді. Ол өмірді, сахнадан берілетін көркем шындықты, кейіпкерлерді өз ортасы – халық тұрмысынан алшақтатпай, жеңіл де жүйелі комедиялық туынды етіп береді. Сахналық пьесаларының кейіпкерлері халық арасында кездесетін, өмірдің өзінен ойып алынғандай колоритті тұлғалардан көшіріп, сахналық шарттылық пен көркемдік шектен шықпай толыққанды сипаттап бере алады.

Ақынның қаламынан 1940 жылы «Аңқау Жүсіп» атты 1 актілі, 2 суреттен тұратын комедия дүниеге келді. Шығарманы аз ғана түзетумен осы қалпында сахнаға дәл қазір қойса да өзінің өміршеңдігін жоғалпағандығын көреміз. Оған пьесаның жанды кейіпкерлерінің мінез-құлықтары, өзара қақтығысы, бірі екіншісінен көркем сомдалуымен бөлектенетін көңілді атмосферасы дәлел. Колхозшы Жүсіптің әйелі Сағила стахановшы, адал өнімді еңбектің арқасында Мәскеуге халықтар жетістігінің көрмесіне кеткелі жиырма күннің жүзі болды. Үйде қалып малы мен жанының қисынын келтіре алмаған аңқау Жүсіптің жайынан хабардар құрдасы Судырғали досын әзілмен түйреп, жүрген жерінде әңгіме қылып айта жүрерліктей алдап қалжыңдасудың реті келгенін біліп қулыққа басады. Досының аңқау мінезін, сауатсыздығын пайдаланған Судырғали ойластырған жоспары сәтті болып құрдасы Жүсіп пен бойдақ әйел Биғанымның оған сенуі күлкілі жағдайға ұшыратады. Пьеса финалы жастардың көңілді хорымен мерекелік көрініспен аяқталады.

Судырғали өзінің ойын іске асыру жолында өте сақ әрі епті психолог, қулығын әріден ойластыратын көңілді жан ретінде есте қалады. У.Шекспирдің «Отеллосында» Яго, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуында» Жантық секілді кейіпкерлер зұлымдық пен арамдықтың жиынтық бейнесін берсе Қ.Аманжоловтың Судырғалиы бойында бар тамаша өнерін артында зілі, арамдығы жоқ, тек әзіл-алдауын жүзеге асыру мақсатында әрекет етеді. Қалың қазақ арасында бұрынжиі кездескен нағыз құрдастардың бірінің үстінен екіншісінің риясыз, зілсіз күлкісін көреміз. Шығарманың өміршеңдігі комедиялық ситуацияларды автордың орнымен, сәтті бере білуінде. Әйелі Сағиланың Мәскеуден қайтпай оқуға қалатынына Жүсіпті сендіру үшін қолға ұстатар жоқтан бар жасаған «деректерін» бірінің соңынан екіншісін майдан қыл суырғандай үйлестіріп шығарып отыруы, жанамалай басқа әңгіме қозғаған болып аузы ашық жараға тұз сепкендей қызғаныш отын лаулатар сахналар шеберлікпен жазылып, психологиялық дәлдікпен үйлесімді берілген. Өтірігі әшкереленгеннен кейін әзілі жарасқан құрдастардың қарым-қатынастары баяғыша жайма-шуақ, аңқылдаған көңілді тоймен жалғасын табуы автордың комедия табиғатының кілтін таба алғандығын көрсетеді.

1947-1948 жылдары жазылған «Ауыру мен Ажал» шығармасы да көлемі жағынан шағын, скеч деп анықталған ауылдың, колхоз-совхзодың халық театрлары сахнасында көрсетуге арналған туындыларының бірі. Мұндағы кейіпкерлердің атының өзі-ақ шығарманың мазмұнын айтып тұрғандай колхозшылар Шаншарбай, Жалқаубай және әйелі Биғаным арасында өрбитін оқиға желісінде негізгі мәселе адал еңбек ету, еріншектік пен бойүйездікке қарсы күрес. Автор қоғамдағы жатып ішерлер мен маскүнемдерді күлкі найзасымен түйреп, оларға қарсы ымырасыз соғыс ашды. Пьеса финалында Жалқаубай азарда-безер болып, жалынып-жалпайып жұмысқа баруға өзі сұранады.

1948 жылы жазылған «Досымның үйленуі» атты үш суреттен тұратын комедиясы Қ.Аманжоловтың жоғарыда аталған пьесалары ішіндегі үлкен сахнаға арналған толыққанды шығармасы. Бұл комедиялық туындының ғұмыры сәтті болып М.Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театры 1970 жылдың аяғында өз сахнасына Жақып Омаровтың режиссурасымен қойған. (суретшісі А.Кривошеин). Бұл сәтті жазылған пьеса республиканың өзге де көптеген театрлары сахнасында, автордың өзі «колхоз, совхоз театрлары үшін» деп айқындап кеткен халық театрлары ұжымдары тарапынан жиі қойылды.

Колхоз есепшісі Досым жасы 30-ға келген бойдақ жігіт. Анасы Биғаным баласына көршісі Айғанымның қызы Мәмпәсиді қолай көріп келін етемін деп барын салғанымен оған Досым көнбей, өзінің қаладағы сүйген қызын келін етіп алып келеді. Айтқанды тыңдамай бетімен кеткен баласының қылығына ренжіген ана біраз бетін бермей ашуланғанымен ақыры қалалық келіні көңілінен шығып арты тойға ұласады. Мұнда қазақтың ұлттық дәстүрін ұстанған аға ұрпақ пен мен жаңа заманның жастары арасындағы келіспеушіліктер керемет жарасымды әзілмен, ұтқыр табылған күлкілі ситуациялармен беріледі. Академик С.Қирабаев «Қасым – қазақтың ұлттық ақыны» мақаласында «Ақындықтың осындай биік рухын біз басқаларға қарағанда Қасым бойынан анығырақ көре алатынымыз даусыз. Алдына Мағжанды ұстап, соңынан Мұқағалиды ертіп, Қасым осы парадта оқшау келетінін әркім-ақ сезінеді, мойындайды. Бұлардың өлең-жырларынан, ең алдымен, қазақ иісі аңқып тұратыны, қазақ жанының кең көрініс табуы олардың шығармашылығын ерекше орынға қояды» курсивпен бөлектеу біздікі М.А.) – деген тамаша ойы бар.Осы сипаттау «Аңқау Жүсіп» пен «Досымның үйленуі» комедиялық пьесаларында ерекше көрініс берген.

Ақын Қ. Аманжоловтың қырқыншы жылдар басында театр мен драматургияға байланысты бірнеше мақалалар жазғандығын да реті келгенде осы жерде айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Қазақтың Қаллекейі атанған белгілі сахна шебері жайлы«Қалибек Қуанышбаев», М.О.Әуезовтің танымал туындысы «Абай» трагедиясының дүниеге келуіне орай «Ұлы ақын туралы трагедия», 1948 жылы соғыстан кейінгі жылдарда өршіген әдебиет пен өнерде болған идеологиялық қыспақтың әсерінен уақыт талабына сай жазылған «Қазақ операсын жасаудағы кейбір елеулі кемшіліктер» секілді мақалалары кезінде театр мен драматургия саласындағы жаңалықтар мен соны құбылыстарға арнап жазылған мақалалар болатын. Газетке жарияланған бұл мақалалардан біз қазақ театры, сахна қайраткері, драматургия, операның бағытын жақсы білетін маман ретінде ой түйген, талдаған, бағалауға баратынын көзі қырақты автордың өзіндік көзқарасын байқаймыз. Бұл сала да театртанушы, әдебиеттанушы мамандар тарапынан арнайы зерттелетін тақырыптардың бірі болуы керек деп білеміз.

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театры Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» комедиясын, Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы …» атты поэтикалық спектаклін сахнаға алып шыққан. Бұл мәліметтің толық болмауы да мүмкін десекте,ғаламторда бар соңғы деректер осылай дейді. Біздің ойымызша ақын құрметіне жасалған бұл іс-шараларсаны тым аз. Олай деуімізге бүгінгі республикада жұмыс істейтін жалпы саны 60-тан аса театрларымыздың (халық театрларын есептемегенде) бола тұрып екі-ақ спектакль қойғандығы ойлантады. Жыл бойы бүкіл республика деңгейінде тойланған дауылпаз ақынның қысқа да жалынды өмірі мен мол шығармашылық мұрасы, қиын тағдырымен ақындық лабораториясы мерейтой аясында санаулы театрлары тарапынан ғана емес, республиканың барлық шығармашылық ұжымдар терең үңіліп жан-жақты ашса да артықтық етпес еді. Әрине, той өткесін көсемсіп тіл безеудің қажетсіз екендігін түсінеміз. Десекте, халқымыздың асқақ та дауылпаз талантты ұлы Қасым Аманжоловтың тәуелсіз ел ұрпағына тастап кеткен ұлағатты мұрасы ішінде әлі де болса сахнадан айтылмай, ашылмай жатқан сыр мол. Келер ұрпақ сабақ аларлықтай күркіреген құйын жырлары, көңілді пьесалары мен драмалық дастандары қаншама спектакльге азық болар жүк өзінің жұлдызды сәтін күткендей. Осындай шығармалар ішінен таңдап өзінің тақырыбын тауып, Қасымша құйындата жырлаған рухы асқақ кейіпкер сомдауға ниетті театр ұжымы мен ойлы режиссері табылса. Келер күніміздің қуанышы болар ол сәт те жақын арада болады деп ниет етейік.

Аманкелді МҰҚАН

Қасым порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика