«Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты республикалық шешендік өнер байқауының ережесі

31 Шілде 2017

 

Қарағанды облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен 2017 жылдың 17 қарашасында Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойына арналған республикалық шешендік өнер байқауы өткізіледі, – деп хабарлайды  Qasym.kz Қарағанды облыстық тілдер басқармасына сілтеме жасап.

Қазыбек би

Байқаудың мақсаты:

  • мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді, Қаздауысты Қазыбек бидің шешендік мұраларын насихаттау,тілге шешен, ділмар сөз шеберлерінің өнеріне қолдау көрсету.

Шарттары:

  • байқауға 16-35 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады;
  • үміткерлердің киім үлгісі ұлттық және қазіргі заман талабына сай болу керек;
  • шешендік өнерімен тәнті ету тәсіліне аса мән беріледі;
  • белгіленген уақыт регламенті сақталуы тиіс;
  • театр саласының актер мамандары байқауға жіберілмейді;
  • алдын-ала дыбысы жазылған дайын фонограммаларды қолдануға тыйым салынады.

Байқауға қатысушылар мынадай тапсырмаларды орындауы тиіс:

  1. «Сәлем – сөздің атасы». Үміткерлер сәлемдесу кезеңінде шешендік элементтерді, шешендік өнердің өзіне тән сипаттарын, шарттарын сақтай отырып, қара сөзбен, яғни пернелі сөз, термелі сөз (бірақ терме емес), ділмәр сөз, тапқыр сөз арқылы өздерін көпшілікке таныстырады (3минутқа дейін);
  2. «Даналар сөзі – ақылдың көзі». Қазыбек бидің шешендік сөздерінен үзінділерді мәнерлеп жатқа оқу (3минутқа дейін);
  3. «Шешендік – шеберлік».Үміткерлер жеребе бойынша ұсынылатын шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау мәселелеріне байланысты тақырыптар бойынша бір-бірінен асып түсетіндей білгірлік, ділмарлық, шешендік таныта және тақырыпты бүгінгі күнмен сабақтастыра отырыпөз ойларын ортаға салады (3-5 минутқа дейін).

Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау тәртібі:

  • қазылар алқасы үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың
    сөйлеу шеберлігіне, сөз қолданысына, байырғы сөздерді орнымен түрленте пайдалануына, ойының жүйелігіне, тіл байлығына, шешендік шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына және киіміне баса назар аударады.

Байқауға қатысушылар алғыс хаттармен, байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Бас жүлде – 350 000 (үш жүз елу мың) теңге

І орын біреу – 250 000 (екі жүз елу мың) теңге

ІІ орын екеу – 200 000 (екі жүз мың) теңгеден

ІІІ орын үшеу – 150 000 (жүз елу мың) теңгеден

Ынталандыру сыйлығы он – 30 000 (отыз мың) теңгеден

Байқауға қатысу үшін үміткердің өтінімдері (аты-жөні, жұмыс немесе оқу орны, байланыс телефондары көрсетіле отыра, жеке куәлігінің көшірмесімен қоса) электрондық нұсқада 2017 жылғы 3 қарашаға дейін Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына және b.altynbek@karaganda-region.gov.kz жолдануы қажет. Анықтама үшін 8 (7212)567476, 569348 телефондары арқылы байланысуға болады.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика