Булгаков өсиеті

3 Маусым 2018

Булгаков өсиетіАтақты адамдардың, белгілі қаламгерлердің көріпкелдік, сәуегейлік қасиеттері болатыны белгілі. 1940 жылдың көктемінде хәл үстінде жатқан жазушы Михаил Афанасьевич Булгаков әйелі Елена Сергеевнадан:
– Менің «Мастер және Маргарита» атты романым жуырда жарыққа шығатын түрі жоқ, мен оның алғашқы түпнұсқасын өртеп жіберген уақыт есіңде ме? – деп сұрайды.
Елена Сергеевна:
– Иә, әрине есімде, – деп жауап береді.
– Енді осы роман басылымға шыққан күні менің зиратыма келіп гүл қойған адамға қаламақымның бірнеше пайызын бер. Ал неше пайыз екенін өзің біл, бірақ ұмытып кетпе, міндетті түрде орында, – дейді.
1940 жылдың 10 наурызында Михаил Афанасьевич қайтыс болады. 30 жыл бойы зиратқа тура сол роман жарық көрген күні әйелі келіп тұрады. Тек, 1969 жылдың көктемінде Елена Сергеевна зиратта бір жас жігіттің құлпытасты іздеп жүргенін көреді. Бір кезде әлгі жігіт. «Жазушы Михаил Афанасьевич Булгаков. 1891-1940 ж.ж.» деген құлпытастың қасына келіп бір шоқ гүл қояды.
– Тоқтай тұрыңызшы, – деген дауысты естіп, жігіт бұрылып қарайды. Зираттың басындағы орындықта егде тартқан әйел отыр екен.

– Кешіріңіз, сіздің аты-жөніңіз кім? Теле­фоныңызды, мекен-жайыңызды айтыңызшы, – дейді әйел.
– Не үшін? – деп таң қалады жас жігіт.
– Қорықпаңыз, сізге мен жамандық жасамаймын, кейін түсінесіз, – дейді Булгакова. Ол жігіт ленинградтық жас журналист Владимир Невельский еді.
Елена Сергеевна журналистің телефонын, мекен-жайын, аты-жөнін жазып алады. Ал журналист жігіт болса таңғалып, бұл кісі кім, не үшін менің аты-жөнім, мекен-жайым керек болды деген оймен үйіне қайтады.
Ол осы зиратқа келердің алдында ғана жазушының «Мастер және Маргаритасын» оқыған екен. Шығарманың ұнағаны сондай, ол оның зиратына барып тағзым еткенді жөн көреді. Ленинградқа қайтып келген журналист зират басында болған кездесуді ұмытып та кетеді. Екі апта өткен соң оның атына қомақты қаржы пошта арқылы аударылады. Бірақ кімнен екені белгісіз, жіберушінің аты-жөні жазылмаған. Ол кезде ондай ақша ешкімнің түсіне де кірмейді, журналист жігіт тіпті қорқа бастайды. Мүмкін қателескен болу керек деп те ойлайды да, милицияға хабар бергісі келеді. Тура сол күні кешке оған телефон шалады:
– Мен Елена Булгаковамын, ақшаны алдыңыз ба? Есіңізде ме зираттың басында кездесіп едік қой? – дейді.
– Иә, есімде, неліктен, не үшін осыншама ақша салдыңыз? – дейді.
– Мен марқұм Михаил Булгаковтың өсиетін орындадым. Сіз тура «Мастер және Маргарита» романы басылымға шыққан күні зиратқа келіп, гүл қойдыңыз. Бұл күйеуімнің өсиеті еді, – дейді. Сөйтіп, жиырма бес жыл өткен соң Елена Булгакова күйеуінің өсиетін орындайды. Одан кейін көп ұзамай өзі де қайтыс болады.
Ал Владимир Невельский әлгі ақшаға катер сатып алады, алтын әріптермен катерге «Михаил Булгаков» деп жаздырады. Катер Нева өзенімен жүзіп бара жатқан сәтте Булгаковтың талантына бас июшілер қол соғып, қошемет көрсетеді екен.

Мақсат РСАЛИН.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика