Бұл – тарихи маңызды сәт

12 Сәуір 2018

Қайтсек қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, мәртебесін көтереміз? Тіл тағдыры туралы айта бергенмен бұл мәселе оңынан шешілмесі анық. Нақты қадамдар жасалып, маңызды шешімдер шығарылуы керек. Солай болды да.

Бүгін Астана қаласында Елбасымыздың қатысуымен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақша сөйлеген алғашқы 18 кітаптың тұсауы кесілді.

Бұл – тарихи маңызды сәт. Осы күнге дейін әлем әдебиетінің жауһарлары қазақ тіліне аударылып келді. Қалың оқырман әлемдік әдебиеттің жарқын өкілдерін жақсы таниды. Бұл тұста ешкімнен кем түспедік. Әйтсе де ғылыми дүниелердің қазақшалануы кенжелеп қалғаны рас. Енді бұл кемшіліктің де орны толысты.

Қазақ тілі ғылым мен техниканың тіліне айналуы тиіс. Әлем әдебиетімен, ғылыми пайымдарымен өз тілімізде танысуымыз керек. Әрі ғылыми терминдер тілімізге кірігіп, қазақ тілінің заңдылығына сай дыбысталуы тиіс. Аудармалар тізіміне енген жинақтардың барлығы дерлік әлемдік деңгейдегі ғылыми еңбектер. Ал оларды қазақ баласы өз ана тілінде оқып, таныса алуы – қуаныш. Ұзағынан болсын!

Нұрлыхан Қалқаманұлы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика