Бүгін компазитор Кентау Назарбектің туған күні

5 Наурыз 2018

Біздің ауыл қыр артында, Қырқадан әрі 20 шақырым жерде орналасқан. Атам қойшы, әкем шөпші еңбекқор ауыл. Әлемнің толқын көшінен елеусіз өткен ерекше мекен, қоңыр қоныс.

Балалық шағым жиі еске түседі. Ауылыңнан алыс кеткенде сағыныштың есеслене түсуі заңдылық шығар.

Еміс-емсі еске түсетін бақытты шақтардың қиындысы ғажап-ақ. Соның бірі, һәм бірегейі – туған күн еді. Аядай ғана ауылдың ішінде жат адам жоқ. Түгелдей төрт атаға жетпей қаны қосылып, туыс болып шыға келеді. Сондықтан кімнің туған күні болса, соның үйінде күллі ауыл жүреді. Бірі қазанын, бірі етін сүйретіп бірдеңесін жасайтын.

Ауыл шетіндегі Ойрат ағаның үйі ерекше құрметке ие. Ұл-қыздары шетінен әнші, шетінен өнерпаз. Туған күнде (ол кезде өрімдей жігіттер ғой) домбырасын ұстап Мартбекпен Асқар келетін. Той қызды ау дегенде домбырасын бабына салып, «Бүгін сенің туған күнің ой бәле-ай»,- деп әкете жөнелетін.

Сондан бері сол ән құлаққа майдай жаққан. Қосыла қалса жаным жібіп, жүрегім езіле кетеді. Жо-жоқ. Бұл Мұқағалиға деген шексіз махаббаттан бөлек сезім. Бұл балалық шақ қой.

Таяу арада Астанаға ат басын бұрып, ауыздығын босата қазығына байлаған едік. Содан бері Жаратқан жаңылдырған жоқ. Әуелгісі Секен ағаммен, Тоқтар ағаммен танысып, білісіп, араласып кеттік. Енді міне тағы бір тосын сый. Балалық шақтың белгісі іспеттес ғажап әннің авторына кез болдым. Есімі – Кентау аға Назарбек. Терең қазақ, кесек ойлы азамат. Болмыс-бітімі ірі, әрі таудай сабырлы кісі екен. Қазір тығыз шығармашылық қатынастамыз. Әндеріне сөз жазып мәзбін.

Азаматтығы бір төбе екен ағамның. Қоғамның қайшы тұстарына қатты қынжылады. Елім деп еңірегендердің үстінен жасандылықтың иісі мүңкіп тұрушы еді ғой. Бұл ағамда ол пафос жоқ. Сүйінсе жүрегімен, күйінсе кегімен кетеді.

«Бүгін менің туған күнім ой бәле-ай», «Бір бәйтерек – бір шынар», «Үш бақытым» сияқты керемет әндердің авторы да осы ағам.

Айтқандай, Бүгін кентау ағамның туған күні еді. Жасасын ағам. Жасасын ойлы ән, қоңыр әуез, қазақы әуен. Аға, туған күніңіз құтты болсын, ғұмыр жасыңыз ұзақ болғай. Аман жүріңіз. Қазағым деп соққан жүрегіңізді қазағыңыз сақтасын.

Аян Мейраш 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика