Бодық шешеннiң Алшынбай мен Құнанбайға айтқаны

29 августа 2016

Бодық шешеннің Алшынбай мен Құнанбайға айтқаныКешегi кеңес заманында жазықсыз жазаға ұшыраған ақын-жазушылардың бiрi марқұм Хамза Абдуллин едi. Ол қазақ әдебиетiнiң классигi Мағжан Жұмабаевқа жерлес әрi туыс болып келедi. 1980-жылдары Х.Абдуллин бiздiң жерлес ақынымыз Зейнолла Тiлеужановқа iлесiп Ақсуатқа бiрнеше рет келдi. Хамза – қазақ әдебиетiне грузиннiң ұлы ақыны Шота Руставелидiң “Жолбарыс терiсiн жамылған батыр” атты шығармасын аударып, сүбелi үлес қосып кеткен қарымды қаламгер. Өзi қазақтың шешендiк сөздерiн де көп бiледi екен. Уақ Бодық шешен туралы көп әңгiме айтты. Арада ұзақ уақыт өтсе де оны оқырмандарға жолдауды жөн көрдiм.

Бодық шешен бойы аласа, арық, сақал-мұрттан жұрдай көсе адам екен. Бiр күнi ол Қарқаралы қаласының көшесiнде арғын, қаракесек Алшынбай би мен аға сұлтан, тобықты Құнанбайға кезiге кетедi. Алшынбай би Бодықпен ертеден таныс болса керек, көрген бетте соқтыға сөйлейдi. “Бөке, алты ай жаздай ел кезсең де иегiңе түк бiтпептi ғой”, – деп көселiгiн бетiне басады. Сонда Бодық жұлып алғандай: “Е, шырағым Алшынбай-ай, құстың мұрнындай қусырылған иектi қойшы, Сарыар­қаның жазығындай басқа да түк шықпай жүргендер бар ғой”, – деп Алшынбайдың таздығын мегзеп қалады. Әзiлдiң арты зiлге айналып бара жатқанын сезе қойған Алшынбай би: “Бөке, менiкi сiздi сөйлету ғой, мә, мынаны алып, батаңызды берi­ңiз”, – деп 25 сом ақша ұсынады. Ол кездегi Николай ақшасы бо­йынша бұл ақша бес жылқының құны екен. Бодық ақшаны қалтасына салып жатып: “Е, шырағым Алшынбай, мұның жөн ғой, жүйрiк боздан шығады, ақылды дәл өзiңдей таздан шығады”, – деген екен.
Бүкiл қаракесектi ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған құдасы, азуы алты қарыс Алшынбай бидi бiр ауыз сөзбен асты-үстiн жездей қақтаған Бодық шешенге аға сұлтан Құнанбай риза болып, қыбы қанып қалады. Оны сезген Алшынбай: “Қой, бұдан да бiрдеңе iлдiрейiн” деген ниетпен: “Әй, Құнеке-ай, сенiң де қалтаңның түбiн тесiп жатқан бiр жиырма бес сом бар-ау”, – дейдi. Құнанбай мына пә­леге берiп құтылайын деген ниетпен қалтасынан жиырма бес сомды алып Бодыққа ұсына бередi. Сонда Бодық ақшаны алып жатып: “Шырағым Құнанбай, көзiң соқыр болса да, көңiлiң соқыр емес екен”, – дептi.
Сөйтiп Бодық шешен әйгiлi Алшынбай би мен атақты аға сұлтан Құнанбайдан он жылқының құнын қалтасына басқан екен.

Мейрам Оралов, журналист,
Ақсуат ауылы,
Тарбағатай ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика