Бір миллионға баспана алуға бола ма?

12 марта 2017

Informburo.kz порталы Қазақстандағы тұрғын үй нарығын зерттеп, бір миллион теңгеге үй сатып алудың мүмкіндігін қарастырған екен. Зерттеу қорытындысы адам таңқаларлықтай. Егер қолыңызда 1 миллион теңге немесе 3 мың доллар болса, онда кез келген облыстан баспана алуға болады.

«Қасым» порталының редакциясы орыс тілінде берілген материалдың қазақша нұсқасын оқырман назарына ұсынады.

Қызылорда облысы

Бір миллион теңгеге Қызылорда қаласының іргесіндегі екі бөлмелі үйді сатып алуға болады. Жер телімі 12 сотық. Үйге электр энергиясы тартылған, ауыз суды өзіңіз жеткізіп алуыңыз керек.

Батыс Қазақстан облысы

Орал қаласынан сегіз шақырым қашықтықта орналасқан мына бір үйді бар болғаны 900 мың теңгеге сатып алуға болады. Жер телімі 10 сотық.

Қарағанды облысы

Астана қаласынан 82 шақырым қашықтықта орналасқан елді-мекендегі мына бір үйдің бағасы тұп-тура бір миллион теңге. Үйде орталықтандырылған ауыз су, кәріз, электр жарығы бар. Жер телімі 8 сотық. Жылу жүйесі тартылмаған. Пеш жағуға тура келеді. Есесіне Нұра өзенінің жағасында орналасқан. Жазда суға түсіп, балық аулап демалсаңыз болады.

Қостанай облысы

Қаладан 70 шақырым қашықтықта орналасқан төрт бөлмелі үйдің құны да бір миллион теңге. Жазғы үйі, монша, қорасы бар. Бау-бақша егемін деген жанға еркіндік бар. Жер телімі 30 сотық.

Ақтөбе облысы

Ақтөбе қаласынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан Хромтау қаласынан бір миллион теңгеге төрт бөлмелі үй сатып алуыңызға болады. Бұл соммаға үйдің қасынан салынған қорасы, моншасы, гаражы және 10 сотық жер телімі енеді. Үйге электр жарығы, газ және орталық ауыз су желісі мен кәріз тартылған.

Шығыс Қазақстан облысы

Сибин көлінен 20 шақырым қашықтықта орналасқан үш бөлмелі үйдің құны 1 миллион теңге. Жер телімі 25 сотық. Үйде жылу желісі жоқ. От жағу керек. Ауыз суды құдықтан аласыз. Есесіне электр жарығы бар.

Жамбыл облысы

Тараз қаласының іргесіндегі екі бөлмелі кірпіш үйдің де құны айтарлықтай қымбат емес. Егер сізде BMW немесе Mercedes автокөлігі болса, онда айырбас жасауыңызға да болады.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Шымкент қаласына жақын орналасқан ауылда жаңа тұрғызылған үй сатылады. Еурожөндеуден өткен, орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылған, газбен жылытылады, интернет қосылған. Жер телімі – 800 сотық. Бағасы бір миллион теңге.

Солтүстік Қазақстан облысы

Петропавл қаласынан 60 шақырымда орналасқан ауылда кірпіш үй сатылады. Бағасы 700 мың теңге. Күйі орташа. Суды құдықтан тартасыз, үйді пеш жағып жылытасыз. Жер телімі 20 сотық.

Павлодар облысы

Павлодар қаласына жақын елді мекендерден мұндай бағадағы үйді таппайсыз. Тек бұзып алуға ғана жарайтын үйлерді кездестіруіңіз мүмкін. Ал адам тұруға жарайтын үйлерді тек ауылдардан ғана таба аласыз. Мәселен қаладан 160 шақырымда орналасқан мына бір үйдің бағасы 1 млн.теңге. Бау-бақшасы, қосымша құрылыстары бар. Жер телімі 15 сотык.

Атырау облысы

Мұнайлы өңірден мұндай бағадағы үйді іздеу, үйілген маядан ине іздеумен тең. Әйтсе де жақсылап іздесеңіз қала маңынан үй салуға жарайтын жер телімін тауып қалуыңыз мүмкін.

Маңғыстау облысы

Егер сәтін салса бір миллионға төрт бөлмелі кірпіш үй сатып алуға болады. Әрине қаланың өзінен емес. Жақын маңдағы ауылдардан және жөндеуді талап ететін.

Ақмола облысы

Басқаларға қарағанда бұл қалада құны бір миллион теңгелік үйлер көптеп кездеседі екен. Мәселен осы ақшаға бір бөлмелі пәтер немесе саяжай сатып алуға болады.

Алматы облысы

Алматы қаласының маңынан мұндай бағадағы үйді табу мүмкін емес. Тіпті құлағалы тұрған үйді кездестіре алмайсыз. Әйтсе де облыс орталығы Талдықорған қаласына жақын орналасқан елді-мекендерден кездестіріп қалуыңыз мүмкін. Оның өзінде күрделі жөндеуді талап ететін үйді.
Айта кетейік, зерттеу барысында қазақстандықтардың жарнамалары негізге алынған. Бұл үйлердің бәрі ірі қалалардың өзінде емес ауылдық жерлерде орналасқан. Зерттеу қорытындысы – баспаналы болуды қалаған кез келген азаматтың үй таба алатындығын көрсетеді. Қайда екені маңызды емес. Бастысы бар.

Тәржімалаған Сұлтан Жомартұлы

«Қасым» ақпарат


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика