Билборд (Әңгіме)

8 сентября 2018

воУақытында келді. Жайғасты. Жай­ғасқаны қымбат, таза былғары тыс­ты креслоның өзіне тән болар-болмас сықырынан сезілген.
Буын бұрқыратып, шай алып көмекші хатшысы кірген. Аққұба, қыпша бел бойжеткен. Кейде шалбар, кейде юбка киеді. Не кисе де бөкселік тұсын тарта киіп, сұлу қозы құйрығын бұлтитып қояр еді.
Түнде преферанс қызығымен көбірек отырып қалған, ұйқысы қанбаған еді, тіл үйірген қою шай, қабағының қыртысын біршама жібіткендей болды. Еңсесі көтерілді. Бетін терезе жаққа бұра беріп, орынбасары Мұқырдың осы уақытқа дейін көзіне әлі көрінбегеніне таңданып, қасын керді. Өлсе де, құрығанда өзінен бір минут бұрын келіп, есік алдында тұрар еді жол тосып. Түнде екеуі преферанс ойнағанын, ойсырап әдейі ұтылғанын бұлдағаны ма, кешіккені несі, қарайгөр өзін.
Тура қақ маңдайдағы қалалық алаңның арғы бас шетіндегі жуандығы бөшкедей темір қазыққа орнатылған алып экран бірден көзге ұрды. Экранда бейнетаспаға өрілген әртүрлі оқиғалардың жиынтығы бірін-бірі алмастыра, жарыса-таласа көрсетіліп жатыр. Кеше де, бүгін де, ертең де жылт-жылт, жылт-жылт, осылай бір толастамастан үздіксіз қайталана береді.
Линолеумді сипалаған аяқ дыбысын сезіп, мойын бұрған. Босаға аузында Мұқыр тұр шыбын тайғандай жылтыр маңдайы ашымай қалған қамырдай боп көгеріп. «Қорықсаң маңдайына әжім түспеген адамнан қорық» деген. Кім айтып еді, әлде, мақал-мәтелдер кітабынан оқыдым ба екен. Әй, қойшы, кім айтса да. Мұқырдың мына тұрысына қарағанда, жайсыз бірдеңе білген-ау өзі.
– Мүлде күтпеген жағдай… Аяқ астынан…
– Не болды, жайша ма? Тілсіз жау өрт пен судан аманбыз ба, әйтеуір?
– Аманбыз. Тек билборд ролигімен… Сондай дәу…
– Дәу билборд ролигімен? Не туралы, кім бейнеленіпті?
– Кім дегенде режиссер ғой… Әлгі…
– Режиссер, билбордқа, ролигімен?
– Иә.
– Өзің не сандырақтап кеттің? Дұрыстап түсіндірші.
– Жұмысқа сізден бұрын келуім керек…
– Иә, біледі екенсің ғой.
– Ертерек шығып… Апайтөс көшесімен келе жатып, Найзагер көшесіне бұрыла беріп, көзім шалып, тоқтап қарасам…
– Ал қарадың…
– Қарасам, дәу билбордтың ортасында режиссер, екі езуі екі құлағына жеткенше ыржиып…
– Немене, кинодан көрініс пе?
– Жоқ. Төбесінен пашке-пашке ақша жауып тұр.
– Пашке-пашке ақша… Қалай?
– Банк қой енді. Жарнама. Бізден несиеге ақша алсаң, төбеңнен ақша жауып, өстіп байып қаласың дегені ғой.
– Билборд ролигімен, дәу?
– Дәу болғанда да өте дәу.
– Мынадан да ма? – Иегімен терезеден алаң шетінде көрініп тұрған алып экранды нұсқады.
Бұдан да.
Ол орнынан көтеріле берді де, Мұқыр оның алдына түсіп, жорғалай жөнелді.
***
Билборд ролигімен Апайтөс пен Найзагер көшелерінің қиылысында ғана емес, тағы екі жерде, қаланың сауда орталығы мен стадионның бас қақпасы алаңына да орнатылыпты. Адам көп жүретін жерлер әдейі таңдалған. Ол машинадан түсіп, билбордтың дәл түбінен тұрып қарап еді, басы айналды. Былайырақ шегініп барып көз тіккен, шынында дәуі дәу екен. Экранның қақ ортасында режиссер, бет-аузы толған күлкі, бақыттан есі шығып кеткен: қойны-қонышында, құшағында бума-бума ақша, осынша қисапсыз байлық көктен саулағандай, жоғарыдан толассыз топылдап түсіп жатқандай әсерге бөлейді.
– Мынау бар ғой, мынау, басынғандық, – деді Мұқыр. – Мынадай дәу билбордтың қақ ортасында үстінен ақша жаудырып қасқайып тұруға қандай хақысы бар оның!
– Міне, енді осының қайдан келгенін анықтап, көзін құрту сенің міндетің. Негізінде алдын алуың керек еді, алдын алуың. Осы қаланың бәрі болмаса да, кемі бір ширегі ендігі көріп те қойған болар.
– Олай ойламаймын. Ел күнделікті күйбең тіршілігіне жаңа ғана кірісті.
– Өй, қазағыңды білмейсің бе?.. Бірі көрсе жүзі, оны көрсе мыңы білді дей бер. Аржағын өздері-ақ жанынан қиял қосып сан құбылтады. Ең жаманы біздің, – Әдейі тоқтап, сөзге мән үстеді, – осы елдің қамын жеп шыр-пыр боп жүрген мына біздің беделімізге көлеңке түсіреді.Түсінемісің?
– Әрине, түсініп тұрмын. Тіпті ананың… оның да суреті дәл мұндай дәу емес.
Сөзді қой да, дереу істі тындыр. – Бұйырып емес, ақырын мыңқ еткен. Мұқырдың жүрегі дір етті. Қазіргі ірі лауазым айқайламайды, ойындағысын емеурінмен білдіреді. Кейде тіпті сөз де шығындамайды. Қабағынан-ақ тануың керек. «Қайта, менің бастығым демократтың демократы, – деп іштей риза боп қалды Мұқыр, – өстіп ойын ашық айтады…».
***
Мұқырдың алдына Жылтың келді. Мұқыр оған отыр деп айтпады, анау анадай жерде, бойы аласа еді, тәлтиіп тұрып қалды.
– Не боп жатыр, білдің бе?
– Не болғанда, барып көрдім. Өрнекті кілем алыпты. Мен де, ішкі саясат маманы да, жоқ, болмайды, аяқ кілем кремлевский болу керек, ортасы қызыл, жиегінде көк жолағы болсын дедік. Олар, әрине, сасқалақтап естері шығып кетті. Өрнекті кілемді сауда орны қайтып алмайды, басқа артық ақшамыз жоқ дей ме. Біз болсақ, бастарыңмен ойлауларың керек еді, кремлевский дедік пе, кремлевский, басқа варианты қабылданбайды дедік.
– Тоқташы, сен өзі не айтып кеттің?
– Бүгін театрда премьера ғой. Бес жылдан бері бір бас көрсетпеді деп өкпелеп артистер шулағасын, ана төрдегі кісі барамын деген еді ғой. Алған кілемдері былай тәп-тәуір, өрнегімен, тіпті современный боп көрінеді. Бір шетін басекеңнің машинасы тоқтайтын көшеге шейін жететін етіп молынан алыпты. Аяғын қара жерге тигізбейміз деп ұйғарған болу керек. О кісіге деген құрмет шексіз ғой.
– Мұның бәрі өткеннің әңгімесі, – деді Мұқыр зілденіңкіреп. – Бүгін не болды деп сұрадым мен сенен.
– Бүгінгі енді осы ғой. Жаңа ғана барып келдім. Ішкі саясаттың және менің бас маманым – бәрі сонда жүр. Өрнекті кілемнің орнына кремлевский кілем әкеп салғанша ешқайда кетпейміз, бақылаймыз дейді.
– Сен өзі қайда қарап жүресің осы, ә?!
– Ау, енді…
– Қысқарт! Билбордты көрдің бе?
– Билборд ол не?
– Ол не дейді ғой, беті былш етпей… Сен… қандай оқу бітірдің?
– Әлгі анау… культпрос…
– Культ-мульт… Жаман емес. Ал мен трактор, комбайн айдауды үйрететін оқуды бітіргем. Бірақ сонда да билбордтың не екенін білемін. Ал сен культ-мультті бітірсең де білмейсің.
– Түсіндіріп айтсаңыз, үйреніп аламын ғой.
– Үйренгішін. Сен қазір тура мен айтқан жерлерге барасың. Билбордтың қандай болатынын өз көзіңмен көресің. Тиісті шара қолданасың. Ұқтың ба?
– Ұқтым, басеке.
Давай, давай, тездет. Тұрма енді.
***
Жылтың билбордты көргенде естен танып қала жаздады. Есін жиып, шалқайып қарады, қырындап қарады, анадай аулақ барып алыс­тан көз тікті. Дәуі дәу, бес қабатты үймен таласқандай ма. Роликтегі режиссер болса, қойны-қонышы ақшаға толып, көзінде от, жүзінде жалын, қала үстінен табан астында жыбырлап жүрген адамдарға, тізіле зулап бара жатқан машиналарға масайрай қарап қояды. Ең сұмдығы анау көктен саулаған пашке-пашке ақшалар жай кинокөрініс емес, шын ақша сияқтанып көрінеді екен. «Мә, мынау ел билігіндегі қыруар шаруамен басы қатып жүрген абзал азаматтарды шынымен де басыну ғой. Мұндайға егер төрде отырсам мен де төзбес едім» деп ойлаған Жылтың өзіне жүктелген тапсырманың жауапкершілігі мен салмағын тап осы сәт анық сезінгендей болды. Дереу жұмыс орнына оралып, Қиғаш есімді мекеме заңгерінің алдына барды. Қипақтап, алыстан орағытып мән-жайды түсіндірді.
– Жазалау керек.Заңмен. Сеспей қататын етіп.
– Заңмен, әрине, заңмен. Ал егер мұндайға заң жоқ болса ше? – деп қуланды Қиғаш.
– Қалай болмайды? – деді Жылтың ұшып тұрып, қайта отырып. – Болмаса да табасыз ғой. Солай емес пе?
– Төрдегі кісі айтса…
– Айтқаныңыз не, ашулы. Билбордты ролигімен құлатып, режиссерды елден бездіріп жібермей көңілі көншитін түрі жоқ. Мұқыр солай деді.
– Мұқыр да біле ме?
Ау, енді билбордты алдымен көрген Мұқыр ғой. Сосын көзін құрт оның деп төрдегі кісі Мұқырға тапсырды, Мұқыр маған тапсырды, мен сізге келіп тұрмын. Тас түскен жеріне ауыр деген. Орындай алмасақ, екеумізге не болатынын білесіз ғой.
Қиғашқа үлкен басымен Жылтыңның өзіне «сіз» деп сөйлегені ұнады. Бәлсіне түскісі келіп:
–Тойыма жақсы тамада тауып бересіз ғой? – деді шегір көзін жіпсите жымиып.
– Күйеуге шыққалы жатырсыз ба?
– Шықпасақ шығамыз ғой. Жоғары білім, қызмет бар дегендей.
– А-а, ондай бақытты күнге жетсек, сіздің тойға тамаданың ең мықтысын таңдаймын. Осы қалада «Лезгинка» билейтін екі шешен жігіті бар, соларды да жегемін.
– О-о, рахмет, рахмет. – Журнал ма, кітапша ма, әлдебір қағаздарды парақтап отырған Қиғаш бойын тіктеді. – Міне, сіздің іздегеніңіз. Дұрыстап оқып, керегін алыңыз. Жөнеле берген Жылтыңның артынан дауыс­тады.
– Уәде ғой?
– Өй, тиетін байыңды мынау деп әуелі тауып алсайшы, – деді есіктен шыға берген Жылтың бұрқ етіп.
Жылтың сақ еді. Кабинетіне келіп, заңгерден алған құжатты әрі оқып, бері оқып, бұйрық шығарды: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның… орындау мақсатында және төрдегі кісінің тапсырысы бойынша БҰЙЫРАМЫН:
1. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзу­шы­лық­тарды алдын алу, болдырмау үшін және мемлекеттік қызметкерге теңестірілген… басшыларға коммерциялық қызметтік (жарнамаларға түсу, т.б.) жұмыстармен шұғылдануға тыйым салынады. Сонымен қатар режиссер Н.Айтуовтың жарнамалық роликке түскен коммерциялық қызметтік келісімшартының күшін жойылуы қамтамасыз ету тапсырылсын және орындау туралы ақпаратты… дейін берілсін». Лауазымын көрсетіп, растап қолын қойды…
***
Тотем келгенде, режиссер Ноян жоғарыдан түскен өзіне қатысты бұйрықпен танысып, көңілі қарайып тұнжыраңқырап отыр еді, басын қағаздан көтеріп, артист қой, дереу жадырай қалды.
– Аға, қызық боп жатыр.
– Шет жағасын өзім де көрдім. Анау көшенің шетіне шейін төселген кілемді жинап-ап жатыр. Неге?
– Төрдегі кісі келмейтін болды. Есіл ақша босқа кетті.
– Есіл ақша…
– Ақшамен қоса сізге де обал жасадық. Сіздің пьесаңызды сахналауға бөлінген ақшаны премьераға келгенде төрдегінің аяғының астына төсейсіңдер деп, кілем алуға мәжбүрлеген еді. Кілем кремлевский емес деп… Әй, осы…
– Өзіңді босқа қажытып қайтесің, інім, – деді Тотем пьесасының енді қойылмайтынын біліп, іші удай ашып кетсе де, ондайын сыртқа шығармайтын соққы алып үйренген әдетімен жайбарақат қалпын өзгертпестен. – Орыстар айтады емес пе: «Против лома, нет приема» деп.
Иә, «Если нет другого лома» дейді қыстырмасын да ұмытпай жалғап. Мынаған не дейміз? – Тотемнің алдына жоғарыдан түскен бұйрықты қойды.
Тотем қағаздағыны жүгірте оқып шығып:
Әуелі орысша дайындап, сосын қазақшалаған болыпты. Қателері өріп жүр, – деді қынжыла жымиып. – Несі бар, заңнан біз де өз керегімізді табайық.
Тотем шығып кетіп, көп ұзатпай жауап дайындап әкелді: «Сіздің… бұйрығыңызбен мүлде келіспейтінімді білдіремін… Заңда шығармашылық қызметпен айналысуға шектеу қойылмаған… Біреудің бейнесін сомдау актерлық салаға жататынын, яғни актер болу шығармашылық қызмет екенін қосымша хабарлаймын… Менің шығармашылық қызметімді коммерциялық жұмысқа жатқызып, жөн-жосықсыз жемқорлар санатына қосуыңыз және өз құзырыңыздағы мекеме мен ұйым басшыларына ескерту ретінде мысал етіп көрсетіп, бұйрықты көпшілік арасына таратуыңыз арқылы… құқықтарым мен бостандығыма, ар-ожданыма нұқсан келтірдіңіз деп есептеймін…».
Кей жерін аттап, тез-тез жүгірте оқып шыққан еді.
– Қатырыпсыз ғой, аға, – деді Ноян.
– Мен емес, заң.
– Сонда ана жарықтық заңды түсінбегені ме, әдейі бұрмалағаны ма?
– Кім білсін?! Әсілі, бұл әңгіменің түбі жақсылыққа апармайды, мен бірдеңе түсінсем.
– Мен де солай ойлаймын, – деді Ноян, – Мейлі, білгендерін істесін.
– Осындағы…
Білемін. Маған рөл бермейді, атаққа ұсын­байды деп өкпелеген боп бәле іздеп жүретін дарынсыздарды шулатады енді. Көрерсіз…
***
– Не болды, қалай шештіңдер?
– Әлгі Жылтың өзінше сауаттымсып, бұйрық шығарып, бықсытып… – деп Мұқыр қипақтай бастап еді, төрдегі сөзін бөліп жіберді:
– Мен айтқан соң, қай істің де тігін жатқызып орындау міндеттерің емес пе? Сендер заңды қолдана алмадыңдар, ал ол одан қорғаныш тапты. Енді не істемек ойың бар?
– Ұжым бар ғой, қарсы адамдар бар. Тек әнебір…
Айта бер.
– Қасындағы жазушы. Біздің өлкеде тумаған деп осындағы қаламгерлерге тоқсан сайын берілетін он мың теңге стипендияны да бергіздірмей қойғанбыз, сол көмектеседі-ау деймін.
– Ендеше, менің саған айтарым мынау: маған Жылтың да, режиссер да, қасындағы ақылман жазушы да ұнамайды. Осылай жалғаса беретін болса, ана билбордтар солай қақшиған күйі асқақтап тұра беретін болса, сенің де маған ұнамай қалуың мүмкін. Енді түсіндің бе?
– Әрине, әрине, айтсаңыз болды ғой. – Мұқыр бірден шығып кетпей қипақтап бөгеле берген.
– Не айтпақсың?
– Сізге мадақ өлең арнаған жігіт бар ғой…
– Аңырақ па?
– Иә. Соған біздің елден шыққан газет-журнал басшыларын шақыр деп тапсырдым.
– Оларға не істетпексің?
– Саябаққа апарып тал ектірейік. Мынаны пәленше еккен деп тасқа аты-жөндерін жаздыртайық.
– Сосын олар дәмді тамақ ішкісі, сыйлық алғысы кеп шіренеді ғой.
– Есесіне, жазады ғой. Жақсылап. Видикке түсіріп аламыз да, алаңдағы анау, – Иегімен ақырын терезе жақты нұсқады, – жаңалықтар жаршысына қосып қоямыз.
– Әй, мынауың дұрыс екен, – деді төрдегі бірден келісіп. – Менің қызметіме қатысты жаңалықтарды байытып, түрлендіріп елге уақтылы жеткізіп тұру – басты парызың. Білесің ғой. Алайда, билбордты…
– Ролигімен қоса түп-түбірімен құртқызамын…
– Айтпақшы, – деді төрдегі кісі Мұқыр қозғала бергенде, тоқтатып. –Преферансқа қолым суып қалатын түрі бар.
– Жоқ, ұмытқам жоқ. Үйдегіге тапсырма бергем. Аңырақ ақынды да шақырсам деймін.Үшінші қол керек қой.
– Оны бойымызға тым жақындатып жібермейміз бе? Оның үстіне ақшаға жарыған ақын бар ма осы күні.
– Сіздің азаматтық келбетіңізді суреттеп жаңа өлең жазып бітірдім деп еді. Тыңдасаңыз қайтеді.
– Онда жарайды. Өзін өсіріп жіберсе де болатын сияқты ғой.
О, ол ма, сеніміңізді ақтайды.
***
Уақытында келген. Жайғасқан. Жай­ғас­қанын қымбат, таза былғары тысты креслоның өзіне тән болар-болмас сықыры сездірген. Әдетінше алдындағы үстелдің сол иығы тұсына таман қойылған компьютердің қоңырқай мониторына бір көз тастап өткен. Желіге қосайыншы деп қол созып әуре болмады, арнайы адамдар бар, солар қосады, қажетті ақпаратты мониторға шығарып көрсетеді. Бұған мақұлдау немесе үйтіңдер, бүйтіңдер дегеннен басқа ештеңе қалдырмайды.
– Әй, осы сенің қозы құйрығың-ай! – Мұқырдың даусы. Тамсана, өзеурей айтты.
– Бүгін сонша қатты сұқтандың ғой. Көрмеге қойғалы қызығып жүрмісің? – Хатшы ақырын сықылықтап бұғына күліп алды.
– Жоғарғы жақтан бір үлкен қонақ келгелі жатыр.
– Келсін. Көрмей жүрміз бе. Шай құйып беру қолдан келеді ғой. Вау, шай демекші…
– Екеу, – деді Мұқыр, – мен де ішемін.
Ішке Мұқыр кірді. Емпелеңдей ұмтылды.
– Немене, бітірдің бе? – деді төрдегі кісі Мұқырдың ұсынған қолын немқұрайдылау алып жатып.
– Сіз айтасыз, мен қатырамын. Әйтпесе, сіздің адал қызметшіңіз атанып мен осында несіне жүрмін.
– Екпініңді бас. Дұрыстап айт.
– Билбордты күресінге сүйреттіріп тастадым. Жылтың ел шетіне қарай басқа жұмысқа ауысатын болды.
– Режиссер ше?
– Ол да кетеді. Арызын жазды.
– Ақылшысы ше?
Режиссер кетсе, ол кімге керек.
Табақшамен екі шыныаяқ шай алып хатшы бикеш кірген. Төрдегі кісі өзінің шайын алды, қолын созған Мұқырды ишара белгі беріп тоқтатып тастады.
– Субординация дегенді ұмытып кететінің бар екен. Жаңа менің хатшыма жағымсыз бірдеңелерді айтқаныңды естідім.
– Мен жай өзімсініп…
Ондайыңды қой. Преферанс, ол преферанс. Жұмыста… Шайыңды ал да, енді бара бер. Ауызғы бөлмеге барып ішерсің.
Ұрыс емес мақтау естігендей жайраңдап Мұқыр шайын алып хатшы бикешпен бірге ілесіп шығып кетті.
Төрдегі кісі шайдан бірер ұрттап, әдетінше үлкен терезенің тура қақ маңдайынан көрінген алып экранға қарады. Экранда бейнетаспаға өрілген әртүрлі оқиғалардың жиынтығы бірін-бірі алмастыра, жарыса-таласа жүріп жатыр. Кеше де, бүгін де, ертең де, күндіз-түні осылай бір үзілмейді қайталанып, жылт-жылт, жылт-жылт. Әрине, барлық оқиғалардың бел ортасында жүретін өзі ғой. Міне, ақ жаулықтары қарқарадай кемпірлердің – Әжелер ансамблінің ортасында әлдене жайында шүйіркелесіп тұр, күлгенде тістерінің арасы арса-арса боп, ауыздары омырайып, кемпірлер мәз, бұл да мәз. Сурет өзгеріп, сап құрған оқушы балалардың алдынан өтіп бара жатты да, тоқтап, біреуінің басынан сипай беріп еді, көрініс тағы өзгеріп кетті. Саябақта бір топ қаламгер тал егуге кіріскен. Солардың арасында өзі де жүр. Мырс етті: ертең мыналар мені қандай сөзбен не деп мақтар екен…

Өтен АХМЕТ, АСТАНА


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика