Бетімен кеткен қыз, ұсақталған жігіттер

25 Қазан 2018

Соңғы уақытта «қандай тамаша дүние бар екен» деп емес, «бүгін не сұмдықтары бар екен» деп еріксіз теледидарды қарайтын болдым. Өзіне келін таңдап келген төрт ене де сипай қамшылап, киіз қазықтай былқылдайды. Ашық пікір, өткір сын айтып, болашақ келіндер, ертеңгі аналарды дер кезінде тезге салу жоқ.

Қыздардың жосықсыз іс-әрекеттеріне көз жұма қарап, ақыл айтқансып бүлкілдейді. Әбестік іс-әрекеттерімен бүкіл эфирдің мәнін кетіріп жүрген қыздарды бірден жобадан шығарып жіберсе, келесілері аяқтарын аңдап басып келер еді.

Әр бағдарламаның тізгіні жүргізушінің қолында десек, осы хабар барысында қыздардың алдына отырып алып, олар не айтса да, не істесе де «тәйт» деуге шамасы келмей, жымия қарап отыра беретін жүргізуші бойжеткеннің шарасыз әрекетіне не жорық?!

Жарты ғасырдан асқан ұстаздық еңбегімде оқып-түйгенім бойынша, алты алаштың жігіттері бекзаттықтарын, азаматтықтарын танытып, қызға өздері сөз салушы еді.

Жаңарған жаңа қоғамның жастары ғой деп түсіністікпен қарайын десең де, «ана жігітті қалап келдім, мына жігітті қалап келдім» деп, көз жасын көлдетіп тұрған қыздарды көргенде, кірерге тесік таба алмай қалады екенсің. Құнан мен дөненді, қошқар мен текені ажырата алмай, бос сөзге ұрынып, ұсақтанып отырған жігіттерді көргенде, тіпті қарының ашады.

«Адамға тәрбие ата-анадан, ұстаздан, ортадан беріледі» деген ғибратты да ұлы Абай айтып кеткен. Олай болса, ел ішінде жүрген болашақ әрбір келін осы хабарды қарайтын болса, «осындай келін болу керек» деп емес, «осындай келін болмау керек» деп сабақ алуы тиіс. Әйтпесе, осы бағдарламаны қарамағандары тіпті жақсы болар еді.

Қысқасы, эфир – ермек емес, тәрбиенің басты құралы болғандықтан, осындай тәрбиелік мәні төмен сапасыз бағдарламалардан тазарту қажет. Ел тілегіне құлақ аса білу – үлкен білімділік пен мәдениеттің, өркениеттің белгісі. Сын көтермейтін бағдарламаларды эфирге шығаруға мұрындық болып, рұқсат етіп отырған редакция алқасы, арна басшылықтары әр хабарды сүзгіден өткізіп, елеп-екшеп, дәнін ғана ұсынулары керек қой. Көрерменнің көзімен, көптің көңілімен ойнау – қиянат. Эфирден сән кетсе, тәрбиеден мән кетерін әрқашан есте сақтаған абзал. Себебі эфир – тәрбие!

Гүлбану ТӨЛЕНОВА,
Өскемен қаласы, ардагер-ұстаз


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика