Бес баланың анасы мал қорада тұрып жатыр

17 апреля 2018

Алматы облысындағы Қошмамбет ауылында бес баласы бар жалғызбасты ана мал қорада тұрып жатыр. Өзбекстаннан сонау 2002 жылы көшіп келген әйел әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Өзбекстан азаматтығынан бас тартқандықтан, қазір не өзінде, не балаларында бірде-бір құжат жоқ. Бейбітшілік заманда бүлдіршіндер жоқшылықтың тауқыметін көріп  жүр деп мәлімдейді 31 арна.

Жиенгүл Өтемұратова жөндеу көрмеген тар, әрі ұсқынсыз бөлмеде бес баласымен екі жылдан бері тұрып жатыр. Перзентінің ересегі 7 сыныпта, ал кенжесі жаңадан екіге толған. Жалғызбасты ана Алматыда бір мекеменің еденін жуып күнелтеді. Балалары бір күні тоқ болса, екінші күні аш жүреді. 

«Мешіт майда-шүйде азық-түлік әкеп, көмектесіп тұрады. Осы ауыл арасы болғандықтан өздері әкеп береді. Сол азғантай азы-түлікпен ептеп отырмыз. Кейде қарызға жаздырып аламын. Сосын балалар аш, жеткізе алмай жатырмын деп ағалардан сұрауға мәжбүр боламын»,-дейді Алматы облысының тұрғыны Жиенгүл Өтемұратова.

Жиенгүл бауырларымен 16 жыл бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келген. Кейін көрші ауылға тұрмысқа шыққан. Осы уақытқа дейін азаматтық алып береміз дегендердің құрғақ уәдесіне сеніп жүре беріпті. Ал екі жыл бұрын күйеуі қайтыс болған соң, бесінші баласына айы-күні толып отырған Жиенгүл төркінін сағалап келген. 

«Балалардың үстіне таза қарайды. Қай кезде қарасаң да балалары таза жүреді, аяқтары ыссы, үстілері тап-түйнақтай жүреді. Не өзінде, не бес баласында да құжат жоқ»,-деді жеңгесі Зағипа Жұмамұратова.

Шиеттей балаларымен далада қалған әйел алғашында аға-жеңгесінің үйінде тұрған. Кейін бауырына масыл болмайын деп, есік алдындағы мал қораға көшіп кірген. Жеңгелері жергілікті биліктен көмек сұраған, алайда шенеуніктер келіншек Қазақстан азаматы емес деп көмек көрсетуден бас тартыпты.

«Қазір бұл азаматқа азаматтығы жоқ тұлға ретінде төлқұжат беріледі. Бұл төлқұжат берілгеннен кейін Өтемұратова азаматтық бөліміне барып, өтініш білдіріп, азаматтыққа тапсыруға құқығы бар»,-дейді Қарасай ауданы көші-қон полициясының аға инспекторы Бахтияр Молдабаев.

Жиенгүлдің қолында балаларын босанған кезіндегі перзентхана берген анықтамалар ғана бар. Тіпті, соңғы баласын үйде туған соң, екі жастағы Арайлымның мүлде құжаты жоқ. Енді балалардың туу туралы куәлігін тек сот арқылы ғана алады екен. Ал әзірше жоқшылықтан мезі болған отбасы «Қазақстан азаматы атансақ жәрдемақы алар едік» деп арманын үкілеп отыр. Бірақ, елімізде көп балалы аналарға мардымсыз жәрдемақы берілетіні әркімге аян.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика