Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: АЛАШ САРБАЗДАРЫНЫҢ ТІЗІМІ ТАБЫЛДЫ

26 Қыркүйек 2018

18189-6-ber_k_bd_ali_ly_alash__ru«Алаш әскері» тақырыбы тың жаңа­лық. Бұған дейін азды-көпті деректер жарияланғанымен, толығымен зерттеле қойған жоқ.

Белгілі тарихшы, зерттеуші Берік Әбдіғалиұлы Ресей архивтерінен тың деректерді, еш жерде жариялан­ба­ған фотолар мен бейне материал­дарды тауыпты. 
Ол қандай дерек­тер? Оқырманға қызықты қандай жаңалықтар бар? Сауалымызды Берік Әбдіғалиұлына қойдық. 
– Берік аға, Алаш әскеріне қатысты жаңа деректерді тапқаныңызды есті­дік. Бұл дерек­тер бұған дейін еш жер­де жарияланбаған ба?
– 1918-1920 жылдары болған Алаш ми­лициясы, әскері туралы бұрыннан білеміз, ал «әскер қатарында кім­дер болды, құрылымы қандай, бас­шылары кімдер, мақ­саты не?» деген сауалдар көкейімізде жүр еді. Осыған жауап іздеп, соңғы екі жыл­­­­да Ресей ар­хив­теріне бірнеше экспе­диция ұйым­дастырдық. Негізінен, Мәскеу, Омбы, Томск қалаларына бардық. Экспе­ди­ция­­мызға демеушілік көрсеткен – Арман Бай­қадам, Берік Уәли сияқты қазақтың мықты азаматтары. Экспе­диция барысында үш жүзге жуық істер қаралып, жүзге жуық Алаш әскеріне қатысты жарияланбаған жаңа құжат­тар табылды. Соның ішінде Жетісу май­да­нындағы Алаш полктерінің ті­зімі де бар. 
– 600 қазақтың тізімі табылғаны рас па?
– Колчак армиясының қатарында 2000-2500-ге жуық қазақ әскері болған екен. Ол бес Алаш полкі, бір кадрлық полк­тен тұрған. Соған қатысты үш полк­тың не­гіз­гі құжаттары табылды. Ол жерде, негізінен, соғысқан Шығыс Қазақстан облысы, Се­мей, Жетісу өңірі, негізгі соғыстар Зайсан, Аягөз, Мақаншы, Үржар, Үшарал, Лепсі, Қапал, Сарқан, Жаркент төңірегіндегі болған айқастар. Біз расымен 600 аза­мат­тың тізімін таптық. Полк, эскадрон басшы­ларының да құрамы анықталды. 
Басқа өңірлерде де Алаш әскеріне қа­­тысты жаңа деректер табылды. Ол – Ат­ба­сар Алаш дивизионы (200 жігіт), Көкшетау қазақ дружинасы (80 жігіт), Қызылжар қазақ ротасы, Шымкентте екі жүздік Алаш әскері, Павлодарда 150 жігіттен, Қар­қа­ралыда 250 жігіттен құралған Алаш сар­баздары болған. Қос­танайда екі 1-ші және 2-ші Алаш полкі­лері туралы да деректер бар, коман­дир­лері анықталды. Батыстағы 2000-ға жуық Алаш әскерінің орны бөлек. Жым­питы, Ойыл өңірінде қалыптас­-қан полктер, юнкер мектебі ақ пен қы­зыл қырғынының ортасында қалды. Елді аман алып қалу үшін ақпен де, қы­зылмен де тіл табысуға мәжбүр болды. 
– «Алаш мұрасы толық зерттеліп, оқыр­манмен қауышуы үшін әлі де зерт­теу жүр­гізуіміз керек» деген еді­-ңіз бір сөзіңізде. Со­ның бір себебі, Алаш әскеріне қатысты екенін де айт­қансыз. 
– Өкінішке қарай, Алаштың аймақ­тардағы тұлғаларын әлі ешкім біле бер­мейді. Жергілікті аймақтарды Ұлт кең­се­сіне ұйыстыра білген азаматтардың еңбегі еленбей қалып жатқандай… Атап айтуымыз керек, Алаш әскерінің біразы қазақтың қамын ойлаймын деп, ақыр аяғына дейін орыс коммунистерімен соғысып келді. Алаш сарбаздары ақ гвар­диямен қолтықтаса жүріп, қазақ­тың намысын қорғаған, туын жық­па­ған. Алаштың тұңғыш құрбаны, сар­баз, 22 жасында қаза тапқан Қазы Нұрмұ­хамедұлын көпшілік біле бермейді. Шә­кә­рім қажының «енді өлсем арманым жоқ» деуі де осы қазаға байланысты. 
– Бұл жобаның жалғасы бола ма? Бұдан бөлек, тағы қандай жобаңыз бар? 
– Негізгі мақсатымыз – ұмытылған Алаш батырларының есімін елге қай­тару. Әлі күнге дейін «бандит ұрпақ­тары» деп келген азаматтардың бір кез­дегі Алаш ба­тырларының ұрпақ­-тары екенін біл­мейтін­дер көп. Табыл­ған тізімдерді жариялап, олардың ұр­пақтарын іздестіреміз. Ата­ла­рының Алаш сарбазы болғанын бүгінгі ұр­пақ­тары да білмеуі мүмкін. Оның ішінде Георгий медалімен марапатталғандары бар. Олардың ерліктері сипатталған ақ­тар га­зеті­нің мақалаларын таптық. Ол мақала­ларда Алаш әскерлерінің кере­мет ерліктері көрсетілген. Тіпті оларға Кол­чак офицер­лерінің өздері де таң­ғалған. 
Осыған байланысты келешекте Алаш ары­сы Отыншы Әлжановтың қы­зылдар­мен соғысып, ерлікпен қаза бол­ған жеріне тас қоюды жоспарлап отыр­мыз. 
Тағы да айтарым, келесі жылы 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жыл­дығы келе жатыр. Біз патшаның әскерге қа­зақ жігіттерін алуына қарсы көтеріліске шыққан Амангелдіні және басқа да ба­тыр­ларды білеміз. Ал бірақ «Алаш» қайрат­керлері қазақ жастарын соғысқа баруға үндеді. Алаштықтар қазақтың жігіттері ауыл­да жұмыссыз бос сенделіп жүргенше, ел көрсін, жер көрсін, өнер үйренсін, көз­дері ашылсын деп ойлады. 1825 жылы Ре­сейде болған декабристер көтерілісін та­рих­тан бі­лесіз. Сол көтерілісті кімдер жасады? 1812 жылы Наполеонның әскерін Парижге дейін қуып барған, Еуропаны көріп, көзі ашылып келген орыс офицер­лері жасады.  Дәл сол сияқты «Алаш» қайрат­керлерінде ауылдағы мал мен киіз үйден басқа ешнәрсе көрмеген қа­зақтың бой­күйез жігіттері Ресейді, Еуро­паны көріп көзі ашылсын деген ой болды.
Сол 1916 жылғы патшаның «июнь жарлығынан» соң жүз жиырма мыңнан астам қазақ майданға кеткен екен. Олар­дың 13 мыңы тікелей майдан даласында болып, окоп қазған. Қал­ғандары тылда еңбек ет­кен. Орыстың еркекте­рінің бәрі соғысқа кетті ғой. Қазақ жігіттері солардың орнына зауыт-фаб­рикаларда жұмыс істеген. Сол жүз жиыр­ма мың қазақтың кім екенін еш­кім білмейді. Өйткені кеңес заманында оны ашық айтуға тыйым салынған.
Осыған байланысты келесі жобам – май­данға аттанған қазақтардың да ті­зімін жасау. Олардың ерлік істерін көр­сететін де­­ректер іздеуге жаңа экс­педицияға шы­ғамыз. Біз Алаш рухты сол азаматтарды Қа­­зақ елін қорғау жолындағы батырлар деп бағаласақ еш артықтық етпейді. Ел үшін құрбан болғандардың есімін қайтару – басты борышымыз. Алаш әскері өздігінен құрылған жоқ. Оларға рух берген бас­шы­лары, қолдаушылары болды. 
– «Аманат» интеллектуалды клубында өткен басқосуда Алаш әс­керіне қатысты ви­део көрсетілді. Бұл видеоны Омбыдан тапқан екенсіз. Осындағы қазақтар расымен атаман Дутовқа оққағар болған ба?
– Бұрын «Дутовтың конвойы, яғни оқ­қағары – қазақтар болыпты» деген деректі әр жерден оқитын едік. Кол­чак­тың орын­басары болған Морис Жәнен деген француз генералының жазба­ла­рында Дутов Кол­чактың қабылдауына қазақ оққағарымен келгені айтылады. Лондонда фотосы да жа­рияланған. Жал­пы, Дутов – қоғам на­зарын өзіне аудартып жүруді жақсы көрген адам. Сол кезеңдегі газеттерде оны қазақ әскері күзететіні туралы әртүрлі жаз­балар бар. Басына бөрік киген оққа­ғардың суреті де баспасөз бетінде ба­сылған. Жақында Омбының Азамат­тық соғысты зерттеу ор­та­лығына бар­дым. Сол жерден француздар Омбы қаласында 1919 жылы түсірген бей­не­материал ішінен атаман Дутовтың қа­сын­да оққағар болып жүрген қазақ­тарды көріп қалдым. Оққағарлар Қос­танайдағы Алаш полкінен іріктелініп алынған болуы керек. Дутов шегініп Же­тісуға келген кезде де оққағарла­рын мұсылман жігіттерінен жасақтаған. Естеріңізде болса, атақты ақ гвардия­ның генералы Корниловтың да оққа­ғарлары түркімен мен қазақтар бол­ған. Осыған байланысты айта кету керек – сол екеуі де қазақ жерінде туып-өскен, Корнилов Қарқаралыдан болса, атаман Дутов Қазалыда туған.

Әңгімелескен 
Гүлзина БЕКТАС
Айқын.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика