Бекзат АЛТЫНБЕК. Несиесі жоқ адам (әңгіме)

10 Қаңтар 2017

Несиесі жоқ адам– Бекер өлтірдің!
– Қойшы, шегірткені ме?!
– Қ-қайдағы шегіртке! К-к-кесірткее!! – деді екіншісі. Булыға тұтыққан дауыс бәкене бойлы, жіңішке келген біреудің өңешінен шыққандай. 
– Өткенде Қалмұрат ағамм… қойды өлтірді ғой!.. Қой дәәу ш-шегірткеден! Кесірткеден, – деді. Мұны қарны жуан, батпан салмақты әлдекім әуелі жымиып алып айтқандай ма.
– Қой бақырды! Өткенде. Қ-қ-қаат-т-ты ай-қайлады!! С-соятын кезде-е… Қ-қой … бақырады! К-к-кесіртке сөйлеми-т! Айтамайт! – деп кекештене жеткізді бәкене.
– Кетіш-ш, қ…ымды жемий!!.. Ба-қана неге айтпадың… ос-лай?! Джыным кемеш-ш! – деген еді батпан, түкірігі мен тұздығын жаудыра.
– М-м-меенн…
– … Өлген жоқ. Өлген жоқ ол! Шым айтам! Шым!
– Өөлді! Өлтірдің! Қуып жүріп өөлтірдің!! Оообалына қ-қалдың! – деді де бәкене, өз сөзіне өзі таңырқады.
– Оуал?? – Батпан балшита салған.
– Оуал, овал, обал. Обал!.. Д-джаамбыр жабат! Ай-ай-ааай!! Ааайһһ!.. – Күйрей қынжылды бәкене.
– Оу-уалл!! Оу-ал! Оуал! Оуал!.. Бий-зав ғайда? Бийзав…
Бесенеден бері Қаратөбеден Ақсуатқа жетелейтін шаңдақ қара жолмен ылдилап, сұйқылт сары шашы желпілдеп, Шақай желіп келеді. Бесенеден берменде. Ат шаптырымнан көз тіккенге – ерні жыбыр-жыбыр етіп, әредік аузы айқара-айқара ашылып-жабылып қояды. Өзінің басын түйілген жұдырығының ішімен өзі соққылайтыны және аңдалар. Таяқ тастамнан көзінің қиығы ілінгенге… жоқ, құлағының мүкісінен адаға екіұдай күбір, бұлқынған күңкіл естілері хақ. 
Шақай бертінде Шақай атанғанымен, тумысынан Шақай емес еді. Әйтеуір бір сайқымазақ жақтан дүр-дүниені еркін шарлауға ұмтылған торғай сөз біреудің аяулы перзентіне атауыштық кәдеге асқан. Дардай есімі ұмытыңқы, жасы жиырманың мол ішіндегі, ақыл-айласы кемшін бұл жігіт бұзау іздеп жүріп, түйетабанның түбіндегі інінен оқыс ытқып шыға келген Арқаның қарыстай ғана шұбар кесірткесіне кез боп қалған еді. Жорғаласа да, қырдың жарыссаң шаң қаптыратын титімдей мақұлығы табанда тоқтап, құмалақтай басын бір қайқаң еткізе сіресіп тұрды. Түймедей көзін астыңғы қабағымен бірер ашып-жұмды да, бажырая қалған, мезет. Бұл аңырая қызықтағанымен, іле әдеткі шалығы шалдуарлатты-ау, сірә: қолындағы таяғын көздей сілтеді-ай… Шақайдың Шақаймен манадан маздатқан даурығыс пештері – сол.
Түу алыстан аптыға жүгіріп жеткен бұл үйдің қонақ жайына аяқ киімін тарпылдата бір-ақ кіріп барған. Түпкі бөлмеден төрт бүктелген жайнамазын қолтығына қыстырған ақ кимешекті әжесі бейқам шығып келе жатыр еді – осқырайып қалды.
– Әже, әжее, әжеее!! – Төбесін түйгіштей берді. – Өөлтір-рдіім! Өөөллтірдііім! Өөө!! Іөөөө!!
Әжесі жайнамазын кеудесіне қыса түсті. Жанары шарасынан шыға жаздап:
– Отыршы әуелі! – деді де, немересін жандарындағы орындыққа күштегендей отырғызып қойды. – Ентігіңді бас!.. Ал енді баянда. Кімді, кімді өлтірдің, астапыралла!?
– Шегіртке-ні! – Орнынан атып тұрды. – Ай-һ, к-к-кесіртке ше! Өө…
– Иа, Алла! – Кілт күмбірлей күлген, әжесі.
Немкеттіліктен ада-күде күйде қарап тұрған немересінің көз алдынан сол мезет (қас алдындағы кәриянің жас шағындағы сүгіреті-ау дейді) қаса сұлу елес берсе, қос қалқан құлағын сыңғыр күлкі сипап өткен. Зымыран сәтте зым-зияланып үлгерген бұлдырлар. Есіне тағы анау пәле сап етіп, еңсесін пәс қылуды қолға алды.
– Өөөөө!! Өөөлтірдііімм! Ақ-мақ, ақ-мақ! Ақ-мақ немее! – деп шақшадай басын енді шапалақтауға басқаны сол, әжесі:
– Қой, қой, балам! Өз-өзің… Шәкөнайды ұрма! Шәкөнай ақылды! Құлыншағым, тұлымшағыыым! Еңкейші. Еңкей деймін саған! Үүй, тілазарымм!
Немересі бейне еріксіз ырықтанғандай болғанымен, іші-қарны онсыз да қарттың ығына жығылғысы келіп еді. Қария оның маңдайынан сүйді де, бір қолымен басын өзіне қыса түсіп, бір қолымен сирек шашын дудырата берді. 
– Ақжүрегім менің! Сәби көңіл қалқашыыым! – Немересінің шашын дудырата берді…
– Ана бауырың не істеп отыр?! – Анадайда планшеттің құлағында, жоқ әлде төбесінде ойнап отырған, жетіге жетпесе де, жерден аса таяқ жемеген баланы нұсқай дүрдиген астыңғы ернін санамағанда, жүзі күннен жылы ма, қалай. Қарт ана үлкен немересін еркелетіп тұрғанында жаңағыға көзі түскен еді. Бағанағыдай емес, апшысы қуырылған қалыптан сабырлы сабаға түскен Шақай да артына бұрылды.
Ж-жансерік ма-ла-дес! Күшті ойнайды! Маладес, Жансерік! Жеті… жет… оон жетінші турға жет-ті. Күүштіі! Жәсөк ма-адесс! – деді інісінің басынан сипай.
– Жиырма екі. Он жеті емес, жиырма екінші тур, – деп түзетті ол, жаңа ғана осы әлемге ене. 
– Күүшті ғо планшбет! Ертең Қ-қалмұрат ағамды көрдік планшбеттен!! Ол сөйледі, сосын біз сөйледік.
Әжесі мейірлене риясыз жымиған.
– Кеше, – деп түзеткен және. – Қалмұрат ағаңды тек суреттен ғана көретін болдық қой осы күні…
– Күшті ғо планшбет, – деді немересінің үлкені (тағы да Шақайға күбірледі ме).
– Пайдасы жоқ емес. Зияны басым-ау… Ботам-ау, Жәсөк! Бір уақ аулаға шығып таза ауада жүгірсеңші! Үсті-басыңды шаң қылсаңшы бір мезгіл, қалқам-ау! – Ақ кимешектен қылтиған жүздегі қастың екі ұшы төмен сырғыңқырағандай. Әжімдеріне бір әжім қосылғандай ма, қайтеді.
– Дансый, дансый, дансый! Әкеш-ш, мен ойнайынш-ш! – Билегенсігені – қуанған түрі. Жарытқаны. 
– Әй, осы, ағылшынның «м»-ны басын аяғына төңкере теріс жазатыны несі-ей! – деп аңғал сарт еткізді әжесі, планшеттен өзі үшін тың жазуды көріп. – Жүріңдер, шай ішейік! Шахмардан! Жансерік!..

***

Қолында май жағылған наны бар Шақай-Шахмардан үйлерінің артында доп қуған қалың баладан тозаңы жоғары көтерілген аламтапырыққа имене тақалды.
– Жарымес келе жатыр, е!
– Жолатпаңдаршы-и! Жап-жақсы ойнап жатыр-қ.
– Бишара ғой, ойнай берсін.
Осы секілді бірді-екілі сыбыр, жоқ сыбыр емес, көрінеу күңкіл болмаса, тірі пенде бұл жаққа елеңдемегендей. Елемегендерін бұл да пысқырмады.
– М-ммен де ойнай-ш ууытпол!
– Батырлан жаққа кір! Ана жаққа.
– Ана командаға қосылшы! Айсұлтандарға. Иә, иә, сол.., – деп жамырасып қоя берді балалар.
– Е, сен, бар… – Тәпелтек, білегі жуан біреудің бастап келе жатқан сөйлемін «Қой, қайтесің! Біздің жақ бол, Шақай!» деген, үміт үкілемесе де де, соған ұқсас бірдеңені сыйлай салған сөйлемі киіп-жарған-тын. Кейінгісі биік бойлы, тырыли арық шикіл сары еді.
Өзің ойнау білесің бе? Ана баратаға тығасың, – деп жалғады ол, күлімсірей.
Шақай қолындағы нанының қалдығын арандай ашылған аузына сүңгітіп жіберді де, шикілдің ұсынған алақанын өз алақанымен жолшыбай шарт еткізе:
– Қа-айсын! – деді. Сөйтті. Одан соң ойынға деген ықыласын білдіргені – аяқ киімін тарпылдата жүгіре жөнелген…
Дәл осы шақта бұл ауқаттанып шыққан бөлмеде анасы ұлына шай беріп отыр еді. 
– Келуді сиреттің ғой кейінгі кезде, – деді кейуана, зерлі шыныаяққа толтырылған сүт қатқан қою күрең сусынды ұсынып жатып.
– Қолым босамайды… Қазір старший научный сотрудник болғанымнан бері жұмыс тіптен бастан асады! – Шапшаң жауап берілді әрі жылдам сөйленілді, жігіт ағасы жасына таяған ер адам тарапынан. – Сіңбіруге уақыт жоқ. – Бояуын әбден-ақ қоюлатқаны – бұл. 
«Қара шаңыраққа келіп-кету мұрын сіңбіру емес қой!». Анасы осы пікірін жарыққа шығармағанды жөн санады, сірә. Бір күрсініп алып:
Маған салса, бәәріңді қасыма жинап алып отырсам… – деді.
Соңсоң ас ішетін жайда манадан екеуімен қоса қабаттасқан анадайдағы теледидар самбыры мен кеңестік дәуірді көрген терезенің ішке шыбын-шіркей өткізбейтін торы бар, айқара ашылған көзшесінен естілген, үйдің артында ойнаған балалардың шуылы ғана болды, құлақтардың жұмыртқа қайнатым уақыт бойы қабылдаған сигналдары.
– Сіздерді көшіріп әкетем. Өзімнің жаныма. Қалаға, – дегені кенет, көгілдір экраннан назарын былай бұрып, кеседегісін сораптауға кіріскен сұйық шашты жігіт ағасының. Берген ыдысына шай құйып отырған шешесінің кескінін бағып еді – не рауа, не нарауа ишара аңғара алмады-ау. «Мейлің!» дегендей сиық-сұсы.
– Ана немені емдетем деп шапқылап жүр емеспін бе!.. Анада бір мықты ғалымды айтып ем ғой… соған жалынып жүріп бұндай сырқаттың емін іздестіруді сұрағам… Хы, біреу естісе күлетін шығар! Өзім жынданып кетпесем игі… Иә, не айтып жаттым?! Ее, сол… дәрі ойлап табатын саланың академигі ғой ол деген!.. Кіріскен-тін, білмейм енді… Хе, әдейі дос болғансып жүр емеспін бе!.. Делқұлы болсын, балам ғой… иттің күшігі!..
Қардай кимешекті кәрия жанарын бейне түпсіз тұңғиық ете, ұлына ойлана қарап отырып қалыпты. Анау «тежегішін» күшене баса сөзін кілт доғарды да, қарттың бұнысын байқап, мырс етті… 
Көк жәшік бағанағыдан ерек не көкігенін қайдам, сәттең соң бөлмедегі төрт көздің төртеуі де сол жаққа тоқтаған. Құлақтар түрулі.
– Көкек ана. Кеше Қарағандыда қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Перзенттерін тастап кететін көкек атты жел мінез құс қана десеңіз, қателесесіз. Кеше Қарағандының халық арасында Оңтүстік-шығыс атанған ауданындағы қоқыс тастайтын жәшіктердің бірінен дүние есігін ашқанына көп болмаған нәресте табылды. Оған күнделікті дағдысынша қоқыс ақтарып жүргенінде, осы маңдағы баспанасыздардың бірі тап болған. Әбүйір болғанда, анасы туа салып, тағдыр тәлкегіне қалдырған бейкүнә сәби аман-сау. Айтпауға болмайтын жаға ұстатар бір жайт – шақалақтың азиялық нәсілдіге келетіні. Ол, тіпті, біздің қарагөз қандасымыз болуы да ғажап емес…     
…Тәп-тәуір ойнап жатты. Шақай. Өзінің ойынша. Ең кемі, жұп-жұмыр білекті бұны кең иығымен икемді итеріп қалғанға дейін. Сүріне-қабына жүрелей кетті. Жуан білектің шымыр аяғы шар тәріздесті алдына салып алып безіп барады. Мынау да шаба жөнелген, қиқарлық-шалдуарлығын қолтығына қыстырған күйде. Аяқтардың бодан тепкісінен еркіндікке босатқысы келгендей, допты жерде көтеріп әкетті, қайта айналып «шауып», өз қақпасына құлаштай лақтырды-ай! У да шу мен жапатармағай жамырас басты алаңды. Білектінің қарқылы одан бетер. 
Ақ-мақ, ақ-мақ, ақ-мақ… – Басын төмен ұстаған қалпы, шымыр аяқтыға көзінің астымен ғана қараған Шақайдың үні уһілегендей-ақ болмашы шықты. Қатты да қалды анау. Сол секундтарда жұмыр білектінің әлпетіндегі әр өзгерісті жіті баққан, одан екі-үш адым қашықтықтағы екі көздің иесі:
– Э, шәлкес! Неғыл деп тұрсың, йопт..! – деп автогол соққанға жетіп келді.
– Э, э, демал! – Кеудесінен итеріп жіберіп ашуын сабасына түсіргені шикілдің.
Буынтақ балтырлы қолын селсоқ сілтеді де, ойын әрмен жалғасты. Бәрі жақсы ма еді, – бір уақта аталған балтыр бекіген тірсек Шақайды шалып шалқалатқан. «Ть-ть-ть! Қойсайшы, Айсұлтан!» деген, таңдай тықылы қосылған наразылықты ұзынтұра айтып үлгерер-үлгерместен, құлаған жігіт өгіздей өкіріп атып түрегеле Айсұлтанның арқасына бір-ақ ытқыды. Тәлтіректеп барып, шаңдаққа етпетінен дүңк еткен денелі бозбаланы, мойнын бұра бергенінде, басқа-көзге төмпештеген дүлей жұдырық қарсы алғаны ма. Балалар тағы жамырасамыз дегендерінше жалма-жан барған шикілдің уысы Шақайды киімінің желке тұсынан сығымдап жұлқи көтерді.
– Кееет-т!
Зор айқайдан болса керек, бәрі сіресті де қалды бір сәт.
– Кет дегенде кеет!.. Ү, неғылған адамсың өзің!? 
Мынау көзі жыпылықтап, басы төмен салбырап, аяқ киімін борп-борп сөйлете үйіне жөнеді…
Еркінен тыс ағытылған көзінің жасымен жарыса кірпік бояуы да босаған қыздың айғыздалған жүзіне ұқсап берекесі қашқан футболдан өкіре жылап қайтып, басын үйдің іргесіне соққылап жатқан жерінен Шақайды Аққоян арашалап алған-тұғын. Өзінен өзін арашалады. Шақайды Шахмарданға әлімжеттік жасаған тұсында ажыратып алған еді.
Аққоян үй арасында үй жоқ көршісінің он бір жасқа алдыгүні ғана толған ерке кенже қызы. Еркелігі сол – өз дегенін істейді үнемі. «Есалаңмен ойнама!» десе де ойнайды. Осысы үшін анасының алақанынан таяқтың дәмін пысықтайтыны бар баз-базда.
Асылы, жарық әлемге келгенінде әкесінің молдаға азан шақыртып, құлағына үш рет сыбырлаған ғиззат есімі – Ақдидар. Қашан көрсең көжектей орғып, көңілді жүретін саф жүрек сәбиге Шақай досы таңған лақапқа мұқым ауылдың тілі үйреніп кеткен бағзырақтан беріректе…  
Екеуі «Үйшік-үйшікке» білек сыбана кіріскен мезгілде, сұйық шашты жігіт ағасы үйдің сыртқы есігін ішінен аша шыға берген. Шығар-шықпастан ерніндегі шылымының ұшына, құрттайлығына қарамай ширақ қимылдаған титтей отты жібере салды. 
– Қ-қ-қалмұрат ағаа!! – Жүгіре жетті-ай. 
– Шаконай! – Құшақтап есендесті де, шашынан аяқ киіміне дейін көзбен бір сүзіп өтті. – Әнеу жолғыдан өсіп кетіпсің ғой!.. – Ананың иығынан ұстап біршама тұрды. – Сүйегің іріленіп келеді күннен-күнге. Палуан атаңа тартасың-ау! 
Қалмұраттың көзі жасаураңқырағандай ма, қалай. Бұл масқара күйден лезде құтыла: 
– Дардай жігіт болып мынауың не сұмдық?! Ойыншығы несі!.. Баламен бала боп… Қашан адам болар екенсің, а?!.. Саған бұны айтып тұрған мен де оңбаймын!.. Дүңк-дүңк сөйледі де, басын қатты-қатты шайқаған қалпы бұрылып кете барды Қалмұрат. Артында ащы «Совэрэнның» қою түтінінің үзіктері ауаға сейіліп жоқ болып жатты.
– Ііүөөөө! Ақ-мақ!! Ақ-мақ!! Қққалмұрат ақ-маақ! М-менн бала емеспінн! – деп төбесін түйгіштеу әдетіне көшкен Шақай, жер тепкілегенімен қоймай. – Үүлкен-деер ойнамайт! Ме-меен Ақ-қ-қоянмен ойнайм-м!! Іөөө! Мен – ақ-мақ!! І-…
– Қой, Шакон, қоя ғой! Қойшыы!
Басылғанның орнына үдей түсті. Есік алдындағы ұзынша орындықтың шетінен көтеріп қалып, үстіндегі құм толтырылған ойыншық ыдыстарды бір-ақ ақтарып тастады, аз десеңіз. 
– Ііүөөө!! Ыммңңааа!!
– Үлкендер де ойнайды! – деді Аққоян жанұшыра, суға батып бара жатып тал қарманған кісідей.
– Ммң… Ңннее??
– Үлкендер де ойыншық ойнайды. Рас айтам! – деді көзі ойнақши. – Мен бұны кинодан естігем.
– Ы-р-р-рас паа?  
– Рас! Сөйдеп айтады. Бірақ ойыншықтары басқаша дейді. 
– К-күшті шығар?
– Солай шығар… Бізге көрсетпей ойнайтын болғандары ғой, сонда…
– Ү-үлкен-дер ойыншық ойнай-т! Үл-кендер ойын-найт-т. Ой-най-т, – деп орындықты тұрғызып, түс әлетіндегі қойдай жан-жаққа жамыраған заттарды жиыстыра бастады сары шашты бала… жоқ, жігіт. Бала жігіт. Жанарынан ытқып, төмен сырғи жөнелген тамшыны сұқ саусағының қырымен ғана тосып алып, көжектей сүйкімді жан досы да реттеуге кіріскен. 
Сыртқы ағаш есік сықыр етіп тағы бір ашылды. Үйден шыққан – Шақайдың әжесі. Көңілі әлденеге алаң секілді. Ешкімге де, басқа еш дүниеге де маңыз қимастан, жас кілкіген назарын күннен қолымен қалқалай, шақтаулы уақыт бұрын перзенті бет алған бағытқа көз тікті. «Ие, Алла, бір өзің жар бола гөр! Аман сақтай гөр құлынымды!.. Өзімше өкпелеймін деп шығарып салмадым-ау!..»

***

Кейін, кесіртке туралы жайтты өзге түгілі, өзі мидың сандығына салып тастаған базбір күні Шақай бұзауларын іздеп жүріп тап сол іннің тұсында… ирелең құйрықтыны көзі шалды күтпегенде. Түнеугүні соңынан құйрығын ғана қалдырып, өзі қашып құтылған ба… Нақ сол жәндік пе, әлде жамағайыны ма – ол жағына басын қатырмады. Қолынан бар келгені – кеудесінде жанартаудай оянған алапат қуанышын орасан айқаймен босата, ауылға қарай оқтай ұшып бара жатты Шақай. Жоқ, Шахмардан!..

Бекзат Алтынбеков

«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика