Бектас ЖҰМАН. Сендегі кереметті жырлау үшін…

11 ноября 2019

Біз назарларыңызға тағы да бір жас өреннің өлеңдерін ұсынамыз.  

Бектас Жұман қазіргі уақытта Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті. Жас ақын, Облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Ұлағат» шығармашыл жастар клубының төрағасы. 

 

Туған жер

Бесоба Жамантастың етегінде,

Тең келмес сұлулық бар шетеліңде.

Биязы жомарт анық халқы да оның,

Кетпейтін қаңқу сөздің жетегінде.

Бесоба тау мен тасты бойлаған жер,

Жақсылықты жарыса тойлаған ел.

Ғажайыпқа осынау көз тігетін,

Қырат, қырқа, бұйрат пен ой дала бел.

Туған жердің керемет табиғаты,

Бар өзіндік даланың шариғаты.

Намысты да, ажарлы ұл-қызы бар,

Жанынан қымбат болған ар-ұяты.

Еске алып ауылдың шоқыларын,

Қиялға қанат байлап отырамын.

Қалада болғаннан соң аңсаймыз-ау,

Бұлағы мен ауасын, топырағын.

Қосшоқы қос жанары манаураған,

Жібекшоқы от болып алаулаған.

Қатпар-қатпар тасында тарих тұнған,

Қарашоқы, Қамқорда санаулы адам.

Наршөккен мен құт мекен Қызылтуы,

Құлағыңа естілер ызың шуы.

Көк жиекке көз тастап, тізбектеліп,

Қаздардың да керемет сызылтуы.

Байқожа бастау алып тау басынан,

Гүрілдейді мөлдір су арнасынан.

Артық көлік табылмас сірә бізге,

Атамның ат жеккен арбасынан.

Қоңыр-төбе еңселі көк мұнарым,

Енді қашан өзіңе бет бұрамын?

Атамның ізі қалған Қоңыржон да,

Құшақ жая қарсы алар текті ұланын.

Үшқазанның су толған қазаны да,

Құт болып жаралғандай қазағыма.

Таңбалытас бетіндегі таңбалары,

Әр беріп тұрғандай бір ажарына.

Сұңқарқия шыңына қол жетпеген,

Ұштасып тұратұғын ол көкпенен.

Туған жердің сөз жетпес табиғаты,

Жөргектегі баладай өбектеген.

Қасиетін білетін ана тілдің,

Жыры болған Бесоба сан ақынның.

Сендегі кереметті жырлау үшін,

Ақын болып мен дағы жаратылдым…

Қасым ескерткішінде

Жырлары да тудырар бұрқасынды,

Бір шумағы басады кір тасыңды.

Артынан өшпес мұра сөз қалдырған,

Кім білмесін, дауылпаз бұл Қасымды.

Өр Қасым, өжет Қасым, дара Қасым,

Ойламаған еш уақыт қара басын.

Қасқырдай тобырыңда «қыңқ» етпеген,

Аяғын қақпан қауып жараласын.

Жырының танисың — ау дүбірінен,

Нәр алған тектіліктің түбірінен.

Мен таныған дауылпаз, дара Қасым,

Өмір сүрмес ақын ғой бүгінімен.

Бұл Қасым, көрді соғыс, көрді майдан,

Не болса да, барлығы бір Құдайдан.

Қамал алар жасында, қалпалақтап,

Әзірейіл құрығы төнді қайдан?

Көрді дейді қиындық, Қасымды көп,

Уа көк аспан, сағыныш жасыңды төк.

Кривогуз көшесінде орналасқан,

Сыйпалап отырмын ау, тасыңды кеп.

Кім тыңдайды құлақ сап, ғасыр үнін,

Мерейің үстем болып, тасыр бүгін.

Ескерткіші алдында есіме алып,

Қасқайып оқып тұрдым Қасым жырын.

Бұқар жырауша

«Қазақ» деген ел едік,

Бөріге өзін теңеген.

Бабаларым көреген,

Балаларың төреден.

Сары-арқа сайын даламды,

Күйіменен бөлеген.

Арын сатпаған — Қыз — Жібек,

Арын сақтаған Төлеген.

Әлімсақтан бұл қазақ,

Қорықпаған жебеден.

Зорықпаған көбеден.

Айдаһардың отын өшіріп,

Аюларды көшіріп,

Жетіліп өсіп, көгерген,

Алтын діңгеңті бөренем,

Құрыш, болаттай өр ел ең.

Жылатпаған жетімін,

Қаңғыртпаған жесірін,

Қайран қазақ көңілі,

Кең жайлау еді көнеден.

Қара жер, қатын, баласын,

Сатпаған менің алашым,

Жарлық түссе де «төбеден».

Сол қазақтың қайтаршы,

Шаң-шаң болып шаң басқан,

Көңілін шер, зар басқан,

Тектілігін, болмысын,

Тауып алып «сөреден».

«Қазақ» деген ел едік,

Бір Алласына бас ұрған,

Екі дүниесінде асыл жан,

Үш жүзіде асылдан,

Төрт құбыласы теңесіп,

Бес қаруын асынған,

Бес парызын асырған,

Алты алашын ардақтап,

Жеті қазынасын жеткізген.

Сегіз серісін көтеріп,

Тоғыз құмалағын өткізген,

Адаспаған текті ізден,

Шықты талай «Бек» бізден.

«Қазақ» деген ер едік,

Түйенің өсіп қомында,

Найза ұстаған қолына.

Жерінде сейіл құрмаған,

Кесе-көлденең тұрмаған,

Атжалманың мен аждаһаң,

Қабанбайлардың жолына.

Науырызбайларым туылған,

Шүршіттердің сорына.

Баһадүр Бөгенбайларым,

Сайлап сауыт-сайманын,

Қасқырлығын танытып,

Қадам сайын қақпан болса да,

Еш уақытта түспеген,

Қарызбен толған орына,

Бодандықтың торына.

Заманым сол болған да,

Адамым сол болған да,

Тұншықтырып тастар ма ед(і)?

Әлгі «бай» адамды,

Екі сиырдың боғына.

Ешкім келіп тиісе алмас,

Мойынама бекіген,

Тәңірдің жұмыр добына.

Дарымайды кеудеме,

Бекежанның оғы да.

Жылқы мінезді текті ұлым,

Қойдың «иісі» сіңіпті,

Жамылып жүрген тоныңа.

Ақыл айтар халыққа,

Келтіретін қалыпқа,

Бұқарлардың жоғыда…

Қарағанды

Қара өлеңнің қағбасы — Қарағанды,

Баурап алар өзіне қарағанды.

Отырардай бұл дағы алып шахар,

Ақындары сүйетін аламанды.

Адамдары жайдарлы, жайсаң анық,

Жігіттері ер жүрек, қайсар алып.

Көңіл шіркін еріксіз елеңдейді,

Құдды бір жатқандай сай-сала ағып.

Берік болсын босаға, белдеулерің,

Желсіз күні желігіп желдеудемін.

Қара алтынның қоймасы Қарағандым,

Тек өзің деп соғады кеудем менің.

Тарихы бар өшпейтін, хатқа түскен,

Жемістері жайқалған, бақта піскен.

Өзі туған қаланың тарихын да,

Сәбилері туылған жаттап іштен.

Жырмен жүрек тербеген қала мәңгі,

Тамылжытып, сызылтып салар əнді.

Өзіндегі өнерін саған арнап,

Жүректерді жаулайды Қарағанды!

Меңіне қыздың ғашықпын…

Сезім, от ойнар көзінен ғашықтың,

Меңді періштем өзіңе асықтым.

Миықтан күліп, жүзі нұр шашқан,

Сүйкімді қыздың меңіне ғашықпын…

Алшы еркем менен қалағаныңды,

Ашылған ба сірә жаңадан гүлі.

Керек пе жаным, ала қой менен,

Жанымнан да артық Қарағандыны.

Күн батып еркем, таңы атады ма,

Бұлыңғыр сенсіз қала таңы да.

Қолымда болса кетер едім мен,

Меңіңе байлап Сары-Арқамды да.

Жанарыңнан аққан жасыңды тыйғын,

Сұлулығыңа еркем, басымды идім.

Аз десең бәрін, меңіңе сенің,

Қарқаралы өзенін, тасын да қыйдым.

Қыс пенен көктем, қара күзді де ал,

Тоңдыра алмайды аяз бен ызғар.

Себебі менің жүрегімнің иесі,

Сүйкімді періште, меңді бір қыз бар…

***

Күдерін үзіп көктемнен,

Күрең күз келді бөктерге.

Қиындықты өткерген,

Бақыттымын өткеннен,

Бақытымды көп көрме.

Жалаңаштап денесін,

Ағаш біткен мүлгейді.

Сағыныштың кемесін,

Жапырақтар демесін,

Дегеніңе жүрмейді.

Қоңыр самал жел есіп,

Көк майсаң да қурады.

Көктемдегі төл өсіп,

Енесімен теңесіп,

Жамырады, шулады.

Сағынышын жасырып,

Оятты ана баласын.

Сөмкесін алып асынып,

Мектебіне асығып,

Түземей кетті жағасын.

Құстар қайтып, әндетті,

Қимастық осы күздегі.

Ағаштардан сән кетті,

Қариядан әл кетті,

Мәңгі емес өмір біздегі…

Аспанда ақ шамдар жұлдыз көп,

Тілейді барлығы — «қайырлы түн!»,

Жанымда сүйкімді ол қыз жоқ,

Түсінер бұл Мәжнүн жайын кім?!

Сыр ұғып,шертетін мұңымды,

Баяғы аяулы қара түн.

Арудай нәп-нәзік бұрымды,

Жұлдыздар қанат(ын) қағатын.

Көше де ерекше тұр үнсіз,

Маужырап,біресе, қалғып ап.

Ағаш та жапырақ, жылусыз,

Билеген «мұң» бәрін жалғыз-ақ.

Бағдаршам түстері көшеді,

Мен үшін мәңгі оның қызылы.

Қақ жарып келемін көшені,

Жастықтың қайнайды қызуы.

Күндегі зулаған көліктер,

Дәл бүгін неге жоғалды?

Сананы улаған, көріпкел,

Айтшы енді не болады?!…


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика