Бекмұхамед Киікбаев, актер: «Қазаққа театр керегі жоқ»

14 апреля 2019

Бекмұхамет КиікбаевКейіпкердің қатары кемелдікті іздемейді. Өзі келешекке мөлдірлікпен қарайды. «Өнерді «өлтіріп» жүргендердің өресі тар, өрге шыға алмай тасада қалып қоятындығын өздері сезбейді, сезінгісі де келмейді» дейді өзі. Өнерді таза күйінде сақтап қалады-ау деген қара шаңыраққа да қыжылы бар. Даңққа даурығып жүргендердің дүбәра боп, дүниеге паңдықпен қарайтындарына қарны ашады. Бүгінгі кейіпкеріміз – актер, мәдениет қайраткері Бекмұхамед Киікбаев.
Кей кездері осы қоғамның айнасы болғың келеді. Бірақ айғыздан өзіңді көре алмай қаласың. Тезекті тепсең астынан халтурщиктердің шығатынына қаның қараяды, шашың ағарады,- деген кейіпкерімізден салмақты сұхбат алып, әңгіме өрбіттік.

— Құдайдың берген мінезін,
Құлыптап, сақтап ішінде.
Өзгерту керек ол өзін,
Өзге адам болу үшін де.
Гамлет болып ойлайды.
Жүдетіп жұқа жүйкені.
Яго боп та ойнайды,
Өзінен өзі жиіркеніп.
…Бірқатар жұрттың жартысы,
Қара тер болып жүр босқа.
Бір басқа адам артисі,
Ал артист адам бір басқа! Бұл – Қадыр ақынның сөзі. Ауыз толтырып қара шаңырақ еді дейтін, көрермендердің көңілене сәуле ұялататын сахнаның бүгінгі сиқы қандай? Бір данагөй: «Тағы да өмір берілсе, бір аптада екі мезгіл театрға барамын, екі мезгіл музыка тыңдаймын»,-депті. Сіздіңше бізге осы ұстаным қажет пе? Қоғам қажет ете ме?

— Театр – адамның жаны, көңіл-күйі, болашаққа деген көзқарасы. Осы айтып отырғанымызды Ғабит Мүсірепов «көздің мөлдір тамшысындай дүние» — деп айтқан екен. Театрда жүргеніме 25 жылға жуықтап қалды. Осы аралықта мен әлгі «көздің тамшысын» іздедім, таппадым. Өкінішке орай ол құнды болғандығынан табылмайды екен. Таба алмай жүрмін. Әлқисса, өнер,театр, актер деген киелі саналды. Ал қазір соның құны төмен. Қазаққа театр керегі жоқ. Неге? Елде бірнеше театр жұмыс істейді, жетістігі мен жетіспеушілігін былай қойғанда, қазанын қайнатып, ошағының отын көсейтіндер не бітіріп жүр? Солар өнер емес, даңқ іздеп жүр-ау. Жоғарыда айтқан «көздің тамшысын» іздемеген адамның, көрермен жүрегінен орын табуы неғайбыл. Қара шаңырақ қазаққа киелі, сахна деген сатуға келмейді деген философиялық ұғымдар жалпы көрермен ойы ғана. Осыны ұғыну керек.
Сахна мен өмірдің айырмашылығы неде? Осыны ауыстырып алғандар да бар. Дәл қазіргі екеуміздің сұхбатымызды сахнаға шығарайық, ол – өнер. Әрине, дұрыс бере алсақ қана. Сахна өмір сахнасынан бір қарыс болса да жоғары тұруы керек, демек, сахнадаға актердің өресі қарапайым көрерменнен бір саты жоғары тұруы ләзім. Ойлау жүйесі, іс-қимыл, жүріс-тұрысы бір бас жоғары тұру керек. Таңертеңнен қара кешке дейін базарда тұрған халық өмірін дәлме-дәл өзіне қайталап көрсететін режисерлер көбейді. Кез келген ситуацияны ол режиссер көзімен көріп, көңілімен түйсіне білуі шарт. Қазаққа проблема керек пе, атамзаманғы зар әлі де толастар емес. Күлкі керек пе? «Нысана», «Базар жоқ», «Шаншар» т.б қаптаған «соқыр көрерменді» қарық қылатын құрғақ сөз, жалықтыратын жалаң жыртыңдар аз ба? Осы қай жыртығыңды жамады. Қазақ құда-құдағи, той-томалақ, балдыз-бажадан аса алмай отыр. Ел санасының саяздауына қатынша киініп, әрленіп жүргендер неге әуре?
Осы «әртіссымақтардың» көрсеткенін сахнаға қайта сүйретіп алып шықсам, осыны көріп, кешке дейін базарда тұрған көрермен не ойлайды? Театрда не бітіріп жүрмін деген сауал осыдан туады. Көрермен жыласа, не үшін жылап отырғанын ойлану керек. Ұйықтап жатқан сананы түртіп оятпаса, театр деңгейі жылап-сықтаумен, сыйпап-сылаумен жалғаса берсе, дәл мұндай театр қазаққа бес тиын. Ұлттық рухымыз бен намысымыз құнсыз, пұлмен өлшенеді. Қолымыз емес, тіліміз ғана еңбек етеді. Сылап-сипап әдемі сөйлейміз. Оған келгенде алдымызға қара салмаймыз, іске шорқақпыз. Ғұламалардың төрт жол өлеңін, рубаяттарын жаттап әкеп соғады. Аристотель, Яго, Шекспир болғысы келеді. «Сырты бүтін, іші түтін» осыған табылған тірек сөз. Екі ауыз сөз жаттап алып, «қайраткерліктің» құлағын ұстап отырудан қорықпаймыз. Сырт көзге сұлу көрінеміз, алайда ішіміз бүлік. Сол түбі өлтіреді. Театр керек пе, шешім сізде?!

— 2004 жылы «Орталық Қазақстан» газетіне Ермек Балташұлы ағамыздың «Бір қайнауы ішінде» деген мақаласы жарық көрді. Бұл мақала ақпан айында көрерменге жол тартқан «Тәттімбет» қойылымы жөнінде еді. Сіз осы драмада «Мүсәпірді» ойнапсыз. Ермек ағамыз: «Қаумалаған аққу-қыздардың әлдиімен оянған сұлу, сырбаз Тәттімбеттің жанына бауырымен жорғалаушы кейпіндегі құбыжық Мүсәпір шыға келгенде үстіңе мұздай су құйып жібергендей боласың. Бұл жерде актердің кінәсі жоқ, ол шеберлігін көрсетті… Тәттімбет ұдайы соның шылауында жүреді. Осының бәрін көре отырып кей сәтте драманы «Мүсәпір» деп атаса жөн болар еді ғой деген ой келеді»,- деп жазады. Осының мәні неде?

— Бұл шындық дегеннен шығады. Әріге бойламай, соңғы бір немесе ширек ғасырды алсақ, біздің ел, қазақ халқы «Мүсәпірдің» күйін кешіп отыр. Соның бәрін зерделеп, зерттегеннен осындай рөл басымдау болды. Драмматург пен режиссердің еңбегінен бөлек менің ішкі айғайым, өзіндік үнім бар. Осынысымен жарқ етті, назарға тез ілікті. Жанайқайым болмаса, дәл бұлай шықпас еді. Осы жөнінде біраз мысалдар келітірейік. Сол кезде «Тәттімбетті» Дунай (Еспаев) досым ойнады. Сұлулықты, сырбаздықты көрсетті. Бірақ жан-жағына қарап ойланғаннан күй шыға ма? Күйдің туу процесі деген бар. Күйшінің ішкі жан-дүниесі. Өзіне де жылы-жұмсақ айтып едім. Ол спектакльді екі-үш рет қана қойдық, кейін репертуардан алынып тасталды. Белгілі-белгісіз реніштер туды. Мәселен, Абай – тас мүсін. Қанша актер ойнаса да, шапан киіп алып, кітап қолтықтаған бейнесін көрсетуден әрі аса алмайды. Абайды осылай ойнап жүрміз. Абайдың сөзін жаттайды, әрі кетсе он қара сөзін оқыр, оқыса,әрине. Рөлді ойнап болғаннан кейін екі күннен соң сұрап көр, ойнап бере ала ма? Ең үлкен қателік осында. Кейде теледидардан «Абайтанушылар» сөйлейді, қыртын езіп қырық қара сөзін оқып береді. Кейін қарасаң, пәленше атындағы медальдің иегері, пәлен-түген лауреты. О,тоба, қалай жалықпайды? Осыдан алшақ болуымыз керек. Абайды танимын деп, лауреат атанып жүрген бәле шығар, кім білсін? Абайды зерттеп, дипломант атанып жүрген желөкпелер көбейді. Әлеуметтік желілер мақтангөйлердің отанына айналды. Осы біржапырақ қағаз еңбектің, адалдықтың дәлелі ме, талантымның таңба басып бере ала ма? Екінің бірі, егіздің сыңараның қолында жүр. Сахнаға келген әр актер таза көзқараспен келсе, еңбегін сарп етсе, уақытын ұтымды пайдаланса жасандылық болмайды. Халықтың жүрегінен орын теберің анық. Сөзімді басқа арнаға бұрайын. Актерлар резюме жазады. Сол кезде А4 форматында екіжапырақ парақты алып келеді, екі өкпесін қолына ұстап. Не болды? Ойбай, оқыңыз! Қарайсың, таңырқайсың. Қыздары Жібектен бастап Джульеттаға дейінгі арулардың тізімін жасап келеді, жігіттері Төлеген, Яго болады. Осының ішінде я Жібек боп, я Рычард болып халық жадында қалмасаң өнеріңнің өлгені. Ісің боққа да аспай қалады.

— 2015 жылы «Пеш» фильмі түсірілді.Басты рөлді ойнадыңыз. Сахна саңлағы мен кино кейіпкері айырмашылығы қандай?

— Қалай дегеніңізбен сахна киелі. Киноға түсу оңай емес, стандартты дүние. Еркіндік жоқ. Камераға ғана бағынасыз. Біздің қазақфильм кенжелеп қалған өнер. Шетелді қараңыз, бір сюжеттің өзінде жүз камера, мұның өзі мүмкіндіктің мол екендігінің дәлелі. «Пешті» көрген сайын ұяламын. Идеясы, мақсаты әдемі өрілген. Кемшілік – қол қысқалығы. Басқа түк те емес. Оператор да, режиссер де, актерлер де әлсіз. Осындай кемшіліктер келеңсіздік туғызады. Өзіңнің жүз пайыз мүмкіндігіңді көрсете алмайсың. Кино – өнер. Ол биік. Өмірдегідей жасаймыз деп, өлтіріп аламыз, өйткені жасандылық қосып ала береміз. Кино актері ретінде түк істей алмадым. Театрды киномен шатыстырып алмау керек. Маған бір замандасым Том Круз, Джек Николсон сияқты ойнағанымды қалап еді. Ол – ақымақтық сөз. « Том Круз бір киносына 20 млн. алады, ал сен не бересің? Бір грамота бересің», — дедім. Еңбек бағалану керек. Қазақ актерлерінің өспейтініне біржапырақ қағаз, дөңгелек темір кедергі. Совет уағынан келе жатқан үрдіс. Ол кезде бәрі бірдей, ешкім бірдей кедей, не бай болып кетпеуі тиіс. Осы қағаз бен темірден алшақтау керек. Гонарарымды төле, «пожалыста»!

— Бүгінгі біздің киноға не керек? Халықтың келбеті – кинода.

-Бізге алдымен тәрбие керек, тереңдік керек. Бойкүйездік пен еріншектік түбімізге жетеді. Біздің «Келинка Сабинкадан»Үндістің «Келіні» жоғары. Ермек Тұрсыновтың «Жаты» жақсы. «Кемпірі» — қазан-ошақтың айналасында айтылатын әңгіме. Бұдан өспейміз. Ел өспейді. Қашанғы кемпір-шалды көрсете береміз? Жаңашылдыққа бет бұрған абзал. Бәріміз Пикассо, Сальвадор бола алмаймыз. Құлшыныс керек. Өнердің басты мақсаты күйбең тіршілікті халыққа қайта көрсету деп ұғу – қателік.

— Құдай адам баласына бір пайыз дарын береді-міс, қалған тоқсан тоғыз пайызы еңбекпен келеді екен. Трагедияны ойнау комедия ойнаудан ауырлау деп жүргендерді естиміз. Не керісінше. Бұл не?

— Ешқандай қиындығы жоқ, бірдей. Жылатудан күлдіру оңай, не жылап қана ойнай аламын деп айту бозөкпе, босбелбеулердің ісі. Оған атақ керек. Мықты балуан оң-солын таңдамайды. Жастық жалынмен бәрін де көрдік. Аяқтан шалу да бар, елден озу да, қалу да бар. Бәрін күліп отырып еске аламын. Өмір деген – ақ пен қараның айқасы. Көп жағдайда ақ ұйықтап қалады, қара – қырағы. Несін айтайын, қанша фестивальға бардық, халықтың бағасынан артық баға таппайсың. Білім –кітапта. Рас. Бірақ жаттап алмаңыздаршы! Сылдыр, сылбыр сөйлейтін адамдар көп. Сұлу сөйлейтіндер де көп. Сөйлей берсін, ісі болмаса теріс қарап жүре бергені дұрыс.

— Шәкірт тәрбиелеп жүргеніңізді құлақ естіп, көз көріп жүр. Ұстаздық жол – ұлы мұратқа жеткізеді. Осы жөнінде бірауыз айтсаңыз?

— «Тәттімбет» колледжінде сахна тілі, сахна қозғалысынан сабақ беремін. Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде кішігірім оқушылар театры бар. Ұстаздық – ұлы еңбек. Шәкірттеріме беретін ақылым да айтарым бір ғана нәрсе. Ол – әсем сөйлемеу. Сөзбен шиырлап сурет салудан сорақылық жоқ. Шынайы болуға тәрбиелегім келеді. Олардың философ болуы мақсат емес. Өмірді түсіну – ең үлкен сабақ. Түсінсе – бақыттымын. Абайды тыңдамаған қазақ, өзгені артына қыстырмайды. Өз басым «Абай жолындағы» Қодардың: «мен көк ит болсам, сендер көп итсіңдер» дегенін енді ұқтым. Сөзіміз пәтуасыз болса, қоғам түзелмейді.

— Риясыз әңгімеңізге рақмет!

Абай Ораз
Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика